Ақтөбеде әдеби форум басталды

Облыста бесінші рет «Әдебиет. Рух. Қоғам» атты республикалық әдеби форум басталды.
Үш күнге жоспарланған ауқымды іс-шараға белгілі қаламгер, ҚР Жазушылар одағы басқарма төрағасының бірінші орынбасары Нұржан Қуантайұлы,Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, ҚР Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары Қасымхан Бегманов, «Қазақ әдебиеті» газеті бас редакторының бірінші орынбасары Мырзан Кенжебай, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Қажығали Мұханбетқалиұлының жары Сұлуханым Ілиясова қатысып жатыр.
Кеше қонақтарды облыс әкімі АсхатШахаров қабылдап, форум жұмысына сәттілік тіледі.
Форумның алғашқы күні белгілі жазушы Өтебай Қанахиннің туғанына 100 жыл толуына орай«Талант пен тұтастық» конференциясы өтті.Бұл күні форум қонақтары С.Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасының базасында ашылған креативті орталық жұмысымен де танысты. Сондай-ақ «Т.Ахтанов алаңы» театр форумының жабылуына қатысты.
Бүгін, яғни форумның екінші күнгі іс-шаралар қаламгерлердің ұлы ақын Абай Құнанбайұлының рухына тағзым етіп, ескерткішіне гүл шоқтарын қоюымен басталады.Бұдан кейін «Әдебиет. Рух. Қоғам» республикалық әдеби байқауының жеңімпаздарын марапаттауға арналған жиын өтпек. Ертең форум аясындағы іс-шаралар Байғанин ауданында жалғасады. Аудан орталығында көрнекті жазушысы Қажығали Мұханбетқалиұлына арналған бюсттің ашылу рәсімі өтеді. Сонымен қатарТахауи Ахтановтың 100 жылдығына орай балалар мен жасөспірімдер шығармашылығына арналған ІІ республикалық үздік драматургия байқауының марапаттау рәсімі ұйымдастырылады.
Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.
(Форум туралы газетіміздің келесі санынан оқи аласыздар).