Денсаулық

Стенокардиядан сақтаныңыз!


Сырқаттың қауіпсізі жоқ екені белгілі. Сол сияқты стенокардияның да өзіне тән ерекшеліктері бар.

Стенокардиямен сырқаттану белгісі байқалғандар ең алдымен қандағы холестерин деңгейін азайтуға күш салуы қажет. Әдетте майлы тағамдарға құштар адамдар мұндай дертке бейімділеу болып келеді. Тағамдардың ішінде майлы ет, сары май, шошқа майы, қаймақты жиі тұтыну сырқат жүгін ауырлата береді. Сондай-ақ жұмыртқа сарысы мен бауыр, ми, бүйрек секілді тәбет тартатын өнімдерді де күрт шектеу қажет. Организмге тағамдармен келетін холестериннің тәуліктік мөлшері 300 миллиграмнан аспауы тиіс, ал 100 грамм бауырда ғана 430 миллиграмм холестерин бар.

Стенокардиямен сырқаттанғандар көкөністер мен жеміс-жидектерді көбірек дастарқанға қойғандары дұрыс. Олар ішек бойындағы холестеринді ығыстырып, организмнен шығарады.

Күн сайынғы тұтынатын тағамыңызға міндетті түрде 30 грамм өсімдік майын қосыңыз. Ондағы май қышқылдары организмдегі май алмасуын реттейді. Майлы тағамдарды аз тұтыну қандағы холестеринді азайтумен бірге, артық салмақтан құтылуға да мүмкіндік береді. Егер стенокардиямен сырқат адам семіздікке душар болса, онда ол жедел түрде майлы тағамдар мен түрлі тәттілерді ас мәзірінен шығарып тастауы керек.

Салмақты азайту жүрекке түсер күшті де кемітеді. Толық адам қатты қимыл кезінде ауаны көп жұтады. Ал семіздікке душар болған адамдар, сонымен қатар стенокардиямен де ауыратын болса, артерияның тарылуы салдарынан мұндай жағдайда қиындықтарға кезігеді.

Тамақтануға қатысты ескере жүретін тағы бір мәселе бар. Ол – тұзды шектеу. Тұз тканьдерді ісіндіреді.

Темекі тартатын адамдар бұл әдетімен өз ауруын асқындыра түседі. Бұны сауаты бар кісілерге түсіндіріп жатудың қажеті шамалы. Ішімдік жөнінде де айтарымыз осындай.

Ең бастысы — дене қимылына мән беріңіз. Бұдан адамның жұмыс қабілеті артады, жүрек-тамыр қызметі жүйеленеді.

Егер стенокардия соқпасы ұстаса, дереу нитроглицеринді тіл астына салыңыз, бес минуттан кейін ауру басылмаса, оны қайталаңыз және міндетті түрде жедел жәрдем шақырыңыз.

Г. БЕКНАЗАРОВА,

кардиолог-дәрігер, теміржол ауруханасы кардиология бөлімшесінің меңгерушісі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button