Құқық

Жемдегі төбелес

ҚР ІІМ Көліктегі ІІД баспасөз қызметі хабарлауынша, 10 тамыз күні сағат 17.30 шамасында Мұғалжар ауданы Жем стансасында «Ақтөбе-Шалқар» бағытымен жүретін №6992 қала сыртындағы пойыздың аялдап тұрған жерінде №4 вагон ішінде сөзге келген жастардың кикілжіңінің соңы төбелеске ұласып, бірнеше адамның дене жарақатын алуымен және адам өлімімен аяқталған.

Оқиғаның жәй-жапсарын анықтау және кінәлілерді ұстау мақсатында желілік ішкі істер бөлімінде жедел-тергеу тобы құрылған. Жедел-іздестіру шарасы барысында анықталғандай, 10 тамыз күні Ақтөбе стансысынан пойызға 19 жасар жас жігіт отырады. Бозбала Жем стансасына дейін баруы керек болатын. Пойыз қозғалысымен вагон тамбурына шыққан оған төрт белгісіз адам жақындап, оны қорқытып, күш қолдану  арқылы «Samsung» ұялы телефоны мен оның флеш картасын тартып алады. Осы жағдайдан кейін жас жігіт сол пойызда келе жатқан 1991 және 1988 жылғы таныстарына болған жәйтті хабарлайды. Барлығы жұмылған күйі тартып алған ұялы телефонды флеш картасыз қайтарып алады.

Жәбірленуші өз жауабында былайша мәлімдеме береді, ол көлік полиция қызметкерлеріне қорыққандықтан хабарламағанын және достарына хабарлап, Жем стансасынан күтіп алуын өтінеді және телефон флеш картасын алып беруге көмек беруін сұрайды.

Досына көмекке төрт адам келеді. Барлығы да 19 жасқа жетпеген жастар. Жем стансасына келгенде досын ренжіткен жігітпен кездеспекші ниетпен олар вагонға көтеріледі. Сөзге келіп қалған олардың әңгімесі төбелеске ұласады. Телефонды тартып алғандардың біреуі анықталмаған өткір-кесуші затты телефон иесінің жамбасына сұғып алады, ал оның танысының кеуде тұсына өткір затты тығады. Соңғы алған соққыдан қыршын жас Ембі қалалық ауруханасында көз жұмады.

Көліктегі ІІД бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Қ.Сармашовтың мәлімдеуінше, жедел-іздестіру шарасы барысында төбелеске қатысушы адамдардың барлығы да анықталған. «Қылмыс болған жерде үш жас жігіт ұсталды. Олардың біреуінің қолынан қанға ұқсас дағы бар жеке заттары табылып, тәркіленді», — деп түсіндірді Қали Қоңырұлы.

Аталған дерек бойынша ҚР ҚК 96-бабының 1-бөлімі «адам өлтіру», 257-бабының 3-бөлімі «бұзақылық», 178-бабының 2-бөлімінің «а», «в» тармағы «тонау» бойынша қылмыстық іс қозғалды. Адам өліміне қатысы бар 1992 жылы туған Шалқар қаласының тұрғыны оқиға болған жерден қашып кеткен. «Оның тұрған жерін анықтау мақсатында жедел-іздестіру шарасы ұйымдастырылды. Нәтижесінде 15 тамыз күні Шалқар кентінде күдікті ұсталып, Қандыағаш стансасының уақытша қамауда ұстау абақтысына жеткізілді», — деп хабарлайды Көліктегі ІІД  бірінші орынбасары.

Қазақпарат материалы бойынша әзірленді.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button