Билік

«Жол картасы» жүзеге асады

Өткен сенбі күні қалалық мәслихаттың он жетінші сессиясының отырысы өтті.

Жиында  қала әкімі Архимед Мұхамбетов «Жол картасы» бойынша қолға алынған жұмыстарға тоқталып, Елбасымыздың тапсырмасына орай республикалық бюджеттен облысқа 9 миллиард теңгенің бөлінгенін айтты.

Бүгінде  тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жұмыстарына,  су жүйесі мен кәріз құбырларын жөндеуге 5 миллиард, жергілікті жолдары қалыпқа келтіруге  2 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Ал қаладағы балабақшалар мен мектептерді жөндеуге 1 миллиард теңге жұмсалады. Осы жұмыстарды жүргізу үшін тендер жарияланбақ.

Ал инженерлік жүйені реттеуге республикалық тікелей трансверттер арқылы 6 миллиард теңге бөлініп отыр. Осы қаржыға барлық елді мекендер электрлендіріліп, аймақтың 60 пайызы сумен қамтамасыз етіледі.

Қала әкімі биыл орталық пен  сырт аудандардағы бірқатар көшелердің қалыпқа келетінін ескертті. Мәселен, өткен жылы Тургенев көшесі кеңейтілсе, биыл Ә. Молдағұлова, Сәңкібай батыр және Абай даңғылдары, ағайынды Жұбановтар, М. Оспанов, Есет батыр көшелері кеңейтіліп, ретке келеді. Әуе қалашығы айналма жолынан Ә. Молдағұлова даңғылына дейінгі аралық қайта жөндеу көреді. Ірі жүк көліктері бұрынғыдай орталық көшелермен емес, сырт көшелер арқылы жүретін болады.

Қала әкімі жолаушылар тасымалына да тоқталды. Шілде айында осы мақсатта арнайы тендер жарияланбақ.  Тендер талабында қаланың барлық аймақтары бойынша қатынас назардан тыс қалмайды.

Сондай-ақ, Архимед Мұхамбетов дағдарыс кезінде азаматтардың жұмыссыз қалмайтынын ескертті.Қалада  салынып жатқан сауда орындары іске қосылса, 6 мың адам жұмыспен қамтамасыз етіледі. Жалпы, биыл 17 мың адам жұмыспен қамтылмақ.

Отырыста қала әкімінің орынбасары Ерхан Омаров қаланы көріктендіру мен көгалдандыру жұмыстарына тоқталды. Қала әкімінің орынбасары заңсыз тұрғызылған, бекітілген жобаға сәйкес келмейтін, қаланың сәулеттік келбетіне кері әсер ететін объектілерді анықтау үшін тексеру жұмыстары жүргенін айтып өтті. Осы орайда нысандарды қайта жаңарту жұмыстары қолға алынбақ.

Мәселен, 40-50 жылдары салынған вокзал маңы мен Тұрғындар қалашығы ауданындағы тұрғын үйлер қайта жаңартылып, ғимарат қасбеттері жөнге келеді. Пушкин атындағы саябақ пен 11-шағын аудандағы Сазды өзенінің бойына орналасқан жасыл гүлзар,  «Мега-Ақтөбе» сауда-ойын-сауық кешені және кеуек бетон блоктарын өндіру  зауыты  маңы қайта жарақтандырылады. Қаладағы 28 көшенің асфальт жабындылары жөндеуден өтеді. Бұған 63,0 миллион теңге жұмсалады.

Аулаларға жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін тендер өткізілді. Әбілқайыр хан даңғылы бойындағы ұзындығы 4 шақырым болатын бетон  жиек тастарын гранитпен ауыстыруға тендер жарияланды. Аталған жұмыстарға 52,0 милллион теңге бөлінді. Сондай-ақ, биыл көпірлер қайта жөнделіп, жол-көлік айырықтары салынады және ұзындығы 30 шақырым болатын автомобиль жолдары күрделі жөндеуден өтеді. Жол қозғалысы кезінде  қауіпсіздікті сақтау үшін қаңтар айынан бастап, жол қозғалысын реттейтін құралдар пайдаланыла бастады. 278 жол белгісі қойылып, 2 бағдаршам қалпына келтірілді. Қала және селолық округтердегі 145 көше жарықтандырылып, 5-шағын аудандағы көпір өткеліндегі жарық әшекейлеріне жөндеу жұмыстары жүреді.

Және биыл 28 мың килограмм жол бояуы алынады. Дегенмен тамыз айында өтетін қаламыздың 140 жылдық мерекесін ескеріп, қосымша 20 мың килограмм бояу алуды жоспарлап отырмыз,-деді қала әкімінің орынбасары.

Сонымен бірге жол жақтаулары мен қоршаулар жөндеуден өтіп, көшелер құмнан тазартылып, сырланады. Орталық көшелердегі осы жұмыстар бірінші мамырға дейін аяқталуы тиіс.

Қала әкімінің орынбасары сәуірден бастап екі айлық тазалық жұмыстарының басталғанын, дегенмен ауа райының қолайсыздығы жұмысқа кері әсер етіп жатқанын айтты. Соған қарамастан қала сыртындағы полигонға 1000 тонна қалдық төгілген. Ерхан Омаров күн жылынған уақытта барлық мекемелердің және 107 облыстық департамент пен басқарманың тазалық жұмыстарына белсене ат салысып, аумақтарын көркейтуі қажет екенін ескертті. Сондай-ақ, әр аптаның төртінші және сенбі күні тазалық жұмыстары жүрмек. «Жайқалсын жасыл желек» акциясы да жалғасын табуда.  «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша жұмыс істейтін 2000 мың студент те қаланы тазартуға өз үлестерін қоспақ. Осы акция барысында  30 сәуір күні 11-шағын аудандағы мәдениет және демалыс саябағында жәрмеңке өтеді. Бау-бақша дақылдары саудаға шығарылады. Жиналғандар тарапынан Әуе қалашығы ауданын көріктендіру мен көше жолдарын жөнге келтіру туралы ұсыныс айтылды.

Ал «Ақтөбе қаласының кәсіпкерлік бөлімі» ММ бастығы Анар Ерғалиева азық-түлік бағасын тұрақтандыру мақсатында жергілікті органдардың атқарып жатқан жұмыстарына тоқталды. Қаңтар айында жергілікті билік ірі сауда орындарымен келісімге келгенін, осыған сәйкес сатылатын жергілікті өнімге  он пайыздан артық үстеме ақы қосылмайтынын айтып өтті.

Отырыста жиналғандар Сазды ауылындағы №10 кітапханаға Сәбит Баймолдин және Ақтөбе политехникалық колледжіне Виталий Чуев есімін беруге келісім етті.

Сессия соңында жиналғандар  қаралған мәселеге сәйкес  шешім қабылдады.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button