Әлеумет

Бетпе-бет қабылдау құжаттарды рәсімдеуді жеңілдетеді

Енді халыққа қызмет көрсету орталықтарында (ХҚКО) тұрғындарға кедергісіз қызмет көрсетіледі. Яғни орталық жұмысын оңтайландыру аясында құжаттарды рәсімдеу ісі терезе бойынша емес, бетпе-бет жүргізіледі, орталық қызметкерлерінің жұмысына тұрғындар баға береді. Ең бастысы, орталықта бұрынғыдай ұзын-сонар кезек болмайды.

 

Call-орталығына қоңырау шал

 

Бұған дейін жергілікті атқарушы органның құзырында болған халыққа қызмет көрсету орталықтары осы жылдың наурыз айында Үкіметтің қаулысымен Қазақстан Республикасы Байланыс және ақпарат министрлігінің бақылауына берілген болатын. Осы мақсатта министрлік жанынан ХҚКО жұмысын үйлестіру және мемлекеттік қызметтерді автоматтандыруды бақылау жөнінде комитет құрылды. Бұл орайда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев министрлікке  халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысын жетілдіріп, азаматтарға сапалы мемлекеттік қызмет көрсету ісін қадағалау мен сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру мәселелерін жылдамдатып жүзеге асыруды тапсырды.

Халыққа қызмет көрсету орталықтарындағы ұзын-сонар кезектер азаматтардың ренішін туғызатыны белгілі. Осы ретте еліміздің Байланыс және ақпарат министрлігі халыққа қызмет көрсету орталығында кезекке тұруға call-орталығы немесе интернет арқылы брондау жүйесін енгізуде. Яғни 1414 телефонына қоңырау шалу арқылы тұрғындар call-орталығының операторларынан электронды үкімет жұмысымен қатар, халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысы туралы да ақпараттық кеңес ала алады. Бұған қоса мемлекеттік өтемақыларды электронды үкіметтің төлем шлюзі немесе банк карточкасы арқылы төлеуге мүмкіндік туады. Оңтайландыру жұмысын жүзеге асыруда бағалау жүйесі бойынша жоғары санатты мамандарды жұмысқа тарту, қызметкерлерді оқыту, бизнес жүйелерін іске асыру және автоматтандыру жолымен халыққа қызмет көрсету орталықтары қызметінде көрініс тапқан сыбайлас жемқорлық деңгейін азайту мәселелері де басты назарда болады, — деді «Ақтөбе облысының халыққа қызмет көрсету орталығы» республикалық мемлекеттік мекемесі директорының орынбасары Еркінбай Жүсіпұлы.

 

Тұрғындар баға береді

 

Бүгінгі күні облыста халыққа қызмет көрсету орталығының 14 филиалы және Темір ауданының Кеңқияқ поселкесінде бір өкілдігі жұмыс жасайды. Бұл салада аймақта 359 адам қызмет істейді. Олардың тең жартысы  облыс орталығында. Ақтөбе қаласы бойынша ХҚКО қызметкерлері күніне мыңнан астам тұрғынды қабылдайды.

—Алдағы жылдан бастап бұл мекеме республикалық қазыналық кәсіпорынға айналады. Сол кезде қызметкерлердің жалақысы жұмыс істеу сапасына байланысты төленеді. Орталықта қабылданған құжаттардың барлығы рәсімделу үшін өкілетті органға жіберіледі. Егер құжаттар дұрыс қабылданбағандықтан,  өкілетті органнан рәсімделмей  қайтып келсе, қызметкердің жалақысы қиылады. Оңтайландыру ісінде қызметкердің жұмысы бағалау жүйесі бойынша жүргізіледі. Комитеттің халыққа қызмет көрсету орталықтары қызметкерлерінің корпоративтік мәдениет этикасы туралы ережесі шықты. Осы ережеге сәйкес бүгінде қызметкерлерді оқыту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қызметкерлер үшін халықпен қалай жұмыс істеу керектігі, телефонмен сөйлесу мәдениеті, азаматтардың көңіл күйіне мән беру жағы басты назарда тұруы қажет.  Болашақта қызметкерлерге Астанадан арнайы өкілдер келіп, білімдерін тексереді, жетілдіру сабақтарын жүргізеді, — деді Еркінбай Жүсіпұлы.

Бір қызығы,  ХҚКО қызметкерлерінің жұмысын тұрғындар да бағалайды. Яғни орталықтағы әрбір қызметкердің, кеңес берушінің алдында шағын планшеттер қойылады. Электронды планшетте қызметкердің көрсеткен жұмыс сапасына, этикасына байланысты бағалаудың түрлері орнатылады.

 

Аралаймын ауылыңды… «Ниваменен»

 

Мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін қамтамсыз ету мақсатында алыс елді-мекендердің тұрғындарына мобильді халыққа қызмет көрсету орталықтары ұйымдастырылатын болады.

Бұрын бұл сала Әділет министрлігінің құзырында болды. Сол кезде министрлік пен «Қазпошта» акционерлік қоғамы меморандумға отырды. Алыс ауылдардағы тұрғындардың құжаттары «Қазпошта» мекемесі арқылы рәсімделді. Бүгінгі күні бұл меморандум заңды күшін жойды. Енді бұл істі мобильді халыққа қызмет көрсету орталықтары атқаратын болады. Бұл — шалғай ауылдың тұрғындары үшін өте тиімді. Мәселен, Байғанин ауданының ең шалғай елді мекені Диярдың тұрғындары құжаттарын рәсімдеу үшін аудан орталығына келеді. Кейбір тұрғындар құжаттардың түпнұсқасын  толық әкелмейді. Мекеме мамандары оны заңдылықпен талап етеді. Соның салдарынан шалғай ауылдардан келетін кейбір азаматтардың жұмысы бітпей жатады.

«Нива» маркалы автокөліктің ішінде сканер, фотоаппарат, құжаттарға көшірме жасау қондырғысы мен компьютер және оның құралдары түгел орнатылады. Мұндай автокөліктерде бір ғана қызметкерден жұмыс жасайды. Алыс ауылдарға баратын автокөлік ішінде онлайн жүйесі бойынша қызмет көрсетіледі, — деді Е.Жүсіпұлы.

ХҚКО ғимараттары іші жаз мезгілінде 21-22 градусқа төмендеп, ал қыста осы температурада жылуға тиіс. Бұл — ХҚКО жұмысын оңтайландыру барысында тұрғындарға қолайлы жағдай туғызу үшін жасалып отырған шара.

 

ЭСҚ және қағазсыз құжат айналымы

 

Бүгінде электрондық сандық қолтаңбасыз (ЭСҚ) ақпараттық технологиялар әлемінде алға жылжу мүмкін емес. Қағазсыз құжат айналымында ЭСҚ мөр мен қол қоюды алмастыра алады. Бұл әдіс құжаттардың заңдық маңызын сәйкестендіреді әрі растайды. Электрондық сандық қолтаңба өте қарапайым жолмен пайдаланылады. Ол үшін арнайы білімнің немесе компьютерді мейлінше игерудің қажеті жоқ.

«Электрондық үкімет» бағдарламасын қалыптастыру және дамыту шеңберінде

жүзеге асырылып отырған электрондық сандық қолтаңбамен үйде интернет жүйесі арқылы кез келген жылжымайтын мүлікке қатысты анықтама алуға болады. Бұл  іс үкіметтің www.egov.kz сайты арқылы жүзеге асырылады. Ол үшін халыққа қызмет көрсету орталығынан немесе ҚР Ұлттық куәландыру орталығының  www.pki.gov.kz сайты арқылы ЭСҚ алуға өтінім жасауға және электрондық пошта арқылы ЭСҚ кілттерін алуға болады.

Қазір электрондық сандық қолтаңбаны Ақтөбе қаласы мен Темір, Хромтау, Шалқар, Мұғалжар аудандарының тұрғындарына пайдалануға мүмкіндік жасалды. Электрондық цифрлық қолтаңбаның артықшылығы — қажетті анықтаманы бірнеше секундтардан соң ала аласың. Бұл әдісті тұрғындарға түсіндіру жұмыстары әлі де жүргізіліп жатыр, — деді Еркінбай Жүсіпұлы.

 

P.S. Халыққа қызмет көрсету орталығының ісі және жаңарту жұмыстары туралы толық ақпаратты мекеменің www.con-aktobe.ai.kz электрондық мекен-жайынан алуға болады. ХҚКО мамандары тұрғындарға ҚР Байланыс және ақпарат министрлігінің 117 және экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің 114 сенім телефоны жұмыс істейтінін ескертеді.

Арайлым НҰРБАЕВА.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button