Билік

Бірігу – береке бастауы

Жолдау

Елбасының Қазақстан халқына биылғы Жолдауынан туындайтын алғы бағыттар бүгінде күнделікті іс барысында жетекшілік жолына шықты. Ақтөбе қаласы әкімдігінде өткізілген дөңгелек үстел басындағы әңгіме де осы ауқымда өрбіді.

«Еліміздің және болашақ ұрпақтың гүлденуі жолында барлық саяси күштердің бірігуі» тақырыбындағы сөз басын қала әкімі Архимед Мұхамбетов негіздеді. Ол отырысқа жиналған саяси партиялардың, үкіметтік емес ұйымдардың, ұлттық-мәдени орталықтардың басшыларын, ақпараттық-насихаттық топтардың мүшелерін, сондай-ақ мемлекеттік органдар басшыларын ортақ әңгімеге, сандарлы пікірталасқа шақырды.

Қала әкімі облыс орталығының дамуындағы негізгі бағыттарға сәйкес атқарылып жатқан жұмыстарды жиналғандар алдында баяндап берді.

Әкім әңгімені халық санағының ресми жарияланған қорытындысынан бастады. «Қазір Ақтөбе қаласында 402 мың адам тұрады, – деді ол, – біз халық саны өсімі бойынша республикада Алматы, Астана, Шымкент, Қарағандыдан кейінгі бесінші орындамыз».

Демек,  үлкен қаланың алдында тұрған міндеттер де ауқымды болмақ. Әкімнің пайымдауынша, әлемдік қаржы дағдарысының салдарларына қарамастан, қаланың даму келешегі мен мүмкіндіктері кемелді. Салыстырмалы түрде айтылған бір дерекке жүгінсек, егер 2008 жылдың бірінші тоқсанында қала бюджетіне түскен түсімдер 2 млрд. теңге құраса, биылғы осы мерзімде бұл 2 млрд. 167 млн. теңгеге жетіп отыр.

Бір ерекшелікті жағдай, Ақтөбе қаласына бөлінген қаржылардың басым бөлігін республикалық бюджет көтеруде. Мәселен, өткен жылы республикалық бюджеттен қала дамуына 4 млрд. теңге бөлінсе, бұл көрсеткіш биыл 13 млрд-қа жеткізілді. Соның ішінде «Жол картасы» бағдарламасы бойынша ғана 9,5 млрд. теңге есептелді. Көршілес Атырау, Орал қалаларының үлестері бұдан екі еседен астам мөлшерде кемшін. Архимед Бегежанұлы атап көрсеткендей, бұл – өмірлік маңызды объектілер бойынша жобалау-сметалық құжаттамаларды, басымдықтағы бағдарламаларды айқын көрсетіп, атқарылуы тиіс шаруалар қажеттілігін дәлелдей білу жұмыстары нәтижесі. Қаланы сумен жабдықтау бойынша техникалық-экономикалық негіздеменің бекітілуі маңызды бағдарламаның қолға алынғандығын білдіреді.

Жиын барысында қала әкімі биылғы жылдың соңына дейін қала аумағындағы барлық елді мекендердің электр жарығымен қамтылуы жүзеге асырылып болатындығын, ал келесі жылы сумен қамту жұмыстары толық аяқталатындығын мәлімдеді. Тұрғын үй құрылысына 1 млрд. 879 млн. теңге бөлінді, бұл 33 мың шаршы метрді құрайды. Қала ішінде жолдарды жөндеуден өткізу одан әрі ыждағаттылықпен жалғастырылмақшы. Көліктердің жүруіне қолайлы болу үшін былтыр Тургенев көшесі кеңейтілсе, биыл мұндай шаралар Ағайынды Жұбановтар, Есет батыр, Сәңкібай батыр көшелерінде атқарылмақшы. Жалпы, жолдарды жөндеуге 3 млрд. теңге жұмсалады.

А.Мұхамбетов сондай-ақ қаланы көгалдандыру, аулаларды көркейту бағыттарында атқарылмақ жұмыстар ауқымына тоқталды. Қала аумағындағы объектілерді заңға сәйкес тәртіпке келтіру, білім беру, денсаулық сақтау және мәдениет пен спортты дамытуға ірі инвестициялар қарастырылғаны айтылды.

Сөз түйінінде қала әкімі жиналғандарды бірігіп жұмыс істеуге шақырды. Бұл орайда алда жақындап келе жатқан Ақтөбе қаласының 140 жылдығын лайықты атап өтуге барша жұрттың үлес қосуының маңыздылығы атап көрсетілді.

Дөңгелек үстел басында қаланың Махамбетов деп аталатын аумағындағы тұрмыстық проблемалар жайы қозғалды. Бұл сауалға байланысты мұндағы 230 үйдің болашақта бірте-бірте жаңа ауданға көшірілетіні, бәрі келісіммен, үйлесімді түрде атқарылатыны айтылды.

Жиын барысында саяси партиялардың жетекшілері өздерін мазалап жүрген мәселелерді ортаға салды. Мәселен, Базарбай Иманов «Бауырластар» деп аталатын аумақтағы тұрғындар жайын қозғаса, Әзімбай Асаров жас мамандардың жұмыспен қамтылу, практикадан өту тұрғысындағы сауалдарын ұсынды. Ізімғали Көбенов қала әкімдігі атқарылып отырған жұмыстардың көпшілік көңілінен шығып отырғанын айта келіп, қалалық клиникалық аурухананың проблемаларын көтерді.

«Азат» партиясы жергілікті филиалының жетекшісі Айдос Садықов митинг ұйымдастыруға қатысты көңілін күпті еткен жайларды баяндаса, армян ұлттық-мәдени орталығының басшысы Гайк Тертерян қазіргідей «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», ортақ тіл табыса еңбек ететін кезеңде мұндай шерулердің ортақ ниетке көлеңке түсіретіндігі туралы ойын білдірді.

Ардагер ағалар Қуандық Әлішев, Нұртаза Абдоллаевтар осындай ашық әңгіме, бетпе-бет жүздесудің пайдалылығына тоқталды.

Сонымен, барлық саяси күштердің ізгі ниет жолында бірігуі туралы әңгіме өз арнасын тапқандай болды. Қандай да ұсыныс-пікірлерге, талаптарға қатысты қала басшысы тарапынан ашық та нақты жауап берілуі көпшілік тарапынан қолдау тапты.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ,

«Ақтөбе»

«Ақтөбе қалалық ішкі саясат бөлімі» ММ тапсырмасы бойынша әзірленді.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button