Құқық

Сенімділік нақтылықпен бекітілсе…

Кеден

Үстіміздегі жылдың 3 ақпанында Мәскеуде Ресейдің Федеральды кеден қызметі мен Қазақстанның Қорғаныс министрлігінің Кедендік бақылау комитеті өкілдерінің келіссөзі өткен болатын. Онда екі жақтың кеденшілері кедендік бақылау элементтерін пысықтау бойынша экспериментті жалғастыру үшін кездесулер өткізуді жоспарлаған еді. Өткен жұмада екі елдің кеденшілері «Жайсаң» бірыңғай бақылау-өткізу бекетінде (ББӨБ) кездесті.

Ақтөбе облыстық кедендік бақылау департаментінің кедендік бақылауды ұйымдастыру бөлімінің бастығы Мақсат Қуандықов пен Орынбор облыстық кедендік бақылау қызметінің кедендік бақылауды ұйымдастыру бөлімінің бастығы Владимир Медведев кедендік жұмыстарды жеңілдету, өтетін азаматтардың уақытын үнемдеу және оларға қолайлы жағдайлар жасау туралы әңгімелеп берді.

Атап айтқанда, «Жайсаң» ББӨБ және Орынбор облысының «Сагарчин» ХАӨБ арқылы азаматтарды, тауарлар мен автокөлік құралдарын өткізудің уақытша технологиялық сызбасы қаралды. Бірлескен кедендік бақылауды ұйымдастырудың жекелеген нысандарын іс жүзінде пысықтау мақсатында жасалған жоба талқыланды. Бұл жоба бойынша кедендік бақылаудан өтетін адамдар бұрынғыдай сарсыла күтіп, шаршамайтын болады. Мәселен, бұрын қазақстандық кеденнен өту кезінде екі дана декларация толтырылып, Ресейдің кеден бекетінде тағы да декларация толтырылып келген болатын. Енді азаматтар қазақстандық кеден бекетінде 3 дана декларация толтырып, біреуін сол бекетте қалдырады, ал екіншісін ресейлік бекетке тапсырады. Бір данасы өзінде қалады. Яғни ресейлік бекетте қайтадан декларация толтырып жатпайды.

«Жайсаң» ББӨБ және «Сагарчин» ХАӨБ бірлескен кедендік бақылау элементтерін тәжірибеден өткізу келісімі 20 шілдеге дейін созылады. Егер бұл эксперимент адамдар үшін қолайлы жағдай тудыратын болса, онда іс жүзіне асырылады.

Мұндай эксперимент Қазақстанның Ресеймен шекаралас бес облысында жүргізілуде. Қазақстандықтар автомобиль өткізу бекеттерінің тізбесіне «Бугристое» (Ресей) және «Қайрақ» (Қостанай облысы) бекеттерін қосу туралы ұсыныс жасады. Уақытша технологиялық сызба біріккен кедендік бақылаудың жекелеген үлгілерін пайдалануға арналған. Онда Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы Үкіметтерінің арасында жасалған келісім жобалары қаралған. Кедендік органдардың лауазымды тұлғаларының шекарадан өтетін тауарлар мен көлік құралдарын кедендік бақылау кезіндегі бір ізділігі жалғасын табады. Сондай-ақ, өтетін тауарлар мен көлік құралдарын тексеруді оңтайландырады.

Кездесу кезінде екі елдің кеденшілері шекарадан өткен азаматтар, тауарлар мен көлік құралдары туралы бір-біріне ақпарат беріп отыруға уағдаласты. Екі жақтың бір-біріне сенімділігі орнаған кезде шекарадан өтетін тауарлар мен көлік құралдары қажет деген жағдайда ғана қайта тексерілетін болады. Егер тәртіп бұзушылық анықталмаса, өткізілетін тауарлар тексерілмейді. Бұл адамдардың уақытын үнемдеуіне мүмкіндік туғызады. Ал тәртіп бұзушылық орын алса, тауар өткізілген кеден бекетіне қайтарылады.

Келіссөз кезінде тауарлардың салмағы, ақшалай көлемі бойынша да бір ізге түсіру туралы мәселе қозғалды. Мысалы, қазіргі кезде Қазақстан шекарасынан 50 килограмм жүк алып өтуге рұқсат етілсе, Ресей шекарасында 35 килограмм ғана алып өтуге болады. Міне, осындай қарам-қайшылықты жою туралы ұсыныстар жасалды.

Кездесу хаттамасында жеке тұлғалардың кәсіпкерлікке жатпайтын жеке, отбасылық, үй заттарын алып өту тәртібі нақты көрсетілді.

Бердібай КЕМАЛ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button