Білім

Кәсіптік білім алыңыз!

Мемлекеттік тапсырыс бойынша 5240 орын бөлініп отыр

5240 оқушы колледждер мен кәсіптік лицейлерде тегін білім алады. Мұның ішінде  550 орын Үдемелі индустриялы-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыратын мамандар үшін бөлінген. Бұл үшін облыстық және республикалық  бюджеттерден қаржы бөлініп отыр.

Орта білім беретін оқу орындарына талапкерлерді қабылдаудағы тағы бір ерекшелік, биыл мемлекеттік тапсырыс жекеменшік колледждерге де беріліпті. Сұранысқа сәйкес, жаңа мамандықтар да ашылған. Айта кету керек, қыркүйектің 1-інен бастап 1340 маман қайта даярлау және біліктілігін арттыру курстарынан өтеді. Осы және кәсіптік-техникалық білім беретін оқу орындарына талапкерлерді қабылдаудағы басқа да жаңалықтар жөнінде облыстық білім басқармасының бас маманы Таңсұлу Есенғазина былай дейді:

Маусымның 24-інде облыс әкімдігінің  «Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беретін оқу орындарында мамандар даярлауға мемлекеттік тапсырысты орналастыру туралы» қаулысы шықты. Соған сәйкес, мемлекеттік тапсырыс бойынша облыстағы колледждерде мамандар даярлауға 2230, ал кәсіптік мектептер мен лицейлерде білікті жұмысшылар даярлау үшін 2460 оқушы қабылданады (биыл мемлекеттік тапсырыс бойынша маман даярлау былтырмен салыстырғанда 12 пайызға өсіп отыр). Айта кету керек, 9-сыныптан кейін 1780 орын, 11-сыныптан соң 1000 бөлінді, — дейді Таңсұлу Есенғазина. Оның айтуынша, биыл «Жұмыспен қамту — 2020» бағдарламасы бойынша біздің облыста индустрияландыру нысандары үшін 550 маман даярланады. 1340 адам қайта даярлау және біліктілігін арттыру курстарынан өтеді. Олар жалпы 17 оқу орнында (7 колледж, 10 кәсіптік лицей) білім алады.

ҚР «Білім туралы», «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңдары мен «Жұмыспен қамту — 2020» бағдарламасы мемлекеттік тапсырыс бойынша жастардың тегін білім алуына негіз болып отыр.

Облыс әкімдігінің қаулысы шықпастан бұрын, алдын ала қала, аудан әкімдеріне хат жіберіп, қажетті мамандықтар туралы білеміз. Сол бойынша қандай мамандықтарға мемлекеттік тапсырыс берілетіндігі   анықталады. Сұраныс бойынша 2460 жұмысшы және 3090 маман қажет. Мысалы, Алға ауданына жалпы 25 маман керек екен.

Биыл колледждерде еңбек нарығына қажет жаңа мамандықтар ашылды. Олар: менеджмент, темір-бетон және металл бұйымдары өндірісі, бағалау, азаматтық ғимараттардың интерьер дизайны, оларды қалыпқа келтіру және қайта құру, — дейді облыстық білім басқармасының бас маманы.

Жалпы Ақтөбеде 27 колледж бар. Олардың 10-ы — мемлекеттік оқу орыны. Биыл Ақтөбе гумманитарлық-техникалық колледжінің Темір және Шалқар аудандарында филиалдары ашылыпты. Сонымен қатар Ақтөбе көлік, коммуникация және жаңа технологиялар колледжінің Хромтау ауданында филиалы бар.

Орта білім беретін оқу орындарына талапкерлерді қабылдаудағы биылғы басты ерекшелік, мемлекеттік тапсырыс мемлекеттік колледждермен қатар, жекеменшік колледждерге де бөлініп отыр.

6 мемлекеттік емес колледжге мемлекеттік тапсырыс берілді. Олар:  Ақтөбе техникалық колледжі,  құрылыс-монтаж колледжі, М.Тынышпаев атындағы көлік және коммуникациялар колледжі, қаржы-экономикалық колледжі, кооперативтік колледжі, Ақтөбе гумманитарлық-техникалық әмбебап мультипрофильдік колледжі, — дейді Таңсұлу Есенбайқызы. Өйткені техникалық мамандықтарға сұраныс көп екен. Техникалық мамандар даярлайтын Ақтөбе техникалық колледжіне 225 орынның бөлінуі содан.

Ең көп орын (475) Ақтөбе ауыл шаруашылығы колледжіне бөлініп отыр. Онда агрономия, жерге орналастыру, ауыл шаруашылығын механикаландыру, ветеринария, стандарттау, метеорология және сертификаттау, электрмен қамтамасыз ету, орман шаруашылығы, бақ, саябақ және ландшафттық  құрылыстар және басқа да  мамандықтар бойынша талапкерлердің тегін білім алуларына мүмкіндіктері бар. Ауыл шаруашылығы мамандары Ойыл аграрлық колледжінде де даярланады. Аталған білім шаңырағына 125 орын бөлініп отыр, — дейді білім басқармасының бас маманы Таңсұлу Есенбайқызы.

Колледждерге оқуға қабылдау конкурстық негізде өтеді. Күндізгі оқу бөліміне қабылданатындар 1-28 тамызда емтихан тапсырады. Ал кешкі және сырттай оқу бөлімдеріне құжат тапсырған талапкерлер үшін сынақ тамыздың 1-і мен қыркүйектің 25-інде болады.

Таңсұлу Есенғазина квота бойынша оқуға түсетін әлеуметтік топтың көптігін айтады:

—  2008 жылғы наурыздың 28-інде «Техникалық және кәсіптік, орта оқу орнынан кейінгі және жоғары білім берудің кәсіптік оқу бағдарламасын іске асыратын білім беру ұйымдарына оқуға түсу кезінде қабылдау квотасын белгілеу туралы» үкіметтің қаулысы шыққан болатын.  Соған байланысты І, ІІ топтағы мүгедектер, бала кезінен мүгедектерге 0,5 пайыз квота бөлінеді. Сонымен қатар, дәл осындай көлемдегі квота жеңілдіктер мен кепілдіктер бойынша соғысқа қатысушыларға, соғыс мүгедектеріне теңестірілген тұлғаларға да тиесілі. Ал ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуын айқындайтын мамандықтар бойынша білім алғысы келетін ауыл жастары үшін бөлінетін квотаның үлесі —  30 пайыз. ҚР азаматтары болып табылмайтын ұлты қазақ адамдары үшін 2 пайыз квота бөлінді. Жеңілдіктер жетім балалалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға да (1 пайыз) бөлініп отыр.

 

 

Мемлекеттік тапсырыс та, әлеуметтік жеңілдік те көп колледж

Жақсылық АСҚАРОВ, М.Тынышпаев атындағы көлік және коммуникациялар колледжінің директоры:

— Біздің колледжде 9 мамандық бойынша маман даярланады. Биыл 2 мамандық ашылды. Электр стансалардың, кішігірім стансалардың электр жабдықтары (9-сынып, қазақ тобы), ақпараттық жүйелер (9-сынып, қазақ тобы) мамандықтары бойынша оқушылар облыстық бюджет есебінен тегін оқытылады. Ал ақпараттық жүйелер (қазақ тобы), азаматтық ғимараттардың интерьер дизайны, оларды қалпына келтіру және қайта құру (орыс тобы), өнеркәсіп машиналары және жабдықтарын пайдалану (қазақ тобы) мамандықтары бойынша  11-сынып бітірген балалар республикалық бюджет есебінен ақысыз қабылданады.  Әрине, бұл үшін талапкер конкурстан өтуі керек.

Біздің колледж 2007 жылы ашылды. Аз жылдың ішінде біздің білім шаңырағы сапалы білім беруімен ерекшеленді. Жоғары білікті мамандар жеткілікті. Әрі колледждің материалдық-техникалық базасы да мықты. 4 оқу корпусы және 250 орындық жатақханасы бар. Оқушыларға 11 түрлі әлеуметтік жеңілдіктер беріледі. Колледжді бітірген түлектер Алматыдағы М.Тынышпаев атындағы көлік және коммуникация академиясында қысқартылған және жылдамдатылған бағдарлама бойынша білімін жалғастыруға мүмкіндігі бар. Ол үшін Алматыға барып, оқып әуреге түспейді. Осы Ақтөбеде оқиды. Емтихан сессияларын да осында тапсырады.  Ал Алматыға дипломдық жұмысты қорғау үшін ғана барады. Осындай жетістіктеріміз болғандықтан да болар, колледж жекеменшік болса да мемлекеттік тапсырыс есебінен маман даярлау мүмкіндігіне ие болды. Бұл — біз үшін үлкен жетістік. Өйткені, республикалық, облыстық бюджеттер есебінен оқушыларды тегін оқытуға кез келген оқу орнына мүмкіндік берілмейді.

 

«2 ауданда филиалымыз бар»

 

Динара ИМАНОВА-МЕДЕУБАЕВА, Ақтөбе гумманитарлық-техникалық колледжі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары:

— Біздің оқу орны бастапқыда, 1996 жылы «Дүние» университетінің жанындағы колледж болып ашылды. 2009 жылдан бастап Ақтөбе гумманитарлық-техникалық колледжі болып атауын өзгертті.  Колледжде 6 мамандық бойынша (бастауыш білім беру, есеп және аудит, құқықтану, мұнай және газ құбырларын бұрғылау және бұрғылау технологиясы, мұнай және газ кен орындарын пайдалану, дене тәрбиесі және спорт) маман даяралаймыз.

Темір және Шалқар аудандарында колледждің филиалдары бар. Аталған аудандарда да 6 мамандық бойынша маман даярланады.

Жекеменшік оқу орны болғанмен, біздің колледжде оқушыларға біраз жеңілдіктер бар. Мысалы,  тұл жетім балалар тегін оқиды.  Әке-шешесінің біреуі қайтыс болған жағдайда 50 пайыз жеңілдікпен оқытылады. Ата-анасы мүгедек болса, 35 пайыз жеңілдік беріледі. Ал белсенді оқушылар оқу ақысының 25 пайызын төлемейді.

 

Басты ерекшелік — баға

 

Талғат ЖҰМАҒАНБЕТОВ, Мұғалжар гумманитарлық колледжінің директоры:

— Облыстағы 12 ауданның 2-еуінде ғана (Мұғалжар мен Ойыл) колледж бар. Соның бірі — Мұғалжар гумманитарлық колледжі биыл ашылды. Біздің оқу орнында есеп және аудит, электрмен қамтамасыз ету, есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету, темір жол жылжымалы құрамдарын пайдалану, жөндеу және техникалық қызмет көрсету мамандықтары бойынша маман даярланады. Жаңа оқу жылында 300 оқушыны қабылдау жоспарланып отыр. Біздің колледждің басты ерекшелігі, оқу ақысы арзан — 50 мың теңге.

 

 

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

One Comment

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button