Білім

Қанша кітап оқыдың?

Дөңгелек үстел

Өткен аптада облыстық С.Жиенбаев атындағы жасөспірімдер кітапханасында «Білімді жастар – ел болашағы» атты дөңгелек үстел өтті.

Облыстық мәдениет басқармасының ұйымдастыруымен өткен дөңгелек үстелге қаламыздағы жоғары оқу орындарының озат студенттері – грант иегерлері, №36, №47 орта мектептің оқушылары шақырылды.

Әуелі сөз алған облыстық мәдениет басқармасы бастығының орынбасары Қадырғали Ермұқанов, облыстық ішкі саясат басқармасының жастармен жұмыс жөніндегі бөлімнің бас маманы Манар Үсенова, «Жас Отан» жастар қанаты облыстық кеңесінің мүшесі Гүлдәурен Мүсеровалар оқырмандарды кітап күнімен құттықтап, Елбасы Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауындағы жастар саясатына тоқталды, қоғамдағы интеллектуалдық бәсекеге қабілетті болу үшін жасөспірімдер мен жастарды кітап оқуға және оқу мәдениетіне тәрбиелеу керектігі айтылды.

Жүргізушілер «Кітап оқымай өркениетті елдер қатарына ене аламыз ба?», «Әдеби кітаптар оқисың ба?», «Соңғы рет қашан кітап оқыдың, аты?» секілді сұрақтарды үстел басына жиналған грант иегерлерінің ортасына тастады. Сөз бастаған Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің студенті Оразбек Қиынбаев өз өлеңін оқыды.

М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің студенті Құндыз Мыңжасарова медицина, техника саласында қазақ тіліндегі оқулықтардың тапшылығын, сондықтан да қолға түскен кітапты қазақшаға аудармай-ақ түсінетіндіктен, сол орыс тіліндегі нұсқасында оқитындықтарын айтты. Тағы бір грант иегері өз ауылы –  Әйтеке би ауданы Аралтөбе ауылындағы кітапхананың есігінде құлып тұратынын ренішпен жеткізді.

Әр жас өзінше пікір айтып, таласты. Сол күнгі Бүкіләлемдік кітап мерекесіне орай жастар бір-біріне: « Кітап оқу керектігін бәріміз де білеміз, одан да соңғы уақытта оқыған нақты кітабың туралы айтып берші», – десіп жатты.

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі өткізіп келе жатқан республикалық «Бір ел – бір кітап» акциясына биыл еліміз Алаш қозғалысының қайраткері, сыршыл ақын Мағжан Жұмабаевтың «Жан сөзі» кітабын таңдалғаны мәлім. Жүргізушілер осы кітаптағы философиялық трагедиялық жырларға, мұңды толғауларға жататын «Жан сөзі» өлеңінен үзінді оқып берді.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button