Білім

Дарынды ұстаз алысқа биік самғаған…

Кеше М.Құсайынов атындағы облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернатта «Дарынды ұстаз алысқа биік самғаған, талантты шәкірт ұстаздың жолын жалғаған» атты тақырыпта шығармашылық кеш өтті. Кешке облыстық «Ақтөбе-Дарын» өңірлік ғылыми-тәжірибелік орталығы мен аудандардан әдіскерлер, география пәнінің мұғалімдері, қаладағы арнайы мектептердің ұстаздары қатысты.

Мектеп-интернатта жиырма жылдан астам уақыт жұмыс жасаған география пәнінің мұғалімі, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі Гүлнара Тәжіғалиева мен оның шәкірті, осы мектептің түлегі Мейрамгүл Нұрбаеваның шығармашылық кеші облыстық білім басқармасы мен «Ақтөбе-Дарын» орталығының жұмыс жоспары негізінде ұйымдастырылыпты. Шығармашылық кеште Астана қаласындағы республикалық «Дарын» орталығының әдіскері Найман Адайқызы бейнетаспа арқылы өз пікірін білдірді:

Бүгінгі күні білім беру саласында шығармашыл ұстаз, дарынды бала деген мәселе үлкен жауапкершілікті жүктейді. Киелі Ақтөбе топырағынан, оның ішінде Мақсұт Құсайынов атындағы облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернаттан дарынды да талантты балалар көп шықты. Киелі қара шаңырақта жиырма жылдан астам уақыт қызмет етіп жатқан Гүлнара Төлепбергенқызын мен бұрыннан танимын. Оның бойындағы ұстазға тән шеберлік өзгеге ұқсамайды. Әрине, дарынды ұстаз болған жерден дарынды бала шығады. Естуімше, Гүлнара  Төлепбергенқызының оқытқан шәкірті өз жұмысына сай болып, осы мектепте оқушыларға география пәнінен дәріс беріп жатыр екен. Ұрпағы білімді халықтың болашағы бұлыңғыр болмайды. Ұстаздарымыздың білімі жана берсін, дарынды ұрпақ көбейе берсін.

Гүлнара Тәжіғалиева – қасиетті Байғанин топырағында дүниеге келіп, еңбек жолын Ойыл өңірінен бастаған ұстаз. Сарамандық жұмыстарды түрлендіру арқылы оқушылардың география пәніне деген қызығушылығын арттыруды мақсат еткен ұстаз шәкірті Мейрамгүл Қыдырбайқызымен бірлесіп бүгінде бірқатар әдістемелік бағдарламалар мен электронды оқулықтар жасап үлгерді. Жиналғандар кеште ұстаз бен шәкірттің «География сабағында сарамандық жұмыстарды түрлендіре өткізудің тиімділігі» атты оқу-әдістемелік тұжырымдамасын тыңдады. Бұл туралы Гүлнара Тәжіғалиева:

– Бұл шығармашылық-әдістемелік тұжырымдамамызды былтыр қараша айында Астана қаласында өткен инновациялық әдістер жөніндегі фестивальға апарған болатынбыз. Онда бұл еңбегіміз жоғары бағаға ие болды. Жалпы, бұл оқу-әдістемелік тұжырымдаманың география пәнінде сарамандық жұмыстардың сапалы өтуіне, оқушыларға кез келген жарыстар мен олимпиадаларда,  ғылыми жобалар қорғаған шақта берері көп, – деді ол.

Оқушыларға география пәнінен он жылдан астам уақыт дәріс беріп жүрген Мейрамгүл Нұрбаеваның бүгінгі күнге дейін жеткен жетістіктері аз емес. Ол бір кездері ұстазы Гүлнара Төлепбергенқызының жетекшілігімен география пәнінен облыстық, республикалық пәндік олимпиадалардан жүлделі орын алып, кейін Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік институтын биология және география мамандығы бойынша үздік дипломмен тәмәмдап шығады. Мейрамгүл Қыдырбайқызының бірнеше олимпиада жеңімпаздары мен ғылыми жоба жарыстарына дайындаған оқушылары көптеп саналады. Соның нәтижесінде 2004-2005 оқу жылында ол облыстық «Жыл мұғалімі» байқауына қатысып, бас жүлдені қанжығасына байлайды. Бір топ ұстаздармен бірге Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қабылдауында болуы да оның ұстаздық еңбегінің бағаланған шыңы.

Ұстаз бен шәкірттің есеп беру кешінде жиналғандар «Туған өлке – тұнған сыр» тақырыбы бойынша танымдық сайысты тамашалап, панорамалық сабақты тыңдады.

Кеш барысында М.Құсайынов атындағы облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернаттың директоры Данағали Кенжебаев, облыстық «Ақтөбе-Дарын» орталығының инновациялық-педагогикалық қызмет көрсету бөлімінің бастығы Ғалия Ізбасқановалар сөз сөйлеп, ұстаздардың еңбек жолына сәттілік тіледі.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button