Мәдениет

Ортаға 10 бөлім шықты

Өткен жұма күні қалалық әлеуметтік жәрдем орталығының қызметкерлері кәсіби мерекесін тойлады. Он бөлімнен құралған орталық қызметкерлері 1 мамыр мерекесіне орай әр ұлттың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын  көрсетті.

Қалалық әлеуметтік жәрдем орталығының қызметкерлері жалғыз басты қарттар мен мүгедектерге, мүмкіндігі шектеулі балаларға көмек көрсетеді. Бүгінде орталықта 10 бөлім бар. 725 жалғыз басты қартқа 90 әлеуметтік қызметкер, ал 206 мүмкіндігі шектеулі балаға 34 қызметкер қызмет көрсетеді. Мүмкіндігі шектеулі балалардың психикалық және дене бітімі жағынан дұрыс жетілмегендіктен, арнаулы оқу орындарына қатыса алмайды. Сол себепті орталық қызметкерлері балаларды оқытып, түрлі жаттығулар жасатады және өмірге  бейімделуіне жәрдем етеді.

– Орталықтың құрылғанына 12 жыл болды. Сегіз бөлім жалғыз басты қарттарға, ал екеуі мүмкіндігі шектеулі балаларға қызмет етеді. Қызметкерлер жалғыз басты қарттарға жиі барып көмек көрсетеді. Аптасына 2-3 рет азық-түліктерін, дәрілерін әкеліп береді және басқа шаруаларына қолғабыс етеді. Ал мүмкіндігі шектеулі балалар үйде оқытылып, тәрбиеленеді.

Орталық ұжымдарын біріктіру мақсатында түрлі шаралар ұйымдастырылады. Ал біздің жұмысымыздың қорытындысы есебінде жыл сайын «Жылдың әлеуметтік қызметкері» сайысы қызметкерлердің кәсіби және мәдени біліктілігін арттыру мақсатында өткізіледі. Биылғы жылы кәсіби мерекемізді ерекше атауға тырыстық. Қазақстан көп ұлтты ел болғандықтан, 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне орай әр халықты әр бөлімше таңдап алып, олардың салт-дәстүрлерін, әдет-ғұрыптарын көрсетеді, – деді 8-бөлім меңгерушісі Гүлнар Жекеева.

Сайысқа қызметкерлердің ерекше дайындалғаны көрініп-ақ тұр. Олар әрбір ұлттың киімдерін киіп, салттарын ерекше көрсете білді. Шара соңында өзбек халқының дәстүрлерін жұртшылыққа ерекше дәріптеген 2-бөлім қызметкерлері жеңімпаз атанды. Жүлделі топ мен сайысқа қатысушылар арнайы марапатталды.

Айгүл ЖҰБАНЫШ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button