Басты жаңалықтар

«Мен лагерьде демалдым!»

Қазір бала біткен «жаз жайнатып, күн күлдіріп», алаңсыз асыр салып жүр. Олардың тыныштығы мен қауіпсіздігі — үлкендер назарында. Барлық құзырлы мекемелер лагерьлерді қадағалап, бақылауда ұстап отыр. Лагерь туралы мамандар мен балалар не дейді екен? Әлқисса…

Облыстық білім басқармасының мәліметінше, осы жазда облыс бойынша 106127 бала лагерьде демалады. Оның 11 888-і — аз қамтылған отбасы балалары. Мысалы, тек бір ғана маусым айында 43 439 бала, яғни, 41,7 пайызы тамақпен қамтамасыз етілетін қала сыртындағы және мектеп жанындағы лагерьлерге барды. Ойын алаңдары мен еңбек жасақтары ұйымдастырылды, осындай тиімді демалыспен 45949 бала қамтылды.

Аталған басқарманың бас маманы Майра Отарбаеваның айтуынша, қазір қала сыртында 7 лагерь жұмыс істеуде. Енді Алға балалар үйінің Бестамақ ауылындағы «Ақбөбек» лагері мен Темір ауданының лагері жұмыстарын бастайды.

Биыл ақтөбелік оқушылар Орал қаласында орналасқан «Дарын» лагерінде де демалуда. Республикалық бюджет қаржыландыратын лагерьге маусым айында 37 оқушы барып қайтса, осы айда екінші кезеңде демалу үшін 39 оқушы кетіпті.

Жаз басталғалы Алматыда орналасқан «Бөбек» сауықтыру лагеріне облыстың әр ауданынан жиналған аз қамтылған отбасы балалары, оның ішінде де денсаулық жағдайы төмен балалар барып келіп жүр. Қазір «Бөбекте» Әйтеке би мен Ырғыз ауданының балалары демалып жатыр.

Ал өткен айда қалалық Оқушылар сарайының 14 оқушысы Көкшетау қаласындағы «Балдәурен» лагерінде өткен ІІІ республикалық балалар қозғалысының слетіне қатысып қайтты. Қазір де бірқатар ақтөбелік оқушылар осы лагерьде демалуда.

 

Санитарлық жағдай қандай?

Жазғы сауықтыру лагерьлерінде санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың  орындалуы үнемі құзырлы мекеме назарында. Балалар арасында жедел ішек ауруларын, жұқпалы ауруларды және тамақтан улануды болдырмау мақсатында мемлекеттік қадағалау жүргізіліп отырады.
ҚР ДСМ Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитеті Ақтөбе облысы бойынша департаментінің директоры Құралай Қаракен қала сыртындағы, мектеп жанындағы лагерьлердің санитарлық-техникалық жағдайы жылдан-жылға жақсарып келе жатқанын айтып отыр.

Департамент мамандары маусым айында сыртқы ортаға лабораториялық зерттеулер жүргізді. Атап айтсақ, микробиологиялық көрсеткішке 149 ауыз су, 83 дайын тағам сынамасы, тағам құндылығына 16 сынама, 224 жұғын, суға түсетін орындардан 19 су сынамасы зерттеліп, олардың барлығы  санитарлық-гигиеналық нормаларға сәйкес екендігі анықталды.
Тексеру кезінде медициналық құжаттардың уақытылы толтырылмайтындығы, қол жуғыштың істен шыққаны, матрац тыстарының уақытылы ауыстырылмағандығы, тәуліктік тағам сынамасының қалдырылмағаны секілді санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың бұзылғаны белгілі болды. Сондай-ақ, Мәртөк ауданында мектеп жанынан ашылған бір лагерь санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің қорытындысы болмағанына қарамастан, жұмысын бастап кеткен. Анықталған санитарлық-эпидемиологиялық бұзушылықтар үшін 4 жауапты тұлғаға айыппұл салынып, санитарлық ұйғарым берілген.

 

Көңілді жаз

Редакциямызға жазғы лагерь қызықтарын баяндаған хаттар көптеп келіп жатыр. Солардың бірін бізге Ақтөбе қаласындағы №15 орта мектептің 1-сынып оқушысы Нұргүл Амантаева жазыпты. Мазмұны мынадай:

«Таңертең ерте тұрамын, беті-қолымды жуамын. Таранып, киініп, лагерьге барамын. Таза ауада сап түзеп, «Қара жорға» биін билейміз, ән айтамыз,  суреттер саламыз. Күнбе күн қызықты шаралар өтеді. Арасында ас ішіп, тынығып та аламыз. Лагерьден үйге біз көңілді қайтамыз».

Ал М.Құсайынов атындағы облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернатының 5-сынып оқушысы Ақниет Сағи өз хатында Көкшетаудағы «Балдәурен» лагерінде демалып қайтқанын жазыпты. Ата-анасынан бұған дейін жырақ шықпаған оған әуелі қиын соғып, үйдегілерді сағынғанын, кейін балаларға үйреніскенін, көп достар тапқанын әңгімелепті. Көкшетаудың көркем табиғаты мен көрікті жерлерін аралағандарын, бірақ, Оқжетпеске барып тұрып, жаңбыр құйып кеткендіктен, көре алмағандарын, кинотетрдағы үлкен экраннан 3D форматындағы кино мен мультфильм көргендерін, бассейнде жүзіп, катамаран тепкендерін, бәрін баяндапты. Әжесі Лизаға, қарындасы Ақпейілге, әке-шешесіне кәдесыйлар алғанын да жазыпты. Еліміздің әдемі қаласы Көкшетауда демалуға жағдай жасаған басшыларға да рахмет айтуды ұмытпапты.

«Лагерь аруы атандым»

Ажар ДҮЙСЕН, Ойыл ауданы Сапақкөл орта мектебінің 8-сынып оқушысы:

— Биыл жазғы каникул күндерін «Жас Қайрат» демалыс лагерінде өткіздім. Бізбен бірге онда Қараой мектеп-бала бақшасының оқушылары да болды. Барлығы 27 оқушы демалдық.

«Жас қыран» және «Балдырған» атты екі топқа бөлініп, жарыстарда бір-бірімізден оза шаптық. Әр күнгі уақытымыз қызықты да, көңілді өтті. Түрлі сайыстар, спорттық ойындар ұйымдастырылды. Ағай, апайларымызбен де тез тіл табысып кеттік.

Лагерьдің тәлімгері Айгүл Васильева «Лагерь аруы — 2011» және «Жас қайрат сұлтаны — 2011» атты сайыстарды ұйымдастырды. Сайыста қыздар мен жігіттер бойындағы бар өнерлерін ортаға салды. Мен «Лагерь аруы» атандым. Жеңіске жеткеніме қуаныштымын. Ал Марат Нұрмұхаммед «Жас қайрат сұлтаны» болды.

Одан соң тәрбиешілеріміз Мержан Есқазин мен Қайрат Досниязов «Спорт — денсаулық кепілі» атты қыздар мен ұлдар арасында 60 метрге және 2000 метрге жүгіруден жарыс өтті. Түрлі тақырыпта әңгімелесулер өткізілді. Медбике Мәдина Сүлейменова ауырған уақытымызда бізге алғашқы медициналық көмегін көрсетті. «Жас қайрат» лагерінің басшылығына алғысым шексіз.

 

Қос «Айгөлектің» қызықтары

Гүлжанат БИСЕНОВА, «Айгөлек» лагерінің басшысы:

— Биыл біздің Новый орта мектебінің жанынан «Айгөлек» демалыс лагері ашылып, балаларды бір қуантып тастады. Мектеп лагерін ашудағы мақсат — оқушылардың бос уақытын тиімді өткізу, салауатты өмір салтын қалыптастыру. Бұл лагерьге әлеуметтік жағынан аз қамтылған, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бүлдіршіндер, толық емес және көп балалы отбасынан шыққан 50 бала қабылданды. Лагерь 25 баладан қабылдап, екі кезеңде жұмыс жасайды. Балалардың еркін тынығуы үшін барлық жағдай жасалған. Балаларға қажетті төсек-орын алуға ауыл азаматтары қаржылай көмектесті.

Лагерьдің әр күні қызықты өтуде. Түрлі тақырыптағы қызықты кештер, топтарға бөлініп, өткізіліп жатқан спорттық жарыстар мен викториналық ойындар, ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай «Туған елімізді сүйеміз!» тақырыбында сурет салудан сайыс ұйымдастырылды, облыстық тарихи-өлкетану музейіне саяхатқа барды. Әр күнде өткізіліп жатқан түрлі шараларға белсене қатысқан оқушылар өз өнерлерін көрсетуге жалықпайды.

Балаларға жаздың шуақты күндерін тиімді өткізуге жағдай жасалғанына ата-аналар риза болып, өз алғыстарын білдіруде.

Бейбітгүл ЫРҒЫМБАЕВА, «Айгөлек» лагерінің жетекшісі:

— Алға ауданы Қарақобда орта мектебінің жанынан ұйымдастырылған «Айгөлек» жазғы сауықтыру лагерінде 38 бала демалды. Олар — аз қамтылған және көп балалы отбасының балалары.

Демалушылар «Қызғалдақ» және «Мирас» топтарына бөлініп, қызықты спорттық жарыстар, танымдық ойындар, тренингтер өткізді. Әр топ өз ұранын, әнін белгіледі. Лагерьдің ашылуына «Жүректен жүрекке» атты мерекелік концерт қойды. «Ақтөбе — сүйікті қалам» атты шарада қалаға экскурсия жасап, көрікті жерлерге апардық. «Сөз мерген» сайысында 6-сынып оқушысы Алдияр Қуанышбай «Сөз мерген» атанды.

Туған ауыл табиғатына саяхатқа шығып, суға түсіп, күнге күйіп, көңілді саяхат жасалды. «Толағай» спорттық-эстафеталық жарыс өте тартымды өтті. Демалыс маусымын «Думанды лагерь» атты топ аралық сайыспен аяқтадық.

Қызықты шараларды өткізуге ұйытқы болған лагерь қызметкерлерінің бәрінің де еңбегі зор.

P.S. Лагерь басшылары мен  балалар лагерь қызықтарын баяндаудан жалықпайды. Балалар алаңсыз, мамандар қауіпсіздікті қадағалап отыр. Біз де жазғы демалыстың тыныш өткенін тілейміз.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

 

Басқа жаңалықтар

2 Comments

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button