Басты жаңалықтар

«Қазсат-2» ғарыш кеңістігінде

Шілденің 16-сында Қазақстан ғарышқа екінші жер серігін ұшырды.  Мамандар «ҚазСат-2» ғарыш кемесі сыр бермейді деп сендіреді.  Олай болса, еліміз көп ұзамай, арзан телекоммуникация жүйесін  пайдалану мүмкіндігіне ие болмақ.

«ҚазСат-2» серігі  мен   американдық    «ОС-2»    ғарыш аппараты   орнатылған  «Протон-М»  зымыран тасымалдағышы «Байқоңырдан» 16 шілде күні  Астана уақыты  бойынша  таңғы сағат  5.16-да  ұшырылды. Сапардың 600-ші секундында  орбитальды  блок зымыран тасымалдағыштың  үшінші сатысынан штаттық режимде  ажырады.

Хруничев атындағы   орталықтың баспасөз қызметінен  хабарлағандай, «ҚазСат-2»  сол күні, Астана уақыты  бойынша  сағат 14.40-та  есептік орбитаға  шығарылған. Қазақстандық аппаратпен бірге ғарыш кеңістігіне америкалық SES-3 телекоммуникациялық жер серігі де жеткізілді

Ұлттық  ғарыш  агенттігінің төрағасы Талғат  Мұсабаевтың  айтуынша,     орбитадағы қазақстандық байланыс серігімен жұмыс  штаттық режимде  жүріп  жатыр.  Ғарыш аппараты    бір  айдың ішінде  шығыс бойлық  бойынша  86,5  градустық өз орбитальдық нүктесіне жетуі тиіс.  Одан кейін аппарат жүйесі  екі ай  бойына  сынақтан   өткізіледі.  Ал  2011 жылдың  қазан  айында  ресейлік мамандар  жер серігін  Қазақстанның   ғарыш байланысы   республикалық орталығының мамандарына  тапсырады.

Ғарыш кемесін орбитаға ұшыру салтанатына Премьер-министр Кәрім Мәсімов бастаған үкіметтік делегация қатысты. Бұл сәтті көпшілік алғаш рет Twitter әлеуметтік желісі арқылы он-лайн тәртібінде тамашалады. Екінші жер серігінің ұшуын Қазақстан үшін салмақты инновациялық серпін деуге болады. Еліміз заманауи спутниктік технологияларды өз иелігіне алады. Сонымен қатар, телекоммуникациялық аппаратты басқаруда жоғары білімді мамандарды даярлауды да жолға қояды.

Аппаратты жасаған Хруничев атындағы орталық спутниктің кемінде 12 жыл қызмет ететініне кепілдік береді. Келісім-шартқа қол қойылғаннан бері жоба бірнеше рет қайта өңделді. Нәтижесінде «ҚазСат-2»-нің элементтік базамен толықтырылып, жаңа үлгідегі басқару алгоритміне ие болды. Бұнымен қоса күші де артты. Мысалы транспондерлерінің жиынтық қуаты төрт жарым киловатқа дейін ұлғайған.

 

Арзан байланысқа қол жеткіземіз

 

Байқоңыр ғарыш айлағынан ұшырылған «Қазсат-2» жер серігі елді сапалы да арзан телекоммуникациялық байланыс жүйесімен қамтамасыз етуге мүмкіндік бермек. Қазақстанның Ұлттық ғарыш агенттігінің дерегінше,  қазіргі таңда шетелдік спутниктік операторлардың қызметін пайдаланып отырған Қазақстан өзінің жер серігін іске қосса, жылына 2,5 миллиард теңгеден артық қаржы үнемдейді.

Қазақстанның «Республикалық ғарыштық байланыстар орталығы» мен Ресейдің Хруничев орталығы арасында 2006 жылы жасалған келісім бойынша құрылған «Қазсат-2»  2009 жылы ұшырылуы тиіс болатын. Бірақ, «Қазсат-1»-дің құрдымға кетуі жоспарды өзгертіп жіберген. Ғарыштық аппараттың бөлшектерін өзгерту үшін Ресей жағы Қазақстаннан қосымша уақыт сұраса, Қазақстан болашақ жер серігіне байланысты орталыққа қосымша талаптар қойған. Осыған байланысты ұшырылу екі жылға шегерілді.

Қазақстан ғарышкерлерінің бірі Айдын Айымбетовтың айтуынша, екі жылдан бері Ресей жағы ғарыштық аппараттың командалық құралдар бөлігін батыстық компаниялардың құрылғысымен алмастырған.  Сол себепті ол біріншіге қарағанда қымбатырақ. Мұнымен қатар батыстық құралдардың ресейлік құрылғыға сәйкестілігі бойынша сараптама жүргізіліп, қосымша сынақтар жасалған.

«Қазсат-2» алғашқысына қарағанда мықтырақ дейді мамандар.  Айдын Айымбетовтың айтуынша, «Қазсат-2» спутнигін  қолданысқа енгізудің өзіне шамамен бірнеше ай кетеді. «Қазақстан тарабы жер серігінің жұмыс істейтініне әбден көзі жеткеннен кейін ғана басқару тізгінін қолына алады» дейді ол. Ұлттық ғарыш агенттігінің мәліметінше, «Қазсат-2»-ні сақтандыру жағына «Республикалық ғарыштық байланыстар орталығы» АҚ жауапты. «Қазсат-2» жер серігінің құны – 115 миллион АҚШ доллары. Ал, салмағы – 1330 келі.

«Қазсат-3» те ұшады
Қазақстанның Ұлттық ғарыш агенттігі 2013 жылы «ҚазСат-3» спутнигін ұшыруды көздеп отыр. Оны құрастыру мен жасау туралы келісім-шартқа Францияның «Ле Бурже» аэроғарыш салонында қол қойылған болатын. «ҚазСаттың» үшіншісін Ресейдің Красноярск қаласындағы академик Решетнев атындағы ғылыми-өндірістік бірлестігі жасайды.

«Қазсат-1» құрдымға кеткеннен кейін Қазақстан үшінші спутникті еуропалық компанияларға жасатуға ниеттенген еді. Дегенмен агенттіктің айтуына қарағанда, франциялық «EADS Astrium» ұсынған жасанды жер серігі тым қымбат, әрі Қазақстан территориясынан кеңірек аумақты қамтитын аса қуатты болып шыққан. Сондықтан әзірге, «Қазсат-3»-ті де ресейлік компания жасайтын болып отыр.

«ҚазСат-2» жер серігін ұшыру арқылы Қазақстан қыруар қаржысын үнемдейді деп күтілуде.

«Қазсат-1»-дің құны қайтарылмады

Мәскеудің Хруничев атындағы ғарыштық ғылыми-зерттеу орталығы бұған дейін де «ҚазСат-1» жерсерігін құрастырған болатын. 2006 жылы ғарышқа жол тартқан ол 2 жылға жетер-жетпес жұмыс істеп, соңында ғайып болды. Алғашқы жер серігін жасауға мемлекет қазынасынан 7 миллиард 800 миллион теңге қаржы бөлінген. Ал оны сақтандыру үшін төленген өтемақыны қайтаруға ресейліктер әлі күнге дейін асығар емес. Соған қарамастан «ҚазСат-2» жерсерігі тағы да сол Хруничев орталығында құрастырылып отыр. Енді оның қаншалықты сәтті жұмыс жасайтын уақыт көрсете жатар…

Әзірлеген С. ЫСҚАҚҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button