Мәдениет

Кеншілер күнде осында

Өткен жылы «Дөң» тау-кен байыту комбинаты 70 жылдық мерейтойын тойлаған кезде Астана, Алматы қалаларынан келген ең беделді өнер ұжымдары «Кеншілер» Мәдениет үйінің сахнасында өнер көрсетті. Ал Роза Рымбаева – кеншілердің жыл сайынғы қонағы.

Хромтау қаласының мәдени өмірін айтқанда осы бір мәдениет ошағы еске оралады. Бүгінде ат жалын тартып мініп аудан, облыс көлемінде еңбек етіп жүрген көптеген хромтаулық азаматтар өздерінің балалық, жастық шағын осы Мәдениет үйінің үйірмелерінде өткізіп, кітапханасында кітаптарға үңілген.

Любовь Михайлова Мәдениет үйінің директоры болып 11 жылдан астам уақыт еңбек етуде. Оған дейін көркемдік жетекші, балалар бөлімінің меңгерушісі болып біраз жыл жұмыс жасаған.

– Біздің еңбек ұжымындағы қызметкерлер – өз істерін сүйетін және қабілетті жандар, – деді Любовь Анатольевна. – Соның нәтижесінде біршама жетістіктерге жетіп келеміз. Үш бірдей өнер ұжымының халықтық ұжым атануы осыны көрсетсе керек. Олар: «Замандастар» қазақ әндері (жетекшісі Ақбөбек Молғарина), «Алтын дән» хореография (Айнаш Имекешова) және «Жасөспірімдер шығармашылығы» бейнелеу өнері (Лилия Ксюшева) халықтық ұжымдары. Бұдан басқа домбыра, балалар хоры, брэйк биі, бейнелеу өнері, ән-би үйірмелері бар екенін де айта кеткім келеді. Екі құрамда вокалды-аспаптар ансамблінің өнерін тамашалаудың өзі бір ғанибет. Кәдімгідей демалып қаласың. Сондай-ақ, эстетикалық тәрбие беру мектебіне балалардың қызығушылығы ерекше. Директордың айтуынша, шәкірттерінің салған суреттері Ақтөбе, Алматы, Астана, тіпті, Мәскеу қалаларын шарлап кеткен. Ал ән-би ұжымдары Арыс, Шымкент, Мәскеу, Одесса, Нижний Новгород қалаларында өткен конкурстарға қатысып, шеберліктерін байқатқан. Сондай-ақ, аудандық мерекелер бұларсыз өткен емес. Сонымен бірге комбинаттың 25 цехын мейлінше қамтып қалуға, жұмысшылардың көңілін көтеруге тырысатыны тағы бар. Көңілді тапқырлар клубтарының ішінде жоғары өнер көрсеткендер Ақтөбе, Ақсу, Алматы қалаларында кеншілер арасында өткен сайыстарға қатысты.

– Көңілді тапқырлар клубы соңғы жылдары қазақ тілінде де өткізіліп жүр, – деп әңгімесін жалғастырды Л.Михайлова. – Тілдер мерекесі күні отбасылар арасында конкурс өткізу дәстүрге айналды. Мемлекеттік тілде өтетін барлық шараны ұйымдастырып жүрген Мәдениет үйінің мемлекеттік тіл жөніндегі жұмыстарды ұйымдастырушысы Жұлдыз Саналинаны ерекше атап өткім келеді. Барлық жұмысты ұйымдастыра жүріп, өзі де қазақ әндерін сахнада тамылжыта орындайды. Бізде өтетін барлық мәдени шаралар жергілікті телеарна арқылы таратылады. Комбинат басшылығының және кәсіподақ ұйымының қамқорлығының арқасында қаржы тапшылығын көріп отырған жоқпыз. Қандай жұмыс жүргіземіз десек те, бізге жол ашық.

– Любовь Анатольевна мақтауымды жеткізді ғой, – деп күледі Жұлдыз. – Рас, бұрын қазақ тілінде шаралар жүргізілмеген деуге болады. Шараларға қаржы уақытында беріліп тұр. Маған неге тілім үшін жұмыс істемеске? Өзім Шалқарда туып-өстім. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің музыка-педагогика факультетін бітірдім. Халық әндерін орындаудан облыстық, республикалық байқауларда лауреат атандым. Қазір осындамын. Кеншілердің қазақ өнеріне деген ықыласының жоғарылығы ұйымдастыру жұмысымды жеңілдете түседі.

– Біздің эстетикалық тәрбие беру мектебі ерекше деп айта аламын, – дейді эстетикалық тәрбие беру жөніндегі жауапты ұйымдастырушы Наталья Марусина. – Мектептің өзінің Жарғысы бар. Сәбилерді 4 жастан бастап қабылдаймыз. Олар аптасына екі рет шұғылданады. Үш сыныптан кейін дайын күйінде деп айтуға болады, мектепке шығарып саламыз. Бірақ олар бізден қол үзбей, сабақтан тыс уақытта келіп, мектеп дәрісіне қатыса береді. Биыл біздің мектептен алтыншы түлектер шықпақшы. Эстетикалық тәрбие беру мектебінде балалар қазақ, ағылшын тілдерін үйреніп, сурет салумен, музыкамен айналысады екен. Қазақ тілін оқыту ұлттық өнер түрінде, яғни халық даналықтарын, ертегілерді оқу арқылы жүргізіледі. Мектептің мақсаты – өнер туындыларының көмегімен дүниені танудағы түсінігін, ой-өрісін кеңейту.

Кеншілердің кітапханасы Мәдениет үйінде орналасқан. Аға кітапханашы Найля Динер 26 жылдан бері жұмыс істейді. Кітапхананың 2000-дай, оның ішінде 800-дей оқушы оқырманы бар екен. Бір байқағаным – 28 мың дана кітап қоры бар кітапханада қазақ тіліндегі кітаптар өте аз.

– Комбинаттың басшылығы, кәсіподақ комитетінің төрағасы Сағидолла Клюмов кітап қорын көбейтуге көмектесіп тұрады, – деді аға кітапханашы. – Кәсіподақ тарапынан айына 30 мың теңге бөлінеді. Алайда сатып алған кезде бұл ақша түк болмай қалады, кітаптар өте қымбат.

Кітапханада кездескен оқырман Хромтау судан қорғау отрядында жұмыс істейтін Рустам Құрманов кітапхана қорының өзін қанағаттандыратынын айтады.

Жұмыс аяғына қарай барсақ та, Мәдениет үйі кеншілердің демалыс орны екенін аңғардық. «Бізде күнде осылай», – дейді мәдениет қызметкерлері.

Бердібай КЕМАЛ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button