Басты жаңалықтар

Кеденнен кедергісіз өтеміз бе?

1 шілдеден бастап Қазақстан, Беларусь, Ресей мемлекеттері арасындағы Кедендік одақтың жұмысы толығымен іске қосылды. Ендігі жерде аталған үш мемлекеттің арасында кедендік бақылау, санитарлық-эпидемиологиялық, фитосанитарлық, ветеринарлық, көліктік бақылау жүзеге асырылмайды. Яғни, Кедендік одақтың ішкі шекараларынан бақылаудың барлық  түрлері алынып, тек шекаралық бақылау ғана қалды. Кедендік бекеттер де біржола жойылды. Азаматтар осы елдер арасында ешбір кедергісіз еркін жүру мүмкіндігіне ие болды.

Кеден саласындағы өзгерістерге байланысты біз Ақтөбе облысы бойынша кедендік бақылау департаментінің кедендік бақылауды ұйымдастыру басқармасының бастығы Бисенғали Мүсеновпен әңгімелескен едік.

Кедендік   одақ   комиссиясының   «Қазақстан — Ресей    шекарасына    қатысты бөлігіндегі мемлекеттік бақылаудың келісілген түрлерін Кедендік одақтың сыртқы шекарасына көшіру   бойынша   Жоспардың   жобасы   туралы»  шешімге сәйкес, 2011 жылдың 1  шілдесінен бастап Қазақстан — Ресей  шекарасында тауарлар мен көлік құралдарына кедендік бақылау жүргізу алынып тасталды.  Кедендік  бақылау  Қазақстан   Республикасының   мемлекеттік шекарасынан    Кедендік    одақтың    сыртқы    шекарасына    ауыстырылды. Осыған байланысты облысымыздың  Қазақстан — Ресей  шекарасындағы  «Жайсаң», «Әлімбет», «Теміржол» және «Әйтеке би» шекаралық кеден бекеттері таратылды.

Кедендік одаққа кіретін мемлекеттердің азаматтары енді шекарадан өткенде есепте тұрған қаражатын, көліктерін және кейбір тауарларды декларацияламайды. Бұған дейін олардың барлығы жазбаша декларацияланған болатын. Биылғы жылдың 1 шілдесінен бастап Қазақстан — Ресей шекарасында орналасқан бақылау-өткізу пункттеріндегі барлық әкімшілік кедергілер алынып тасталды. Яғни біздің елдің кез келген азаматы Кедендік одақтың қай мемлекетіне де тауарларымен еш кедергісіз өте алады.

Бірақ, бұрынғыдай кедендік тексеріс болмағанымен, шекаралық бақылау өз жұмысын жасай береді.  Мемлекеттік шекараны арнайы белгіленген орыннан басқа жерден басып өту заңға қайшы келетін іс-әрекет болып есептелінеді. Өйткені, қазір әлемде  халықаралық лаңкестік, заңсыз шекарадан өту, есірткі бизнесі тыйылмай тұрған кезде шекарада аса қырағылық, тәртіп қажет. Сондықтан, тауарларды шекарашылар мұқият тексереді.
Қазақстан Республикасының шекарасын бұзғандар  Қылмыстық кодекстің 330- бабына сәйкес жауапкершілікке тартылады. Тоқтатылған тауарлар мен заттар айғақ болып есептелініп, мемлекет пайдасына тәркіленеді.

— Кедендік одақтың ортақ тарифтерінде қандай өзгешеліктер бар?

— 2010 жылдың 1 қаңтарынан бастап  Кедендік одаққа мүше мемлекеттердің үкімет басшыларының 2009 жылғы  27 қарашадағы  №18 шешіміне сәйкес,  заңды  күшіне  енген,  Кедендік  одақтың бірыңғай кедендік тарифімен бекітілген баждардың бірыңғай мөлшерлемелері қолданылады. Сонымен қатар ауыспалы кезең аралығында Кедендік одақты құрушы мемлекеттердің экономикасы үшін аса маңызды тауарларға, мысалы, шикізаттардың кейбір түрлеріне — технологиялық құрылғылар мен оларға арналған құрал-жабдықтар, инвестициялық тауарларға қатысты кеден баждарының төмендетілген мөлшерлемелерін уақытша қолдану (5 жылға дейін) мүмкіндігі қарастырылғанын атап өту қажет.

Ал  2010  жылдың 1 қаңтарынан бастап  енгізілген бірыңғай кедендік тарифтің мөлшерлемелерін қайта қарауға байланысты импорттық баж тарифінің орташа арифметикалық ставкасы 10,5 пайызды құрады, яғни 4,3 пайызға көбейді. Бірыңғай кедендік тариф  бойынша тауарлардың  45   пайызының  кедендік  баж мөлшерлемесі  көбейтілді, ал, 10 пайызыныкі төмендетілді,  45 пайызы өзгеріссіз қалды. Автокөліктер,  ағаштар, мұздатқыш қоңдырғылар, фармацевтикалық препараттар, тұрмыстық техника, киім-кешектер мен  аяқ киім  бұйымдары  бойынша баж салығы көбейді. Ал,  ауылшаруашылық өнімдерінің жекелеген түрлеріне — тері, құрал-саймандар және аппараттарға (оптикалық медициналық) баж құны төмендетілді.

— Шетелдерден әкелінетін көліктерге қатысты рәсімдеу бағасы қаншалықты өзгерді?

— Бұған дейін айтылып келген «Еуро-3» экологиялық кезеңін енгізу мерзімі кейінге қалдырылды. Үкіметтің қаулысына сәйкес, ол 2012 жылдың 1 қаңтарында іске асырылатын болады. Әзірге елімізде 2-экологиялық кезең бойынша техникалық ереженің талаптары қолданылуда. Осы техникалық ережеге сәйкес, мысалы, Ресейдің 2006 жылдан бастап шығарылған, АҚШ-тың 1996 жылдан бастап, Еуропалық Одаққа кіретін елдердің 1997 жылдан бастап шығарылған автокөліктері елге кіре алады.

1 шілдеден бастап жеке   тұлғалардың жеке пайдалану үшін  көлік құралдарын кедендік декларациялауға берілген жеңілдіктер алынып тасталды. Қазір шетелден келетін көліктерді декларациялау Кедендік одақтың бірыңғай кедендік тарифін қолдану арқылы жалпы белгіленген тәртіппен жүргізілетін болады.

Шығарылған жылы көне көліктердің  баж салығы көптеу болса, бағасы жоғары көліктерді рәсімдеу құны төмен болып отыр.

— Кедендік бекеттерді жабуға байланысты қанша қызметкер қысқарды?

— Қазақстан — Ресей   шекарасындағы тауарлар мен көлік құралдарына кедендік бакылаудың алынып, кедендік бекеттердің таратылуына байланысты департаменттің бірқатар қызметкерлері қысқартылды. Біздің аумақ бойынша жетпіске жуық адам әр түрлі жұмыстарға кетті. Көпшілігі Кедендік одақтың сыртқы шекарасындағы кедендік бақылауды күшейту мақсатында оңтүстік (Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл облыстары) және батыс (Маңғыстау) шекараларға қарай ауыстырылды.

 

КЕДЕНДІК ОДАҚТЫҢ БЕРЕРІ КӨП…

 

Кедендік одақ жайында айтылып жатқан әңгімелер өте көп. Біреулер бұл еліміздегі шикізаттық емес секторды дамытуға көп көмегін тигізеді, жалпы өте тиімді дейді. Ал енді бір пікірлер  одақтағы өзге мемлекеттердің ықпалында кетуіміз мүмкін деген тұжырымға саяды. Кедендік одақ жайында аздаған сараптама жасап көрсек…

Бүгінде Кедендік одақ көлемінде 170 миллион адамы бар, жалпы ішкі өнімінің көлемі 2 триллион долларға жуық үлкен нарық ашылды. Кедендік одақты құру процесінің маңыздылығы – осы одаққа мүше мемлекеттердің эко­но­микасына инвестициялар тартуға жағымды жағдай жасау, мемлекет­тердің экономикалық әлеуетін ес­ке­ре отырып, бірлескен кәсіп­орын­дар құру болып табылатындығында. Инвесторлар біздің нарыққа келу-келмеу туралы шешім қабылдау кезінде, тек жекелеген Қазақстан нарығын ғана емес, осы жалпы Кеден­дік одаққа кіретін мемле­кет­тер мүдделерін де ескеретін болады. Егер де одаққа мүше бір мемлекет кейбір мәселе бойынша өз келісімін біл­дірмесе, онда шешім мүлде шы­ғарыл­майды.

Жаңа­дан құрылған Кедендік одақ қа­зақ­стандық өндірісшілерге келешекте Ресей мен Беларусь мемлекеттері рыногына жол ашып, олардың мүмкіндіктерін молайтуға игі ықпал етпек. Кедендік одақ жұмысындағы атап айтарлық ең басты мәселе – Қазақстан, Ресей және Беларусь республикаларының қатысуымен құрылған Кедендік одақ аясын­дағы шешімдер алдағы уақытта үш мем­лекет арасындағы консенсус жолы­мен ғана қабылданады.

Кедендік одақтың келі­сім­дік базасы бүгінде 51 халықаралық келісім­нен, оның ішінде Кеден­дік одақ комиссиясы шешімдерінен тұрады.

Сонымен қатар, Кедендік одақта жанама салықтарды жинау кеден органдарынан салық ұйым­да­рына өтеді.

Сала жетек­шілерінің есептеуінше, Кедендік одақтың құрылуы түптеп келгенде – оның құрамындағы үш мемлекет түгелдей дерлік пай­далануға ұмтылатын ауқымды мүмкіндік. Сарапшылардың пайымдауынша, болашақта Кедендік одаққа кірем деушілердің саны арта түспек. Қазірдің өзінде Қырғызстан мен Тәжікстан өз ұсыныстарын білдіріп отыр.

Кедендік одақ құру бағытындағы жұмыстар әлі аяқталған жоқ. Ол уақыт талабына орай одан әрі жетіл­дірілмек, бірақ, ең бастысы, ол халықаралық стандарт­тар­дан ауытқымайды.

вырезка

Қазіргі кезеңде әлемде 230 ел және жүзге жуық мемлекетаралық одақтар бар. Жалпы алғанда бірлесу қағидасы әлемдік эконо­ми­каға тән. Әлемде қа­зіргі күні 12 Кедендік одақ құрыл­ған. Олардың барлығы Бүкіләлем­дік сау­да ұйымы аясында жұмыс жасап жатыр. Біздің де мақсатымыз осы ұйымға кіру.

Сәнім ЫСҚАҚҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button