Экономика

Біз күрт экономикалық дамудың алдында тұрмыз

Елеусін Сағындықов:

Кеше облыс әкімі Елеусін Сағындықов БАҚ өкілдерімен баспасөз конференциясын өткізді. Елеусін Наурызбайұлы алдымен әлемдік дағдарысқа қарсы тұру мақсатында жүргізіліп жатқан жұмыстарға сәйкес үстіміздегі жылдың І тоқсанындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысына тоқталды. Сондай-ақ, журналистерден түскен жазбаша және ауызша сұрақтарға жауап берді.

– Жылдың алғашқы үш айындағы жұмыс нәтижесі облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының өсу үстінде екенін көрсетті, – деді облыс әкімі. – Болжамдық жоспарларымыздың бәрі де орындалуда. Сондықтан әлемдік қаржы дағдарысына қарсы бағдарламалар толық жүзеге асады деп айтуға болады.

Өткен жылдың қазан айында Үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде Елбасы дағдарысқа байланысты Үкіметтің, облыстар әкімдерінің, ұлттық компаниялардың алдына нақты міндеттер қойып, негізгі принциптер мен бағыттарды белгілеп берді. Макроэкономикалық тұрақтылықты сақтау, халықтың әл-ауқатын қамтамасыз ету және экономиканы модернизациялау принциптерін алға тартты. Мынадай 5 бағыт белгіленді: экономиканың қаржы секторын, шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау, агроөнеркәсіптік секторды дамыту, жылжымайтын мүлік рыногын қолдау және инновациялық жобаларды жүзеге асыру. Осы бағыттар бойынша облыста жұмыстар жүргізілді. Соның нәтижесінде үш айда біршама табыстарға қол жеткізілді.

Дағдарыс жағдайына қарамастан жұмыс орындарын сақтап қалу, жұмысшыларды жаппай жұмыстан босатуға жол бермеу, әсіресе, экономикамыздың 70-75 пайызын құрайтын тау-кен саласында, атап айтқанда, газ, мыс, кобальт секілді өнімдер өндіретін кәсіпорындардың жұмысын қамтамасыз ету қажет болды.

Дағдарыс жағдайына байланысты кейбір кәсіпорындардың қысқартылған кестемен жұмыс істеулеріне тура келді. Қазіргі кезде барлық тау-кен байыту кәсіпорындары тұрақты жұмыс істеп, өздерінің әлеуеттерін арттыруда.

Бұл кезең өте ауыр өтті. Дегенмен барлық мүмкіндіктерді пайдалана отырып, қалыпты жұмысты ұйымдастыра білдік. Мысалы, Ақтөбе хром қосындылары зауыты өте ауыр күйде болды. Өнімдері өтпей қалды, өнімнің өзіндік құнын төмендету қажет етілді. Бірақ бірлесе жұмыс жүргізудің нәтижесінде тұрақтылыққа қол жеткізілді.

Инвестиция тарту – кәсіпорындар ашу деген сөз. Кәсіпорындар ашылса, жаңа жұмыс орындары пайда болады, адамдар жалақы алады және бюджетке салықтар түседі. Үш айда негізгі капиталға түскен инвестицияның көлемі 48,0 миллиард теңгені құрады немесе өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 38,1 пайызға өсті. Егер өткен жылдың басы облыс үшін экономикалық қарқынды даму жағдайында болғанын ескерсек, бұл өте жоғары көрсеткіш деп айтуға болады. Осыған қарап, бізде алға жылжушылық бола береді деп сеніммен айтуға болады. 2003 жылдың 1 қаңтарында инвестиция көлемі не бары 61 миллиард теңге болған еді. 2005 жылы 180 миллиард құраса, өткен жылы 170 миллиард теңгеге жетті. 2004 жылға дейін инвестиция көлемі жылына 5-8 миллиардқа ғана көбейіп отырса, кейінгі жылдары күрт көбейді. Бұл – жұмысты үйлестіре білгеннің арқасында қол жеткізілген көрсеткіш.

Облыс әкімі әлемдік қаржы дағдарысының салдары болмағанда, бұдан да айтарлықтай жоғары жетістіктерге жетуге болар еді дегенді айтты. Дегенмен бүгінгі қиындықтарға қарамастан, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуында күрт секірістер күтіп тұрғанына сенімділік білдірді. Оған негіз боларлық дәйектер де жоқ емес. Мәселен, есепті кезеңде 1880,3 мың тонна мұнай алынды. Соңғы үш жылда мұнай өндіруде бірінші рет өсімге қол жеткізілді. Ең бастысы, жұмыс істей білу керек. Үш айда 37,4 мың тонна мыс қоспалары, сағатына 640 миллион кВт электр қуаты өндірілді.

Ауыл шаруашылығында да өсім айтарлықтай. Жалпы, өнім өндіру 9,2 миллиард теңгеге жетті немесе 3,6 пайызға өсті. Бұл көрсеткішті жақсы өсім деп айтуға болады. Облыста малдың саны барлық түрі бойынша артып отыр. Өткен жылдың қорытындысында республика бойынша екі ғана облыс 100 пайыздық өсімге қол жеткізді. Агроөнеркәсіптік секторда көптеген жұмыстар жүргізілуде. Машина-трактор парктерінің 20 пайызы жаңартылды. Ауыл шаруашылығын электр қуатымен қамтамасыз ету де ұлғайды. Биылғы жылы себілетін дәнді дақылдар көлемі 25-30 мың гектарға көбейеді. Картоп және көкөніс алқабы екі есеге ұлғаяды. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде де жұмыстар жүргізіле береді.

Әлемдік қаржы дағдарысы тұрғын үй тұрғызуға да кері әсерін тигізе алмауда. Қазірде 51,1 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.

Әрине, проблема жоқ емес. Бірақ проблемалар шешімін табатын болады.

Облыс басшысының сөзінде «Ақтөбе» газеті журналистерінің шағын және орта бизнесті дамытуға бөлінетін қаражатқа байланысты жазбаша қойған сұрағының да жауабы айтылды. Биылғы жылы шағын және орта кәсіпкерлік нысандарын қолдауға республикалық және жергілікті бюджеттен 14,2 миллиард теңге бөлінетін болады. Оның ішінде жергілікті бюджеттен – 2,7 миллиард, «Самұрық-Қазына» ҰӘК-ден – 5,6 миллиард және агроөнеркәсіп саласы үшін 5,7 миллиард теңге бөлінеді. Дағдарысқа қарсы бағдарлама аясында екінші деңгейдегі банктердің Ақтөбе филиалдарында «Самұрық-Қазына» ҰӘК есебінен қаржылық ресурстар арқылы несиелеу жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі кезде шағын және орта кәсіпкерлігі бойынша 71 жоба 2 866,0 миллион теңгеге несиелендірілді. Оның ішінде жұмыс істеп тұрған 52 жобаға 2 377,0 миллион теңге қайта қаржыландыру үшін берілді.

Шағын және орта кәсіпкерлік нысандарында еңбек ететіндердің саны 16 200 адамға көбейіп, 153,5 мың адамға жетті. Ал өндірістік өнім өндіру көлемі 2,3 пайызға өсіп, 18 миллиард теңгені құрады. Ал бюджетке 13,8 миллиард теңге түсті.

Қанша дағдарыс жағдайы болса да, облыста жұмыссыздық саны артқан жоқ, керісінше кеміді. Еңбек рыногында жұмысқа орналасушылардың қалыпты өсуі байқалады. 2621 жаңа жұмыс орны ашылып, 2390 жұмыссыз еңбекке орналастырылды. 50 жұмыссыз кәсіби даярлауға жіберілді. Қоғамдық жұмыстарға 2075 адам тартылды.

Алынған шаралардың нәтижесінде жұмыссыздар саны 221 адамға азайып, жалпы саны 2523 адам болды. Сонымен қатар бірінші тоқсанда кедейлер мен аз қамтылған азаматтар саны азайды. Өткен жылдың осы кезеңінде 5407 адам болса, биыл 3808-ге дейін кеміді.

Халықты қолдау мақсатында тарифтер өскен емес. Электр қуатының тарифі 10 пайызға төмендеді. 2008 жылы жылу қуаты үшін тариф 1 шаршы метрге 52 теңге 41 тиын болды. Биылғы жылдың бірінші тоқсанында 51 теңге 96 тиыннан төленді. Су мәселесін алайық. Өткен жылы 24 теңге 95 тиын болса, биыл 23 теңге 44 тиынға дейін төмендеді. Ең арзан газдың біздің облыста екенін де айта кету керек. Жалпы, коммуналдық қызмет үшін төленетін төлемдер жоғарыламайтын болады. Оның ішінде қоғамдық көліктердегі жүру ақысы да республика бойынша ең төмен екендігін айта аламыз.

Банк жүйесінің жұмысы жолға қойылды. Ал ақтөбелік банктер арқылы 20 миллиард теңге несие берілген. Жеке тұлғалардың депозиттер көлемі 43 миллиард теңге құрап отыр.

Тағы бір қуанарлық жағдай бар. Халық санағының қорытындысы бойынша облыс және қала халқының саны өскені белгілі болды. Соңғы 5 жылдың ішінде облыс халқы 99 мың адамға, қала халқы 121 мың адамға көбейген. Жалпы, облыс бойынша 2004 жылы 671 мың тұрғын болса, санақ қорытындысында 780 мың адам тіркелді. Қазіргі кезде қаланы 403 мың адам мекен етуде. Біз өсім жағынан Астана және Қарағанды қалаларынан кейін үшінші орындамыз.

Облыста тұрғындар санының өсуі біздің әлеуметтік-экономикамыздың жақсарғанын көрсетеді. Яғни ішкі өсіммен бірге, сырттан келушілердің бар екендігін аңғарамыз. Орыстар айтпақшы: «Балық – тереңді, адам жайлы жерді іздейді». Демек, әлеуеті жоғары Ақтөбе көп адамдар үшін тартымды мекен болып отыр.

Елеусін Наурызбайұлының айтуынша, бірінші тоқсанның қорытындысы негізінен осындай. Енді облыс әкімі алдағы уақытта да қол жеткенді місе тұтпай, әлі де биіктерге жете беру міндеттерін алға тартты. Әлеуметтік-экономикалық дамудағы қарқын одан әрі өсе беруі тиіс. Жыл аяғына дейін 250-260 өнеркәсіп және әлеуметтік маңыздағы нысан ашылатын болады. Оның ішінде 54 индустриялық-инновациялық жоба жүзеге асырылады. Инвестициялық жобалардың жыл сайын көбеюі облыстың инвестиция тарту қабілетінің жоғары екенін көрсетеді. Әкім күн сайын басқа облыстардан, шетелдерден инвесторларды қабылдап, жобаларды талқылайтынын да айтып өтті. Өйткені облыс географиялық жағынан да, геосаяси жағынан да экономиканы дамытуға қолайлы. Биыл 270-280 миллиард теңге инвестиция тартылатын болады.

Енді облыс бойынша және бір маңызды жұмыстар атқарылатын болады. Мәселен, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандарын жөндеу үшін 5 миллиард теңге, жолдарды жөндеп, қайта жобалау үшін 2,9 миллиард теңге, әлеуметтік-мәдени нысандарды жөндеу, қайта жобалау, жылыту үшін 4,8 миллиард теңге қаралып отыр. Бұл қаржыларға 300-ден астам нысан жөнделетін болады. Ал 20 мыңнан астам адам жұмысқа тартылады. Бұл салаларға осыншама 11,7 миллиард теңге кеңес өкіметі кезінде де бөлінген емес.

Ол үшін 3400 адам қайта даярлаудан өтіп, 3400 адам әлеуметтік жұмыс орнында еңбек етеді. Әсіресе, жастарды тарту басты назарда болады. Қазіргі жоба бойынша 2000 жас осы жұмыстарға тартылады. Бұл жұмысшыларға жалақы төлеу үшін қаржы жеткілікті.

Экономиканы модернизациялау жөнінде жұмыстар жүргізілуде. Мысалы, «СНПС- Ақтөбемұнайгаз»  АҚ мұнай тазарту зауытының құрылысын бастайды. Оған кемінде 600 миллион доллар қаралған, Сондай-ақ, «Қазхром» АҚ тарапынан да осындай ірі құрылыстар салу жоспарлануда.

Облыс әкімі «Қазақстан-Ақтөбе» телеарнасы журналисінің кейбір басқарма басшыларынан мәлімет алудың қиындығы туралы сұрағына орай өзінің де бұл мәселені сезетінін айта келіп, басшыларға қатаң ескерту жасады. Тіпті, кейбір басқарма басшылары толық ақпарат беру ретін білмейтін де көрінеді.

Биыл Ақтөбе қаласының 140 жылдығы аталып өтіледі. Осы мерекеге әзірлікті қалалықтар жергілікті билікпен бірге жүргізуде. Іргелі істердің нәтижесінде күзге қарай қала танымастай өзгереді.

– Әлемдік қаржы дағдарысына қарсы жұмыс істеу маған екі есе жауапкершілікті жүктейді. Себебі Үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде Президент Нұрсұлтан Назарбаев ойламаған жерден маған сөз берді. Мен біз облыстың экономикасын модернизациялай аламыз, дайындық толық жүргізілуде, басқа да әлеуметтік шаралар жүзеге асырылуда, дағдарысқа қарсы тұра аламыз деп жауап бердім, – деді Елеусін Сағындықов баспасөз конференциясын қорытындылай келе. Әкім облыс жұртшылығының әлемдік дағдарысқа байланысты алаңдамауын, алдағы уақытта әлі де көптеген ауқымды жұмыстардың орындалатынын баса айтты.

Бердібай КЕМАЛ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button