Әлеумет

Толғандырған тоғыз сауал

Редакциямызға жеке және әлеуметтік мәселелерге қатысты қоңырау шалып, хат арқылы сауал жолдаған  бір топ оқырманның сұрағына тиісті орындар тарапынан төмендегідей жауап алдық.

 

Шемішке шаққан зиян ба?..

Ерболат Дүйсенов, Хромтау ауданының тұрғыны:

— Шемішке адам денсаулығына зиян ба?

Алтынгүл Өтегенова, Ақтөбе қаласы Заречный поселкесіндегі дәрігерлік амбулаторияның учаскелік дәрігер-терапевті:

— Адам ағзасына шемішкенің пайдасымен қатар зияны да көп. Шемішке ағзада А дәруменін толықтырады.  Шемішкенің де бірнеше түрі бар. Мәселен, асқабақ шемішкесінің құрамында пайдалы микроэлементтер, яғни темір, мыс, марганец, фосфор, калций, калий, сондай-ақ В, Е, РР тобындағы дәрумендер бар. Әдетте адамдар шемішкені қуырып шағады. Қуырылмаған асқабақ шемішкесі ағзадағы ішек паразиттерін жояды. Сондықтан да асқабақ шемішкесін ересектермен қатар балалардың да пайдалануына болады. Қарапайым қара шемішкенің зияны зор. Ауыз қуысы арқылы инфекциялық жедел соқырішек ауруын тудыруы мүмкін.

 

Ең төменгі жалақы қалай есептеледі?

Айнаш Медетова, Ойыл ауданының тұрғыны:

— Бүгінде жалақының ең төменгі мөлшері қанша? Ол қандай тәртіппен жүргізіледі?

Қалбибі Баймағанбетова, Ақтөбе облысы бойынша бақылау және әлеуметтік қорғау департаментінің мемлекеттік еңбек инспекторы:

— Айлық жалақы мөлшері қызметкердің біліктілігіне, орындалатын жұмыстың күрделілігіне, санына және сапасына, сондай-ақ еңбек жағдайларына қарай сараланып белгіленеді. Жыл сайын белгіленетін айлық жалақының ең төменгі мөлшері еліміздегі ең төменгі күнкөріс деңгейінен кем болмауға тиіс. Бұл орайда еңбек ету кезінде берілген  қосымша және үстеме ақылар, өтемақы мен әлеуметтік төлемдер, сыйақылар есептелмейді.  Қазір елімізде жалақының ең төменгі мөлшері — 15999 теңге.

 

Алғашқы кезеңде 150 адам жер алады

Асқарбек Жұбанов, Хромтау ауданының тұрғыны:

— Биыл Хромтау қаласы аумағынан тұрғындарға жеке тұрғын үй салуға жер беріледі дегенді естіп едім. Бұл қаншалықты шындыққа жанасады?

Мәжит Қалиев, Хромтау аудандық жер қатынастары бөлімінің бастығы:

— Биыл Хромтау қаласының 22-ші квартал аталатын аумағынан жеке тұрғындар үшін жер беруді жоспарлап отырмыз. Енді ол аумаққа инфрақұрылымдық жұмыстар жүргізуіміз керек. Ол үшін тендер өтеді.  Жер беру жұмысы үш кезең бойынша жүргізіледі. Алғашқы кезеңде 150 адамға жер берілмек. Ауданның бас жоспарына сәйкес, бұл аумақта 800 адамға жер беруге мүмкіндік бар.

 

Ұшқыштар ұрыспайды…

Елена Әбілқасымова, Ақтөбе қаласының тұрғыны:

—Балам Ақтөбе қаласындағы Т.Бигелдинов атындағы Әуе қорғаныс күштерінің әскери институтына оқуға түскісі келеді.  Бірақ мен бұл оқу орнында  білім алып жатқан курсанттар арасында бір-біріне әлімжеттік көрсету оқиғалары жайында жиі естимін. Бір жылы институт шаңырағында курсанттың өзін-өзі өлімге қию дерегінің тіркелгенінен де хабардармыз. Бұл қаншалықты рас?

Асылбек Шаменов, Т.Бигелдинов атындағы Әуе қорғаныс күштерінің әскери институтының тәрбие ісі жөніндегі офицері:

— Институт тәртібі бойынша біз курсанттардың бос уақытын тиімді өткізуге тырысамыз. Білім ордасында қатаң тәртіп орнаған. Әрбір бөлімшеге бір-бір офицерден бекітілген. Мүмкін курсанттар болмашы нәрселерге өзара керісіп қалатын шығар. Бірақ институт қабырғасында курсанттардың бір-біріне ашықтан-ашық әлімжеттік көрсету, ұрып-соғу оқиғалары кездескен жоқ. Оқу ордасы аумағы күндіз-түні кезекшінің бақылауында болады. Оның үстіне, әскери полиция қызметкерлері курсанттардың бойында  дене жарақатын анықтау үшін тексерістен өткізеді. Бұл — институттың жұмыс тәртібінде күн сайын міндетті түрде жүргізілуге тиіс шара. Сол сияқты институт курсанттары демалыста, болмаса еркіндікте жүрген кезде де әскери полиция қызметкерлерінің бақылауында болады. Ал бала өліміне қатысты айтатын болсам, мұндай қайғылы жағдай институт қабырғасында бір рет орын алды. Оқуын аяқтауға 15 күн қалған кезде институттың төртінші курс курсанты өзіне-өзі қол жұмсады. Тексеру нәтижесінде оның отбасы жағдайына байланысты өзін-өзі өлімге қиғаны анықталды.

 

Мемлекеттік қызметшілерге — жаңа талап

Айымгүл Ахметова, Ақтөбе қаласының тұрғыны:

— Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметшілерінің Ар-намыс кодексі жаңа редакцияда қабылданды дегенді естіп едім. Сонда мемлекеттік қызметкерлердің қызмет этикасы өзгере ме?

Батырхан Дабыл, Ақтөбе және БҚО бойынша «Батыс» өңіраралық көліктік бақылау инспекциясының бастығы:

— Осы жылдың 1 сәуірінен  бастап «Қазақстан Республикасы Президентінің 2005 жылғы 3 мамырдағы №1567 Жарлығына өзгеріс енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің №1180 Жарлығы қолданысқа енгізілді. Жарлықта Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің Ар-намыс кодексі (мемлекеттік қызметшілер қызмет этикасының қадиғалары) жаңа редакцияда қабылданды. Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің Ар-намыс кодексінің жаңа мәтініне сәйкес, мемлекеттік қызметші мемлекеттік қызметке тұрғаннан кейін бір ай ішінде осы Кодекспен жазбаша түрде таныстырылуы тиіс. Сондай-ақ мемлекеттік қызметшілерге қойылатын талаптар күшейтіліп отыр. Атап айтқанда, мемлекеттік қызметшілердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы мінез-құлқы және қызметтен тыс уақыттағы мінез-құлқы өз алдына жеке бөлімдерде қарастырылған. Мемлекеттік қызметшілер сыбайлас жемқорлық көріністеріне қарсы тұруы, басқа мемлекеттік қызметшілер тарапынан болатын сыбайлас жемқорлық, құқықбұзушылық фактілерінің жолын кесуі, қызметтен тыс уақытта жалпы қабылданған этикалық нормаларды ұстанулары, қоғамға жат мінез-құлық жағдайларына жол бермеуі тиіс.

 

Базар атауын өзгертсе…

Нұрболат, қала тұрғыны:

—Ақтөбе қаласының Тұрғындар қалашығында жаңа базардың ашылғанына көп бола қойған жоқ. Дегенмен базардың «Жилгородской рынок» аталуы көңілге қонбайды. Базар атауын қазақшалауға болмас па екен?

Алмат Пангереев, облыстық тілдерді дамыту басқармасы ономастикалық жұмыстар және талдау бөлімінің бастығы:

— Сергей, Иван, Алмат деген адам аттары секілді, ол базарға да «Жилгородской рынок» деген атау бекітіліп, берілген. Базар иесінің қолында әділет басқармасының арнайы бекітілген қағаздары да бар. Базар атауын қазақшалау мәселесінде облыстық тілдерді дамыту басқармасы ешқандай өзгеріс жасай алмайды. Ол үшін Қазақстан Республикасы «Тіл туралы» Заңын түбегейлі өзгерту керек.

 

Балаң балабақшаға барған екен…

Зәпен Боранбаева, Қандыағаш қаласының тұрғыны:

— Ақшасы уақытында төленбеуіне байланысты баланы балабақшаға кіргізбеуге тәрбиешілердің құқықтары бар ма? Осындай әрекеттің кесірінен бала бірнеше күн балабақшадан қалады. Кейін ақшасы төленсе де, себепсіз қалған күндері үшін анықтама сұрап, медбикелер кіргізбей жатады.  Сонда баланың балабақшадан қалғанына кім кінәлі?

Рахима Жамансарина, облыстық білім басқармасының бас маманы:

— Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы қаулысына сәйкес, ата-ана мен балабақша меңгерушісі арасында келісім-шарт жасалады. Мектепке дейінгі ұйымдар қызметінің типтік ережесіне сәйкес ата-ана балабақшаға төленетін төлемді белгіленген мерзімнен он күн кешіктіріп төлесе, онда бала балабақшадан шығарылады. Арнайы ережеге сәйкес  бір ай себепсіз қалған бала да балабабақшадан шығарылады. Баланың себепсіз балабақшадан қалған күндеріне  медбикенің балабақша қауіпсіздігі үшін анықтама сұратуға құқысы бар. Өйткені үйде жүрген бала түрлі инфекциялық аурулар жұқтыруы мүмкін.

 

Автобустар алаңдатып отыр

Алмагүл, Қобда ауданының тұрғыны:

— Қазір Қобда-Ақтөбе бағытына қатынайтын автобустар жүйелі жүрмейді. Автобустар 2-3 жолаушымен жолға шықпайды. Оның үстіне, автобустардың іші жолаушыға жайлы емес. Соның кесірінен облыс орталығына дейін қымбат бағасына жеке таксилерге мінуге мәжбүр болып жатамыз. Мәселен, қазір Хромтау, Әйтеке би аудандарына қатынайтын автобустарда жолаушылар үшін барлық жағдай жасалған. Бұл мәселе біздің ауданда қашан реттеледі?

Асылбек Әлімбаев, «Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы» мемлекеттік мекемесінің жолаушылар көлігі бөлімінің бастығы:

— Бүгінгі күні Қобда-Ақтөбе бағытына «Құлмұханов Алмат» жеке кәсіпкерлігі қызмет көрсетеді. Жеке кәсіпкердің құзырындағы «ПАЗ» маркалы автобустар жолаушылар үшін күніне екі рейс жасайды. Арнайы кесте бойынша автобустар Қобдадан сағат 8.00 және 16.00-де шығады. Облыс орталығынан бұл бағыттағы автобустар сағат 11.00 және 16.00-де қозғалады. Тасымалдаушылар бізідің мекемемен үш жылға келісім-шарт жасасады. Осы жылдың 22 қазаны күні тағы да байқау жариялаймыз. Тасымалдаушылар үшін жаңа талаптар орнайды. Біз «Сапар» автовокзалында барлық бағыттағы автобустардың рейстік бағытын бақылап отырамыз. Рейіске шығар алдында жүргізуші автобус ішін тазалап, жолаушылар үшін жайлы жағдай туғызуы керек. Егер ауданаралық бағыттағы көліктердің қызметіне тұрғындардың көңілі толмаса, нақты ата-жөні мен мекен жайын жазып, біздің мекеменің атына шағымдануына болады.

 

 

Аваст қандай бағдарлама?..

Әйгерім Жақанова, оқушы:

— Аваст жақсы антивирустық бағдарлама ма?

Аслан Сыдықов, бағдарламашы:

— Компьютердегі вирустарды жоюда Касперскийге қарағанда Авасттың қабілеті нашар. Бұл бағдарламаны қондырғанда компьютерді қанша жаңалағанмен, ондағы вирустар толық жойылмайды. Оның үстіне, қазір Аваст бағдарламасы ешбір жерде ресми тіркеуде жоқ. Лицензиясыз жұмыс жасайды. Сондықтан сақ болыңыз.

 

Оқырман сауалдарына жауап іздеген Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button