Басты жаңалықтар

Сәулесі мол шуақ еді

Осы заманғы қазақ әдебиетін қалыптастырған аға буын классиктеріміздің көзін көрген, сұхбаттас болған, өлеңге адалдығынан айнымаған, азаматтығына еш уақытта кір жұқтырмаған Мұхтар аға Құрманалин дүйсенбі күні 84 жасқа қараған шағында фәнилік дүниеден озды.

Ақтөбе аймағындағы әдебиеттің тұтас бір дәуірін Мұқаңсыз көзге елестету мүмкін емес. Біздің өңірдің оқырмандары өз жүректеріне етене жақын леп есетін Мұхтар ақын поэзиясын қадір тұтып қалыптасты. Қолына қалам ұстаған жас талант ең әуелі Мұхтар ағасына қарап сөз түзеді. Біздің аймақтан түлеп ұшып, қазір Астана мен Алматыда жүрген кейінгі буын қаламгерлердің қай-қайсысына да Мұқаңның шарапаты тигенін екінің бірі біледі. Ат жалын тартып мінгелі Ақтөбесінен табан аудармаған аяулы ағамыз өзі баптаған әр інісінің, әр қарындасының әр табысына шуақты ықыласымен марқайып отырар еді.

Иә, Мұқаң сәулесі мол шуақ еді. Өлеңге таласы барларды былай қойғанда, жақын араласқан немесе әлдеқалай сұхбаттас болғандардың қай-қайсысы да дәйім Мұхтар ағамыздың сол шуағынан нәр алып, кісілік өнегенің мағыналы үлгісін үйреніп шығатын. Енді сол шуақты сәулені сағынатын боламыз.

Аяулы аға, жаныңыз жаннаттан орын алсын, топырағыңыз торқа болсын.

 

***

Азамат ақын, ардақты арыс

 

Алматыдан Ақтөбеге келген сайын, мен ең алдымен Мұқаңа телефон шалып, амандық-саулығын сұраушы едім. Сондайда әрқашан сергек, әл-қуатты даусын естіп, баяғыдай мейірімді сөзінен мерейім өсіп қалатын.

Соңғы келгенімде, осы жылғы 18 маусымда хабарласқанымда, телефоны тым-тырыс, үн қатпап еді. Ауруханада жатқан екен ғой.

Айналайын, ағатайым-ай, сенің де дүниеден өткенің-ау?! Ақтөбе өңірі әдебиетінің тұтас бір дәуірі аяқталғандай сезінулімін. Алаштың аймақтағы арыстарының бірі едің. Біздей шәкірттеріңнің пірі едің. Жақсылықтан ғана жаралған-ды жүрегің. Тобық, Смат, Қызмет, Өтежан, Құрал, Қажығали, Есенбай, Мейірхан, Ертай, Бауыржандардың әдебиетте тұсауын кескен бір өзің! Жібектей еді-ау мінезің. Алға ұстар ағамыз болдың, ақ кіреуке жағамыз болдың. Аралдан Оралға дейінгі елдің рухани иесі болдың, кіршіксіз көңілдердің киесі болдың. Иемізден айрылдық, киемізді жоғалттық…

Есіңде ме, Мұқа, бұдан қырық жыл бұрын Қазақстан Жазушылар одағының аймақтағы кеңесшісі қызметіне ауысқаның! Сонда бірге жұмыс істеп жүрген мүйізі қарағайдай журналистердің біреуіне тоқталмай, алыс ауылда жүрген мені өз орныңызға — облыстық газеттің мәдениет, әдебиет және өнер бөлімінің меңгерушілігіне ұсынып едіңіз-ау. Егер таңдауыңыз басқаша болғанда, менің ақындық тағдырым қалай қалыптасарын құдай білсін!..

Сол үшін де өзіңе өле-өлгенше қарыздармын ғой, Мұқа.

Ертай ақын қаралы хабар жеткізгенде, көңілім босап, көз жасына ерік бермей қайтейін. Ол қимастық пен сыйластық тамшылары екен.

Қош, аяулы аға, ақын азамат, ардақты арыс! Осынау көңіл жоқтауы Қарабұтақтың Бөгетсайындағы қабіріңе салған бір уыс топырағым болсын.

 

Есенбай ДҮЙСЕНБАЙҰЛЫ,

Ақтөбе қаласының Құрметті азаматы.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button