Басты жаңалықтар

Жарнама: кемшіліктер түзетіледі, қателіктер ескертіледі

Қала көшелеріндегі жарнамалардың сапасы сын көтермейді. Тіпті кейбір агенттіктер жарнамаларын заңсыз орналастырып келген. Өткен бейсенбіде қала  әкімі Архимед Мұхамбетов аталған мәселеге байланысты жиын өткізіп, жарнама агенттіктерінің басшыларына қатаң ескерту жасады. Яғни, заңбұзушылықтарға жол берген мекеме өкілдері кемшілікті Астана күніне  дейін түзетіп болуы тиіс.

Жиында Архимед Мұхамбетов қала көшелеріне ілінген жарнамалардың ешқандай талапқа сай еместігін айтты.

Қаланы көріктендіру, көгалдандыру жұмыстары өз деңгейінде жүргізіліп жатыр. Бұл  бағытта қыруар шаруа тындырылды. Ал жарнамаға байланысты мәселе әлі де бір ізге қойылған жоқ. 2003 жылы елімізде  «Жарнама туралы» заң қабылданды. Аталған заңда жарнамалық өнімдер мен қызметтің барлық түріне қатысты негізгі түсініктер мен нормалар көрсетілген. Және  заңға сәйкес азаматтар заңнаманы бұзғандығы үшін жауапкершілікке тартылады. Ал біздің қаладағы жарнамалардың басым бөлігі талапқа сай емес. Жарнама жасаумен айналысатын агенттіктер тиісті  мемлекеттік орындардың келісімінсіз жұмыс істеп жатса, жөнсіз ілінген жарнамалар көше көркіне кері әсерін тигізіп тұр. Жарнамалық құрылғылардың үштен бір бөлігі көріксіз, коррозияға ұшыраған немесе  ақпараттық өзектілігін жоғалтқан. Сондықтан осы кемшіліктерді тез арада ретке келтіруіміз керек. Яғни, Астана күніне  дейін осы бағыттағы жұмыстардың сексен пайызы аяқталуы тиіс, — деді қала әкімі.

Облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының бастығы Нұрлан Боранбаев сыртқы жарнамаларға қатысты баяндама жасады. Оның айтуынша, қазіргі күні қалада 162 билборд пен 35 керме және 5 бейне экран арқылы көрсететін жарнама нысаны бар. Сондай-ақ 26 жарнама агенттігі жұмыс істейді. Көшедегі билбордтардың басым бөлігі талапқа сәйкес келмейтіні өз алдына, олар «Тіл туралы» заңды бұзуда. Орталық көшелердің бойындағы пилондардың сыртқы түрі қоқыстан көз ашпаса, билбордтар мен кермелердің жағдайы да сын көтермейді. Басым бөлігі сапасыз материалдардан жасалғандықтан түнгі уақытта  жарқырап тұрмайды.

Жарнаманы орналастыруға қатысты кемшіліктер өте көп. Мәселен, Әбілқайыр хан даңғылының бойында орналасқан  51 билбордтың бесеуінің рұқсат құжаты жоқ. Кейбір билбордтар талдардың тасасынан көрінбесе, бірқатары жол қозғалысына кедергі келтіріп тұр. Әсіресе, сауда үйлеріне жапсырылған жарнамалардың сапасы нашар. Тауар мен қызметін жарнамалаушылар заңға сәйкес жұмыс істемейді. Әбілқайыр хан мен Әлия және Абай даңғылының бойын жарнамалардан тазарту керек.

Жалпы, жарнама жасауда кәсіби мамандарды тартқан жөн. Осы бағытта  қалалық кәсіпкерлік бөлімі және «Атамекен» аймақтық кәсіпкерлер мен жұмыс берушілер ассоциациясымен бірлесе жұмыс жүргізіп жатырмыз. Түрлі  семинарлар мен шеберлік кластарын ұйымдастырдық, — деді Нұрлан Боранбаев.

Жиында қала әкімі сапасыз  және заңсыз жарнама орнатушыларды сынға алды.  Мәселен, «Алтай» сауда үйі,  «Ақтөбе ажары» кешені, «Неон шебер», «Ақтөбе радио», «Жарнама Батыс», «Арт Вижен», «Агенство продаж+», «Асар реклама 7» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері секілді бірқатар мекемелерге ескерту берді.

Жарнамаға тапсырыс беруші мен жарнаманы жасаушылар жүйесіз жұмыс жүргізеді. Олар жасап жатқан дүниесінің қаланың көркіне қалай әсер ететініне назар аудармайды. Тиісті мекеменің рұқсат құжатынсыз жарнама орнатушыларды қалай түсінуге болады? Сондықтан заңсыз ілінген және «Тіл туралы», «Жарнама туралы» заңды бұзған,  сапасыз, жарықтандырылмаған, салығы төленбеген  жарнамалардың барлығы алынып тасталынады. Бұл тұрғыда ешқандай арыз- шағым қабылданбайды, — деді қала әкімі.

Өз кезегінде бірқатар жарнама агенттіктерінің өкілдері құжат алуда жер комитетінен кедергіге ұшырайтынын жеткізді. Қала әкімі бұл мәселені де аяқсыз қалдырмайтынына уәде берді.

Сондай-ақ Архимед Мұхамбетов қала аумағында орналасқан сыртқы жарнама нысандары қаланың келбетіне кері әсерін тигізбеуі қажет екенін баса айтты. Яғни, барлық жарнама нысандары  безендіріліп, оның құралдарын дайындауда қолданылатын материалдар жаңа заман талабына сай болуы қажет. Бұған қоса ілінген жарнамада сол нысан иесі туралы ақпарат көрсетілуі тиіс. Барлық жарнамалар көктемгі су тасқыны мен қысқы боранға төзімді болуы керек. Яғни, ішкі, сыртқы жарықтандыру құралдары сапалы жасалғаны жөн. Және жарнамалар түнгі уақытта жарықтандырылмаса, орнатылуға тыйым салынады. Қондырылған нысандардың барлығы көлік қозғалысына кедергі келтірмеуі қажет. Осы талаптарға сай емес жарнамалардың барлығының кемшіліктері жойылуы тиіс.

Жиын соңында қала әкімі тиісті мекемелерге тапсырмалар берді. Қала әкімінің орынбасары Сәния Қалдығұловаға «Жарнама туралы» заңның орындалуын қадағалауды жүктеді. Облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының бастығы Нұрлан Боранбаевқа қала аумағындағы барлық сыртқы жарнамаларды түгендеу және  Әбілқайыр хан, Ә.Молдағұлова, 312-атқыштар дивизиясы, Сәңкібай батыр даңғылы, Есет батыр, Ағайынды Жұбановтар, К.Нокин, М.Оспанов көшелерінің бойына жарнамалық құрылғыларды орнатуға жаңа орындар бермеу тапсырылды. Ал мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының бастығы Бердияр Пірімбетов сыртқы жарнама нысандарын орнату кезінде тиісті заңдылықтардың орындалуын қадағалайды.  Аталған жұмыстардың орындалуына  жол полициясы қызметкерлері де өз үлестерін қосады. Жиынға қатысқан жарнама агенттіктері мен оқу орындары және сауда үйлерінің басшыларына да ескерту жасалды. «Ақтөбе қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» ММ-нің бастығы Асқар Ғабидуллинге заңсыз орналастырылған сыртқы жарнама объектілерін бұзуға арнайы бригада дайындауды тапсырды. Және қала әкімі өзге де тиісті мекемелердің жұмыла жұмыс жүргізуі керектігін ескертті. Бұл жұмыстың тоқталып қалмайтынын,  әрі қарай жалғасын табатынын айтты.

Жарнама және заң

Жиында облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың ономастикалық жұмыстар және талдау бөлімінің бастығы Алмат Пангереев жарнамаларды жасауда «Тіл туралы» заңның  орындамайтынын айтты.

Аталған заңның 21-бабында барлық көрнекі ақпараттар мемлекеттік, орыс тілінде және қажет болған жағдайда басқа тілдерде жазылады делінген. Алайда бұл тұрғыда  қазақ тілінің нормаларын бұзушылық, тіпті мемлекеттік тілде  мүлдем жазылмайтыны туралы  деректер жиі кездеседі.

1 шілдеден бастап Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 82-ші бабына өзгерістер енгізіліп жатыр. Бұрын басқарма тек қана бақылау жасайтын болса, енді оған  шара қолдануға  құқық беріліп отыр. Егер мекеме  белгіленген мерзім ішінде талапты орындамайтын болса, айыппұл салынады. Қазіргі таңда анықталған 38 нысанның 14-і кемшілікті түзетті. Ал қалғандары көрсетілген мерзім ішінде ескертуден қорытынды шығаруы тиіс. Егер талапты орындамаса, істі прокуратураға жібереміз. Мәселен, өткен жылы 158 жарнама нысанындағы қателікті прокуратура арқылы түзетуге мәжбүр болдық, — дейді бөлім бастығы.

Алмат Пангереевтің айтуынша,  осыдан үш жыл бұрын орталық көшелердің бірінде «Көлік жуу» деген жарнама ілулі тұрыпты. Түнде жанатын нысанның «К» әрпі істен шығып, жанбай қалған яғни, жазу түнде «өлік жуу» деп оқылған. Күндіз байқалмаса да, түнде көзге оғаш көрінетіндіктен, жарнама иесіне ескерту беріліп, қателік түзетілген. Сондықтан бөлім бастығы осындай олқылықтар  қайталанбас үшін, тұрақты түрде бақылау жұмыстары жүргізіліп, алдын ала ескерту жасалатынын  жеткізді. Атқарылған жұмыстың нәтижесі бар. Мәселен, Уәлиханов, Сәтпаев көшелері мен «Орталық базар»  маңындағы  халыққа қызмет көрсету орындары кемшіліктерді дер кезінде түзеген.  Дегенмен, әлі де мемлекеттік тілге менсінбей қарайтындар бар.  Мәселен, Әбілқайыр хан даңғылының бойындағы «Стамбул» кафесі мен «Дзен» сауда дүкенінің, Есет батыр көшесіндегі «Рашид»  шаштаразының сыртқы жарнама көрсеткіштері тек орыс тілінде жазылса,  Абай даңғылында орналасқан «Семья» медициналық орталығындағы жарнамадан  грамматикалық қателер кездеседі. Бұлардың барлығына ескерту беріліпті. Жалпы, талап бойынша  жарнама көрсеткіштерінде мәтін әуелі сол жағына немесе үстіне қазақ тілінде, оң жағына немесе астына   орыс тілінде бірдей әріптермен жазылады.

Жарнаманың  кез келгені заңнама талаптарына сәйкестендірілуі қажет. Осы орайда басқармаға келіп мәтінін тексертіп алатын агенттіктердің қатары көбейді. Қазір қаладағы жарнама агенттіктерінің басым бөлігі басқармамен тығыз байланыс орнатты. Мәселен, жарнама агентіктері орыс тіліндегі мәтінді сөзбе сөз аударады. Жақында бір агенттік «Зима не за горами» дегенді «қыс тауларға емес» деп аударыпты. Біз бұны «қыстын қамын жазда ойла» деп жазуға кеңес бердік. Мәтін әлі ілінген жоқ. Егер, мәтін сол күйінде ілінсе, үлкен қателік болар еді, — дейді  Алмат Пангереев.

Биыл алты айдағы көрсеткіш бойынша 458 жарнаманың 149-ының мәтінінде қате кездескен.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button