Спорт

Тоғызқұмалақ дүлдүлдері жиналды

Ақтөбедегі спорттың санаткерлік түрлері бойынша мектепте тоғызқұмалақтан Қазақстан Республикасының командалық чемпионаты өтуде. Бұл бәсеке Туризм және спорт министрлігінің жоспары бойынша ұйымдастырылып отыр.

Жарыстың бас төрешісі ақтөбелік Қабидолла Нұршиннің айтуынша, бұл – спортшылар еліміздің тоғыз облысының жарқыраған үміттері. Үш ер адам мен үш әйелден құралған әрбір команда барлық қарсыластарымен кездесіп шығулары тиіс. Жеңімпаздар жинаған ұпайлары бойынша анықталады.

Бұл сында біздің облыстың намысын Нұрбек Қабиев, Медет Құсайынов, Мұратбек Нұржанов, Гүлсара Қойшыманов, Алмагүл Тәкішов мен Гүлсезім Көптілеуова сынды спортшылар қорғап жатыр. Әзірге ақтөбеліктер Алматы командасымен тең түсіп, Қостанай, Шығыс Қазақстан өкілдерін айласын асырғанымен, қызылордалықтардан жеңіліп қалды.

Кеше қорытындыланған төрт ойынның нәтижесі бойынша әзірге Павлодар облысының командасы көш бастап тұр.

Жарыстың мәнін көрсетер тағы бір мәліметті айтар болсақ, жарысқа 6 халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 16 спорт шебері бар. Осыған қарап бәсекелердің қаншалықты тартысты екендігін бағалауға болады. Естеріңізге сала кетсек, былтырғы чемпионатта жерлестеріміз командалық жарыста бесінші орынға тұрақтаған болатын.  Ақтөбедегі біріншілік сенбі күні қорытындыланып, жеңіпаздарға медальдар мен Ұлттық спорт федерациясының жергілікті филиалы тағайындаған ақшалай жүлделер табысталады.

Серік ӘБДІБЕК.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button