Басты жаңалықтар

Бәйішев университеті: Білімнің биік сатысы

тәуелсіздік талай жақсы іске жол ашты. Соны бірі жоғары білім беру саласында өрістеді. Өз өңірімізде біліктілігі жоғары мамандар даярлайтын оқу орындары саны көбейіп, олардың алыс-жақын шетелдермен байланысы нығайды, бүкіләлемдік стандарт алға ұстанатын бағдаршамға айналды.

Осындай ізгі қадамдарға бүгінгі күні Сақтаған Бәйішев есімін иеленіп отырған Ақтөбе университеті де сол тұста барған еді.

Ел Тәуелсіздігінің жиырма жылдығы тұсында өзінің 15 жылдығын атап өткелі отырған бұл оқу орнының президенті, философия ғылымдарының докторы, профессор Бекежан Ахан мырзамен біздің сұхбатымыз да осы мерекелік ахуалда өрбіп еді.

— Қай істің де өз бастауы болатыны белгілі. Бір сәт өзіңіз басқаратын университеттің кешегісіне көз салып өтсеңіз. Бәрі де неден басталып еді?

— Негізінде жаңадан жол салудың өзіндік қиындықтары болатыны белгілі. Бірақ қандай да бір ұмтылыстарға бару үшін алғышарттар туындайтыны анық. Мектеп бітірген түлектердің жаппай жоғары білім алуға ұмтылысы бізге сұранысы мол мамандықтарды таңдап, соған сай қадам жасауға жол ашты. Осы ретпен 1996 жылы Қазақ мемлекеттік басқару академиясының Ақтөбе бөлімшесі болып ашылдық. Алғашқы бір жыл уақыт бізге сенімімізді нығайтып, өз отауымызды құруға мүмкіндік берді. Сөйтіп келесі жылы Батыс Қазақстан экономика және қаржы институты болып қайта құрылдық. 2001 жылдың маусымында көрнекті ғалым, академик Сақтаған Бәйішев атындағы университет мәртебесіне ие болдық.

— Сақтаған Бәйішевтің қазақ ғылымын дамытуға сіңірген еңбегінің сүбелі екендігі басы ашық әңгіме. Ол кісінің есімін университетке беруге қалай тоқтам жасадыңыздар? Сондай-ақ студенттеріңіз осы кісінің еңбектері, жалпы өмір жолы туралы, жалпы кім екенін біле ме?

— Сақтаған Бәйішевтің туғанына тоқсан жыл толуын біз өзімізде кең ауқымда атап өткенбіз. «Ең әуелі сөз болған» демекші, сонда ұйымдастырылған конференция барысында ғұлама ғалым есімін есте қалдыру туралы ұсыныстар айтылды. Елімізге белгілі алғашқы тоғыз академиктің бірі ғой, бірақ шынында да сол тұстарда көп ескерілмей қалған екен. Сонымен біз осы шаруаны қолға алдық, ғалымның Қанат деген баласымен хабарласып, ойымызды білдірдік.

Қазіргі уақытта біз өзімізде тұрақты түрде жыл сайын «Бәйішев оқуларын» ұйымдастырамыз. Студенттер ғалымның өмірбаяны, еңбектері туралы зерттеулер жасайды, конференцияларда сөйлейді.

Сөз арасында айта кетейін, экономиканың тарихшысы атанған осы тұлға заманында әділдікті тура жол етіп ұстанған. Сонысымен де біреулерге жақпаған кездері болған сияқты. Ғылыми диссертация қорғау кеңесіндегі кейбір келеңсіздіктерге шыдамай, оның құрамынан өз еркімен шығып та кеткен. Тағы бір айтарым, ол экономист ретінде шағын қалалар мәселелерін көп зерттеген. Сол тақырып бүгінде алдымыздан  күн тәртібіне шығып тұр.

— Сіз кеңестік заманда өмірлік ұстанымызды қалыптастырып, сонымен қоса бүгінгі өзгеше қоғамда да уақыт ағымына сай қимыл танытып отырған іскер жандардың бірісіз. Осы жағдайларды қалайша үйлестіріп отырсыз?

— Мен кеңестік заманды ғайбаттай алмаймын. Ол тарихқа, өскен ортаға топырақ шашқанмен бірдей. Қалай дегенде, ол қоғам біздің тілеуімізбен, қалауымызбен келген емес. Дініміз үшін емес, күніміз үшін қажет болды тірлік ету. Сол заманда оқыдық, қатардан қалмай жоғары білім алдық.

Мен орта мектепті бітірген соң ауылда слесарь, жөндеуші болып еңбек етіп, аудандық кеңеске депутат болып сайландым, аудандық комсомол комитетінің пленум мүшесі болдым, жасым жиырмаға жетпей Коммунистік партия қатарына қабылдандым.

Осындай игіліктеріне қарамастан ол қоғамда өзіңнің еркіндігіңе, бойыңдағының бәрін шығаруға мүмкіндік берілмеді. Идеология мәселесінде қатаң шеңбер ұсталынды. Ішкі дүниеңе сай келмейтін өлшемдер алға шығарылды.

Кеңестік заманда сауда жасасаң – түрмеге түсесің, ал қазір олай істемесең – күн көре алмайсың. Бұрын әскерден келген жігіттің жұмысқа шықпауы заңмен қаралатын. Қазір керісінше. Қажет болса, өзің үшін жұмыс істе.

Мені қазіргі уақытта мазасыздандыратын жәйт — адамдардың бойкүйездігі. Бір мысал айтайын. Болашақта Шалқар қаласынан колледж ашпақ болып, соған құрылыс салу мәселесімен барғанымда көп адам жұмыс сұрап келді. Шамамен он сегіз жастан алпыс сегіз жасқа дейінгі сол азаматтардың бәріне бір жұмыс керек, ол — күзетшілік. Ешкім қолдарына күрек ұстап, тас қалағысы келмейді. Бұған ішің қалай ашымайды?

Егер өз басыма келсем, былай қарағанда ғылым докторымын, ғалыммын, бірақ бүгінгі күнгі атқарып жүрген шаруама қарағанда менеджерлік мүмкіндігім көбірек көрінетін секілді. Сірә, оқу орнының менеджері деген атау дұрысырақ болар. Осы салада өзімді көбірек таптым ба деп ойлаймын.

— Өзіңіз басқаратын университеттің болашағы туралы не айтар едіңіз?

— Ақиқатына келсем, тап бүгін нақты болжам жасау қиын. Министрлік алға қойып отырған міндет — алдағы уақытта республика бойынша елу университет қана қалмақшы. Қалғандары институт немесе академия мәртебесіне ауысуы мүмкін. Бірақ, енді оған қарап оқу процесіне кідіріс жасай алмаймыз. Басты өлшеміміз — сапа. Мақсатымыз — тиянақты білім беру мүмкіндігін молайта түсу.

Егер осы тұрғыдан айтар болсам, біздің университеттің техникалық жарақтандырылуы біршама тәуір. Көптеген ғылыми лабораторияларымыз замануи өлшемдерге сай жабдықталған. Оқу орны жанында 2 спорт залы, 2 асхана жұмыс істейді. 300 студентке арналған жатақханамыз және бар. Оның ішкі жиһаздарын, басқа да құрал-жабдықтарын өзімізде жасатамыз.

Бізде студенттерге дәріс беретін оқытушылардың жартысынан астамының ғылыми атақтары мен дәрежелері бар. Соңғы үш жыл шамасында ғана 3 докторлық, 11 кандидаттық дисссертация қорғалды.

Университетте экономикалық және гуманитарлық-техникалық факультеттері бар. Олар 7 кафедраны біріктіреді. Білім ордамызда бакалавриттің 21 мамандығы бойынша, магистратураның 8 мамандығы бойынша білім беріледі.

Университеттің білім беру процесіне 17 лаборатория жан-жақты көмегін тигізеді. Олар қазіргі заманға сай құрал-жабдықтармен қамтылған.

— Қазіргі ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысты әр қилы пікірлер айтылып жүр. Жоғары оқу орнының жетекшісі ретінде бұған байланысты ойыңызды білсек.

— Тестілеу қазір орта мектеп бітірушінің білімін бағалау өлшемі болып отыр. Ата-аналар арасында «тестіні жою керек» деген сөз айтылып қалады. Министрліктегілер «бұл істі одан әрі жетілдіру қажет» дейді.

Менің ұстанымым — бүгінгі күні тест керек. Онсыз болмайды. Оқу бітіретін бала үшін осындай бір сынақ бәрібір болуы тиіс. Ал емтиханды жоғары оқу орнында тапсыратын болса, қазіргі ахуалда парашылдыққа жол ашылуы бек мүмкін. Оқу орындарының басшылары орын толтыру үшін, ақша үшін талапкерлерді топырлатып ала беру қаупі де бар. Оның арты сапасыздыққа апарады.

Шынына келсек, мен тесттен басқа, оған сай келетін баламаны көре алмай отырмын.

— Баласына бір мамандық алып бергісі келген ата-ананы мазасыздандыратын бір мәселе — оқу ақысы жайы. Осы тұрғыдан не айтар едіңіз?

— Университет-институттардағы оқу ақысы орташа тұрмысы бар адамдардың өзіне оңайға соқпайтыны белгілі. Біз қоғамдағы жалпы ахуалды екшей келе бір жылдық ақыны 160 мың теңгеден асырмауға тұжырым жасадық. Оның үстіндегі шығынды өзіміз жабамыз. Мәселен, бізде, университет жанында жиһаз жасайтын арнаулы цех жұмыс істейді. Осында есік-терезеден бастап, тұрмыстық стол, партаға дейін жасап шығарамыз. Содан түскен пайда студенттердің жетпес оқу шығындарын өтейді.

Қысқасы, университет осындай жолдармен түскен қаржыны өзінің дамуына жұмсайды. Бүгінгі базалық деңгейіміздің негізі осындай жолдар арқылы қаланды.

— Негізінде қазіргі уақытта колледж бітіргендердің көбісі мамандығы бойынша қызметке орналасып, сосын сырттай білім алуды жалғастырғысы келетіні анық. Бұл орайда сұраныс қаншалықты деңгейде?

— Сырттай білім алуға талпыныс білдірушілер жеткілікті. Алайда соңғы кездері жоғары оқу орындарында сырттай оқушылар күндізгі бөлімнің төрттен бірінен аспауы керек деген тұжырым пайда болды. Осындай өлшеммен биылғы жылға біз аталған бөлімге қабылдау жүргізе алмай отырмыз.

— Тұйық тіршілік кешпейтін сияқтысыздар. Кімдермен байланысасыздар?

— Әрине, замана көшінен қалмау үшін айналаға қарап отырған дұрыс. Біз білім және ғылым саласындағы бірлескен ынтымақтастық туралы академиялық келісім-шарт негізінде шетелдік он екі жоғары оқу орындарымен қарым-қатынастамыз. Олардың ішінде Қытай Халық республикасындағы Синьцзян мемлекеттік университеті, Синьцзян экономика және қаржы университеті, Уфадағы Ақмолла атындағы Башқұрт мемлекеттік педагогикалық университеті, Мәскеудегі М. Ломоносов атындағы мемлекеттік университеті, Германиядағы неміс менеджмент академиясы, Бердақ атындағы Қарақалпақ мемлекеттік университеті және басқалары бар. Осындай ынтымақтастық аясындағы бір шараға тоқталсам, бізде жыл сайын Ақмолла оқулары өтіп тұрады. Бұл — халықтар арасын жақындата түсетін, әдебиеті мен мәдениетін терең таныта түсетін шара деп ойлаймын.

— Қайырымдылық деген мәселе бар. «Бар болсаң — бөліс» деген де ілгеріден қалған…

— Негізінде дені сау, мүмкіндігі бар адам тіршілік етуге өзі ұмтылуы керек. Мен өзім Атырау облысындағы Қызылқоға жерінде, Миялыдан мектеп бітірдім. Туған ауылыма барғанда мектепке соғып тұрамын. Бір ретте жағдайы кемшін жетім балалар, отбасында сүйенері жоқ шәкірттер бар екенін байқап, оларды қамқорлыққа алу туралы ойға тоқталдым. Содан бері өзіміздің университет пен колледжге өзім оқыған мектептен жылына бір баладан тегін оқытып келемін. Олар жатақханамен де қамтамасыз етіледі.

Бізге негізінен оқуға Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау облыстарынан келеді. Осы үш облыстың әрқайсысына бес гранттан тағайындадым. Олар да панасыз қалған балаларға тиесілі. Бұл университет президентінің гранты деп аталады.

Жастайынан тағдыр тауқыметіне тап болған жасөспірімдер қоғамнан жәрдем көруі тиіс. Соңғы кездері осындай игілікті шаруаға жекелеген азаматтар да қол ұшын бере бастады. Мұны жақсы үрдіс деп ойлаймын.

… Сақтаған Бәйішев атындағы университет он бес жылғы белеске көптеген жетістіктермен келіп отыр. Оның бірсыпырасы туралы жоғарыда айтылды. Ең бастысы, бұл оқу орнының түлектері қазіргі уақытта еліміздің экономикасын дамытуға лайықты үлестерін қосуда. Бағасы биік негізгі өлшем де осыған байланысты болса керек.

Сұхбаттасқан Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

2 Comments

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button