Басты жаңалықтар

Салық қызметі: жиырма жылдық жол

Салық қызметі маңызды мемлекеттік құрылымдардың қатарында саналады, өйткені еліміздің қаржылық ахуалының қалыптылығы көп ретте осы саланың жүйелі жұмысына байланысты. Биыл Қазақстанның салық қызметінің дербес тірлік ете бастағанына жиырма жыл. Ел Тәуелсіздігінің жиырма жылдығымен орайлас келетін осы мереке қарсаңында аталған жүйеде атқарылған жұмыстарды көпшіліккке жеткізуді мақсат тұтқанбыз.

2010 жылдың қорытындысы бойынша салықтардың түсімі мен бюджетке басқа да міндетті төлемдердің жалпы жиынтығында республика бойынша алғанда Ақтөбе облысының үлесі 7,5 пайыз құрады, бұл қаржылай алғанда 404,3 миллиард теңгені білдіреді. Біздің облысымыз республиканың он жеті аймағы арасынан алғашқы бестік қатарында.

Ақтөбе облысы бойынша салық департаментінің бастығы Мирболат РАЙЫМҚҰЛОВ мереке қарсаңында біздің тілшіміздің сауалдарына жауап қайтарған еді.

— Бір сәт өткенге шегініс жасасақ. Қазақстандағы салық қызметі қалай қалыптасты?

— 1990 жылы КСРО-ның «Кәсіпорындардан салық ұстау туралы», «Азаматтардан табыс салығы туралы» заңдары қабылданды. Нақ осы заңдар салық салу реформасының бастауына айналды. Бастапқыда облыстық, қалалық және аудандық қаржы бөлімдерінің құрамына кіретін салық инспекциялары жұмыс істей бастады.

Сол жылдарда кооперативтер қозғалысы мен жеке кәсіпкерліктің интенсивті өсуі өріс алды. Нарықтық экономиканың алғашқы элементтері пайда болды. Тәжірибенің болмауы, қажетті нормативтік және құқықтық базаның жетіспеуі, нұсқамалық материалдардың тапшылығы жұмыстағы белгілі бір қиындықтарға жол ашты. Елдің дамуына мүмкіндік беретін бірыңғай экономикалық жүйені қамтамасыз ету үшін өзіміздің тексеру органын құру қажеттігі туындады.

Мәселен, 1991 жылы Қазақ КСР Президентінің «Мемлекеттік салық қызметін құру туралы» Жарлығы жарық көруімен салық қызметіне дербес қаржы институты мәртебесі берілді. Соған сәйкес қалалық және аудандық салық инспекциялары құрылды. Осы сәт мемлекеттік қаржы саясатын нығайтуға міндет ұстанған Қазақстанның салық қызметін құру туралы алғашқы қадам болып есептеледі. Экономиканың дамуы мен рыноктық қатынастардың құрылымдалуы ретіне қарай салық органдарының міндеттері де, сондай-ақ салық жүйесінің өзі де өзгеріп отырды.

— Жиырма жыл аз уақыт емес. Салық жүйесінің қазіргі келбеті қандай?

— Экономиканың дамуы, интернет-ресурстардың мүмкіндігі көбеюі мен әр түрлі ақпараттар көздеріне қол жетімділік салық жүйесінің дамуына да жағдай жасады. Бүгінгі күні бұл жоғары ақпараттық технологиямен шапшаң қозғалып, тұрақты дамып отырған құрылым. Салық төлеушілермен және өкілетті органдар құрылымдарымен өзара әрекеттердің барлық процестері автоматтандырылған. Бұл — шешімдерді қабылдау процестерін жетілдіруге, кәсіпкерлік субъектілері қызметтеріне мониторинг жүргізуге, заңдылық нормаларын қолданудағы, есептерді толтырудағы, салықтарды есептеудегі қателіктерді ашуға мүмкіндік береді. Салық қызметін дамытудың қазіргі деңгейі бюджетке түсімдердің толықтығын қамтамасыз ету бойынша стратегиялық міндеттерді шешуге және көрсетілетін қызметтердің жоғары сапасына қол жеткізуге жол ашады.

— Сіздердің жұмыстарыңыздың көрсеткіштері нені білдіреді? Қысқаша талдау жасап берсеңіз.

— Біздің жұмысымыздың негізгі көрсеткіші бюджетке түсім болып саналады. Экономика дамуының қозғалысы, облысқа инвестициялар тарту және әкімшілік жасау әдістерін ұдайы жетілдіру салық салу базасын кеңейтуге және ұлғайтуға мүмкіндіктер жасайды, бұл арқылы біз алға қойылған стратегиялық міндеттерді орындай аламыз.

Әңгіме нақты болу үшін мынадай мысалдар келтірейін. 2005 жылы облыс бюджетіне түсім 148,5 миллиард теңге құрады, оның 27 миллиарды жергілікті бюджетке түсті. 2010 жылы бұл көрсеткіш 404,3 миллиард теңге құрады, оның 58,4 миллиарды жергілікті бюджет еншісіне тиесілі. 2009 жылы бизнеске салық салу жүктемесі азайғанына қарамастан осындай шептер игерілді.

Аймақтың экономикалық дамуының қозғалысы биылғы 2011 жылы 470 миллиард теңгеден астам түсімді қамтамасыз етіп, тапсырманы толық орындайтындығымызға кепілдік береді.

— Мемлекеттік орган ретінде сіздер қандай қызметтерді ұсына аласыздар?

— Бүгінгі күні ақпараттарды қабылдау және өңдеу бойынша орталық қызметкерлері тіркеу және анықтамалық сипаттағы әр түрлі құжаттарды алуға өтінімдердің елуден астам түрін қабылдайды.

Бұл — «Салық төлеушінің терминалы», «Салық төлеушінің кабинеті» web-қосымшасы және кеңес беру арқылы электронды түрдегі және қағаз тасымалдауымен салық есептілігі.

Сөз реті келгенде айта кетейік, адамдар өз қалаулары бойынша арыз-шағымдар мен ұсыныстар кітабында өз пікірлерін білдіріп, заңдылықтағы жаңа өзгерістер туралы біле алады. Оларды біздің қызметкерлеріміз ақпараттық қабырғалар мен бейнеайналымдарда орналастырады. Сондай-ақ ҚР Қаржы министрлігі Салық комитетінің бағдарламалық қамтамасыз етілуін алуға болады.

— Салық төлеушілер мен салық қызметкерлерінің өзара қарым-қатынасы қандай деңгейде көрініс табуда?

— 2007 жылдан бастап, біз төрт жыл ішінде біздің жұмысымыздың қанағаттандыру деңгейін анықтау үшін «САНДЖ» тәуелсіз зерттеу орталығы бағалауын пайдаланып келеміз. Мониторинг ақпараттардың мазмұндылығы мен қызметтерді қазіргі заманға сай ұсыну бойынша сапаның оң көріністерін анықтады. Адамдардың біздің органымыздың қызметіне сенімдері арта түсуде, мамандардың біліктілігі туралы олардың пікірлері жақсаруда. Өкінішке қарай, әлсіз жақтарымыз да бар. Клиенттер көп уақытын кезекте жоғалтады, салық есептілігі бойынша құжаттарды толтыруға да біраз еңбектенеді.

Салық бойынша кеңес беру институтының туындауы жолында алғашқы қадамдар жасалды. Ақтөбе қаласындағы салық басқармасында «Атамекен» салықтық кеңес беру өкілдігі ашылды. Әлемнің алдыңғы қатарлы мемлекеттерінде осылайша өркениетті жұмыс істеу қабылданған.

— Салық заңдылықтарының қандай өзгерістері бизнес қызметін жеңілдетіп, жақсартуға бағытталғандығы туралы айтып берсеңіз.

— Әлгінде айтып өткенімдей, 2009 жылдан бастап бизнеске салық салу жүктемесі едәуір төмендетілді. Бұны тереңдетіп талдайтын болсақ, салық есептілігі формалары саны 37 пайызға қысқартылды, салық төлеушілер үшін салықтық есептілікті ұсыну мерзімі 45 күнтізбелік күнге дейін ұлғайды. Салық төлеу мен есептілікті тапсырудың бірыңғай мерзімі белгіленді.

Осы уақытқа дейін пайдаланылып келген 5 әр түрлі ақпараттық жүйелерді ауыстыратын СОНО — электронды түрдегі салықтық есептілікті дайындау мен тапсырудың жаңа ақпараттық жүйесі іске қосылды.

Барлық салық төлеушілерге қаржы-салық есептілігін ұсынуға және интернет арқылы өзінің жеке есепшотын және тіркеу мәліметтерін қарауға мүмкіндік беретін электронды «Салық төлеуші кабинеті» жұмыс істейді.

Тексеру жоспары бір жыл бұрын жасалады, ал салық төлеушілердің тізімі Бас прокуратураның сайтында орналасады. Іріктеу тәртібі тәуекел дәрежесін бағалау өлшемдеріне сәйкес жүзеге асырылады. Осылайша, аудитті өзіміз дербес жүргізу мүмкіндігі пайда болды. Оның негізінде салық төлеуші салық міндеттемелерін есептеп, айып санкцияларын қолданусыз салық тексеруі жүргізілуі басталғанша төлей алады.

— Мереке қарсаңында кемшілік туралы айтқан жараспас, дегенмен қандай олқылықтар орын алады деген сауал төңірегінде аздап сөз қозғасақ.

— Егер салық төлеушілердің барлығы бірдей заңға сәйкес әрекет жасап, өз міндеттемелерін толық көлемде және ескертусіз, сауатты түрде орындап отырса, бірыңғай оң нәтиже көрінер еді. Алайда біздің қызметкерлеріміз жүргізіп жатқан ауқымды түсіндірушілік жұмыстарына қарамастан, көптеген әртүрлі тәртіп бұзушылықтар мен қателіктер орын алуда. Соның бір мысалы — салық есептілігі формаларының талап деңгейінде тоолтырылмауы.

Қасақана қателікке жол беретіндер де кездеседі. Бұл — әдейі және жалған банкроттық, жалған кәсіпкерлік, счет-фактураларды ауыстыру, жалдамалы қызметкерлер санын дұрыс көрсетпеу, нақты табысты жасыру, салық төлеуден жалтарудың әр түрлі схемалары көріністері. Бұндай жағдайларда біз құқық қорғау органдарымен бірлесіп жұмыс жасауға мәжбүр боламыз.

Кедендік одақтың аясындағы өзара тиімді сауда, халықаралық ынтымақтастық пен байланыстар кеңеюі, экономиканың өсуі кезеңінде салық төлеуден жалтару жағдайлары саны өсе түсетіндігі білінеді. Практика көрсеткендей, шаруашылық жүргізуші субъектілердің жол беретін тәртіп бұзушылықтары әдетте олардың сыртқы экономикалық қызметтерімен байланысты болып келеді.

— Бірыңғай Кедендік одақтың құрылуы сіздердің жұмыстарыңызға қандай өзгерістер әкелді?

— 2010 жылғы 1 шілдеден бастап Бірыңғай Кедендік одақ мемлекеттерінің өзара саудасында салық салу мен жанама салықты жүйелеу бойынша жаңа қызмет біздің құзіретімізге берілді. Бұл ретте аталған мерзімнен бастап тауарлар одақ аясында кедендік рәсімдеусіз және декларациясыз өткізіледі. Жүк кедендік декларациясын рәсімдеу қажеттігі де жойылды. Бұның өзі отандық бизнеске қаржы мен уақытты үнемдеуге мүмкіндік берді.

Осыған байланысты Бірыңғай Кедендік одақтың аясында жанама салықтарды арнаулы басқару жүйесі жұмыс істейді. Осының бәрі біздің бәріміз үшін де жаңа нәрсе болып табылады. Тиімділік көзге ұрып тұрғанын айтуымыз керек. Ресей және Белоруссия аймақтарынан біздің аумаққа өткізу бойынша айналым өсімі 11,7 миллиард теңге болғандығы соның айғағы, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда биылғы бес айда 127,8 пайызды құрайды.

Бірыңғай Кедендік одақтың мүше-мемлекеттерінің экономикалық интеграциясының келесі кезеңі бірыңғай экономикалық кеңістік құру болып табылады, ол ауқымды рынок құруға бағытталған. Бұның отандық тауар өндірушілері үшін бизнесті дамыту және бәсекеге қабілетті тауарлар мен қызметтер өндірісі үшін қуатты ынталандырушы болатындығына сенім артамыз.

— Кәсіпкерлікті жақын маңда қандай жаңалықтар күтеді?

— ҚР Қаржы министрлігі Салық комитетінің жоспарларына сәйкес GPRS-байланыс арқылы қандай да бір тауарлардың өткізілуі туралы мәліметтерді бізге беріп тұратын бақылау-кассалық аппараттарын орнату мүмкіндігі қарастырылады. Бұл алғашқы кезекте акциздік өнімдерді (темекі, бензин, т.б.) өткізумен шұғылданатын салық төлеушілерге қатысты. Аталған жүйе көптеген елдерде, оның ішінде Белоруссияда, Молдавияда, Арменияда қазірдің өзінде жұмыс жасауда.

Бұл жүргізілген ақша есептесулері туралы ақпараттарды біліп отыруға және тексеру жадындағы көрсеткіштерді түзетудің жолын кесуге мүмкіндік жасайды. Қазір техникалық мәселелер шешімін тапты.

Келесі жәйт — жеке кәсіпкерлер үшін салық есептілігін қысқарту. Жылына бір рет есеп тапсыру ұсынылуда, соның өзінде есептілік формасы екі бетке дейін қысқартылмақ. Қазір оңтайландырылған декларация бойынша жұмыс істейтін жеке кәсіпкерлердің көпшілігі есепті тоқсан сайын тапсырады.

Алдымызда тұрған тағы бір ауқымды міндет — табысты жалпы декларациялауды енгізу. Бұл ретте ауқымды жұмыстар күтіп тұрғандығын айтуымыз керек.

Салықтық әкімшілікті реформалау жөніндегі жобалар шараларын жүзеге асыру салықтық әкімшілік пен салық салудың бүкіл саласына кешенді ықпалын тигізеді.

— Қандай да жүргізілген жұмыстардың нәтижелі болуы кадрға байланысты емес пе?

— Дұрыс айтасыз. Кез-келген басшы кәсіптік жағынан жетілген, білікті мамандардан ғана тұратын ұжым құрғанды жөн көретіні ақиқат нәрсе ғой. Осы шілде айының басына есептегенде облысымыздың салық органдарында 442 адам жұмыс істейді. Оның 285-і қыз-келіншектер, 400 адамның жоғары білімі бар, 49 маман кемі екі жоғары білімге ие, ал қызметкерлеріміздің орташа жасы 39-ды құрайды.

Ұзақ жылдар бойы еңбек етіп келе жатқан аға буынның жастарға үйретері мол. Біздің қатарымызда қазір сегіз «Салық қызметінің үздігі» еңбек етеді. Олар — М. Мұңайтпасов, Г. Кенжеғұл, Г. Арыспаева, Р. Юсупова, С. Айжарықов, С. Сатыбалдин және Н. Дауылбаева.

Жоғары технологиялар заманында біліктілікті көтерудің көптеген тәсілдері бар екені белгілі, сондықтан да біздің қызметкерлеріміз үнемі ізденісте жүреді, білімдерін жетілдіреді. Біз де өз клиенттеріміздің де бір орында тұрып қалмайтынын анық аңғарып отырамыз. Олар да бізбен бірге өседі, сауатты және талап қойғыш бола түскені байқалады. Бұл — қалыпты процесс және уақыттың оң өзгерісі: салық қызметкерлерінің кәсіби және талдамалық ой-қабілетіне талаптар жыл өткен сайын өсе түсуде.

Біздің ұжымымыздың бұл сынақтардан сыр бермей өтіп, алдыңғы буынның айшықты іздерін лайықты жалғастыра беретіндіктеріне сенім білдіремін.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button