Басты жаңалықтар

Олар — өз саласының үздіктері

Имұхамбет қажы Ырсалы мектеп бітіргеннен кейінгі еңбек жолын Шалқар қаласындағы сол кезде «Родина» деп аталатын кинотеатрда суретші болудан бастаған. Әскер қатарынан оралғаннан кейін ғана Шалқар аудандық қамсыздандыру инспекциясына инспектор болып қызметке орналасады. Көп ұзамай инспекцияны басқарады.

Негізінде Имекеңнің салық саласындағы қызметі 1982 жылдан басталады. Ол бастапқыда облыс орталығындағы Пролетар аудандық, сосын Ақтөбе қалалық қаржы бөлімінде салық инспекторы қызметін атқарады. Ал 1990 жылы  салық инспекциясы құрылған кезде жаңа ұжымның белсенді мүшелерінің бірі ретінде іске қызу кіріседі. Осында инспекция бастығының орынбасары лауазымына дейін көтеріледі.

Имұхамбет Әбиболлаұлы 1999 жылдан бергі уақытта облыстық салық департаментінің бас салық маманы қызметін абыроймен атқарып келеді.

Отыз жылдан астам уақыт бойы салық салу жүйесінде келе жатқан оның өмірінде қызықты жәйттер аз кездеспеген ұқсайды.

Мәселен, алғашқы еңбек еткен жылдарында қаланың өзіне қарасты Сүт зауыты аумағында 123 пәтер жалдаушыны, алты үй ауласын жалға берушіні анықтап, олардың салық төлеуін қамтамасыз еткен. Сондай-ақ түлкі, қоян, құндыз ұстауды кәсіп еткен жеке адамдар бар екенін жарыққа шығарған. Бас киім тігетіндер де салық төлеуге мәжбүр болған. Рұқсатсыз салынған үйлердің заңға сәйкес рәсімделуін қамтамасыз еткен.

Имекең салық саласы қызметі қалыптасуы жылдарында Нұртай Князов, Болат Сайжапаров, Асқар Дәулетияров, Дүйсен Қарабалин, Бақытгүл Төлеубаева, Көпжасар Еспағамбетов, Сембай Аязбаев секілді иық тіресе бірге қызмет еткен кәсіби шеберлігі жоғары мамандар есімін кейінгілерге үлгі етіп отырады.

 

* * *

Салық қызметкері болу үшін мамандықты игеру аз, сонымен бірге адамдармен жұмыс істей білу, мәдениетті қарым-қатынас орнату да аса маңызды факторлар қатарынан саналады. Осы тұрғыдан келгенде Шолпан Саринаның еңбек жолы кейінгі буын өкілдеріне үлгі болып саналмақшы.

Шолпан Смағұлқызы орта білім алып шыққан соң еңбек жолын Темір мектеп-интернатында тәрбиеші болып бастаған. Одан кейін Ақтөбе педагогикалық институтында физика-математика факультетінде хатшылық қызмет атқарады. 1984 жылдан бастап қана Ақтөбе қаласындағы Фрунзе аудандық қаржы бөлімінде мемлекеттік кірістер инспекторы болып еңбек ете бастайды. Одан кейінгі уақыттарда экономист, салық тексерушісі болады.

Шолпан Смағұлқызы 1999 жылдан бастап Ақтөбе қаласы бойынша салық комитетінде еңбек етеді. Қазіргі уақытта заңды тұлғалар және жеке кәсіпкерлер аудиті бөлімінде бас маман.

Салық қызметі басшылығы оны «адал және ұстанымды қызметкер, өзіне тапсырылған міндеттерді сауатты және жауапкершілікпен атқаратын маман» деп бағалайды. Сонымен бірге жас әріптестері Шолпан тәтелерінен ұдайы үлгі алып отырады.

 

* * *

«Жас келсе — іске» деген сөз бар. Салық саласы қызметкерлері қатары білімді, сауатты, білікті мамандармен жыл сайын толығып келеді.

Бекболат Көкшин — сондай талапты жастардың бірі. Ол Ақтөбе кооператив колледжі қабырғасынан қаржыгер мамандығын алып шыққан соң, білім жолын Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінде жалғастырады. Осында қаржы бакалавры дәрежесіне ие болады.

Бекболаттың Ақтөбе қаласы бойынша салық комитетінде еңбек ете бастағанына көп бола қойған жоқ. Ол осында ақпараттық жүйені қосу және техникалық қамту, ақпараттық технология бөлімінде жетекші маман болып еңбек жолын бастады. Көп ұзамай акцизді әкімшіліктендіру және акциз бекеттеріндегі жұмыс бөліміне жіберілді. Қазіргі уақытта камералды бақылау және қосымша құн салығын әкімшіліктендіру бөлімінде бас маман.

Бекболат жастыққа тән жігермен жұмыстан бос уақыттағы спорттық шараларға да белсене қатысады. Соның ішінде волейбол, футбол секілді жарыстарда ол қатысқан команда жүлделі орындардан көрінеді. Ол — мемлекеттік тілдің де жанашыры.

 

 

***

 

Салықшыға үш сауал

1. Салық қызметіне қалай келдіңіз?

2. Қызметтегі есте қалған сәттеріңіз?

3. Қандай марапаттауларыңыз бар?

 

Айгүл НАҒЫМЕТОВА, облыстық департаменттің басқарма бастығы:

1. Мен 1984 жылы Жамбыл жеңіл, азық-түлік өнеркәсібі институтын бітірген соң тұрмыстық қамту басқармасында баға жөніндегі экономист болып еңбек жолымды бастадым. Осында сегіз жылдай қызмет атқардым. 1992 жылы Ақтөбе қаласындағы салық комитетіне қызметке алынғанда біраз тәжірибемен келгендей болдым. Дегенмен, әр саланың өзіндік ерекшеліктері бар ғой. Көп нәрсе тәжірибемен жинақталды. Кейін бірнеше бөлімдерде жұмыс істеп, шағын бинес өкілдерімен қоян-қолтық жұмыс істедім.

2. Тоқсаныншы жылдары бюджет алдындағы салық қарызы есебіне ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер астықпен есептескен кездер болды. Аудандардан астықтарын Жаңа Әлжан элеваторына тапсырып, онда сорты, басқа да өлшемдері анықталады, сосын Азық-түлік корпорациясына өткізеді. Сөйтіп, салықты толтыратынбыз. Сол кезде халық арасында мені адал салық төлеушілердің досы, салық төлемейтіндердің найзағайы деп атап кеткені жадымда қалыпты.

3. Әдетте біздің сала қызметкерлеріне жоғары дәрежедегі марапаттаулар көп беріле бермейді ғой. Дегенмен, мен үшін ҚР Қаржы министрлігінің Салық комитеті төрағасы берген грамотаның, қала әкімінің Алғыс хъатының, өзіміздің басшылардың марапаттауларының орны бөлек.

 

Роза ТӨЛЕГЕНОВА, Байғанин аудандық салық комитетінің бөлім бастығы:

1.Мен де өзімнің көптеген әріптестерім секілді бастапқыда қаржы бөлімінде қызмет істедім. Онда да мемлекеттік кіріс жөніндегі аға экономист болып еңбек жолымды бастағанмын. Кейінірек салықтық аға тексеруші-инспектор қызметін атқардым.

1991 жылы салық инспекциясы құрылғаннан бастап осы мекемеде қызмет атқарамын. Мемлекеттік кәсіпорындардың табысына салық салу, жеке тұлғаларға салық салу бөлімдеріне жетекшілік еттім.

2. Бірыңғай мал шаруашылығымен шұғылданатын, басқалай өндіріс-өнеркәсібі жоқ өңірде салықтық базалардың шектеулі болатындығы белгілі. Сондықтан да біздің жұмысымыздың көп бөлігі түсіндіру, салық заңдылықтарын жұртшылықтың санасына жеткізу тұрғысында болды. Алғашқыда салық төлеушілер біздерге үрке қарайтын, кейін ортақ тіл табысу, ортақ мақсатты түсіну өзара түсіністікке жеткіздіү

3. Республикалық Салық комитетінің басшысы қол қойған Құрмет грамотасы, облыс, аудан әкімдерінің Алғыс хаттары еңбегімнің бағалануы деп білемін. Облыстық кәсіподақ комитетінен алған марапатым да мен үшін бағалы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button