Жаңалықтар

Металлургтердің зейнетке ерте шығу мәселесі — кәсіподақ бақылауында

Кәсіподақ

Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин жұмыс сапарымен облысқа келіп, бірқатар өндірістік кәсіпорын қызметімен танысып, еңбеккерлермен кездесті.

Алдымен Сатыбалды Дәулеталин өзініңеңбек жолы басталған Ақтөбе ферроқорытпа зауытына барып, кәсіпорындағы ұжымдық шарттың мазмұнымен,  әлеуметтік-еңбек қатынастарының дамуымен танысып, еңбек ұжымымен кездесті.Қазіргі уақытта кәсіпорында 4140 адам жұмыс істейді және олардың барлығы — «QAZAQMETAL KASIPODAGY» салалық кәсіподақ құрамына кіретін бастауыш кәсіподақ ұйымының мүшелері.

Кәсіпорын директоры Ержан Абдулабеков зауыт маман даярлауға ерекше көңіл бөлетінін, сондай-ақ қызметкерлер тарапынан ұсынылған инновациялық идеяларды қарастыруға, қолдауға және жүзеге асыруға мүмкіндік беретін «Кайдзен командасы» енгізілгенін айтты.

Төрағамен кездесу кезінде қызметкерлер өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, металлургтердің зейнетке ерте шығу мәселесін көтерді.

Қауіпті еңбек жағдайында жұмыс істейтін адамдарды, оның ішінде, металлургтерді мерзімінен бұрын зейнетке шығару мәселесі бойынша қазіргі уақытта тиісті есептеулер жүргізіліп, түрлі нұсқалар қарастырылып жатыр. Алдағы уақытта әлеуметтік әріптесіміз — Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тарапынан нақты ұсыныстар енгізілмек. Кәсіподақтар федерациясы бұл мәселені шешудің бастамашысы ретінде жағдайды бақылауда ұстап отыр,  — деген Сатыбалды Дәулеталин кәсіподақтар федерациясы мен оған мүше ұйымдар еңбектің басқа да өзекті мәселелері бойынша әлеуметтік әріптестермен өзара іс-қимылды күшейткенін атап өтті.

Бұдан соң федерация төрағасы «Ұлы қабырға» Қазақстан-Қытай бұрғылау компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне барды. Ақтөбеге келудегі басты мақсатына тоқталған Сатыбалды Дәулеталин еңбек ұжымдарымен өткен  мұндай кездесулер әлеуметтік еңбек саласындағы жағдайды жан-жақты талқылауға және қажет болған жағдайда әлеуметтік әріптестерге өзекті мәселелерді шешуде қолдау көрсетуге мүмкіндік беретінін атап өтті.

Жұмыс сапары аясында федерация төрағасы егіс алқабында болып, «Пригородный» ЖШС-на барды. Сондай-ақ Ақтөбе облысының мемлекеттік мұрағаты ұжымымен кездесіп, мекеме қызметкерлеріне ұжымдық шарт нормаларын келісу кезінде қосымша кепілдіктер қарастырылуға тиіс екенін ескертті.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button