Басты жаңалықтар

Орынбор-Ақтөбе: Достықта шекара жоқ

Көршімен тату болу қай кезден де қазақы қағида. Қазақстанның алғашқы туын тіккен орда ретінде ойда тұратын Орынбор өңірімен байланыс кеше де, бүгін де берік тінін сақтап келеді. Соның тағы бір жалғастығына жұртшылық маусым айының соңғы күндерінде куә болды.

Орынбор облысының губернаторы Юрий Берг бастаған көрнекті делегация сейсенбі күні таңертең ақ қанатты алып лайнермен Ақтөбе әуежайына табан тіреді.

Облыс әкімі Елеусін Сағындықов қонақтарға оң сапар тілеп, құрметпен қарсы алды. Қазақтың салт-дәстүрін біршама жақсы білетін Юрий Александрович алдынан ұсынылған ақ бауырсақтан ауыз тиіп, шұбаттан мейірлене сусындады. Салтанатты сазды әуен, мың бұралған би қонақжайлылық лебін сездірді.

Алда қауырт кездесулер, іскерлік әңгімелер күтіп тұрды.

 

Ынтымақтастық әңгіме өзегі

 

«Бірыңғай кедендік және экономикалық кеңістіктегі шекаралық ынтымақтастық: жаңа шептер және міндеттер» тақырыбындағы форум екі өңірге ортақ көп мәселелер түйінін қозғады. Екі ел басшылары — Нұрсұлтан Назарбаев пен Дмитрий Медведовтің өзара кездесулері барысында айтылған ынтымақтастық туралы бағыттар бүгінгі күні жүзеге асырылар істерге бағдаршам іспетті болуда.

Өзара жақындық мақсатындағы бір іргелі шара — Бірыңғай кедендік одақты құрылуы болса, бүгін-ертең соның іске асуы екі ел арасында тауарлар қозғалысының, басқа да алыс-берістің, қарым-қатынастың көп кедергісін жоймақшы.

Шекаралық ынтымақтастық туралы «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалы ғимаратында өріс алған форумдағы басты әңгіме де осы арнада өрбіді.

Облыс әкімі Елеусін Сағындықов үлкен жиынға қатысушыларға құттықтау лебізін білдірген соң бұл өңірдің көп жылдар бойы жақын және алыс шетелдермен сыртқы экономикалық байланыстарды белсенді түрде жүргізіп келе жатқанын айтты. Бұл ретте көршілес Орынбор өңірімен жемісті және жан-жақты әріптестік қатынастар орнады.

Елеусін Наурызбайұлы формуға қатысушыларға 2015 жылға дейінгі үдемелі индустриалды-инновациялық жобалардың жүзеге асырылуы барысы туралы, соған сәйкес белсенді жүргізіліп жатқан экономикалық саясат жөнінде ұғынықты әңгімелеп берді.

— Қазіргі кезеңде жыл өткен сайын сыртқы сауда айналымында оң өзгерістер айқын білінуде, — деп атап көрсетті облыс басшысы, — өткен жылы ғана Ресеймен осындай қызмет мөлшері 1,5 миллиард доллар құрады. Ресейлік капиталдың қатысуымен бірлескен кәсіпорындар саны да едәуір ұлғайды.

Орынбор облысының губернаторы Юрий Берг өз сөзін осы желімен жалғастырды.

— Ресейлік аймақтар мен Қазақстанның шекаралас облыстарының іргелес өзара қызметтері қалыпты түрде дамуда, — деді ол, — бұл екі елдің сыртқы саудасының жалпы көлемінің 40 пайызын құрауынан да көрінеді. Ал біздің екі облыс осы бағыттағы, сөз жоқ, көшбасшылар болып табылады.

Форумда сөйлеген сөзінде екі өңірдің де басшылары «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің құрылысы — ірі инфрақұрылымдық жобаның жүзеге асырылуы ортақ мүддеге сай деген тұжырымдарын білдірді.

Орынбор губернаторы Ақтөбе жерінде жүзеге асып жатқан үдемелі индустриалды-инновациялық жобалар мен «Бизнестік жол картасы-2020», тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын қайта жарақтандыру, тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету, басқа да ілгері қадамдарға ықыласты көзқарасын білдірді.

Форумда Орынбор облысының қаржы-экономика саясаты жөніндегі үкімет төрағасының орынбасары Наталья Левинсон, Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Роза Кемалова өңірлердегі әлеуметтік-экономикалық даму және шекаралық ынтымақтастықтың келешегі туралы айтып берді. Сондай-ақ Орынбордағы экономикалық даму, сауда және өнеркәсіп министрінің орынбасары Виталий Михайлов пен Ақтөбе қаласының әкімі Архимед Мұхамбетов кәсіпкерлікті дамыту мен оны мемлекеттік қолдау тұрғысында атқарылып жатқан іс-шаралар төңірегінде ой бөлісті.

Ал Орынбор облысының сауда-өнеркәсіп палатасының президенті Виктор Сытежев, Орск қаласы муниципиалдық құрылым басшысы Виктор Франц, Ақтөбе облыстық сауда-өнеркәсіп палатасы басқарма төрағасы Абай Мырхин өздерінде қалыптасқан бірлесіп бизнес жүргізу тәжірибесімен бөлісіп, өндірістік кооперацияны жүзеге асыру, осы орайда кездесіп қалатын түйіндер төңірегіндегі пікірлерін білдірді.

Форум жұмысының маңызды сәті — Елеусін Сағындықов пен Юрий Бергтің аймақтардың сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық, мәдени және гуманитарлық ынтымақтастығы туралы келісімге қол қоюы болды.

Бұл келісімде 2012 жылы шекаралық аймақтарда атқарылатын өзара ынтымақтастық және бірлескен шаралар жан-жақты қамтылған.

— Біз соңғы он жылдың ішінде көптеген тәжірибе жинақтап үлгердік, — деді Елеусін Сағындықов, — Қандай да практикалық іс теориялық тұрғыдан негізделуі тиіс. Сонда ғана мақсат айқын, жұмыс жемісті болады. Біздің де бірлескен қадамдарымыз осы тұрғыда өрбиді.

Юрий Берг: «Аймақтарды әлеуметтік-экономикалық дамытудың стратегиялық және тактикалық жоспарларын неғұрлым ойластырылған түрде үйлестіретін уақыт жетті, біз қазақстандық инвестицияны өзімізге тартуға дайынбыз», — деп өз ұстанымын білдірді.

 

«Қоныстағы» көрме

 

«Еуропа-Азия. Шекарасыз ынтымақтастық» деген атауға ие болған Х Қазақстан-Ресей көрмесі өз тауарларын ұсынушыларға да, сондай-ақ көрмені тамашалаушыларға да кенде емес.

Шараның ашылу салтанатына Ақтөбе облысының әкімі Елеусін Сағындықов пен Орынбор облысының губернаторы Юрий Берг қатысты.

«Бұл — он жылдық белесті бағындырып тұрған ерекше көрме, — деді Елеусін Наурызбайұлы, — осыдан он жыл бұрын біз алғашқы өнеркәсіптік көрмені ұйымдастырған едік. Оған барлығы 27 кәсіпорын ғана қатысты. Ал бүгін олардың саны 200 шамасын құрап отыр. Мұның өзі аймақтардағы шағын және орта бизнес дамуының айқын бір көрінісі. Сондай-ақ шекаралық ынтымақтастықтың, достықтың нығаюының да айғағы».

Облыс басшысы мұндай шараның алдағы уақытта жаңа сипатқа ие болатындығын да жұртшылыққа жария етті. Оның айтуынша, кезекті ХІ өнеркәсіптік көрме тізгінін орынборлықтар ұстамақшы. Оған ақтөбелік кәсіпкерлермен бірге мәдениет және өнер өкілдері де баратындығы қазірдің өзінде жоспарланып отыр.

Сөз кезегін алған Орынбор облысының губернаторы Юрий Берг бүгінгі ұйымдастырылып отырған жұмыстарға байланысты алғыс сезімін білдіре отырып, 1 шілдеден бастап екі аймақтың шекаралық ынтымақтастығы аясы бұрынғыдан да кеңейе түсетіндігіне қуанышын білдірді.

Көрме ауқымы кең екендігі сырт көзге бірден байқалады. Мұнда машина құрылысы, құрылыс индустриясы, халық тұтыну тауарлары, денсаулық сақтау, энергия және ресурстар құрылымы, азық-түлік өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы және басқа салалар бойынша кәсіпорындардың өнімдері мен қызмет үлгілері көпшілік талғамына ұсынылды. Олардың арасында осындай ортаға алғаш келгендер де, жыл сайын қатысушылар да бар.

Орынбор облысындағы «Хлебопродукт-2» жабық акционерлік қоғамы нақ осы көрмеге арнап салмағы 100 килограмм тартатын нан пісіріп әкеліпті. Бұны олар «молшылықтың, тоқшылықтың символына балайтындықтарын» айтты. Кәсіпорынның лаборатория меңгерушісі Юлия Николаеваның айтуынша, бұл дәмді төрт  сағат уақыт ішінде пісіріп, Ақтөбеге арнайы автокөлікпен жеткізген.

Жалпы алғанда бұл көрмеге Ресей Федерациясынан мүдделілік ерекше байқалады. Тіпті Мәскеудегі құрылыс лабораториялары үшін жабдықтар шығаратын «ВНИР» кәсіпорны, Екатеринбургтегі резеңке-техникалық бұйымдар дайындайтын «РТИ-Урал» компаниясы, Уфадағы лабораториялық құрал-жабдықтар, жиһаздар, химиялық ыдыстар, басқа да өнімдер өндірісімен шұғылданатын «Химреактивснаб» жабық акционерлік қоғамының өкілдері барын базарлап, келушілерге насихаттап-ақ жатты. Орскіден келген кәсіпкер Александр Гущинді сөзге тартқанымызда ол былай деді: «Қазіргі кезде заманымыз қаншалықты ілгері дамығанымен, мүгедек жандар мүддесі әлі толық шешілмей келеді. Біз осы бағытта ойластырылған шешім ретінде мүгедектер пайдаланатын қоларба жасап шығардық. Ол күнделікті қолдануға ыңғайлы, денсаулығы кемшін адамдарға көп жеңілдік әкеледі».

Қазақстандық кәсіпкерлер де бұл күні барын ортаға шығарды. Мәселен, көрмеге бірінші рет қатысып отырған шымкенттік «Визит» ЖШС шөп жиындылары мен таза қант қоспасынан жасалған сергіткіш сусынды ресейліктер талғамына ұсынды. Қызылордалық қонақтар ең алдымен жоғары сапалы күрішін көрмеге қойыпты. «Рза-Агро», «Рза-Транс», «Рза-азық-түлік», «Рза-сүт» деп аталатын серіктестіктер ауыл шаруашылығы өнімдерінің сан түрін дайындай алатындықтарын айтып, кез-келген әлеуетті тапсырыс берушілермен келісім-шарт жасауға әзір екендіктерін білдірді.

Мұндай дүбірлі додада Ақтөбенің аянып қалмайтыны белгілі. «Dastan Content Servise», «Стар Тайм», «Экотон-Батыс», «Ақтөбе жиһаз фабрикасы», «Ақтөберентген», «Алғабас», «Бал-Юн», «Көктас», т.б. көптеген кәсіпорындар ресейлік әріптестерімен бұрыннан келе жатқан байланысты нығайта түскені өз алдына, жаңа бағыттар бойынша да қарым-қатынас аясын кеңейтуге мүдделіліктерін көрсетті.

Көрме өткізілуі барысында семинарлар, дөңгелек үстелдер, бизнес-тұсаукесерлер ұйымдастырылады.

Бұл үлкен шараны Ақтөбе облысы әкімшілігі, Орынбор облысы үкіметі, екі облыстың сауда-өнеркәсіптік палаталары, «Ақтөбе облысының жұмыс берушілері мен кәсіпкерлері одағы» бірлестігі мен «Урал-Экспо» ашық акционерлік қоғамы ұйымдастырды.

 

Орынборлық қонақтар қаланың көрікті жерлерін аралау мүмкіндігіне ие болды. Қазақстан Республикасының Бірінші Президенті атындағы парк, облыстық мешіт пен шіркеу, «Мега-Ақтөбе» сауда-ойын-сауық орталығы, «Izet Greehoust» ЖШС, «Ақтөбе-центр» ЖШС көлік-логистикалық орталығы, басқа да әлеуметтік-өндірістік объектілерді қызығушылықпен тамашалады.

 

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button