Ауыл

Жүк жолда қалмайды

Жолдау

Елбасының Жолдауын тұрғындарға насихаттау мақсатында құрылған ақпараттық-насихаттық топ өткен аптада Айшуақ, Бозой селолық округтерінде болып, ауыл тұрғындарымен кездесті.

Топ жетекшісі, аудандық мәслихат хатшысы Серікбай Төлемісов және «Нұр Отан» ХДП аудандық филиалы төрағасының орынбасары Нағашыбай Мәмбетов ауыл халқына Елбасы Жолдауының мақсаттарын түсіндіріп, осыған орай ауданда атқарылатын игі істермен таныстырды. Сондай-ақ, елді мекендердің тазалығы, жастар тәрбиесі жайында пікір алысты.

Мал мен тал

Ақпараттық-насихаттық топтың алғашқы жиыны Есет ауылында өтті. Қырық шақты үйі бар бұл елді мекенде қазір шешілмей жатқан мәселе жоқтың қасы. «Ел болған соң біздің де айтарымыз бар» деп, ауылдың үш-төрт ер азаматы кездесуге арнайы келіпті.

Есет ауылынан Шалқар – Бегімбет трассасына қосылатын топырақ  төселген 4 шақырым жол бар. Тоқсаныншы жылдары салынған бұл жолдың әр жерін су жырып, әбден тозығы жетіп,  қазір көлік жүруге жарамсыз болып қалған. Ауыл адамдары: «Осы жолымызды тиісті орындағы азаматтар уақыт оздырмай шешіп берсе екен», – деп өтініш білдірді. Т.Зинадинов, Ж.Тұрмағанбетов, Ұ.Бисеналин, Б.Жиенбаевтар мал шаруашылығына байланысты пікірлерін ортаға салды. Ауылда малдың көбейіп, өрістің жыл санап азып бара жатқандығы, ұры-қарының бәсеңдемеуі, т.б. жөнінде әңгіме қозғады.

– Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығын дамыту жөнінде Үкіметке нақты тапсырмалар беруде. Ал жергілікті биліктің келешекте ауылға көмегі қандай болмақ? Төрт түлік малды бағудың өзі жылдан-жылға қиындап барады. Қазір мал қораларымыздың тозығы жеткен, оны қайтадан жөндеуге материал тапшы. Жыртық жеріне кез келген шоқпытты апарып жамаймыз. Ұлы Борсық құмының іші талға толып тұр, бірақ оны шабуға рұқсат жоқ. Шапсаң, табиғатқа зиян келтірген болып, жауапқа тартыласың. Кешегі кеңес өкіметі кезінде осы құмнан барлық кеңшардың малшылары мың баулап тал шапты. Сол уақытта тал да таусылған жоқ, құм көшкіні де болмады. Табиғаттың байлығы – барлығымыздың да құндылығымыз. Бірақ сол талды мал шаруашылығымен айналысатын әрбір адамға белгілі бір мөлшермен болса да шабуға неге рұқсат бермеске немесе тал шабу айлығын неге жарияламасқа?- деп тұрғындар ұсыныстарын айтты. Есет ауылының бір-екі азаматы жеке басындағы мәселелерге байланысты топ мүшелерімен жеке кездесті.

Топ мүшелері Айшуақ селолық округінің орталығындағы Б.Сүлейменов атындағы орта мектепте болып, педагогикалық ұжыммен кездесті. Айшуақ селолық округі әкімінің міндетін уақытша атқарушы Еркін Әдіманов, мектеп директоры Қалдымұрат Қансұлтан Жолдауға орай  ауылда бірқатар іс-шаралар атқарылғандығын айтты. Жиын барысында жастар тәрбиесіне байланысты ой- пікірлер өрбіді.

Такси мен баспасөз

Аяққұмдықтар (қазіргі Қаңбақты елді мекені) өткен жылдың күзінде «Аудан орталығынан Бозойға қатынайтын такси жүргізушілері Қаңбақтыға соқпайды» деп мәселе көтерген болатын. Бұл жөнінде облыстық «Ақтөбе», аудандық «Шалқар» газеттерінде де жазылды. Осы жолғы кездесуде де аяққұмдықтар жол қатынасы жөнінде шағымданды. Аяққұм мен округ орталығы Бозойдың арасы – 45, ал аудан орталығы – 170 шақырым.

– Ауылда көліктер болғанымен, қалаға жеке шаруасы болмаса бармайды. Шалғайда тұрсақ та  Шалқар мен Бозойға жиі баруға мәжбүрміз. Өйткені шаруамызың дені сол жақтан бітеді. Қанша рет айтсақ та әлі көлік қатынасына зәруміз. «Шалқар-Қаңбақты-Бозой» бағытына қатынауды міндетіне алған такси жүргізушілері қызметін адал атқарса екен. Ауылға күнде соқпаса да, аптасына екі рет соғып өтуіне болар еді. Ал газет-журнал дегенің ауылға асықпай келетін болды. Газетке жазылып қойып, оны ала-алмай жүрген кісілер де бар. Соңғы кезде облыстық «Ақтөбе» газетінің беттері түгел келмейтін болды, – деді жиынға қатысушылар.

Осы ауылдың тұрғыны М.Қуанышева өзінің төрт баласы бар екендігін, күйеуінің мүгедек,  төсек тартып жатқандығын айтып, жұмыс тауып берсеңіздер екен деп өтініш жасады. Топ мүшелері М.Қуанышеваның өтініші жауапсыз қалмайтындығын айтты.

Сондай-ақ, жиында ауылдың  телефон байланысына мұқтаждығы, электр жарығының жие сөнетіндігі де сөз болды.

Қаһарлы қыс пен жылы леп

Жолдауды насихаттаушы топ Бозой селолық округі әкімдігінде, «Ертөстік» балабақшасында, Бозой орта мектебінде болып, кездесулер өткізді. Кездесулердің бірінде Бозой орта мектебінің директоры М.Жолаев: «Ауылдағы поштаның қызметі жақсарса екен, өйткені мұғалімдердің еңбек ақылары кейде кешігіп келеді»,-деді. Бозой селолық дәрігерлік амбулаториясының аға дәрігері Ш.Қаржауов аудан орталығынан келген ақпараттық-насихаттық топ мүшелеріне алғысын білдіріп, Елбасының сындарлы саясаты қазақ елін қандай да қиын-қыстаудан аман-есен алып шығатынына сенімді екенін айтты. «Бірлік бар жерде тірлік бар» деген дана халқымыз. «Бірлігіміз берік болсын!» деп жүрекжарды тілегін жеткізді жиналғандар.

Ұлықұмның аяғында орын тепкен Бозой өңірін жұртшылық берекелі аймаққа теңейді. Бұлай деуінің де бірнеше себептері бар. Бастысы, малға жайлы өңір екені белгілі. Мұндағылар қыстың сызын сезсе де, қаһарын  көп көре бермейді. Қанша қалың қар түссе де, төрт түліктің жайылымына тұсау болған емес. Дегенмен биыл тылсым табиғат кең пейіл мінезін өзгертіпті. Жаңбыр аралас жауған қар ірі малды жіпсіз байлағанға ұқсайды. Бозойлықтардың айтуынша, қазір өрісте қыс қаһарын көтере алмаған ірі-қара малдардың өлімтігін кездестіруге болады екен.

– Биылғы  қыс біздің өңірде қатты болды. Қанша қыс болса да Бозойдың жолы қардан жиі тазартылмайтын еді, биыл осылай болды,- дейді ауыл әкімі Нұрмұханбет Нұртаев.

Дегенмен қыстан қысылып шыққан ауылдағы ағайынды Жолдаудың жылы лебі жігерлендіргендей. Елбасы өз Жолдауында алдағы кезде елімізде азық-түлік қауіпсіздігін нығайтумен бірге бәсекеге қабілетті ауыл шаруашылығы өнімдерін мол өндіріп, оны экспортқа шығарып, еліміздің бюджетін тұрақты түрде толықтырып  отыратын, рентабельді салаға айналдыру міндетін қойды. Осыған байланысты әрі әлемдегі экономикалық және қаржы дағдарысынан шығу мақсатында 3 жылдық бюджетте жыл сайын ауыл шаруашылығына 1 миллиард АҚШ доллары көлемінде қаржы қаралды. Жолдау жолдарындағы Елбасының: «Әр ауыл әкіміне шамамен 50-100 миллион теңгедей аздап ақша бөлсек, олар аудандық мәслихаттардың бақылауымен қандай да бір қиындық көріп жатқан тұрғындарға қажетті мәселелерді шешер еді, шағын несиелер берер еді…», – деген сөздері ауылды көтеруге көп септігін тигізері сөзсіз.

Бірліктің алмайтын қамалы жоқ. Ел-халқымыз тыныш болып, жұмыла еңбек етсек, қиындық еңсеріледі.

Мұхтар МЫРЗАЛИН,

Шалқар ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button