Басты жаңалықтар

Медиация — бітістіру рәсімі

Үстіміздегі жылдың 28 қаңтарында елімізде «Медиация туралы» Заң қабылданғаны баршаға мәлім. Аталған заң алғашқы жарияланған күннен («Казахстанская правда» газеті, 5 ақпан 2011 жыл, «Егеменді Қазақстан» газеті, 8 ақпан 2011 жыл) алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Медиация (латынша mediatio) делдалдық деген ұғымды білдіреді, бұл —дауларды реттеудің дүние жүзінде кең тараған түрлерінің бірі, тараптар арасындағы дауды соттан тыс шешуге бағытталған заңды рәсім.

Осы мәселеге орай көпшілік көкейінде жүрген сұрақтарға Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Гүлжан ӘЖІҒАЛИЕВА жауап береді.

Медиация рәсімінің сотта іс жүргізуден айырмашылығы қандай?

28 қаңтарда қабылданған «Медиация туралы» Заң еліміздің заң жүйесіне жаңашыл өзгеріс енгізіп, дауды шешудің тағы бір тиімді жолын айқындады.

Соттағы іс жүргізу процесінен айырмашылығы, біріншіден, медицация — еркін процесс. Рәсім сипаты жағынан — жария емес процесс. Онда тараптар дауды қарайтын тұлғаны, яғни медиаторды өздері таңдайды. Медиатор кәсіби және кәсіби емес негізде медиация жүргізу үшін тараптар тартатын жеке тұлға.

Екіншіден, сот талап шеңберінен шығуға құқысыз. Ал медиация рәсімінде тараптар талапкердің  талабын  қанағаттандыру тәсілі туралы келісімге келуге құқылы. Сонымен қатар, сотта шешім құқық пен заң нормалары негізінде қабылданса, ал медиация рәсімінде шешім тараптардың өз мүдделерінің жарасымы негізінде қабылданады. Дәлірек айтқанда, медиация — тараптардың ерікті келісімі бойынша жүзеге асырылатын және олар өзара қолайлы шешімге жетуі үшін медиатордың жәрдемдесуімен дауды реттеу рәсімі.

Медиацияның мақсаты қандай?

Аталған заңда медиацияның мақсаты айқын көрсетілген:

Біріншіден,  дауды  (дау-шарды)  шешудің  медиацияның  екі  тарапын  да қанағаттандыратын нұсқасына қол жеткізу.

Екіншіден, тараптардың дауласу деңгейін төмендету.

Медиация қандай ұстанымда жұмыс жасайды?

Еріктілік медиация рәсіміне қатысудың басты шарты. Дау бойынша тараптар өз еріктерімен, ешкімнің мәжбүрлеуінсіз, бітістіру рәсімін қолдануға келіседі.

Медиация тараптары тең құқылы. Медиаторды, медиация рәсімін таңдауда тең құқыққа ие, тең міндеттер атқарады.

Медиатордың  тәуелсіздігі мен бейтараптылығы. Медиатор тараптардан, мемлекеттік органдардан, өзге де заңды, лауазымды және жеке тұлғалардан тәуелсіз болуы керек. Сондай-ақ, медиатор медиация құралдары мен әдістерін таңдауда дербес болады.

Медиация рәсіміне араласуға жол берілмейді.

Құпиялылық сақталады. Дауды шешу барысында анықталған мәліметтер жария етілмейді.

Медиацияның артықшылығына тоқталып өтсеңіз…

Сотта дауды шешу нәтижесінде, әдетте, бір тарап жеңеді, екінші жағы жеңіледі,   яғни   біржақты   қанағаттандыру  жөнінде   шешім   шығарылады. Шешімге екі жақтың да көңілі толмай қалатын кездер де болады. Ал медиация рәсімінде екі жақты да қанағаттандыратын шешім қабылданады деп күтіледі. Тараптар дауды шешуде бітімгершілікке келіп, алдын-ала өздері ойлап-болжағандай, екі жаққа да жағымды, тиімді, қорытынды ала алады.

Дауды шешу бойынша шығындар болатыны баршаға мәлім. Мысалы, сот өндірісінде іс жүргізу шығындары. Тараптар үшін:  мемлекеттік алым төлеу; адвокаттың, өкілдің қызметін төлеу; сараптама жүргізу бойынша шығындарды өтеу; т.б. Ал медиацияда   тараптардың қаражаты үнемделеді. Олардың шығыны медиатордың   сыйақысы,   жол   жүруіне   және   тұрғын   пәтерге   байланысты шығындармен ғана шектеледі.

Сонымен қатар, сот  өндірісінде істі қарау, бірінші сатыдағы сотты, апелляциялық, кассациялық, қадағалау сот алқаларын қосқанда, біраз ұзақ мерзімге созылатыны белгілі. Ал медиация процесі жылдам жүргізіледі. Азаматтық құқықтық қатынас бойынша, ол 30 күннен аспайды; 30 күнге дейін ұзартылуы мүмкін.

Дау бойынша тараптардың қарым-қатынасына медиацияның тиімділігі неде?

Әлбетте, сот процесі іс жүргізу ережесін қатаң сақтай отырып, тараптардың    бәсекелестігі  тұрғысында жүргізіледі.  Ал  медиациядағы тараптардың қарым-қатынасы өзгеше болмақ. Оған ынтымақтастық, психологиялық жайлылық, қолайлылық сипаты тән.

Сотта дауды қарап-шешу барысында тартыс шиеленісіп кетуі, тіпті жаңа даудың туындауына соқтыруы да мүмкін. Ал медиация рәсімінде бір тараптың екінші тараппен жақсы қарым-қатынасын сақтауға мүмкіндігі бар.

Медиацияның тиімділігі жөнінде тағы бір ескере кететін жәйт — шешімнің орындалуы. Сот қабылдаған шешімді орындау рәсімі оңайлықпен жүрмейтіні де анық. Сот қабылданған көптеген шешімдер ұзақ мерзім бойы орындалмай,  тараптардың әуре-сарсаңға түсуі жиі болып жатады. Ал  медиация нәтижесінде қабылданған шешімнің орындалу деңгейі жоғары болмақ.

Медиация азаматтар арасындағы қарым-қатынаста талас-тартыс деңгейін төмендетуге, тараптардың қарым-қатынас мәдениетінің, этикасының жоғарылауына, ерікті түрде орындалатын шешімдердің көбеюіне әкеледі деген сенім бар.

 

Жазып алған И. ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button