Басты жаңалықтар

Ел мен ел жақындасса…

Ел экономикасында ерекше орнын айқындаған Ақтөбе өңірі бұл күнде шетелдік инвесторлардың ғана емес, сондай-ақ саясаткерлердің, басқа да халықаралық қоғамдық ұйымдар жетекшілерінің назарын өзіне аудара бастады.

Кеше облыс әкімі Елеусін Сағындықовтың қабылдауында бір топ дипломатиялық миссия өкілдерінің болуы соның бір айғағындай болды.

Әкімнің қабылдауына АҚШ Елшілігі саяси бөлімінің қызметкері Эрик Лидербах, Канада Елшілігінің саяси мәселелер бойынша кеңесшісі Куртис Питерс, Ұлыбритания Елшілігінің қызметкері Николя Хирон, Финляндия Елшілігінің бірінші хатшысы Ханна Вуокко келді.

Облыс басшысы өз сөзінде қонақтарға өңірдің қазіргі экономикалық даму жағдайы, үдемелі инновациялық-инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуы, өлкенің табиғи-қазба байлықтары, оларды игеру барысы туралы кеңінен әңгімелеп берді. Сонымен бірге елдегі білім беру, денсаулық сақтау, спорт пен дене шынықтыру жайына да тоқталды. Әңгімелесу барысында ауыл шаруашылығын дамыту, бұл реттегі мемлекет тарапынан жасалып жатқан қамқорлықтар, елді мекендердегі тұрғындарды газбен, таза ауыз сумен қамтамасыз ету мәселелері де айтылды.

«Әлемдік дағдарыс болды деп аталған кезеңдерде де бізде құрылыс жұмыстары, басқа да көптеген маңызды шаруалар тоқтап қалған жоқ,— деді Елеусін Наурызбайұлы,— халықтың әл-ауқатын да төмендеткен жоқпыз, қайта көптеген жұмыс орындары ашылды».

Сондай-ақ елшіліктер өкілдеріне облысымызда тоқсаннан астам әртүрлі ұлт өкілдері тату-тәтті тіршілік кешіп жатқаны, олардың өз тілдері мен мәдениетін дамытуға, салт-дәстүрлерін сақтауға жағдай жасалғаны жеткізілді.

Облыс әкімінің орынбасарлары Роза Кемалова, Сара Нұрқатова өздері жетекшілік ететін салалар бойынша таныстырулар жасады. Қазіргі уақытта Ақтөбе жерінде бес жүзден астам бірлескен кәсіпорындар жемісті жұмыс істейтіндігі, әріптестер сапында Ресей, Қытай, Ұлыбритания, Германия, Түркия, Франция, тағы басқа іргелі елдер бар екендігі әңгімеге өзек болды.

Елшілер арасынан бірінші болып сөз алған Эрик Лидербах осындай мағыналы қабылдау жасағаны үшін әкімге алғысын білдіре отырып, өздерінің бұл өңірге алғаш рет аяқ басып отырғандықтарын мәлім етті. Сөз ретінде ол өзінің негізінен саясатпен шұғылданатынын білдіргенімен, Ақтөбенің экономикалық әлеуеті туралы елдестеріне хабардар ететіндігін айтты.

Ал Куртис Питерс өз елі — Канаданың жер жағдайы, табиғи орналасуы тұрғысынан Ақтөбе аймағына ұқсастығы барын айтып, өзара жақындық ретін қалыңдата түскендей болды.

Ханна Вуако ханым өз еліндегі әйелдердің билікке араласуы, атқаратын рөліне тоқталды, ерекшеліктерін айтты.               

Облыс әкімі жиын қорытындысында елшіліктер өкілдеріне ұтымды ұсыныстар жасады. «Мәселен, Финляндия бізде ағаш өңдеу өнеркәсібін өрістете алар еді»,— деді ол. Сондай-ақ металлургия, химия өнеркәсібі, құрылыс индустриясында да көптеген істер күтіп тұрғандығы баян етілді.

Елшілер кездесу барысына ырзашылық білдіріп, алдағы уақытта екі ел арасындағы ынтымақтастық байланыстарды дамыта түсуге бүгінгі шараның ықпалы мол болатындығын жеткізді.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button