Басты жаңалықтар

«Біздің бақытымыздың бір бөлшегі — сендерсіңдер»

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, 19-20 маусым күндері Ақтөбеде халықаралық «Ұлы мұра» фестиваль-байқауы өтті.

Қазақ халқы — ұлы мәдениет иесі. Бүгінгі ұрпақтың сол мұраны жалғастыру жолындағы қадамдары, талап-талпыныстары қандай? Осыған бір көз жіберу мақсатында ұйымдастырылған шараға Ресейдің түкпір-түкпіріндегі қандастарымыздың үн қосуы фестивальды ерекше маңызды, шуақты оқиғаға айналдырды.

«Қазақ болып өмір сүру қызықты…»

Фестивальды «Нұр Отан» ХДП Ақтөбе қалалық филиалы, Ақтөбе қалалық әкімдігі және Қазанғап атындағы балалар өнер мектебі ұйымдастырып отыр.

Жексенбі күні қонақтар Алға ауданындағы Есет Көкіұлы бабамыздың кесенесінде болып, аруаққа арнап құран оқытты. Бұдан соң кесене жанындағы шырақшы үйінде дастарқан үстінде әңгіме-дүкен құрылды.

Санкт-Петербург, Астрахань, Қалмақия, т.б. Ресей өңірлеріндегі қазақ ұлттық-мәдени орталықтарының жетекшілері өздері жасап жатырған жұмыстар жөнінде баяндаса, мәдениет саласының ардагері Еркін Құрманбеков оларға Есет Көкіұлы туралы деректер мен аңыздарды жеткізді. Сондай-ақ Алға ауданы әкімінің орынбасары Нұрхан Ақниязов Қазақстанның, Ақтөбе өңірінің бүгінгі жетістіктері төңірегінде әңгіме қозғады.

Қазақ тілін түсінбесе де, дастарқан басындағылардың бір-біріне деген ыстық ықыласы, жайма-шуақ әңгіме қызықтырса керек, Самарадан келген әріптесіміз — сол жақтағы қазақтардың аймақтық «Ақ жол» газетінің және осы аттас альманахтың қызметкері Людмила Мельниченко біздерден: «Бұл — мешіт пе?» — деп сұрады. «Мешіт емес, бірақ қасиетті орын. Мұнда қазақ тарихында ерекше орны бар тұлға, атақты батыр жерленген. Бұл жерден адам үзілмейді», — деп жауап бердік біз. «Сонда қасиетті орында, осындай жайма-шуақ әңгіме үстінде үнемі бас қосып отырасыздар ма? Бұларыңыз тамаша екен», — деді Людмила.

Бұдан 260 жыл бұрын дүниеден озған Есет баба есімінің әлі күнге дейін исі қазақтың, жан-жақтағы ұрпақтарының ынтымағына ұйытқы болып, басын біріктіріп отырғанына ол расымен қызықты.

Әңгімелесе келгенімізде, Людмиланың «Ақ жол» газетінің, альманахтың жұмысына араласа жүріп, қазақтарды ерекше сыйлап, құрметтеуге үйренгенін түсіндік.

Бұрын мен бәрі адамның өз қолында дегенге онша мән бере қоймайтынмын. Ресей қазақтарының федералдық «Ақ жол» ұлттық-мәдени автономиясының президенті Тоқтарбай Дусенбаевтың басшылығымен самаралық қазақтар жасап жатқан шаруаларға қарап, расында, бәрі адамның өз қолында екенін мойындамасқа болмайды. Тоқтарбай Қадырғалиұлы о баста бұл істі Ресейдегі қазақ жастарының қамы үшін қолға алыпты. «Жастарымыз қазақтың мәдениетін, дәстүрлерін, тарихын білмейді. Ал бұл жағдайда олар өзінің қазақтығынан ұялатын, жерінетін халге жетеді. Осының алдын алу керек», — деп ол кісі Ресей жерінде қазақтың мәдениетін, салт-дәстүрлерін насихаттау мақсатында көптеген істерге мұрындық болып жүр. Самарада жыл сайын Наурыз мейрамы кең көлемде атап өтіледі. 2010 жылы ғана «Ақ жол» автономиясының ұйымдастыруымен 100-ден аса шаралар өткізілді. Бүгінгі күні Самарада қазақтарға қарап, басқалар да өз салт-дәстүрлерін жаңғыртуға талпыныс жасап жатыр. Тіпті орыстардың өздері қазақтардан үлгі алып отыр деуге болады. Мен жоғарыдағы шаруаларды газетке, альманахқа жазып қана қоймай, туыстарым, әріптестерім арасында айтып та жүремін. Олар бұған қатты қызығады. Шын пейілдерімен: «Қазақ болып өмір сүру қандай қызықты!» — деп жатқандарын сан рет естідім. Ал кесене басындағы кездесу мені қатты толқытты, — деп ағынан жарылды әріптесіміз.

Есет батыр кесенесінен кейін қонақтар Ақтөбедегі Достық үйіне келіп, осындағы ұлттық-мәдени орталықтардың тірлігімен танысты.

Олар бұл жерден үлкен әсер алып, қатты таңғалысқандарын жеткізіп жатыр.

Элистадан келген азамат, Қалмақиядағы «Жерлестер» қазақ мәдени орталығының төрағасы Хатимолла Ідірісов:

Осы ғимаратты, мұндағы ұлттық-мәдени орталықтарға жасалған жағдайды бейнеролик етіп алып бара алмайтынымыз өкінішті. Мұндағы жағдай — біз үшін арман. Біз өз орталығымызға ғимарат салу үшін жақында жер учаскесіне қол жеткізіп, соған да қуанып отырған жайымыз бар. Әрине, ғимаратты өз күшімізбен тұрғызуға тура келеді, — деді.

Сол күні қонақтар «Нұр Ғасыр» мешітінде, қаламыздың басқа да көрнекті орындарында болып, кешкілік «Мега Ақтөбе» сауда, ойын-сауық кешенінің кинозалында Елбасы шығармаларының
желісімен түсірілген «Қазақфильм» туындысы — «Балалық шағымның аспаны» атты көркем фильмді тамашалады.

 

Тіл — халықтың жаны

20 маусым күні Ресейдің Мәскеу, Санкт-Петербург, Самара, Қалмақия, Астрахань, Орынбор, Башқұртстан, Саратов өңірлерінен келген қазақ ұлттық-мәдени орталықтарының жетекшілері; «Нұр Отан» партиясы ХДП облыстық, қалалық филиалдарының басшылары және облысымыздың этномәдени бірлестіктері өкілдері «Мәдениет: дәстүрлер мен жаңалықтар үйлесімі» атты дөңгелек үстелде бас қосты.

Ресейден келген бауырларымыздың әңгімесі, негізінен, тілді сақтап қалу, әсіресе, жастарға тіл үйрету төңірегінде болды.

Саратов облыстық «Қазақстан» мәдениет орталығы» қоғамдық ұйымы басқармасының тең төрайымы Үмітхан Жөнелбаева:

Облысымызда қазақтар аз емес. Кей мектептерде оқушылардың 40-50 пайызы — қазақ балалары. Дүние жүзі қазақтарының Ассоциациясы жіберген СД дискі, оқулықтарды пайдаланып, Саратов облысы үкіметінен бөлінген қаржыға факультатив ретінде қазақ тілін оқытып жүрген мектептер бар: Дергачев орта мектебі; Қараман негізгі мектебі… Бірақ ондай мектептердің саны саусақпен санарлық қана. Негізі, қазақ тілін оқытатын мектептер санын көбейтуге болар еді, оған маман тапшылығы қолбайлау болып отыр. Тіл үйрететін оқытушы жоқ. Біздің осы жанайқайымызды естіп, Қазақстаннан келемін, оқытамын дейтін еріктілер табылар ма екен? — дейді.

Мәскеуден шығып, Ресейдің 33 аймағына таралатын «Қазақ тілі» газетінің редакторы, педагогика ғылымдарының кандидаты Орынбасар Қуандықов сөзінің басында: «Мен мұнда тіл мәселесі үшін келдім», — деп атап өтті.

Ол жастарды қазақ тілін үйренуге тарту үшін қазіргі заманға лайық тәсілдерді пайдалану керектігіне тоқталды. Тіпті СД дискілердің өзі аса тиімді емес. Жастардың интернетке деген ықыласын ескеріп, мысалы, онлайн режимінде қашықтан оқыту секілді тәсілдерге ден қойған дұрыс деп санайды ол.

Ал іргедегі Орынборда тұрып жатқан қандастарымыздың жағдайы бұл мәселеде ілгерілеу секілді.

Орынбор қазақтары ассоциациясы төрағасының орынбасары Кенжеғали Дусалиннің:

Облысымыз бойынша 39 мектепте пән не факультатив ретінде қазақ тілі оқытылады. Орскідегі педагогикалық колледжде қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерін даярлайтын бөлім бар, — деген сөзіне қуандық.

Дөңгелек үстелде, сондай-ақ облыстық мәслихат хатшысы, «Нұр Отан» халықтық партиясы облыстық филиалының төрағасы Балғали Ордабаев;  Уфа қаласындағы Халықтар достығы үйі директорының орынбасары Ильшат Сабитов; белгілі ақын, «Шамшырақ-Ақтөбе» ЖШС директоры Мейірхан Ақдәулетұлы өз пікірлерін ортаға салды.

Балғали Ордабаев:

Ата-бабаларымыз руға, жерге бөлінбей, тұтас ұлт мұраты жолында бас біріктіре білді. Соның арқасында қазақ деген халық, міне, бүгінге аман-есен жетіп отырмыз. Қазір Қазақстанда 130 ұлт пен ұлыстар өкілдері тұрып жатыр. Қазақстанның бүгінгі жетістіктері — сол 130 ұлт пен ұлысқа ортақ, біз ешкімді алаламаймыз, бөлінбейміз. Сонымен қатар, сыртта жүрген қандастарымызға алаңдаймыз. Мүмкіндігінше, тілді, дәстүрді сақтау секілді мәселелерде сіздерге көмек қолын созғымыз келеді. Бүгінгі бас қосудың бір мақсаты — осы тұрғыда сіздердің өтініш-тілектеріңізді, пікірлеріңізді тыңдау еді, — деп атап көрсетті.

Ал ақын Мейірхан Ақдәулетұлы Ресейдің әр өңірінде қазақ ұлттық-мәдени орталықтары жұмысын алға жетелеп отырған азаматтарға ризашылығын жеткізді.

Өзінің туған тілінен, мәдениетінен, ұлттық тамырынан ажыраған адам кім? Ол өзін кіммін дей алады? Ол — ешкім емес. Ресейде тұрып жатқан қандастарымызды, әсіресе, жастарды сондай қасіреттен сақтап қалу жолында тер төгіп жүрген Сіздерге ризашылығымыз шексіз. Әрине, бұл  айтуға оңай, іс жүзінде өте қиын шаруа екенін жақсы түсінеміз, — деді ол.

Дөңгелек үстелден кейін ресейлік бауырларымызды облыс әкімі Елеусін Сағындықов қабылдады. Бұл жөнінде біз газетіміздің өткен санында («Ақтөбе», №76) жаздық. Ресейлік бауырларымыз осы кездесуде Қазақстан, Ақтөбе туралы көп пікірлер айтты.

Жан толқытатын, жақсы пікірлердің кейбірін біз оқырмандарымызға жеткізгіміз келеді.

Мысалы, Астрахань аймақтық «Жолдастық» қоғамдық бірлестігі төралқасының мүшесі, «Құрманғазы» мәдениет орталығының директоры Нұржан Медетов былай деді:

— Біз Қазақстанның әр жетістігіне қуанамыз. Биылғы Президент сайлауында Нұрсұлтан Назарбаев 95,5 пайыз дауыс иеленіп, жеңіске жеткенде, қазақтың ауызбірлігіне, татулығына қуандық. Ал Астана қаласы ше? Ол — тек қазақстандықтардың емес, Жер бетіндегі барша қазақтың мақтанышы. Біз алыста жүрсек те, Астананы көңілімізге медеу тұтамыз, бақытымыздың бір үлкен бөлшегі деп білеміз. Сіздерден әрдайым қолдау көріп келеміз. Біз, Астрахань қазақтары, ол жерде өзімізді диаспора санамаймыз. Өйткені ата-бабаларымыз ол жерге бір жақтан көшіп келмеген, ежелден қоныс етіп, өсіп-өнген, сүйектері де сонда жатыр. Сол өңірде жерленген атақты бабаларымыздың бірі — Құрманғазы күйші. Қазақстанның тікелей қолдауымен Астрахань облысы Володар ауданында Құрманғазы бабамызға кесене тұрғызылды. Сондай-ақ  Астрахань қаласында ескерткіш қойылды. Құрманғазы кесенесіне жыл сайын әлемнің түкпір-түкпірінен мыңдаған адам келеді. Бес жыл ішінде 150 мыңға жуық адамды қабылдаппыз. Солардың көпшілігі: «Біз Қазақстанды көрмесек те, көргендей болдық, қазақты таныдық», — деп кетіп жатады…

Айта кетейік, Астрахань өңірі тұрғындарының 14 пайызын қазақтар құрайды.

Элистадан келген Хатимолла Ідірісов:

Біз Ақтөбеге сіздерге көрші облыстың ауылдары арқылы жеттік. Негізінде, делегация құрамындағылардың көпшілігі — Қазақстанда бұрын болмаған жандар. Олар әлгі ауылдардың жағдайын көріп, көңілсіз келе жатқан еді. Ал Ақтөбе қаласын көргеннен кейін олардың пікірі мүлде өзгерді. Қалаларыңыз өте әдемі, таза, адамдарыңыз — мәдениетті, бауырмал. Расын айтқанда, біз төбеміз көкке жеткендей күйдеміз, — деп ағынан жарылды.

Ал Санкт-Петербургте 1962 жылдан бері, яғни елу жыл уақыт тұрып жатса да, өз тілін ұмытпаған, ұмытпауды айтасыз, қазақша шешен сөйлейтін, жүріс-тұрысынан тектілік сезіліп тұратын ағамыз, сол қаладағы қазақтардың «Атамекен» қоғамының президенті Сәрсенғали Құспанов облыс әкімі Елеусін Сағындықовтың (Елеусін Наурызбайұлы Санкт-Петербургтегі Вознесенский атындағы мемлекеттік экономика және қаржы университетінің аспирантурасы мен докторантурасын бітірген) докторлық диссертациясын қорғауына қатысқанын әңгімелей келіп:

Диссертациясын сәтті қорғағаннан кейін, Елеусін Наурызбайұлы бізге: «Енді осы еңбектің нәтижесін Ақтөбеге келіп көрерсіздер», — деген еді. Араға бірнеше жыл салып, міне, Ақтөбеге жолым түсті. Нәтижені көріп, шынымды айтсам, қатты қуанып отырмын. Мен өз басым көзге мақтауға жоқ едім. Бірақ, ақтөбеліктер, Сіздерді, сіздердің басшыларыңызды енді үлкен мақтанышпен айта жүретін боламыз, — деді.

 

Қалмақ қызы қазақша ән айтқан кеш

Фестивальдың басты шаралары — облыстық өнер музейінде ашылған халықаралық көрме және Ғазиза Жұбанова атындағы филармонияда өткен гала-концерт болды.

Халықаралық көрменің ашылуына Ақтөбе қаласының әкімі Архимед Мұхамбетов, облыстық мәслихат хатшысы Балғали Ордабаев қатысып, өнер иелеріне ақ жол тіледі.

Фестиваль-байқау бір жылмен шектеліп қалмай, жылдан-жылға жалғасын тапса деп тілейміз, — деді қала әкімі.

Көрмеге 49 автордың еңбектері қойылған. Өнерсүйер қауым назарына барлығы 80-ге жуық туынды ұсынылып отыр. Жания Бархамурова (Элиста қаласы), Дариға Аманшиева (Орынбор облысы) сынды шеберлердің, ресейлік жас талант иелерінің, сондай-ақ Қазанғап атындағы өнер мектебі оқушыларының қолынан шыққан түрлі жанрдағы тамаша туындылар қойылған көрмеден жұрт үлкен әсермен тарасты.

Ал кешкілік Ғазиза Жұбанова атындағы филармонияда жеңімпаздар марапатталып, ең таңдаулылар жиналғандар алдында өнер көрсетті. Олардың қатарында ресейліктер ғана емес, ақтөбелік өнерпаздар да аз болған жоқ. Мөлдір Сұлтанова (Самара); Нұрғаным Нұрышева (Саратов); Темірлан Дүйсенбаев (Самара) және Занда Исанова (Элиста) салған әндер мен «Айгүл» қазақ биі ансамблі (Самара) мүшелерінің өнеріне жұрт ризашылықпен қол соқты.

Айта кетейік, бұлардың арасында қазақтың ұлттық киімін киіп, қазақша ән шырқаған кішкентай ғана Занда Исанованың ұлты қалмақ болып шықты. Оның ұстазы, өзге ұлттың жерінде тұрып, сол ұлт балаларын қазақ өнеріне баулып жүрген қазақ қызының есімі —  Салима Дүйсенбайқызы екен. Ол — музыка маманы.

Фестиваль-байқаудың бес номинация бойынша өткенін айтқанбыз: «Графика, живопись»; «Сәндік қолөнер туындылары»; «Вокалды орындаушылық өнер»; «Хореография» және «Аспаптық жанр». Осы номинациялар бойынша әрі жас ерекшеліктеріне қарай Мөлдір Сұлтанова; Нұрғаным Нұрышева; Самат Медетов (Башқұртстан); «Айгүл» қазақ биі ансамблі; Жәния Бархамурова; Эсен Доржиев (Элиста) және басқалар Гран-при иегерлері атанды. Сондай-ақ Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналып отырған осы шараның өтуіне үлес қосқан демеушілерге, Ресей өңірлеріндегі қазақ ұлттық-мәдени орталықтары жетекшілеріне Алғыс хаттар табысталды.

Ресейдің түкпір-түкпірінен жиналған өнерпаздар Ақтөбемен қимай қоштасты. «Тағы да шақырыңыздар, келеміз», — деді элисталық Жәния Бархамурова. Ал бұл көпшіліктің тілегі еді.

Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button