Басты жаңалықтар

Көліктер көптік етпейді, бірақ…

Үстіміздегі жылдың 1 шілдесінен бастап елімізде Еуро-3 стандартын енгізу жүзеге асырылады. Яғни, зиянды заттар шығаратын автокөлік құралдарына жаңа талап қойылады. Бұл күннен бастап талаптарға сәйкес келмейтін автокөлік құралдарын шетелден әкелуге және жасапшығаруға тыйым салынады. Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігінің мәліметі бойынша, еліміз аумағында қазірдің өзінде пайдаланылып жүрген автомобильдер 3-экологиялық кезеңнің талаптарына кірмейді. Сондықтан толық істен шыққанға дейін пайдаланылатын болады.

Саммит және стандарт

Дамыған елдерде жанар-жағармай, дизельді отын, авиакеросин түрлері Еуро-5 стандартына сай етіп өндірілетін көрінеді. Сондықтан болар, өзге елдің аталмыш өнімдері құнды әрі сапалы. Елімізде Еуро-3 стандартына ену жайлы ой қозғап жүрген мамандардың дені: «Егер біз Еуро-3 стандартына енетін болсақ, елде ашық түсті мұнай өнімдерінің көлемі ұлғаяды. Ашық түсті мұнай өнімдеріне сұраныс бүгінде өте жоғары. Елде октанды және дизель жанар-жағармайын тұтынушылар да көп. Отандық көліктердің басым бөлігі октанды АИ-93, АИ-96, АИ-98 бензин маркаларын қолданады. Бұл көрсеткіш бүгінде республика бойынша 68 пайызға жетіп отыр. Сондықтан бізге қазірден бастап Еуро-3 стандартына енген тиімді»,— дегенді айтады.

Италияда өткен «Үлкен сегіздіктің» саммитінде әңгімеге арқау болған жайттардың бірі — қоршаған ортаны ластауға шек қою. Өйткені, мамандардың айтуынша, өндіріс пен қаптаған көліктің экологияны бұзуы жылдан-жылға ұлғая түсіп, дүниежүзінде қауіп төндіруде. Атмосфера қызуының бұдан 100 жыл бұрынғыдан 2 градусқа жоғарылауына жол беруге болмайтын көрінеді. Қазіргі көрсеткіш бойынша жаһандық температура бір ғасыр бұрынғыдан 0,7 градус жоғары. Сондықтан, саммитте ел басшылары 2050 жылға дейін ауаны ластауды 50 пайызға азайтуға бәтуаласты. Ал дамыған елдер экологияның бұзылуын 80 пайызға дейін қысқартпақ.

Бензин сапасы талапқа сай емес

Манас Орынбасаров, Тобыл-Торғай экология департаментінің Ақтөбе облысы бойынша бас экологиялық инспекторы:

—Автокөліктердің қоршаған ортаны зиянды қалдықтармен біршама толтырып жатқаны рас. Бұған сапасыз бензиннің әсерінен ауаға уытты газдардың таралуы себеп болып отыр. Елімізде осы мәселеге қатысты үстіміздегі жылдың 1  шілдесінен бастап «Еуро-3» стандарты ендірілмек. Мақсат — көліктердің газды түтінінен ауаға бөлініп шығатын зиянды заттарды мүмкіндігінше азайту. Десек те қазіргі күні Қазақстандағы бензин сапасының 30 пайызы әлі Еуро-2 стандартына сай келмейді. Сондықтан болар сапаны бақылау жөніндегі халықаралық орталық қазақстандық бензиннің сапасын тоқсаныншы орынға қойып отыр. Елімізге еуропалық экология стандартына сай көліктер әкеліп алып, сапаға сай емес жанар-жағармаймен қамтамасыз ететін болсақ, бұдан еш нәрсе өзгермейді.

Қазір облыста автокөліктер саны жыл санап өсіп келеді. Былтыр облыс бойынша ауаны ластаған  зиянды қалдықтардың мөлшері жобамен 290 мың тоннаны құрады. Мұның ішінде 109 мың тоннадан астам зиянды қалдық автокөліктер арқылы таралып отыр. Осы мақсатта біз  өткен жылы ауаны ластап жатқан газды анықтау үшін 669 автокөлікке тексеріс жүргіздік. Оның 301-і «Таза ауа» операциясы кезінде тексерілсе, қалған көліктер жоспарлы тексерістен өтті. Нәтижесінде, еліміздің «Қоршаған ортаны қорғау туралы» Заңына сәйкес келмейтін 18 дерек анықталды.

Енді еліміздің аумағында айналымға шығарылатын автокөлік құралдарының сәйкестігін растау ауаға зиянды заттар шығаруына қойылатын талаптар туралы техникалық регламенттерге сәйкес жүзеге асырылатын болады. 2014 жылдың 1 қаңтарында  «Евро-4» стандартын енгізу де жоспарда бар. Бұл кезде пайдаланылғанына 12 жылдан артық болған көліктердің санын мейлінше азайту жұмыстары қолға алынбақ. Еуропалық экологиялық стандартқа көшуіміз, әсіресе, үлкен қалаларда экологиялық мәселелерді шешуге айтарлықтай оң ықпалын тигізеді.

 

Отандық көліктерге сұраныс көбейді

Құрахмет Төкешов, облыстық ІІД Жол полициясы басқармасы тіркеу-емтихан алу бөлімі бастығының орынбасары:

— Қазір облыста 170 мыңға жуық автокөлік ресми тіркеуде тұр. Өткен жылы аймаққа алыс шетелдерден 4867, елімізден өндірілген 260 автокөлік келді. ТМД елдерінен келген көліктердің саны — 618. Ал жыл басынан бері облысқа алыс шетелдерден 1790 автокөлік тасымалданды.  Былтырғы жылмен салыстырғанда, биыл отандық көліктерге сұраныс жоғарылады. Өйткені, өткен төрт айдың ішінде аймаққа 214 автокөлік тасымалданды.

Көліктер неғұрлым жаңа болса, одан шығатын зиянды қалдықтар соғұрлым аз болады. Қазір елімізде осы мәселеге қатысты жаңа талап орнап жатыр.

Негізінен облыс аумағына келетін көліктер Германия, Польша, Дубай, Балтық жағалауы елдерінен тасымалданады. Ресейлік көліктерге де сұраныс жоғары. Себебі, облыс көшелерінде жүрген жүк көліктерінің басым бөлігі тікелей Ресейден тасымалданып жатыр.

Автокөліктерді өндіруде әр елдің өзіндік стандарттары, талаптары бар. Мәселен, Германиядан шығарылатын автокөліктерді корейлік өнімдермен салыстыруға болмайды. Өйткені, германиялық көліктердің сапасы өте жоғары болғандықтан, бағасы да соған лайық қойылады. Стандартқа сай көліктер ғана арнайы сертификатпен еліміз аумағына кіргізіледі. Барлық талаптарға сай көліктерге техникалық құжат беру жұмысы алты сағат ішінде рәсімделуге тиіс.

Көліктер көптік етпейді, бірақ…

Биология ғылымдарының кандидаты Гүлнара Бимағамбетованың айтуынша, бір литр бензин жанған кезде ауаға 200-ге жуық зиянды компонент тарайды.

Облыста халық саны көбейген сайын, автокөліктер саны да артып келеді. Олардың ішінде бензинмен және дизельді отындармен жүретіндері бар. Зерттеулер бойынша, бүгінгі күні облыстағы жеңіл көліктердің елу пайызы бензинмен жүрсе, қалғандары газбен жүреді. Ал жүк көліктерінің  жетпіс  пайызы дизельді отынды, қалғандары бензинді пайдаланады. Сол сияқты,  сыйымдылығы үлкен автобустардың елу пайызы бензинмен, отыз пайызы газбен жүрсе, қалғандары дизель отынын пайдаланады, — дейді ол.

Автокөлік құралдарының және қозғалтқыштарының олардың шығарылған жылдарына байланысты 3-экологиялық кезеңнің талаптарына сәйкестік кестесі

Автомобиль және/немесе оған арналған қозғалтқышты шығарған ел 3-экологиялық кезеңінің талаптарына сәйкес келетін көлік құралдарының шығарылған жылдары
Еуропалық одаққа * кіретін, жанармай қозғалтқыштары 2001 жылдан бастап және одан кейін
Еуропалық одаққа кіретін *, дизельдер 2002 жылдан бастап және одан кейін
АҚШ 2001 жылдан бастап және одан кейін
Жапон 2005 жылдан бастап және одан кейін
Канада 2004 жылдан бастап және одан кейін
Үндістан 2010 жылдан бастап және одан кейін
Қытай 2008 жылдан бастап және одан кейін
Корея 2003 жылдан бастап және одан кейін
Ресей 2008 жылдан бастап және одан кейін
Украина 2010 жылғы 1 шілдеден бастап және одан кейінгі
Беларусь 2008 жылдан бастап және одан кейін
Өзбекстан 2010 жылдан бастап және одан кейін
Ескертпе:

*Еуропалық одаққа мыналар кіреді: Австрия, Бельгия, Ұлыбритания, Венгрия, Германия, Грекия, Дания, Ирландия, Испания, Италия, Кипр, Латвия, Литва, Люксембург, Мальта, Нидерланды, Польша, Португалия, Словакия, Словения, Финляндия, Франция, Чехия, Швеция және Эстония.

 

P.S. Ел Үкіметі 2007 жылдан бастап еуростандартқа сай техникалық регламентке өтуіміз қажеттігін айтып-ақ келеді. Техникалық регламентте жанар-жағармай сапасына сараптау үнемі жүргізілуі керектігі, қалалық жерлерде көліктердің лас ауа таратуына қатысты арнайы шаралар қарастырылуы керектігі анық көрсетілген. Десек те, осы аталған мәселелерді толықтай орындауға құлық танытатындардың қарасы көп болса дейміз…

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button