Басты жаңалықтар

«Жерұйық» — тату өмір тынысы

Достық үйінде Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында түсірілген  режиссер Сіләмбек Тәукеловтің «Жерұйық» атты  көркем фильмінің тұсаукесері өтті. Оны мәдени мекемелер қызметкерлері мен  Ақтөбедегі ұлттық мәдени орталықтардың өкілдері тамашалады.

Фильмге  халықтар достығы  өзек болған. Өткен ғасырдың отызыншы жылдарынан бастап түрлі себептермен Қазақстанға  күштеп  қоныс аударылған  корей, неміс, поляк, шешен, түрік сияқты ұлттардың өкілдерін  жатсынбай бауырына тартып, аузындағысын жырып берген қазақтардың дарқан пейілі мен  адамшылығы ұжымшар басқармасы Орынбай ақсақалдың бейнесі арқылы шынайы суреттеледі. Болат Әбділманов  сомдаған Орынбайдың бойынан достыққа адалдық, қонақжайлылық, турашылдық,  әділеттік жолында басын бәйгеге тігуге дайын  батырлық қасиеттер көрініс береді. Ұжымдастыру, ашаршылық, саяси қуғын-сүргін, соғыс сияқты небір зобалаңға тап келсе де адалдығынан айнымаған, тектілігін жоғалтпаған, араларында ізінен аңдып жүрген сатқындардың аранына түспей, бір-бірін отқа итермеген  адамдардың ерлігі таң қалдырады. Режиссер С.Тәукелов осы фильмінде  бүгінде сан түрлі ұлттар мен ұлыстар тату-тәтті, тыныш, бейбіт өмір сүріп жатқан Қазақстанды Асан қайғы бабамыз іздеген Жерұйыққа теңейді.

Фильмді толқымай көру мүмкін емес, жүректі қозғайды, елдегі тыныштықтың қадіріне жетуге үндейді. Туынды тағдырдың айдауымен   қазақ жерін паналаған ұлттардың ұрпақтарының да көңілінен шықты.

Ардақ ҚОНАҚБАЕВА.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button