Басты жаңалықтар

Ат үстіндегі өмір

«Кеңсеге келсем, ауылдық советтің төрайымы Жамал Есенбаева қақ төрдегі өзінің столынан тұрып, терезе алдында темекісін шиыра тартып тұр екен. «Сәлем бердік!» деп, кіріп келдім. Ол аман-саулық сұрасудың орнына, папиросын екі саусағының арасына қысқан күйі, ернін шүйіріп, бастан-аяқ менің тұла бойыма көз жүгіртіп шықты да, әмірлі дауыспен: — Қазір, түс ауа, қалаға, екі өгіз шанамен бидай тиеп қоймашы Қоздия жүреді. Содан қалмай, Ойылдың складынан осы ауылға тиесілі тауарларды алып кел! — деді. — Апай-ау, ертең жоқ, арғы күні әкемнің қырқы ғой. Соны өткізіп кетпеймін бе? — деп жыламсырадым ғой деймін. Оған құлақ аспақ түгілі: — Әкеңнің қырқын беріп үйде отыратын болсаң неге дүкенші болдың? Керей қылтамаққа ұшыраған соң, өлетінін білмедің бе? Бар, мен ештеңені білмеймін. Бүгін қалаға жүресің, тауар әкелесің. Райпотребсоюзға звондап, рациямен хабарлап қойдым, — деді де, енді айттым-бітті дегендей, бұрылып келіп столына отырып жатып, кет дегендей маған қолын сермеді». Мен бұл жолдарды қаламгер Қарылға Кереева апамыздың «Ат үстіндегі арпалыс» кітабындағы «Менің өмір жолдарым» деп аталатын естелік-әңгімелерінен келтіріп отырмын. Бұдан асқар таудай әкеден айрылып, көзі қара танымайтын екі анаға, алды он үште, арты бірден жаңа асқан төрт ініге қамқор болып қалған қаршадай қыздың жан күйзелісін көреміз. Соғыстан кейінгі ауыр жылдар, қайда да күйзеліске ұшырап, аш құрсақ отырған ел, жұт жеті ағайынды дегендей, қытымыр қыс. Осындай жағдайда «Сапақкөл» ұжымшарының орталық аралас дүкенінің сатушысы болып жан бағып отырған адамды жұмыстан босатады. Дәлелдері—материалға жауаптылық он сегіз жастан басталады. Ал бұл қызметті ауырып жүріп, ауданға кеудесін сүйретіп барып, жолдас-жораға жағдай айтып, әкесі алып берген еді. Онда он алтыдан он жетіге қарағаны кедергі болмаған. Енді, міне, сол әкенің көзі жұмылар-жұмылмаста ауыл белсенділерінің өз шешіміне өзі қарсы шығып отырғаны. Жазушы аталған кітабында басынан өткен оқиғаны, заманның құбылысын аңдып, өзінің қолайына қарай өзгере қалатын пендешілік мінездерді дәл суреттейді. Көмейге тығылған өксігін жасырмайды. Расында да, әкесі Керей ақсақал тірі болғанда, бір адамнан мұндай жекіру естір ме еді? Аяқтыға жол, ауыздыға сөз бермейтін, Ойыл өресі түгел білетін Керей емес пе ол?! Өзі орысша сауатты. Патша заманы кезінде Ақшатау елді мекеніндегі «Қызыл школдан» екі жылдық орыс мектебін бітірген. Алаш партиясы Ойылға алғаш туын тіккенде тізімнің бел ортасында жүрген. Кейін сауаты мен білігі кеңес өкіметіне де керек болған. Палуан десең — палуан, аңшы десең — аңшы. Тар жерде сөз табатын қара сөздің ұстасы. Тірі кезінде-ақ ел аңызға айналдырған адам. Соның бірі былай келеді. Атақты Құныскерей Жекенді-Жақсыбай бойын паналап, Тайсойған-Бүйрек қашып, айналып Қаратөбе асып, қанша милиция шықса да, талай жылдар ұстатпай жүрген. Бірде тәуір ат мініп, қару асынып, жапан далада аң аулап келе жатқан палуан денелі Керейді бір топ қарулы милиция әй-шайға келтірмей қапыл басып қалады. Жоғарғы жаққа «Құныскерейді ұстадық!» деп асығыс рапорт жөнелте бастайды. Сонда қысылшаң сәтте де ол қуақы сөзге бұрып: «Керейін ұстадыңдар. Құнысын білмеймін» деген екен. Осы сөз біздің елде мәтел болып кеткен. Бүгінде сексеннің сеңгіріне шығып отырған, өзінің де есімін ел білетін, бірнеше көркем шығармалар мен деректі кітаптардың авторы Қарылға Кереева сондай текті адамның қызы. — Қарғашымды қазақтың он ұлына берер ме екем. Қай бала әкесінің қасында қадалып отырып әңгімесін тыңдайды? Менің Қарғашым ғана. Баланы жасытпаңдар! — деп отырады екен қос кемпіріне әкесі марқұм. «Әке — балаға сыншы» деп бекер айтты дейсің бе үлкендер. Болатын баланы болжап, ерте үміт артқаны да. Тәңірдің сыйы сынды жазушылығы өз алдына, әкеден орта жолда қалған шиеттей бала-шағаның үлкенімін деп, бар тауқыметті мойынға алып, әкенің рөлін атқару қандай қыздың қолынан келеді. Сол кездегі ауылдың мектебінің жетінші класымен шектеліп, әке мұраты — інілерім оқысын, мамандық алсын деп жол ашып, өзі ұжымшардың ауыр жұмысына түсуін ерлікке парапар емес деп кім айта алады. Керей әулетін жақсы білетін Ойыл елінің үлкен-кішісі мұны әр кез үлгі етіп отырады. «Қап түбінде біз жатпайды» дейді халқымыз. Зерек, алғыр, қатарынан озып туған жас та солай, түбі бір бой көрсетеді. Қарылға апамыз да сол жеті кластық біліммен жастай атқа мініп, ел басқарды. Қатар жатқан екі ауыл — «Үшінші бесжылдық», Ленин ұжымшарлары бірігіп, бір кеңшар құрағанда, Қараой ауылдық кеңесінің төрайымы болып сайланды. Бұл қағаз жүзінде билігі болғанмен, іс жүзінде көп жерде ауылдық кеңестің билеп-төстеуді кеңшар басшысына беріп қойған кезі еді. Шынын айтқанда, оны басқаратын адамның ауылдың бір басшысы деген құр аты ғана қалған болатын. Апамыз біздің ауылға ауылдық кеңес төрайымы болып келгенде, мен аудан орталығындағы орта мектептің жоғарғы класында оқушы едім. Жазғы демалыс кезінде келсем, ауылдың ахуалы өзгеріп қалыпты. Ауылдық кеңес төрайымымен санасатын болған. Бірсыпыра жұмыс орындары кеңестің қарауына көшкен. Мысалы, бұрын өзі қожа, өзі би мектеп директоры «Қарекең айтты — болды» деп, тырп етпейтін болған. Қанша жылдан мектептің еден сыпырушылығын сұрап, ала алмай жүрген менің шешем де жұмысты болыпты. «Әкесі өмірден ерте өтіп, мектеп жасындағы екі бала бағып отырған жесір әйелмін» деп жылап барған екен, директорды сөзге келтірмеген. Бұрын сөренің астымен таратылатын дүкеннің тауарлары да кеңестің араласуымен қолы қысқа адамдарға беріле бастапты. Айлығы 27 сом шешеме қолға түсе бермейтін темір кереует тиген. Сөйтіп Қарылға апамыз басшы болғанда біздің ауылдың да, ауылдың адамдарының да шырайы кіріп қалды. Тіпті бір жылы Қобдада (ол жылдары Ойыл мен Қобда аудандары біріктірілген болатын) үлкен той өтіп, соған ауылдың көркемөнерпаздарын, өңшең шабандоз қыздарды дайындап апарды. Өзі бас болып атқа шапты. Екі ауылдың тарихын жатқызып өргізетін үлкендер жағы мұны ауызды Керейдің қызы болғандығынан десті. Міне, осы кездерден бастап мен апамыздың өмірінен хабардар болып отырдым десем, артық айтпаспын деп ойлаймын. Аудандық «Ойыл» газетіне ауысқанда жазғандарын қадағалап оқып жүрдім. Көбіне өлеңдері жарияланатын. Арада бірер жыл өткенде Алматының партия мектебіне түскенін естідік. Осында оқыған төрт жылда өндіре жазды. Және жазғандары, повесть, әңгімелері сол кезде үлкен таралыммен шығатын «Жұлдыз», «Мәдениет және тұрмыс», «Қазақстан әйелдері» журналдарында үзбей жарияланып тұрды. Әсіресе, «Жұлдыз» журналында жарық көрген «Қыз кегін қанжар жуған» деп аталатын повесі оқырмандардың қызығушылығын туғызып, қаламгерлер қауымынан жоғары бағасын алғаны есімізде. Алматыдан туған ауданына осылайша олжалы оралған апамыздың мұнан әрі шығармашылықты түбегейлі зерделуге уақыты бола қойған жоқ. Әдеби қауымнан бөлініп, қайтадан атқа мінді — билік жолына түсті. Аудандық партия комитетінің хатшысы болып сайланып, өзінің туған өңірін түлетуге кірісті. Бір қызығы, ондаған жыл аупарткомның үшінші хатшысы болғанда, сауда, жол, құрылыс сияқты шаруашылық салаларын басқарды. Басқа аудандарда мұндай хатшы идеологияға жауап берсе, бізде керісінше болды. Сол кезде аудандық газетте қызмет атқаратын біздер, журналистер, Қарылға апамыз мәдениет, өнер, білім, ауыл тұрмысы салаларын басқарғанда, көп пайда келтірер еді деп ойлаушы едік. Әрине, бұл апамыз шаруашылық салаларын білмеді дегеніміз емес, аталған салаларды да бір азаматтан кем басқарған жоқ. Ойылдың құрылысы, саудасы, жол жұмысы ол басқарған жылдарда облыста алдыңғы қатарда аталып жүрді. Қарақан басын ойласа, кім біледі, басқаша да болар ма еді. Бірақ апамыз көп жағдайда өзін тежей жүріп, ел қамын ойлаумен, бауырларына пана болу мақсаттарымен шектелді. Және сол алға қойған мақсаттарын орындады да. Төрт інісі өмірден өз орнын тауып, үйлі-баранды болды. Есімін ел танитын азаматтарға айналды. Жоғарыда біз атаған өмірбаяндық шығармасында: «…бауырларымның қиын жылдардағы тірліктері көз алдымнан кеткен емес. Мүмкін балалы-шағалы, үйлі-күйлі болған соң олар бұл жағдайды әлдеқашан-ақ ұмытқан болар» деп жазады. Пенде көңілі кейде әр тарапқа кетеді де… Ал апамыздың еңбегін інілерінің ұмытпағанына мен куәмін. Соның бір ғана мысалын айтайын. Аудандық газет редакциясында жетпісінші жылдары апайдың үлкен інісі, марқұм Мерекемен бірге қызмет атқардым. Сонда әңгімелесіп отырған кездерімізде, ағамыз екі сөзінің бірінде «Біздің ақсақал» деп отыратын. Ілкіде есіме ер адам түсіп жүрді. Кейін «біздің ақсақал» деп апайды айтатынын түсіндім. Бұл інілерінің апайдың әке орнына әке болып, өздерін тәрбиелеп, оқытып, әулеттің ақсақалы болғанын мойындағандықтың белгісі еді. Ол кезде апамыз да жас еді. Енді, міне, сексеннің сеңгіріне шығып, әулеттің үлкенінен елдің құрметті зиялысына белгілі қаламгер, республикалық дәрежедегі дербес зейнеткер, немере, шөбере сүйген абыз әже болып жетіп отыр. Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button