Экономика

30 мың адам жұмыспен қамтылады

«Жұмыс орындарының жеткіліктілігі Үкімет мүшелері мен әрбір әкімнің Қазақстан экономикасының тұрлаулы дамуын қамтамасыз етуге қабілеттілігі айқындалатын негізгі көрсеткіш болуы тиіс. Әрбір әкім, әр министр апта ішінде қанша жұмыс орнының қысқарғанын және жергілікті орындарда қаншасын ашқанымызды білуі тиіс. Нақ осы тұрлаулы дамудың негізі болып табылады. Өңірлік жұмыспен қамтылуды және кадрлардың қайта даярлануын қамтамасыз ету үшін мен Үкіметке кем дегенде 140 миллиард теңге бөлуді тапсырамын. Жергілікті бюджеттерден де жұмыспен қамту стратегиясын бірлесе қаржыландыруға ресурстар бөлінуі тиіс».

Президент Жолдау жолдарынан.


Елбасымыздың тапсырмасына орай Үкімет әлеуметтік салаларға қомақты қаржы бөлді. Қазір барлық аймақ осы бағытта атқарылатын  жұмыстарды қолға алды. Бұл тұрғыда біздің облыста қандай шаралар жүзеге аспақ? Осы  орайда жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бастығы Серік Орынбаевпен тілдескенбіз.

– Мемлекет басшысы азаматтардың жұмыссыз қалмауы үшін Үкіметке бірқатар тапсырмалар жүктеді. Қазір қаржы бөлініп, аймақтарда атқарылатын жұмыстар белгілі болды. Ал біздің өңірде осы шаруа  қалай жүреді?

-Елбасы тапсырмасына орай Үкімет қаулы қабылдап, жоспар бекітті. Қысқаша

айтқанда бұл «Жол картасы» деп аталады. Қазіргі таңда осы жоспар бойынша жұмыс атқарылып жатыр.

Дағдарыстан шығу үшін Үкімет 140 миллиард теңге бөлді. Бөлінген қаржы арнайы бағдарлама бойынша жүзеге асады. Бірінші – тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жұмыстары, яғни су, жылу, энергетика мен кәріз сулардың желілерін жөндеу. Бұл бағыттағы жұмысқа 50 миллиард теңге бөлінді. Екінші- ауылдық жерлердегі аурухана, мектеп, өзге де әлеуметтік нысандарды күрделі жөндеуден өткізу, бұған 40 миллиард теңге жұмсалады. Үшінші – ауылдық жердегі республикалық және жергілікті маңызға ие жолдарды жөндеу, бұған 50 миллиард теңге бөлінді. Осы қаржының ішінде біздің өңірге 11 миллиард 754 миллион теңге  тиесілі. Оның ішінде 9 миллиард 593 миллион теңге республикалық, 2 миллиард 161 миллион теңге жергілікті бюджеттен бөлінді.

Атқарылатын жұмыстардың жоспары алдын ала дайындалып, тізімі жасалды. Мәселен, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жұмыстары бойынша 18 нысан жөндеуден өтпек. Бұған республикалық бюджеттен 4 миллиард 80 миллион теңге бөлінсе, жергілікті бюджеттен 920 миллион теңге, яғни барлығы 5 миллиард теңге бөлініп отыр. Осы бағыт бойынша 10 350 адам жұмыспен қамтылады. Ал екінші бағдарлама бойынша ауылдық жерлердегі 172 әлеуметтік нысан күрделі жөндеуден өтеді. Бұған 3 миллиард 445 миллион теңге бөлінді. Яғни оның 2 миллиард 786 миллион теңгесі республикалық, 660 миллион теңгесі жергілікті бюджеттен қарастырылды. Жұмыс басталған уақытта 6970 адам жұмысқа тартылады. Үшінші бағдарлама бойынша 16 нысан қолға алынады. Бұған жұмсалатын 2 миллиард 900 миллион теңгенің 2 миллиард 367 миллион теңгесі республикалық, 533 миллион теңгесі жергілікті бюджет есебінен болады. Бұл кезде де 6 мың жұмыс орны ашылады.

Сондай-ақ, ауылдық жердегі кішігірім 28 әлеуметтік нысан күрделі жөндеуден өтеді. Оған республикалық бюджеттен 360, жергілікті бюджеттен 49 миллион теңге жұмсалып, 880 адам жұмыспен қамтамасыз етіледі. Осы жұмыстарды қадағалау үшін арнайы штаб құрылды. Штабқа облыс әкімінің өзі басшылық жасайды. Қазір  осы мәселелер бойынша барлық аудан әкімдеріне арнайы тапсырма жүктелді.

– Елбасымыз тиісті орындарға осы қаржының тиімді жұмсалуын ескерткені белгілі.  Демек, облысқа бөлінген қаражат та қатаң бақылауға алынатын болар…

– Әрине, біздің  алдымыздағы мақсат – бөлінген қаржының түгелдей және мақсатты түрде игерілуін қадағалау. Бұл оңай шаруа емес. Осы мақсатта тиісті министрлік пен облыстық әкімдіктің арасында арнайы келісім-шарт жасалады. Екі жақты келісімнен кейін облыстық әкімдік  қаржының қандай мақсатқа жұмсалып, қалай игеріліп жатқанын бақылауды өз міндетіне алады. Яғни бұл қадам  қаржының жұмсалуын реттейді. Мәселен, қаланың жылу жүйесін жөндеуге 1 миллиард теңге, су жеткізу жүйесін күрделі жөндеуден өткізуге 4 миллиард теңге бөлінді.  Бөлінген қаржы осылай әр салаға есептеліп, нысанға қажетті құрылыс материалдары, өзге де шығындар қаралып, қаржының игерілуі  басты назарда болады.

Қазір облыс әкімінің тапсырмасы бойынша барлық басқармалар, аудан әкімдері жұмыс істеп жатыр. Қиын кезеңде азаматтардың жұмыссыз қалмауы үшін барлық мүмкіндіктер жасалуда. Елбасы Жолдауы жарияланғаннан кейін облыс әкімі Елеусін Сағындықов тиісті орындардың басшыларын жинап, алда тұрған міндеттерді қайта пысықтауды ескертті. Қазір тапсырма орындалуда.

– Жолдауда ауыл халқына айрықша көңіл бөлінді. Осы орайда аймақта  қандай шаралар жүзеге аспақ?

– Биыл Елбасымыз ауылдағы әлеуметтік нысандарды күрделі жөндеуден өткізуге ерекше назар аударды. Осының арқасында ауылдағы кішігірім  нысандар біраз бой түзейді. Мәселен, Әйтеке би ауданында – 5, Алғада – 6, Байғанинде – 6, Ырғызда – 5, Қарғалыда – 7, Қобдада – 2, Мәртөкте 10 мектеп күрделі жөндеуден өтеді. Ал мәдениет саласы бойынша аудандардағы 10 нысан қайта жаңартылады. Оның ішінде Алғада – 3, Байғанинде – 2, Мәртөкте 1 нысан күрделі жөндеуден өтпек. Сондай-ақ, 8 спорт нысаны және 9 аурухана қайта жаңарады. Демек, Елбасы Жолдауында айтылған жаңарудың бір үлгісін осыдан-ақ көруге болады.

– Дағдарысқа байланысты жұмыссыздық деңгейі қаншалықты өсті?

– Өткен жылы  жұмыссыздық деңгейі 0,6 пайыз болды. Қазір де осы қалыпта.  Жалпы, аймақтағы ірі мекемелер мен кәсіпорындар жұмыс көлемін азайтқанмен, жұмысшыларын қысқартқан жоқ. Олардың басым бөлігі қараша, желтоқсан айларында қиындықты бастан кешірді. Сол кезеңде жұртшылық арасында үрейдің болғаны рас. Бірақ қазір барлығы қайта қалпына келуде. Бүгінде 340 мекеме меморандумға  қол қойды. Бұл жұмыссыздықтың алдын алуға бағытталған тиімді шара болды. Өйткені арнайы келісімге келген кәсіпорындар жұмысшыларды мүмкіндігі келгенше қысқартпауға тырысты.

Қазір 500-ге жуық мекемені бақылап отырмыз. Оның ішінде ірі кәсіпорындардың жұмысы басты назарда. Мәселен, 1 сәуірдегі дерек бойынша 1065 адам қысқартылған жұмыс күнінде жұмыс істейді. Бұндай қадамға жол беретіндер – негізінен шағын шаруашылықтар, яғни ұсақ құрылыс компаниялары. Ал олардың басым бөлігі қыс мезгілінде жұмысын тоқтатып, құрылыс қызу жүретін жазда қайта жанданады.

Елбасы Жолдауында айтылғандай, дағдарыс экономиканың жаңаруына да өз септігін тигізіп жатыр. Мәселен, көптеген кәсіпорындар жұмыс жүріп тұрған уақытта мекемені күрделі жөндеуден өткізу немесе жұмыс жүргізу әдісін өзгерту мәселесін қиын көретін. Ал дағдарысты пайдаланған  бірқатар мекемелер осының барлығын жаңалауға, басқа бағытта жұмыс жүргізуге көшіп жатыр.

– Бұл тұрғыда аудандардағы ахуал қалай?

– Әзірге аудандарда жағдай қалыпты. Ірі кәсіпорындар шоғырланған Мұғалжар, Хромтау аудандарында да бұл мәселе шешімін тапқан, жұмыстан босаған азаматтар жоқ. Әрине, аудандағы ауыл шаруашылығы, құрылыс мекемелерінің қыста тоқтап, жазда жұмысын жалғастыратыны белгілі.

– Демек, дағдарыс ауылға әсер етпейді дейсіз ғой…

– Дағдарыстың салқыны ауылға да тиетіні анық. Қазір бұл сезіліп те отыр. Дегенмен ауыл халқы дағдарыс екен деп қол қусырып отырған жоқ. Істің көзін тауып, еңбек етуде. Жуырда Әйтеке би ауданына жасаған іссапар кезінде халықпен, кәсіпорын басшыларымен кездестік. Тұрғындар тарапынан дағдарыстан үрейленіп, шарасыздық танытқандық байқалмайды.  Барлығы да қиындықты бірігіп жеңуге тырысып бағуда.

Жалпы, Жолдауды насихаттау мақсатында құрылған топтар аудандарды аралап, бірқатар жұмыстарды атқарды.

– Ал азаматтарды жұмыспен қамту мақсатында қандай шаралар қолға алынуда?

–  Дағдарысқа байланысты Елбасымыз атқарушы органдар алдына қыруар тапсырма жүктеді. Соның бірі – жұмыссыздықпен күрес. Осы бағытта өзге өңірлермен салыстырғанда біздің облыс көш ілгері. Мәселен, Мемлекет басшысының тапсырмасына орай бөлінген қаржыға биыл облыста 24 мың 200 жұмыс орны ашылады. 200-ден астам инвестициялық жоба бойынша 12 мың адам жұмысқа тартылады. Мәселен, мәдениет және демалыс саябағындағы  «Мега Ақтөбе» орталығы іске қосылған уақытта 1200 жұмыс орны және қала шетінде салынып жатқан коммуналдық базар ашылғанда 600 адам жұмыспен қамтамасыз етіледі. Ал әлеуметтік жұмыс орны мен жастар практикасы бойынша 5 мыңнан астам адам жұмысқа тартылады, демек, барлығы 30 мыңға жуық азамат жұмыспен қамтамасыз етіледі.

Сондай-ақ, жыл сайын әлеуметтік жұмыс орындары ашылып, азаматтар табысты  еңбек етуде. Биыл да осы үрдіс жалғасын табады. Осы мақсатта аймақтағы кәсіпорындармен бірлесе жұмыс жүргізілуде. Мәселен, Ақтөбе кондитер фабрикасы, «Рамазан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, АЗФ секілді өзге де мекемелерге азаматтарды жұмысқа орналастырамыз. Жұмысқа алынатындар, яғни жасы зейнеткерлікке жақындаған, мамандығы жоқ азаматтар болуы тиіс.  Бүгінде осы бағыттағы шаруаларға облыстық бюджеттен қаржы қарастырылып, 370 адам жұмысқа орналасты. Ал Елбасы тапсырмасы бойынша аталған мақсатқа  республикалық бюджеттен 302 миллион теңге бөлініп отыр. Яғни 3386 адам жұмыспен қамтылады. Жұмысқа орналасқан азаматтар 30 мың теңге көлемінде жалақы алады. Оның жартысы республикалық бюджеттің есебінен болса, қалғанын жұмыс беруші төлейді. Дегенмен жаз мезгілінде азаматтарға жұмыс көп. Әсіресе, құрылыс материалдарын шығаратын компаниялардың қызметі жандана түсері анық. Өйткені биыл бөлінген қаржының бәрі құрылысқа жұмсалады. Ал оған қажетті материалдар өзіміздің кәсіпорындардың өнімі болмақ. Демек, азаматтар жұмыссыз қалмайды. Тіпті, қалалық әкімдіктің қолға алуымен өткізіліп жатқан тазалық, абаттандыру жұмыстары да жұмыссыздықты болдырмау мақсатында жасалған шаралардың бірі.

Жұмыспен қамту мәселесінде жастар да назардан тыс қалмайды.

Биыл жастардың еңбек тәжірибесіне 173, 3 миллион теңге бөлініп отыр. Осы бағыт бойынша 1926 жұмыс орны ашылады. Жұмысқа орналасқан жастар 15 мың теңге көлемінде жалақы алады.

– Жолдауда шетел мамандарын өзіміздің елдің мамандарымен алмастыру мәселесі баса айтылды. Осы бағытта қандай іс тындырылып жатыр?

– Өткен жылы облыстағы 58 кәсіпорында шетел маманы жұмыс істеді. Олардың үлесі 2,1 пайыз болды. Ал сәуірдің басында 31 кәсіпорында 346 маман еңбек етті.  Оның 342-сі жоғарғы білімді маман болса, төртеуі – жай жұмысшы. Яғни олардың үлесі – 1,7 пайыз. Былтыр облысқа 1200-ден астам шетел маманы келсе, биыл бұл көрсеткіш  500-ден аспайды.  Өйткені оларға рұқсат бір жылға беріледі және  әр жылға белгіленген квота бар. Айта кетерлігі, жұмыс істеуге ниет танытқан мамандар талап бойынша жергілікті мамандарды оқытуы тиіс. Мәселен, биыл төрт айдың ішінде шетелдік компаниялар өз қаржысымен 2 298 адамды оқытып, біліктілігін көтерді. Осының арқасында олар өз мамандарын жергілікті мамандармен алмастырып отырады. Қазірде осы мәселеге байланысты арнайы меморандум әзірленуде. Маусым айында келісім дайындалып, облыстағы барлық  шетелдік компаниялар меморандумға қол қояды. Қазірде осыған байланысты  жұмыс жүруде.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button