Басты жаңалықтар

«Әлия гүлі» достарын шақырды!

Жақында «Әлия гүлі» достарын қарсы алады!» атты ІV халықаралық балалар және жасөспірімдер шығармашылық фестивалі өтті. Қаламызда екі жыл сайын дәстүрлі ұйымдастырылатын фестивальға бұл жолы қатысушылар саны көп болды.
Мәскеу, Пенза, Орынбор, Орск және Қазан, Бішкек, Тараз қалаларынан келген, сонымен қатар, ақтөбелік би топтары екі күн бойы өз өнерлерін ортаға салды. Ән салу, жеке аспаптарда орындаушы және би жанры бойынша барлығы 300-ге жуық жасөспірім қатысты.
Байқаудың жабылу салтанаты Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н. Назарбаев атындағы саябақта өтті. Фестивальға қатысқандардың барлығы қала әкімі атынан Алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтармен марапатталды. Ал сол маңға жиналған қала тұрғындары жан-жақтан келген би ұжымдарының мерекелік гала-концертін тамашалады.
Көрші мемлекеттен келген қонақтар мұндай фестивальдың өте қажет екендігін айтады.
— Біз фестивальға екінші рет қатысып отырмыз. Мұндай шара балалардың талантын бағалауға, олардың өзге елдерден келген құрбыларымен танысуына, достасуына жол ашады. Әр елдің өз әдет-ғұрпы, мәдениеті бар.
Фестивальдың Қазақстанда, соның ішінде Ақтөбе қаласында ұйымдастырылып жатқанына қуаныштымыз. Осыншама қаржы бөліп, игі іс жасап жатқандарға алғысымыз шексіз. Бишілеріміз бұған дейін Ресей, Түркия, сол секілді Еуропаның басқа да елдеріне барған болатын. Бізге, әсіресе, ақтөбеліктердің қарсы алғаны, қонақжайлылығы қатты ұнады, — дейді Бішкек қаласынан келген «Жаш қиял» би тобының жетекшісі Жаныбек Челитеров.
Фестивальға қатысушылар ертеңіне Қобда ауданының Әлия ауылына барып, концерт қойды. Ал сол күні кешкілік «Әлия гүлі» би ансамблі келген қонақтарға өз өнерлерін қөрсетті.
— Биылғы фестивальға қатысушы елдер мен ұжымдар саны өткен жылдардағымен салыстырғанда көп. Ресей, Татарстан, Қырғыз елдерінен келген және өзіміздің би топтарын қосқанда барлығы 16 ұжым қатысты. Жыл сайын фестивальдың ауқымын кеңейтіп, қатысушылардың санын арттыруды мақсат етіп отырмыз, — дейді Ақтөбе қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бастығы Маржан Қорғанбаева.
Сәнім ЫСҚАҚҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button