Басты жаңалықтар

Аудандық сот пен прокуратура ғимараты ашылды

Жұма күні Ойыл аудандық соты мен аудандық прокуратура ғимараттары пайдалануға берілді. Салтанатты түрде өткен шараға облыс әкімі Елеусін Сағындықов, Жоғарғы Соттың төрағасы Бектас Бекназаров, Бас Прокурордың бірінші орынбасары Иоган Меркель қатысты.
Салтанатты жиын еліміздің Әнұраны айтылуымен басталды. Бұдан соң алғашқы құттықтау сөз облыс басшысы Елеусін Сағындықовқа берілді.
─ Құрметті ойылдықтар, бүгін, міне, тағы да сіздермен жүздесіп отырмыз, ─ деп әңгімесін бастаған облыс әкімі Елеусін Наурызбайұлы соңғы жылдары Ойыл ауданының жағдайы күрт жақсарғандығын тілге тиек етті. Бұдан 2-3 жыл бұрын Ойыл мен Қобданың арасындағы жол салынды. Бірнеше көпірге күрделі жөндеу жасалды.
─ Бұрын «Ойыл ─ Қобда» бағытындағы жолдың нашар екендігі соншалық, екі ортаға жолаушылардың біраз уақыты кететін. Әлі есімде, 2004 жылы сәуірдің 16-сы күні Қобда мен Ойылдың арасында «Джип» көлігімен бір тәулік жүргенмін. Қазір ойылдықтар жол азабынан құтылды. Сапалы салынған жолдың арқасында жолаушылар аталған екі ауданның арасына небары 1-1,5 сағатта жетіп жүр, ─ деді облыс басшысы.
Елеусін Наурызбайұлы аудандағы әлеуметтік нысандар да жаңартылғандығын жеткізді. Мысалды көптеп келтіруге болады. Мәселен, талапқа сай құрал-жабдықтармен қамтылған соңғы үлгідегі аудандық аурухана бой түзеді. ─ Мұндай медицина мекемесі еліміздің көп ауданында жоқ. Былтыр Сарбие ауылында бой көтерген балабақша бүлдіршіндердің базарлы мекеніне айналды. Ойылдың кәсіптік лицейі аграрлық колледж атанды. Қазір колледж оқушыларына арналған жатақхана салынып жатыр. Қыркүйек айында колледждің жаңа оқу корпусы пайдалануға беріледі. Аудан орталығында мектеп салу жоспарда бар. Мұның бәрі ─ Елбасының сарабдал саясатының жемісі.
Ойылды білетініме, кем дегенде, 45-50 жыл болады. Осы жерде туып, өспегенмен, осы топырақтан өнегелі тәрбие алдым. Осы жерден облысқа, республикаға белгілі жас спортшы атандым. Ойыл болашағыма даңғыл жол ашты. Сондықтан да Ойыл мен үшін ыстық, ─ деді Елеусін Сағындықов. Облыс басшысы өз сөзінде Ойыл өңірінің сәулетіне өзіндік сән берген екі бірдей еңселі ғимараттың ашылу салтанатына қатысқандықтары үшін Жоғарғы Соттың төрағасы Бектас Бекназаров пен Бас Прокурордың бірінші орынбасары Иоган Меркельге алғыс білдірді. Жиынға қатысушыларды, ойылдықтарды ел игілігі үшін пайдалануға беріліп отырған құқық қорғау саласының қос мекемесінің ашылуымен құттықтады. Бұдан соң Жоғарғы Соттың төрағасы Бектас Бекназаровқа сөз берілді.
─ Қадірменді Елеусін Наурызбайұлы, құрметті жерлестер, ойылдықтар, әріптестер! Ең алдымен сіздерге Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан Республикасы соттарының төрағаларын тағайындау туралы» Жарлығын таныстырайын. Конституциямыздың 82-бабының 2-тармағына сәйкес, Ойыл аудандық сотының төрағасы қызметіне Нұрлан Бақтығалиев Қарғалы аудандық сотының судьясы қызметінен босатыла отырып, тағайындалды. Бұған дейін Ойыл аудандық сотын басқарған Аманғали Қаржауов Темір аудандық сотының төрағасы қызметіне тағайындалды. Жаңа тағайындаулармен аталған азаматтарды құттықтаймын, ─ деді Бектас Әбдіханұлы. Содан кейін Жоғарғы Соттың төрағасы өз сөзінде ақтөбеліктерге деген ыстық ықыласын жеткізді.
─ Құрметті, ақтөбеліктер, жерлестер, мен өзімді шын жүрегіммен, шын ниетіммен, шын пейіліммен ақтөбелікпін деп есептеймін. Ақтөбе мен үшін өте ыстық, өте қымбат. Ақтөбе мені осы үлкен лауазымға көтеріп, жеткізген қасиетті, құтты мекен. Сондықтан, мен баршаңызға шын жүрегіммен алғыс білдіре отырып, бүгін сіздерді көргеніме қуанышты екенімді айтқым келеді, ─ деді Жоғарғы Соттың төрағасы ағынан ақтарыла. Бектас Әбдіханұлы облыс әкімі Елеусін Наурызбайұлының ел игілігі үшін жасап жатқан игі істеріне ризашылығын білдірді.
─ Қадірлі Елеусін Наурызбайұлы, еліміздің бүкіл сот жүйесінің атынан, судьяларының атынан әділдікке деген сенім туғызатын әдемі ғимарат тұрғызуға ықпал еткеніңіз үшін алғысымды жеткізгім келеді. Ойылға келген алғаш іссапарымда әділдіктің, заңдылықтың мекенінің аңғал-саңғал, тозығы жеткен ғимаратын көріп көңілім құлазыған еді. Облыс басшысына аудандық сот өз мәртебесіне сай болуы үшін оның ғимараты да соған сай болғаны дұрыс екендігін айтып, жаңа ғимарат салу жөнінде тілек білдірген едім. Міне, бүгін Елеусін Наурызбайұлы, өзіңіздің тікелей көмегіңізбен қысқа уақыттың ішінде Ойылымызда еңсесі биік ғимарат бой көтерді.
Қаржыны, әрине, кез келген жүйеге, салаға бөлуге болады. Сот жүйесіне, прокуратура жүйесіне ерекше көңіл бөліп, құқық қорғау саласының еңсесі әрқашан биік болсын деген ниетпен қолға алған бастамаңыз республикаға өнеге болып жатыр. Ақтөбе облысының әкімінен бастау алған игі, ізгі істер басқа облыстарға үлгі болып отыр, ─ деп Бектас Бекназаров Елеусін Сағындықовқа риясыз көңілін білдірді.
Облыс әкімі Елеусін Наурызбайұлының тікелей ықпал етуімен Алға аудандық сотының ғимараты бой түзеп, Алға аудандық прокуратурасы жаңарды. Былтыр жыл аяғында Хромтау қаласында да аудандық сот пен прокуратура ғимараттары пайдалануға берілді. Дәл осындай құрылыс Мұғалжар ауданының Қандыағаш қаласында да салынып жатыр.
─ Кең байтақ еліміздің әр өңірінде соңғы үлгідегі құрылыстар жүргізіліп, небір түрлі зәулім ғимараттар салынып жатыр. Гүлденіп, жаңаша түрге енген тек қана қала мен облыс орталықтары емес, заман талабына сай ғимараттар аудан орталықтарында, ауылдарда да бой көтеруде. Соның жарқын мысалы ─ Ойыл аудандық сотының ғимараты. Құрылыс жұмыстары өте сапалы жүргізілгені көрініп тұр. Оның үстіне, жоспарланған уақыттан 3 ай бұрын аяқталды. Қысқа мерзімде осындай зәулім ғимарат салу, расында, біздің елдің экономикасы мықты екендігін көрсетеді.
─ Құрметті, жерлестер, әріптестер, сіздерді осы сән-салтанаты келіскен еңсесі биік ғимараттың пайдалануға берілуімен құттықтаймын. Жаңа ғимарат әділдіктің, тазалықтың, адалдықтың, туралықтың, заңдылықтың нағыз мекені болсын деп тілек білдіремін, ─ деді Бектас Бекназаров. Ол өз сөзінде сот қызметкерлеріне қойылатын талаптың жоғарылығын айтып, әр судьяның халық сенімінен шығуы керектігін тапсырды.
─ Сотқа, прокуратураға халық еріккеннен келмейді. Мұнда келген адамдар әділідікті, заңдылықты іздеп келеді. Сот ғимаратының табалдырығынан аттаған әрбір азамат мемлекеттің қорғауында, заңның қорғауында болатындығын, оның қойып отырған заңды талап-тілектері әр уақытта орындалатындығын түсініп, расында, әділеттілік үйіне келдік деп есептеуі керек. Сондықтан, осындағы сот төрағасына, сот қызметкерлеріне, судьяларға мекеме есігін ашқан әрбір азамат осы сәулетті ғимаратқа жақсы көңілмен, әділеттілікке деген сеніммен келіп, ризашылықпен шығатын болсын деп тапсырамын.
Құрметті Ойыл аудандық сот, прокуратура қызметкерлері, жаңа шаңырақ құтты болсын! Бұл шаңырақтың есігінен де, тесігінен де заңдылықтың шұғыласы шашырап тұрсын, ─ деп Бектас Әбдіханұлы Жоғарғы Соттың аттынан той шашуын ─ аудандық сот төрағасы Нұрлан Бақтығалиевке автокөлік кілті мен сот қызметкерлерінің әрқайсысына жеке 8 дана компьютер, сот процесіндегі жағдайдың барлығын жазып алатын үн-бейне жазба құрылғы және соңғы үлгідегі теледидар сыйлады.
Бектас Әбдіханұлынан кейін сөз алған Бас Прокурордың бірінші орынбасары Иоган Меркель Ойыл өңірінде бой көтерген екі бірдей еңселі орданың ел тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойына тамаша тарту екендігін жеткізді.
─ Мұның бәрі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасының Ақтөбе облысында жүйелі орындалып жатқандығының айғағы. Сондықтан, облыс әкімі Елеусін Наурызбайұлына көп-көп рақмет айтамын. Сөздің орайы келгенде, ардагерлеріміз, Ойыл аудандық прокуратурасын ұзақ уақыт басқарған Базарбек Уайсов пен Кәміл Қарымсақовтарға алғыс білдіремін.
Құрметті ойылдықтар, қуаныш ұзағынан болсын, ─ деді Иоган Меркель. Бұдан соң бас мердігер, «Казтепломонтаж» серіктестігінің бас директоры
Алмас Исмағұлов аудандық соттың төрағасы мен прокурорға ғимараттардың кілттерін тапсырды.
Ауыл ақсақалы Жақсылық Бисәлиев ойылдықтардың атынан ғимараттардың салынуына ұйытқы болған облыс басшысына, құрылыс жүргізуге атсалысқан азаматтарға ризашылығын білдіріп, ақ батасын берді. Бұдан соң облыс әкімі Елеусін Сағындықов, Жоғарғы Соттың төрағасы Бектас Бекназаров, Бас Прокурордың бірінші орынбасары Иоган Меркель аудандық сот пен прокуратураның тұсауын кесті. Меймандар бастаған топ ғимарат ішін аралап көрді. 3 қабатты жаңа ғимараттардың құрылысы былтыр сәуір айында басталды. Жоғары қабат кордификация, мұрағат бөлмелері және аудандық соттың оқу орталығына арналған. Ал екінші қабатта сот төрағасының бөлмесі, қабылдау бөлмесі, сондай-ақ азаматтық және қылмыстық істерді қарауға арналған 2 мәжіліс залы орналасқан. Төменгі қабатта кеңсе, азаматтарды қабылдау бөлмесі бар. Ғимараттың жалпы көлемі ─ 1305 шаршы метр.
Ал аудандық прокуратураға ғимараттың 2-қабаты тиесілі. Құрылысы былтыр мамыр айында қолға алынған ғимарат жаңа қондырғылармен жабдықталған және Бас Прокуратураның бірыңғай ақпараттық-талдау жүйесіне қосылған. Ғимараттың бірінші қабатында кеңсе, мұрағат, Бас Прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Ақтөбе облысы бойынша басқармасы өкілінің бөлмесі мен азаматтарды қабылдау бөлмесі бар. Екінші қабатта прокурор мен көмекшілерінің бөлмелері және мәжіліс залы орналасқан.
Ойыл аудандық сот пен прокуратура ғимараттарының салтанатты ашылу рәсімінен кейін облыс басшысы Елеусін Сағындықов бастаған топ балалар және жасөспірімдер спорт мектебі мен аграрлық колледж жұмысымен танысты.
Шағбан Жәмиев, Ойыл аудандық сотының судьясы:
─ Бүгін қуанышты күн. Бұрынғы ғимарат сот мәртебесіне лайықты емес еді. Облыс әкімінің қолдауымен әсем ғимарат бой түзеді.
Аудандық сотта жалпы 8 адам жұмыс істейді. Оның 2-еуі судья.
Судьялардың жалақысы, шүкір, көп. Мысалы, менің жалақым 223 мың теңге.
Сот жүйесіндегі жаңалықтар
Ғимарттардың ашылу рәсімі өткен соң Жоғарғы Соттың төрағасы Бектас Бекназаров ақтөбелік тілшілердің сауалдарына жауап берген еді.
─ Еліміздің сот жүйесіндегі жаңалықтар туралы айтсаңыз?
─ Сот саласы қазір үлкен жаңалықтардың алдында тұр. Соның ішінде ең бастысы, сотты барынша халыққа жақын ету. Қолданыстағы заң күшіне енген сот шешімдері, сот актілерінің барлығына байланысты шағымдану үшін тек қана Жоғарғы Сотқа баруға бағытталған. Біздің ұстанымымызша, бұдан былай сот шешіміне наразы кісілердің барлық мәселесі Астанада, Жоғарғы Сотта емес, осы жергілікті жерде, облыстық соттың аппеляция кассациялық алқасында шешілуі керек. Егер заң жобасы күшіне енетін болса, 2012 жылғы қаңтардың 1-інен бастап, біз мыңдаған адамды Астанаға, Жоғарғы Сотқа сенделтпей, әуре етпей барлық мәселе облыстарда шешілетін жүйені қалыптастыратын боламыз.
Істердің сотта қаралуы, тез арада, жылдам шешілуі де жаңа бағыт алып жатыр. Сот ісін татуластыру арқылы шешуге негізделген «Медиация туралы» заң тамыздан бастап күшіне енеді. Бұл заңның негізгі түйіні мынау: егер екі жақ келісімге келсе, ол келісім мемлекеттің мүддесіне қайшы келмесе, онда сол келісім бойынша сот процесін аяқтау.
Сот жұмысына берілетін бағалау жүйесіне де өзгеріс енгізілді. Облыстық соттың жұмыстарына бұрынғы берілетін баға жалпы сот актілері неғұрлым көбірек күшінде болса, сапалылығы соған байланысты-тын. Қазіргі біздің қойып отырған талабымыз, облыстық сот тарапынан жергілікті бірінші сатыдағы соттардың, қалалық, аудандық соттардың қателіктері неғұрлым көбірек табылса, неғұрлым көбірек түзетілсе, міне, соттың жұмысына берілетін нағыз баға ─ осы. Айта кету керек, бірінші жартыжылдықта сот жұмысына берілетін баға қателіктердің көбірек анықталғандығына байланысты беріліп, сол бойынша қорытынды жасалады.
─ Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қабылдауында болдыңыз. Мемлекет басшысымен арадағы әңгіме жөнінде айтып берсеңіз?
─ Елбасы қабылдауында болғанда айтылған негізгі әңгімелер ─жоғарыда айтылған мәселелер. Яғни сот беделін көтеру мәселесі, судьялардың тағайындалу тәртібі, судьялардың өз қызметіне лайықты болуы туралы айтылды. Елбасы маған Жоғарғы Соттың төрағасы ретінде біршама тапсырма берді. Негізгісі, әрбір судьяның, әрбір сот қызметкерінің мемлекеттік тәртіпті, еңбек тәртібін, заңдылықты сақтауға бар күш-жігерін салып, өз жұмысын, өз қызметін үлкен жауапкершілікпен атқару, сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу. Бұл жүктелген міндеттерді сот қызметкерлері атқара алады деген сенімдемін.
Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button