Ауыл

Жолдаудың жаңғырығы – жаңа пәтер


Қандыағашта 60 пәтерлік үй пайдалануға берілді

«Тұрғын үй-коммуналдық шаруашы­лықты әлдеқашан-ақ ретке келтіру керек еді. Келіңіздер, қазір осымен айналы­сайық».

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына биылғы Жолдауындағы бұл үндеуді Мұғалжар ауданының басшылығы еліміз бойынша алғашқылардың бірі болып қабылдады.

Әрине, еліміз тәуелсіздік алған жылдары одақтың өзге мемлекеттерінде құрсаулы кәсіпорындар тоқырап, өндірістерге тәуелді шағын қалалардың шат-шәлекейі шыққаны белгілі. Бірақ ұйымшылдығы жарасқан, шыдамдылығы түйеден, момындығы қойдан да жуас халқымыз ол қиындықты санаулы жылдарда еңсеріп, әлемнің азулы мемлекеттерімен иық тірестіре сөйлесетін жағдайға жеткендігі рас. Тиісінше қияндағы ауыл қиялдағы арманға қол созатын жағдайға жетті. Бюджеттің қоржыны молайған сайын, халықтың ырыздығы да арта түсті. Әйтпесе өткен сенбіде Қандыағаш қаласында пайдалануға берілген 60 пәтерлік үйдің мұң-мұқтаждарға тегін берілуі сол молшылықтың белгісі емей не?

Әсіресе, әке-шешеден айырылып, атасының қолына қарап қалған, жетімдіктің тауқыметін жан-тәнімен сезініп жүрген, соңынан ерген екі сіңлісі мен бір інісін бауырына басқан өрімдей Гүлнұр Мұқаеваның хан сарайындай үйдің кілтін қолына алған сәттегі шаттанып, жәудіреген көздері жасқа шыланғанда толқымаған жан қалмағаны рас. Бұл да болса Гүлнұрдың тағдырластарының, тіпті, кем-кетігі толық жерлестерінің елдің болашағына деген сенімдерін ұлғайта түсері сөзсіз. Жаңа қоныстың құрылысы 1985 жылдары басталып, кейін аз-мұз уақыттан соң қаңырап қалған ғимарат болатын. Оны да кезінде санаулы тиын-тебенге сатып алған кәсіпкерлерден ауданның коммуналдық меншігіне қайтару да оңайға соқпады, алайда жергілікті әкімдік бұл үдеден де шықты. Сөйтіп, бюджеттен бөлінген қаражатқа үй толығымен жөнделіп, өткен демалыстан бері ауласында қызу қайнаған тірлік басталды.

ӘКІМНІҢ ӘДЕТІ

Аудан әкімі Серік Шаңғұтов әдеттегіше жақсы жаңалыққа журналистерді жинайтын әдетінен жаңылған жоқ. Әрине, бұл жолғы жетістік қомақты екендігі рас. Оның үстіне, осындай әлемдік дағдарысқа қарсы арпалыс уақытында тұрғын үй кезгіндегілердің қатарын бір сәт те сейілту оңай шаруа емес.

– Биылдың өзінде Қандыағаш пен Ембі қалаларындағы су құбырлары ауыстырылады. Жұрын және Ақкемер ауылдарындағы ауыз су жүйесін жөндеуден өткізуге қаражат дайын. Әр айдың сейсенбісінде азаматтарды қабылдау күні мен үшін қиындық пен қызыққа толы. Сол қабылдауларда ауызға жиі ілігетін мәселе баспанамен қамту болатын. Осы тұрғыда өткен жылдың соңында ғана болатын бірнеше үй тапсырдық. Баспаналы болғандар тізімінде бюджеттік мекеме қызметкерлерінің үлесі басым. Оған қоса мүмкіндігіміз келгенше әрбір ауылдан жас мамандарға, әсіресе, дәрігерлер мен полицейлерге қажетті үйлер де алынып жатыр, – деді С. Шаңғұтов пәтер иелеріне кілт тапсыру салтанаты кезінде.

Мұғалжар – өнеркәсіп шоғыры мол, жер асты байлықтарына толы аудан. Әл-ауқатынша ол өндірістер қарекет етуде. Тиісінше шикізат өндірушілер мен қайта өңдеуші кәсіпорын жұмысшыларының жалақысы да анағұрлым көп. Сондықтан да мұғалжарлықтар арасында халықпен тікелей байланысатын бюджеттік салада маман тапшы. Аудан әкімінің мемлекетке тікелей қызмет көрсетушілерді ынталандырудың бірден-бір жолы әлеуметтік, яғни тұрғын үй мәселесін шешу деп санайтындығы сондықтан. Бұл мәселені Серік Тілеулесұлы қадап айтты. Расында, енді пәтерлі болған мемлекеттік қызметкерлердің жуық арада Мұғалжардан кетпейтіндігі анық. Олардың қатарында аудандық кәсіпкерлік, тұрғын үй және коммуналдық шаруашылық, ішкі саясат бөлімдерінің баспанасыз жүрген басшылары бар.

ГҮЛНҰРДЫҢ ҚУАНЫШЫ МЕН КЕНЖЕБАЙДЫҢ ЖҰБАНЫШЫ

Ащысайлық Гүлнұр Мұқаева бұл күнге ұзақ дайындалыпты. Аудан әкімінің есебінде атасы Борис ақсақал әке-шешесінен айырылып, жалғыз өзінің бағымына қалған төрт бірдей немересінің жайын Серік Шаңғұтовқа баяндап, пәтер қиындығын шешуге көмек сұраған еді. Мақсаты ұрпақтарының басын қосып, кісінің қолына қаратпау болатын. Оның үстіне, кемпірі де дүние салғаннан бері қарияға күн санап өскен балаларды бағудың қиындап кеткендігі де рас. Сол жиында әкім Борис Мұқаевтың ауылдастарынан арызданушының жай-күйі туралы мәліметке қанығып, сол бойда мұқтаждарды қуантып тастады. Енді, міне, арада бірнеше ай өткен соң Мұқаевтар қуанышқа кенеліп отыр. Екі бөлмелі зыңғырлаған пәтердің болашақта тойға толы болары анық. Ащысайдағы мектепте медбике болып қызмет жасаған Гүлнұрға аудан орталығынан мектеп те табылған. Ал облыс орталығындағы колледждерде білім алатын екі сіңлісі мен мектеп жасындағы інісінің де бастары енді Қандыағашта тоғысатын болды. Олардың үйін сол салтанатта ғана демеушілер сый-сияпатқа толтырып-ақ тастады.

– Аудан әкімі түсімізге де кірмеген сый жасады. Бұл – Мұқаевтар отбасының ең қуанышты, ең бақытты кезі. Әке-шешеден айырылғанымызбен, атамыздың еңбегі мен қаумалаған елдің көмегі арқасында жетімдіктің зарын аса сезіне қойғанымыз жоқ. Село әкімі Манат Ізтұрғанов та қолынан келген көмегін беріп келді. Енді екі бөлмелі пәтер меншігімізге тиіп отыр. Соңғы жылдардағы қиыншылықтарды еске түсіргім де келмейді. Айтпақшы, біз сияқты жетімдер көп болмасыншы. Ал біз еліміздің жарқын болашағы үшін шашырамай, тынбастан еңбек етуге дайынбыз, – дейді қуаныштан көз жасын әрең тоқтатқан Гүлнұр.

Бұл сөздерді оның атасы Борис ақсақал да қостайды. Ол енді Ащысайдағы көне үйінен немерелерінің қолына көшіп келуді де жоспарлап отыр.

Баспаналы болғандардың бірі  Кенжебай Пірімжановтың туған жері – Солтүстік Қазақстан облысы. Жоғары оқу орнын бітірген Кенжебай да тұлдыр жетім. Алайда қайсар бала қолына дипломы тиісімен Ақтөбедегі достарын сағалап келіп, осы жақта тұрақтап қалған. Бірнеше жыл жергілікті жылжымайтын мүлік орталығында қызмет еткеннен кейін, облыстық әділет департаментінің ұсынысымен Мұғалжар ауданында ашылған халыққа қызмет ету орталығын басшылығына алған. Сайып келгенде, болашақта пәтерлі болудың мүмкіндігі бар өндірістік ауданнан жас маманның бас тартпауы да сондықтан.

– Ауданға қызметке келгенімен еш өкінбеймін. Былтыр қараша айында отбасын құрдым. Келіншегім Әлия әзірге үйде отыр. Әрине, жағдай жасалса мен сияқты жастар қиянға баруға дайын. Осы Қандыағашты болашағыммен байланыстырғым келгендігі де әлеуметтік күйіме байланысты болды. Бұл жерден пәтер алғанымды Петропавлда тұратын ағайындарым да естіп, қуанып қалды, тілектерін айтып жатыр, – дейді Кенжебай.

Жалпы, бұл үйде Гүлнұр Мұқаева мен Кенжебай Пірімжановтар 14 мұғалім, медицина саласының 8 қызметкері, 11 құқық қорғаушы және бірнеше бюджеттік сала қызметкерлерімен көрші болды. Араларында бата берер ардагерлері де бар. Тіпті, бұл тізімге аудандағы маман тапшылығын жоюға келген жастар да ілігіпті.

БЕРІЛЕР ПӘТЕР ӘЛІ КӨП…

Жаңа үйдің тұрғындарына арналып қой сойылып, ерулік берілген соң аудан әкімі бастаған атқамінерлер болашақта пайдалануға берілетін көрші үйдің ауласына ойысып, журналистерді жоспарларымен таныстырды. Қандыағаш қаласының Жастық ауданындағы 120 пәтерлі үй шілде айында пайдалануға берілуі тиіс. Біреулердің қолына өтіп кеткен бұл ғимарат облыс әкімі Елеусін Сағындықовтың қолдауымен аудандық меншікке қайтарылып, жөндеу қызу жүріп жатыр. Қазірдің өзінде терезелері салынып, жылу жүйесі жүргізілген. Құрылыс жүргізуші компания басшылығы жөндеу жұмыстарына жергілікті жұмыссыздардың тартылғандығын айтып отыр.

Жалпы көлемі 8400 шаршы метрлік ғимарат Қандығаштағы пәтер қиындығы мәселесін түгел шешпегенімен, барынша азайтары анық. Бұл үйдегі пәтерлер де мұқтаждарға заңды тізім мен кезек арқылы ғана берілмек.

– Биыл аудандағы алты бірдей Мәдениет үйін күрделі жөндеуге қаржы бөлінгелі жатыр. Ал жыл басында орта мектептерге спорттық жабдықтар алу үшін 30 миллион, ал күрделі жөндеу үшін 150 миллион теңге бөлінген еді. Енді сол жөндеу жұмыстарына облыстық қазынадан қосымша 75 миллион теңге қосылады. Біздің тарапымыздан бұл жұмыстарға аудандағы жұмыссыздарды тарту басты назарда. Жоспарымызда осындай санаттағы 500 адамды қамту ойымыз бар, – деді журналистерге масаттана қараған аудан әкімі.

ТОЙДЫҢ СОҢЫ – ДЕНСАУЛЫҚТЫ НАСИХАТТАУ

Өткен сенбіні аудан басшылығы қандыағаштықтардың есінде ұзаққа қалдыруға тырысқандары көрініп тұрды. Түс ауа аудандық Мәдениет үйінен қалалық әкімдікке дейін жүгірген жастардың мүддесі – салауатты өмір салтын насихаттау. Алдымен оқушылар, кейін жұмысшылар кросы «Біз денсаулықты қолдаймыз», «Есірткі – ғасыр дерті» ұранымен өтті.

Аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы Жақсылық Әліқұловтың мәлімдеуінше, Мұғалжар ауданында есірткі тұтынушылар жоқтың қасы. Бірақ пайдалануға бейім 112 адам арнаулы есепте тұр.

Ал аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің бастығы Есет Әміржанов ауданның спортшыларға бай екендігіне басымдық берді. Оның үстіне, облыс басшылығының қолдауын алған кәнігі спортшы Қандыағаш жастары арасынан облыс намысын қорғайтын қол добы шеберлерінің командасын құрмақшы. Қазірдің өзінде алғашқы іріктелген жастар республикалық додада бақ сынап жатыр.

– Спорттық жабдықтар жетпейтін күндер артта қалды. Қазір облыс әкімі Елеусін Сағындықовтың тікелей қолдауының арқасында спорт саласы жетімсіреп отырған жоқ, – дейді Е. Әміржанов.

Бір мыңға тарта желаяқтың жарысымен қатар аудан жастары күрес, зілтемір көтеру сияқты спорт түрлерінен сынға түсіп, жеңімпаздары сыйлықтарға ие болды. Сонымен қатар білім, мәдениет салалары бойынша ауданды өрге сүйреген өрендер де марапаттан құр қалған жоқ. Осыған қарап-ақ аймақтан басталған дүбірдің орталыққа жететіндей кейпіне куә болдық.

Серік ӘБДІБЕК,

Мұғалжар ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button