Әлеумет

ЖҰМБАҒЫ КӨП ЯДРОЛЫҚ ЖАРЫЛЫСТАР

«Невада-Семей» – 20

Ақылдың азабы…

Қаншама жылдардан бері адамзат осы бір өзінің  ақыл-ойының жемісінен қасірет шегіп келеді. Атом қуатының жаппай қырып, жоятын қаруға айналуы әлемді осыған жеткізді. Соғыста бұл алапат қаруды қолданудың неге соқтыратынын жапонның екі қаласы көрді. Бірақ адамзат баласы одан да сабақ ала қойған жоқ.

Атом бомбасын өндіруді тоқтату былай тұрсын, оны жетілдіріп, одан да сұмдық түрлерін ойлап тауып, үздіксіз сынақтан өткізуде. Ал сол жойқын қарудың сынағының өзі таяу жылдарда ақылға келіп тоқтатпаса, адамзаттың түбіне жететін түрі бар. Қырғиқабақ дүние  осы жойқын қарулар ойлап табылғаннан бергі аралықта жер бетінде, ауада және жер астында атом қаруының мыңдаған сынақ жарылыстарын жүргізді. Бұған әлемнің ілгері ойлы адамдарының әр жылдарда, әр кезеңде қарсы болғандары да аз емес. Бірақ оған жойқын қару өндіруде бәсекеге түскен елдер құлақ аса қоймады. Жекелеген қайраткерлердің күресінен қозғалысқа ұласқан ядролық сынаққа қарсы бүгінгі қозғалыстар өмірге осылай келген еді. Соның бірі – белгілі қоғам қайраткері, айтулы қазақ ақыны Олжас Сүлейменовтің жетекшілігімен құрылған, бүгінде әлемнің бейбітшілік сүйгіш күштері түгел білетін «Невада-Семей» халықаралық қозғалысы. Биылғы ақпан айында оған 20 жыл толды. Осы жылдардағы бұл қозғалыстың табысы – әлемнің бейбітшілікті жақтайтын күштерінің мақтанышына айналды. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін оның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Семей полигоны жабылды. Тәуелсіз Қазақстан кеңестік жүйе мұраға қалдырған атом бомбасынан өз еркімен бас тартты. Алайда полигон жабылып, атом бомбасы қазақ жерінен алысқа әкетілгенмен, оның зардаптары жойылған жоқ. Батпандап кірген ауру мысқалдап шыға алмай жатыр.

Жиырма жылға есейген халықаралық қоғам енді осы зардаптардан жерімізді, елімізді сауықтырумен айналысуда. Бұған дейін де сан мәрте халықаралық мінберлерден Олжас Сүлейменовтің дуалы аузымен айтылып жүрген бұл мәселелердің биылғы қозғалыстың жиырма жылдығында пәрмен алуы кім-кімге де түсінікті болса керек.

Қазір осы қозғалыстың басшылығымен әлемнің бірсыпыра кіндік қалаларында, еліміздің осы қасіретті басынан өткерген аймақтарында халықтың қолдауымен түрлі басқосулар өтіп жатыр. Олар халықтың қолдауына ие болуда.

Байғаниндіктердің белсенділігі

Осындай  шараның бірі өткен жұма күні Байғанин ауданының орталығы Қарауылкелдіде өтті. Баспасөз парағында: «Таза табиғатпен – ядролық қарусыз ғасырға!» атты дөңгелек үстел өтеді деп көрсетілгенмен, бұл іс жүзінде үлкен басқосу боп шықты. Оған Байғанин ауданының жұршылығымен бірге көрші Маңғыстау облысынан, өзіміздің Темір, Мұғалжар аудандарынан, Ақтөбе қаласынан аталған қозғалыстың белсенді мүшелері қатысты.

Жиын Бәкір Тәжібаев атындағы саз мектебінің концерт залында  өтті. Сахнадан және қабырғалардан «Ядролық полигондар жойылсын!», «Қалдайбек қасіреті», тағы басқа ұрандар жазылған плакаттарды, осы тақырапқа оқушы балалар салған суреттерді көруге болатын еді. Жиынның өзі де елдікті, ұлтты ту етіп көтеруге шақырған патриоттық әндермен басталды. Әуесқой сазгер Жалғас Қалдыбаевтың «Қалдайбек қасіреті» әні де тұңғыш рет осында орындалып, тұсауы кесілді.

Байғанин жұртшылығы – қашан да құлағы түрік жүретін, елдік мәселелерде қолдау көрсетуге бейім, белсенді халық. Бұл жолы да сол көрінді. Басқосуға дейін аудандық әкімдікте болып, аудан әкімі Бердіхан Кемешовпен сәлемдесіп, хал-жай білгенімізде, аз сөзбен көп жайды аңғартып еді. Ауданның шаруасының қай шамада екені әкімнің қас-қабағында тұрады ғой. Әкімнің қабағы жадыраңқы, өзі көңілді көрінді.

– Көктем жауын-шашынды болып тұр. Ылғал тегіс түсті. Мынау біздің Оймауыт жағында қандай қыста да көп қар түсе қоймайтын. Биыл кәдімгідей қыс болып, қар ұзақ жатты. Енді бір аптаға созылғанда, жем-шөптен тарығып қалатын да жағдай бар еді. Абырой болып, қар еріп, мал өріске шығып кетті. Бесқонақта біздің өңірге де қарлы жаңбыр жауды, бірақ жатқан жоқ, – деп ол ағынан жарылды. Жалпы, Бекең – ештеңені жасырмай, барды бар, жоқты жоқ деп бүкпесіз айтатын басшы. Ауданда өтетін жиыннан толық хабардар болып отырған басшының да ықпалы тисе керек, ілгеріде айтқанымыздай, дөңгелек үстел салиқалы жиынға айналды. Елдік мәселелерді қозғаған басқосуды аудан әкімінің орынбасары Абат Аманғосов қысқаша сөз сөйлеп ашты. Мұнан кейін әңгімені «Невада-Семей» халықаралық қозғалысы Батыс аймақтық филиалының директоры Ізімғали Көбенов жалғастырды. Бұл мәселеде көп нәрсеге мұрындық болып жүрген азаматтың, әрине, айтары аз емес еді. Ол келтірген деректердің ішінен Семей полигоны келтірген жалпы зиян 5 млрд. 700 млн. Ресей рублі  екені құлақта қалды. Оның айтуынша, бұл – ресми мойындалған цифр. Сондықтан бұл шығынды талап етуге қақымыз бар. Ресей мемлекеті кеңес өкіметінің мұрагері ретінде бұл шығынды қашан болса да өтеуге тиіс. Қоғамның белсенді мүшесінің бірі І. Көбенов осылай дейді. Ол қадалып айтқан тағы бір мәселе Қалдайбектің қасіреті болды. Байғанин ауданының жеріндегі Қалдайбек ауылының жанында 1987 жылы атом бомбасын жер астында сынаған. Сынағанда осы аймақта бір емес, 11 мәрте сынаған. Қазір Қалдайбекте ел жоқ, түгел көшіп кеткен. Әйтсе де атом салған зардапты ғылыми деректермен зерттеген, сөйтіп, бір шешімге келген әзірге ешкім жоқ. Себебі бұл тақырып ұзақ уақыт жабық болды. Нақты іс енді қолға алынып жатыр. Жалпы, тек бұл емес, атомды сынау Қазақстанның батыс бөлігінде: Тайсойған, Нарын жерлерінде де ұзақ жылдар орын алғаны белгілі болып отыр. Атырау аймағына Капустин Яр, Азғыр сынақ полигондарының да әсері аз тимегені белгілі. Сондықтан да Ізімғали Көбенов: «Осылардың бәрін қосқанда Қазақстанның батыс аймағы Семейге тең атом сынағынан  зардап, қасірет шекті. Сондықтан сырттан келіп жатқан көмектен, мемлекеттің жәрдемінен  бұл аймаққа да үлес тиюге тиіс», – деп есептейді.

Жиналғандарға сынақтардың зардаптарын ғылыми жағынан соңғы деректер келтіре отырып,  осы басқосуға арнайы шақырылған облыстық денсаулық сақтау басқармасының бас рентгенологы Аманжол Әміреев, Ақтөбе медуниверситетінің ғылыми зертханасының меңгерушісі, медицина ғылымының кандидаты Қозы Қыбатаев әсерлі баяндап берді. Қалдайбек сынағын көзімен көрген, бұрынғы кеңшар директоры Көлбай Жаленовтің, Семей полигонында әскери қызметте болған азаматтардың әңгімелері көпшілікке ой салды. Кезінде осы жерде шаруа басқарған Көлбай ақсақал Қалдайбектегі сынаққа бақылаушы ретінде қатынасқан.

– Ол кезде заман басқа еді. Партияның бағыты, Мәскеудің нұсқауы деген соң, қарсылық көрсете алмадық, – деп әңгімесін бастаған бұрынғы басшы кәдімгідей қамығып, көпшіліктен кешірім сұрағандай болды. Расында, ол кездегі сынақ жөніндегі ақпараттың өзі бұлыңғыр еді. Шындық айтылмады. «Темір» газетінің редакторы Меңдіхан Әділханов айтқандай, сынақ жүргізушілер: «Бұл жердегі шөптің шығымдылығын арттырады, мал-жанның өсіп- өнуін жақсартады», – деп алдаған. Ал Маңғыстау облысынан келген, «Невада-Семей» қозғалысының белсенді мүшесі Ағзам Жұмсақов Мәскеудің бұл әрекеті әдейі жасалған деп есептейді. Себебі Қалдайбек Семей сияқты сынақ алаңы болмағандығын алға тартады. Мұны адамға, малға жасалған эксперимент, тәжірибе деген тұжырымға тоқтайды.

Мұғалжар ауданынан қатысқан Қандыағаш қаласындағы №4 мектептің жағрафия пәнінің мұғалімі Гүлдария Дайырова осы жиынға Жансая есімді шәкіртін ертіп келіпті. Ал сол ұстаз бен шәкірт еліміз тәуелсіздік алғанға дейінгі Ембі-5 әскери полигонын зерттеп, ресми деректер жинастырған. Олар келтірген тың дерктерге де көпшілік құлақ қойды.

Осы басқосуға қатысқандардан бұлардан да басқа пікір білдіргендер, елдік дәрежеде мәселе көтергендер аз болған жоқ. Солардың бәрін жинақтап, саралап, әңгіменің тоқетерін айтар болсақ, жұртшылық қозғалыс көтеріп отырған мәселелерді бір ауыздан қолдады. Нәтижелерге жету үшін алда мақсатты жұмыстар жүргізуге шақырды. Ол шаралар Елбасының биылғы халыққа Жолдауында айтылғандай, елдің әл-ауқатын нығайтуға, атом сынағы кезіндегі зардап шеккен жерлерімізді сауықтыруға, адамдардың денсаулығын түзеуге қызмет етуге тиіс. Жиын өз жұмысын осындай тілекпен аяқтады.

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button