Басты жаңалықтарЭкономика

Ақтөбе облысы жаңа инвесторлар үшін ашық

Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов Нидерланды Корольдігінің елшісі Андре Карстенс, Бельгияның Төтенше және Өкілетті Елшісі Анри Вантигеммен кездесті.

Экономикалық байланыстарды нығайту және бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелері қаралған кездесуге жергілікті атқарушы мемлекеттік органдардың өкілдері, Қазақстан Республикасының Нидерланды Корольдігіндегі елшілігінің қызметкерлері, Бельгия мен Нидерландының сауда өкілдері, Вестланд муниципалитетінің мэрі мен мэриясының қызметкерлері қатысты.

Облыс әкімі қонақтарға ілтипат білдіре отырып, Нидерланды мен Бельгия Қазақстан экономикасына инвестиция салу бойынша көшбасшы орында тұрғанын атап өтті. Қос мемлекет елімізге 2022 жылы шамамен 3 млрд. АҚШ доллар қаржы бағыттаған.

💬 «Өңірде голландиялық және бельгиялық капиталдың қатысуымен 22 компания жұмыс істейді, былтырғы жылдың қорытындысы бойынша Нидерландымен тауар айналымы 443,5 млн. АҚШ долларынан, Бельгиямен 37,7 млн АҚШ долларынан асты. Тауар алмасу негізінен өсімдік шаруашылығы, мұнай-химия өнеркәсібі өнімдеріне, ферроқорытпаларға, жабдықтарға тиесілі. Ауыл шаруашылығы, жылыжай ісі, оның ішінде өңірде жылыжай жабдықтары мен материалдарын өндіруді оқшаулау саласында өзара тиімді әріптестіктің зор әлеуеті бар», – деп атап өтті Ералы Тоғжанов.

Өңірде жалпы ауданы 53 га болатын 40 жылыжай шаруашылығы бар, оның ішінде 4 – өнеркәсіптік типтегі кешен, 12 – фермерлік типтегі шаруашылық, қалғандары – жеке қосалқы шаруашылықтар. Өткен жылдың қорытындысына сәйкес,  жылыжайларда 18,4 мың тонна өнім өндірілді, оның ішінде 16,7 мың тонна – қызанақ, 1,5 мың тонна – қияр және 8 тонна – құлпынай. Жылыжай өнімдерінің негізгі жеткізушілері – «Green Capital Kazakhstan» ЖШС, «Greenhouse Kazakhstan» ЖШС және «Izet Greenhouse» ЖШС.

Ералы Тоғжанов «Ауыл аманаты» жобасын таныстырып, голландиялық әріптестерімен аграрлық секторда, атап айтқанда өсімдік шаруашылығында тәжірибе алмасуға, тауарлық-сүт фермаларын, ет, сүт және көкөніс өңдеу кәсіпорындарын құруға қызығушылығы барын атап өтті.

Өз кезегінде Нидерланды елшісі Андре Карстенс ынтымақтастықты кеңейтуге ынталы екенін жеткізді.

💬 «Біздің басты міндетіміз – инвесторлардың мүдделерін қорғау, әкімшілік кедергілерді жою. Бұл тұрғыда Қазақстан біз үшін қолайлы серіктес, өйткені мұнда бизнесті құру мен дамытуға барлық мүмкіндіктер бар», – деді Андре Карстенс.

💬 «Бельгия  жоғары сапасымен танымал, біздің сарапшылар мал шаруашылығын дамытудағы жаңа технологиялармен бөлісуге дайын», – деп Бельгия елшісі Анри Вантигем өз ойын айтты.

Сондай-ақ, Ералы Тоғжанов өңірде қатты пайдалы қазбалардың 77 бос кен орны бар екенін, бірқатар нишалық жобаларды іске асыру, өңірдің оқу орындары мен Нидерланды және Бельгияның жоғары оқу орындары арасында ғылыми байланыстарды кеңейту, академиялық ұтқырлықты күшейту мүмкіндігі қарастырылғанын алға тартты.

💬 «Ақтөбе облысы жаңа инвесторлар үшін, өзара тиімді жобаларды іске асыру үшін әрдайым ашық. Ұзақмерзімді ынтымақтастықты дамытатын мүмкіндіктер өте көп, біз өңір экономикасының дамуын күшейтетін жобаларды қарауға және қолдауға дайынбыз», – деп түйіндеді Ералы Тоғжанов.

Кездесу соңында Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов пен Вестланд (Нидерланды) муниципалитетінің мэрі Буке Арендс арасындағы өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойылды. Тараптар жылыжай және сабақтас салаларды дамытуда ынтымақтасуға, сондай-ақ инвестициялық, сауда, білім беру және туристік мекемелер арасында тұрақты байланыстар орнатуды қолдауға ниетті.

Елшілер Ақтөбе өңіріне жұмыс сапары аясында «Green Capital Kazakhstan» ЖШС базасында өтіп жатқан «Қазақстандағы жылыжай шаруашылықтарын дамыту: табыс тарихы және бизнес үшін ағымдағы мүмкіндіктер» конференциясына қатысады.

Н.АРМАНҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button