Жаңалықтар

Айыппұл мәдениетсіздікті ауыздықтай ала ма?

Айбек ТАСҚАЛИЕВ,

«Ақтөбе»

Ойтүрткі

Адамның мінез-құлқы, жүріс-тұрысы, қарым-қатынасы ішкі мәдениетінен хабар береді. «Киіміне қарап қарсы алып, ақылына қарап шығарып салады» деген тәмсіл осыған байланысты айтылса керек. Бізге көбіне осы жетіспейтін сияқты. Себебі қарапайым экомәдениеттің өзіне мән бере бермейміз. Соның алғышарты айналаны бүлдірмеу — жерге темекі тұқылын лақтырмау, түкірмеу, жалпы қоршаған ортаны сақтауға келгенде мәдениетсіздік танытатындар азаймай тұр. Осы мәселе төңірегінде облыстық полиция департаментінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Нұрлыбек Сүйінтаевты сөзге тартқанымызда, жоғарыда аталған тәртіпсіздіктер бойынша санайғақтарды біліп, еріксіз бас шайқадық. Айталық, өткен жылы Ақтөбе облысында ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-2-бабы, яғни қоғамдық орындарды ластау бойынша ұзын саны 6456 жағдай(!) тіркеліп, 60 миллион теңге көлемінде айыппұл салынған. Белгіленбеген жерде әлгіндей ұсақ бұзақылыққа барғандарға заң бойынша 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынатынын, егер бұл бір жыл ішінде тағы қайталанса,оның көлемі екі есеге дейін артатынын айта кету керек.

Мен тізбелеген жағымсыз әрекеттердің қай-қайсысының да қоғамға кері әсері бары анық. Мәселен, жерге түкіретіндерге қатыстыдәрігер-вирусологтардың дабыл қаққанына аз болмады. Кез келген адамның міндетті түрде әлдебіреулердің биологиялық материалына «кезігетіні», соны аяғымен үйіне алып баратыны хақ.  Ал сілекей арқылы көптеген аурудың таралатыны әмбеге аян. Бүгінгі таңда екінің бірінің аллергияға шалдыққаны, балалардың туабітті ауру боп өмірге келуі, жалпы экологиялық мәселелердің өршуі осындай ұсақ-түйектен басталатынын неліктен ескермейміз? Сырт көзге де біреудің түкіріп тұрғанына куә болу соншалықты жағымдыкөрініс еместігі рас…

Нарық заманында кім-кімнің де қаржыға тәуелді екені ақиқат. Осы орайда бейәдеп қылық танытқандар — айналаны бүлдіргендер, балағат сөз айтқандар, көше мен подъезде темекі тартып немесе алкогольді ішімдік тұтынғандар, жалпы сағат 22.00-ден кейін жұртшылықтың тыныштығын бұзғандар, бір сөзбен айтқанда, ұсақ бұзақылыққа барғандарға айыппұл тоқтам болса, кәнеки?! «Аюға намаз үйреткен — таяқ» демекші,меніңше, айналасындағы адамдарды сыйламағандардыосылай заң жүзінде тәртіпке шақыру керек. Ең болмағанда, қалтасындағы қаражатынан қағылмау үшін мәдениетті сақтайды… Әйтпесе ескертуді елемей, тура және ауыспалы мағынасында түкірігі жерге түспей жүргендер баршылық.

…Ақтөбе қаласының әкімі осы аптадан бастап сенбілік ұйымдастырылатынын жариялады. Жер біздің ортақ үйіміз екенін іс жүзінде көрсетейік, ең болмағанда кіріп-шығатын жолымызды таза ұстайық! Айтпақшы, санитарлық тазалыққа атүсті қарағандар да жауапсыз қалмайды…

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button