Ресми

Пошта қызметкерлері – Ақтөбеде!

Сәуірдің 21-22-сінде Ақтөбе қаласында «Қазпошта» АҚ басқарма құрамының жыл сайынғы кеңесі өтті. Онда еліміздің пошта саласы қызметінің нәтижелері талқыланып, 2009 жылға стратегиялық міндеттер анықталды.

Кеңеске «Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы, Директорлар кеңесінің өкілдері, «Қазпошта» АҚ орталық аппараты құрылымдық бөлімшелерінің жетекшілері мен еліміздегі облыстық филиалдардың директорлары қатысты.

Алдымен «Қазпошта» АҚ-ның қаржы директоры Мұрат Жарылқағанов

«Қазпошта» АҚ-ның 2008 жылғы қаржы-шаруашылық қызметінің қорытындылары мен 2009 жылға қойған мақсаттары» тақырыбында баяндама жасады.

Он алты жылдың ішінде Қазақстан поштасы нарықтық заманға икемделіп алды. Қазір ол дамып келе жатқан маңызды салалардың біріне айналды. Елімізде «Қазпошта» АҚ-ның үш жарым мыңнан астам байланыс бөлімшелері жұмыс істейді. Соңғы жылдары пошта қызметтерінің түрі көбейді: пошталық жөнелтілімдерді, EMS-жөнелтілімдерін қабылдау және пошталық төлемдер белгілерін, конверттерді, пошталық карточкаларды, байланыс карточкаларын, лотерея билеттерін, несиелерді рәсімдеу мен беру, трансфер-агенттік қызметтерді іске асыру және т.б. Қазіргі пошта көптеген өндірістік дамыған елдерде логистика, пошталық-банктік қызметтер, каталогтік сауда, тікелей пошталық жөнелтім саласында белсенді түрде жұмыс істеп, ақпараттық технологияларды, гибридтік поштаны, электрондық коммерцияны дамытуда. 2007 жылдан бастап «Қазпошта» электронды сауда алаңын құрды.

–  Ал былтыр құнды қағаздар нарығында трансфер-агенттік қызметін іске асыруға лицензия алды. Қазір мемлекеттік пошта саласын дамыту бағдарламасы бар. Соның аясында көптеген жобалар іске асты. Озық технологиялармен жабдықталған кешендер көбейіп келеді, – дейді қаржы директоры.

М. Жарылқағановтың айтуынша, былтыр елімізде жазбаша хат-хабарлар, сәлемдемелер, мерзімдік басылымдар, зейнетақы және жәрдемақы, коммуналдық төлемдер мен салықтар қабылдау, ақша аударымдары біршама өскен. Пошталық қызметтер бойынша еліміздің барлық облыс орталықтарында орнатылған, ІPS Lіght халықаралық қадағалау жүйесі базасында Қазақстан бойынша ішкі және халықаралық жөнелтімдерді қадағалаудың автоматтандырылған жүйесін енгізу арқылы ЕМS Kazpost курьерлік қызмет көрсету технологиясы жетілдірілді. Бұл пошталық жөнелтімдердің тұрған орны туралы ақпарат алуға мүмкіндік берді. Яғни оның жоғалып кетпеуін қамтамасыз етеді екен. 2006 жылдың қорытындысы бойынша Дүниежүзілік Пошта одағының ЕМS кооперативі мен ЕМS қызметін сертификаттау бойынша «Қазпошта» АҚ-ға «қола деңгейі» берілген (196 қатысушылардың ішінен 36 орын).

Бүгінгі күні қазақстандық поштаның ең басты мәселесі – көрсетілетін қызметтердің сапасын көтеру, пошта жөнелтімдерін жеткізу мерзімін қысқарту, клиенттердің талғамына сәйкес келетін жаңа қызмет түрлерін көбейту. Пошталық қызметтердің сапасын көтеру мақсатында Алматы, Астана мен Ақтөбе қалаларында автоматтандырылған сұрыптау орталықтары ашылды. Компания еліміздің барлық аймағы бойынша жаңартылған ауылдық пошта байланысы бөлімшелерін салуды жоспарлап отыр. Бұл өз кезегінде ауыл тұрғындарының бәріне қалалықтармен бірдей деңгейде сапалы қызмет алуларына ықпал ететіні анық.

М. Жарылқағановтан кейін Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстық филиалдары директорларының есептері тыңдалды. Одан соң  «Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Дәурен Молдағалиев саланың барлық қызметкерлеріне қол жеткен оң нәтижелер үшін алғысын білдірді.

Кеңес барысында 2008 жылғы қаржы-шаруашылық қызметінің қорытындылары бойынша үздік филиалдар анықталып, оларды марапаттау рәсімі өтті. Павлодар, Оңтүстік Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстық филиалдары  марапатталды. Рейтингтік бағалау нәтижесінде «Алматы почтамты» «Жылдың ең үздік филиалы» атанды.

«433 млн. теңге таза пайда – тарихи көрсеткіш»

Дәурен МОЛДАҒАЛИЕВ, «Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы:

– «Қазпошта» АҚ 2008 жылы да өзінің алға қойған мақсаттарына жетті. Әрбір акционерлік қоғамның негізгі көрсеткіші – таза пайдасы. Біздің «Қазпоштаның» өткен жылғы алған таза пайдасы – 433 млн. теңге. Бұл – жоспар 30 пайызға артығымен орындалды деген сөз. Пошта саласының тарихында бұрын-соңды мұндай көрсеткіш болған жоқ. Бұдан тоғыз жыл бұрын, яғни 2000 жылдың қорытындысында «Қазпошта» АҚ-ның таза пайдасы 2 млн. теңге болған-ды. Ал 2007 жылы 300 млн. теңге таза пайдаға қол жеткізген едік. Жыл өткен сайын жетістігіміз, табысымыз көбейіп келеді.

Мұндай басқосуды «Қазпошта» АҚ жыл сайын өткізеді. Мысалы, 2007 жылы Ақтауда, былтыр Қостанайда өтті. Биыл Ақтөбе қаласында өтіп жатыр.

Бүгінгі жиынның мақсаты тек қана өткен жылдың қорытындысын айту ғана емес, сонымен қатар пошта қызметі саласындағы проблемаларды көтеріп, оны шешу жолдарын қарастыру.

Алдымызға қойған мақсаттарға жету үшін біз көрсетілетін қызметтер сапасына тұтынушылар қоятын талаптардан бастадық. Одан кейін сапа көрсеткіштерін белгіледік, бүкіл жүйе бойынша сапаны өлшеу әдістері мен ұстанымдарын өңдеуге кірістік. Бұл, әрине, көп ұзамай «Қазпоштаның» барлық жұмысына оң ықпал етті.

2005 жылдан бастап ескірген жұмыс жабдықтары мен автокөлікті жаңарту жұмыстары белсенді жүруде. Республика бойынша барлық пошта байланыс бөлімшелерінде күрделі жөндеулер жүргізді. Бөлімшелердің ішкі келбеті де қазіргі заман талаптарына сай: жаңа жиһазбен, соңғы үлгідегі аппараттармен жабдықталған. Бүгінде «Қазпошта» бөлімшелері негізінде «бір терезелі» ұстаным бойынша халыққа қызмет көрсету орталықтары ашылып жатыр. Сапалы өзгерістер байланыс бөлімшелерінің сыртқы әлпетіне де өз әсерін тигізді. Мұны, әсіресе, ауыл тұрғындары байқаған шығар. 2006 жылдан бастап елді мекендерде жаңа пошта ғимараттарын салуды қолға алдық. Қазірге дейін 300-ге жуық бөлімше пайдалануға берілді. Бірақ мұның өзі бізге аздық етеді. Себебі жоспарымыздың

І кезеңі бойынша 800 ғимарат салуымыз қажет. Жоспар бойынша жаңа нысандар салынып қана қоймай, заман талабына сай толық жабдықталуы тиіс. Дегенмен жоспарды жүзеге асыруда кедергілер аз емес. Мысалы, байланыс желісі. Ауылдардың барлығында бірдей байланыс жақсы деңгейде емес. Әсіресе, бұл проблема шалғайдағы елді мекендерге тән.

Қазір «Қазпоштадағы» қызметкерлердің саны – 22 мыңға жуық. Ал 2000 жылы бұл көрсеткіш 13 мың болатын. Барлық қызметкерлерімізді соңғы үлгідегі техниканы меңгерту, үйрету – кезек күттірмей шешілуі тиіс мәселенің бірі.

Былтыр мамыр айының соңында «Қазпошта» АҚ «SK C&C Co., LTD» Оңтүстік Корея компаниясымен ақпараттық-логистикалық жүйені құру бойынша бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеу мен орналастыру туралы келісім-шартқа қол қойды. Жоғарыда аталған жүйені құру – уақыт талабы. Жаңа жабдықтардың көмегімен пошта хабарламаларды, хаттар мен жүктердің қозғалысы және оларды сақтау жүйесі құрастырылатын болады. Бұл өз кезегінде транзитті ағындардың өту үрдістерін қадағалауды жақсартады. Өйткені бүкіл үрдіс –  пошта жөнелтілімін тіркеуден бастап, оны адресаттың қолына табыстауға дейін – айқын болмақшы. Жүктерді көрші елдерге, елдерден тасымалдау мен оларды сақтау қоймалары ең соңғы жабдықтармен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар тиімді жұмыс істейтін жүйе тек көрсетілетін қызмет түрлерін жақсартып қана қоймай, сонымен қатар «Қазпошта» АҚ қызметкерлерінің жұмыс жағдайын да жақсартуға мүмкіндік туғызуына үлкен мән беріліп отыр.

Елімізде көліктік-логистикалық орталық Алматыда ғана бар. 2010-2011 жылы Ақтөбе қаласында да осындай кешен салуды жоспарлап отырмыз.

Ең үздік филиал

Сәуле ЕГЕМБЕРДИЕВА, «Алматы почтамтының» директоры:

– Біздің филиалда 1200-ге жуық адам жұмыс істейді. Алматы үлкен қала болғандықтан, клиенттеріміз де көп. Сол арқылы біз бірінші орынға шығып отырмыз. «Алматы почтамтының» «Ең үздік филиал» атанғанын ұжымым естіп, қатты қуанып жатыр. Әрине, еңбектің еленгені жақсы. Себебі қызметкерлердің жұмысқа деген құлшынысы, ынта-ықыласы бұрынғыдан да арта түседі.

Жылдың қорытындысы бойынша «Алматы почтамты» 10 миллионнан аса хат, 100 мыңға жуық сәлемдеме таратты. Пошта қызметінің көрсеткіштері жыл сайын көбейіп жатыр. Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша 300 миллион теңге таза пайдаға қол жеткіздік. Ал биыл 305 миллион теңге таза табыс табуды жоспарлап отырмыз.

І ТОҚСАНДАҒЫ КӨРСЕТКІШ – 38 МЛН. ТЕҢГЕ

Балғали ОРДАБАЕВ, «Қазпошта» АҚ Ақтөбе облыстық филиалының директоры:

– Қазақстандық пошта дәстүрлі пошталық қызметтерден басқа уақыт талабына сай жаңа қызмет түрлерін де игерді. Олар – ақша-айырбас операциялары, халықтан депозиттерді қабылдау мен тартылған қаражатты мемлекеттік құнды қағаздарға орналастыру, инкассация, ақша тасымалдау мен құнды қағаздар, зейнетақы қорлары мен сақтандыру компаниялары клиенттерін тарту мен келісімдерді жасасу үшін брокерлік және трансфер-агенттік қызметтер. Соған сәйкес пошта қызметін тұтынушылар көп. Пошталық қызметте: хат, сәлемдеме, мерзімді баспасөзді таратуда біз монополиспіз, қаржылық қызметте де біз банктермен белсенді бәсекелес ретінде жұмыс істейміз.

2008 жылғы жоспар орындалды. Кейбір пошталық қызметтер артығымен орындалды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша біздің филиал 48 млн. теңге табыс түсірдік. Ал биылғы жылдың І тоқсанында 38 млн. теңге табысқа қол жеткіздік. Яғни табысқа байланысты көрсеткішті артығымен орындадық.

«Қазпошта» – халыққа жанашыр компания»

Ертай АСАЙЫНОВ, «Қазпошта» АҚ Қарағанды облыстық филиалының директоры:

– Пошта – әлемнің түкпір-түкпіріндегі адамдарды бір-бірімен байланыстырушы. Тіпті, сандық технология заманының өзінде пошта қарым-қатынастың ең қолайлы мүмкіндігі болып отыр.

Бәрімізге белгілі, соңғы 7-8 жылдың ішінде «Қазпошта» АҚ қызмет сапасы жақсарды. Халықтың ризашылығына бөленіп жатырмыз.

Жыл сайын газет оқырмандарының саны өсіп келеді. Әсіресе, республикалық басылым – «Егемен Қазақстанның» жазылушылары көбейіп келеді. Мен қарағандылық болғандықтан, Қарағандының басылымдары туралы айтамын. Бізде кейінгі үш жылдың ішінде барлық газеттердің саны 30 пайызға дейін көтерілді. Бұған себеп, біріншіден, халықтың жаңалыққа деген ынта-ықыласы өсуде. Екіншіден, оқырмандардың сана-сезімі артып келеді.

Басқа қызметтерімізге келетін болсақ, Қазақстанда барлық зейнеткерлер «Қазпошта» АҚ-ға рахмет айтады деп ойлаймын. Менің ойымша, біздегі банк жүйесі халықтың жағдайын ойлайды деп айта алмаймын. Себебі ақшаны қымбатқа береді. Ал «Қазпошта» АҚ болса өзінің шығындарына қарамай, қызмет жасап жатыр. Бір ғана мысал келтірейін, газет-журналдарды сонау шалғайдағы ауылдарға жеткізу шығыны біздің басымыздан асып отыр. Соған қарамастан жұмыс жасап жатырмыз. Ешқандай фирма да, банк те мұндай жұмыс істемейді. Қазпошта – халыққа адал қызмет жасайтын үлкен компания.

Пошта қызмет ететін кез келген шалғайдағы елді мекенге «бір терезе» қағидаттарын енгізуге ұмтылып жатырмыз. Яғни алыстағы елді мекендер тұрғындары аудан орталықтарына бармай-ақ, осы орталықтардың қызметін пайдалана алады.

Қазір әлемдік қаржы дағдарысы туралы көп айтылуда. Бірақ біз оған қарамай жұмыс жасап жатырмыз. Талпынып еңбектене берсек, біріксек, барлық қиындықты жеңеміз.

Тәуелсіздікпен құрдас компания

Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің 1993 жылғы 5 сәуірдегі «ҚР байланыс саласының басқару құрылымын жетілдіру туралы» Қаулысына сәйкес, электр байланысы мен пошта екіге бөлінді. 1995 жылдың қарашасында Мемлекеттік пошта дербес шаруашылық субъекті Пошта байланысының республикалық мемлекеттік кәсіпорнына (ПБРМК) айналды. 1999 жылғы 27 мамырдағы ҚР Үкіметі «Пошта саласын тұрақтандыру мен қаржылық жақсарту шаралары туралы» Қаулысын қабылдағаннан кейін, 1999 жылдың жазында поштаны іргелі реформалау басталды. Пошта саласының одан әрі дамуын анықтаған негізгі құжат ҚР Үкіметінің 1999 жылғы 20 желтоқсандағы «Пошта байланысының республикалық мемлекеттік кәсіпорны мен оның еншілес мемлекеттік кәсіпорындарын қайта ұйымдастыру туралы» Қаулы болды. Оның негізінде ПБРМК жарғылық капиталындағы 100% мемлекеттің қатысуымен «Қазпошта» ашық акционерлік қоғамына айналды.

2000 жылғы 15 қарашадағы «2000-2003 жылдарға Қазақстан Республикасы пошта саласын дамыту және пошта-жинақ жүйесін құрастыру бағдарламасы туралы» Қаулы саланың одан әрі дамуының негізгі басымдықтарын анықтады. 2000-2003 жылдарға пошта саласын дамыту және пошта-жинақ жүйесін құрастыру бағдарламасы Қазақстанда пошта байланысы бөлімшелерінің жеке желілері негізінде пошта-жинақ жүйесін құрудың алғышарты болды. Қазақстан – ТМД аумағындағы пошта-жинақ жүйесін құрастырған алғашқы мемлекет. 1992 жылдан бастап Қазақстан – 193 мемлекетті біріктіретін Дүниежүзілік пошта одағының толыққанды мүшесі.

Біздің дерек

***

Бүгінде қазақстандық пошта қызметкерлерінің саны –   22 000-ға жуық. Елімізде  3400-ден астам байланыс бөлімшесі бар. 14 облыстық және республикалық мәні бар 4 филиал жұмыс істейді. Сонымен қатар Қазпошта –  ТМД аумағында Ресей мен Германияда өз өкілеттігі бар бірден-бір пошта операторы.

***

Пошта одағын құрудың бастауы 1874 жылы Швейцарияда 22 ел өкілдерінің Берн шартына қол қоюдан басталды және содан бері барлық елдер 9 қазанда Дүниежүзілік пошта күнін атап келеді. Бұл әр түрлі пошта қызметтері мен ережелерден өзара хаттармен алмасу мақсатында бірыңғай пошта ережелерін құруға мүмкіндік туғызды. Халықаралық поштаның еркін өтуіне бөгет болған кедергілер мен шектеулер алып тасталды. Үш жылда Одақ мүшелерінің саны тез өсіп, 1878 жылы Дүниежүзілік пошта одағы болып қайта аталды.

***

ДПО-ға мүше 193 мемлекет бірыңғай пошта кеңістігін құрай отырып, дүниежүзілік пошта жүйесінің қызметін қамтамасыз етеді.

Жиын соңында пошта саласының мәселелері талқыланып, биылғы жылы істелінетін жұмыстар нақтыланды.

Г.БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button