Білім

Ауыл балалары білім бәйгесінде бақ сынайды

Ауыл оқушыларына арналған «Мың бала» ұлттық олимпиадасына тіркелу жүргізіліп жатыр. Бұл туралы облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұргүл Бертілеуова өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте хабарлады. Сонымен қатар ол олимпиаданың шарттарымен таныстырып өтті.

«Мың бала» ұлттық олимпиадасы «Ел үміті» бастамасы аясында еліміздің белсенді əрі дарынды жастарын қолдау мақсатында жыл сайын жүзеге асырылып келеді. Бұл олимпиада ауылдық жерлерде оқитын
6-сынып оқушылары арасынан ең қабілетті деген оқушыларды анықтап, оларға еліміздің дарынды балаларға арналған жетекші мектептерінде білім алуына мүмкіндік береді.
— Ұлттық олимпиаданы Оқу-ағарту министрлігі «Елбасы Академиясымен» бірлесіп,
төртінші жыл қатарынан өткізіп жатыр. Елімізде жүзеге асырылып жатқан «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасының бір міндеті — орта білім беру сапасын арттыру, əсіресе өңірлер арасындағы, қалалық
жəне ауылдық мектептер арасындағы білім беру сапасындағы айырмашылықты қысқарту. Ал
«Мың бала» олимпиадасы — осы міндетті шешетін жобалардың бірі. Байқаудың қорытындысында еліміз бойынша 1000 жеңімпаз анықталады. Жеңімпаздар республикалық физика-математика мектебі, «Білім-Инновация» мектебі жəне «Дарын» мамандандырылған мектебінде білім алуына мүмкіндік алады, қосымша 5000 оқушы онлайн сабақтарға қатыса алады. Оларға Білім Қазақстан Республикасының
заңында көрсетілген квота негізінде арнайы мамандандырылған мектептерде оқу үшін
орындар бөлінеді, — деді Нұргүл Бертілеуова.
Сондай-ақ ол олимпиадаға қатысу үшін, ең алдымен, 1000bala.elumiti.kz сайтында тіркелу қажеттігін айтты. Тіркелу наурыз айының 1-і мен 30-ы арасында жүргізіледі. «Мың бала» олимпиадасына соңғы екі оқу жылында ауылдық мектептерде оқыған, тек
6-сынып оқушылары ғана қатыса алады.
Олимпиада екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезең онлайн форматта өтеді. Қатысушылар 3-7 сəуір аралығында 1000bala. elumiti.kz сайтында тестілеуден өту керек. Тестілеу екі бөлімнен тұрады: «Логикалық ойлау» жəне «Кеңістіктік ойлау». Оған ғаламторға қосылған смартфон, компьютер немесе планшет арқылы өтуге болады.

Сондай-ақ қатысушылар тестілеуді өз мектептерінде немесе өңірлік «Дарын» орталықтарында да өте
алады. Облыс бойынша ең жоғары қорытынды балл алған бес мың оқушы олимпиаданың екінші кезеңіне жіберіледі. Екінші кезең 26- 28 сəуір аралығында, «Ustudy» өңірлік тестілеу орталықтары базасында өтеді.
— Өткен жылы олимпиадаға біздің өңірден бес мыңнан аса бала қатысты. Бүгінгі таңда 6 оқушы дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектептерде білім алып жатыр. Биылғы байқауға қатысушылар
саны 10 мыңға дейін жетеді деп ойлаймыз, — деді Н.Бертілеуова.

Насиба АРМАНҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button