Басты жаңалықтарЖаңалықтар

Тұрғын үйлер тозбайды


«Нұр Отан» ХДП облыстық филиалының ғимаратында «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығында инновациялық және қуат көздерін үнемдейтін технологияларды енгізу» тақырыбында аймақтық конференция өтті.  Мақсат — елімізде биыл қабылданған «2011-2020 жылдарға арналған тұрғын үй және коммуналдық шаруашылықтарды модернизациялау бағдарламасын» түсіндіріп, оның іске асуының алғы шарттарын жасау.

Жиынға  Астанадағы «Тұрғын үйкоммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың Қазақстандық орталығы» АҚ өкілдері, Ресейден, Словакиядан шақырылған арнайы мамандар қатысты.

Словакияда  бұл әдістің іске асырылғанына 20 жыл болыпты. «Басында өте қиын болды, — дейді  Словакия республикасының тұрғын үй институтының директоры Ярослава Заплеталова, — Мемлекет тарапынан айтарлықтай қолдау болған жоқ. Әр адам өзінің жайлы баспанасы үшін, жақсы өмірі үшін тырысты. Нәтижесінде көп нәрсеге қол жеткіздік. Сіздерге де көп еңбектену керек. Алдымен, заңдарыңызға өзгертулер енгізген жөн. Бұл шыдамдылық пен төзімділікті қажет ететін үлкен шаруа. Және әр тұрғын «өзім үшін жасап жатырмын» деп түсінуі керек».

Еліміздегі тұрғын үйлердің  2 пайызы апатты жағдайда болса, 32 пайызына күрделі жөндеу керек. Оған қоса коммуналдық жүйелердің 50 пайызы әбден ескірген, соның ішінде электр желісінің 80 пайызының тозығы жеткен.

— Жаңа бағдарлама аясында көптеген коммуналдық жүйелер мен тұрғын үйлерге  жөндеу жасалады. Осы жұмыстардың орындалу механизмдерін, қаржыландыру көздерін қарап жатырмыз.  Шетелдік әріптестеріміздің тәжірибелері мен осы саладағы жетістіктері бізге септігін тигізері сөзсіз. Бізде де іс-шаралар жоспарланып, бірқатар облыстарда жұмыстар басталып кетті, — дейді «Тұрғын үйкоммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың Қазақстандық орталығы» АҚ білім тарату департаментінің директоры  Есенбай Исламов.

Конференция барысында 2010-2020 жылдарға арналған ТКШ модернизациялау бағдарламасының механизмдері мен іске асыру, энергия көздерін үнемдейтін жобалар жайында және шетелдіктердің тәжірибелері жөнінде баяндамалар оқылды. Кондоминиум мен пәтер иелері кооперативтерінің төрағалары  көптеген сұрақтарға жауап алды.

Мәжілістің екінші бөлімінде тұрғын үй саласын модернизациялау тақырыбында секциялық отырыстар ұйымдастырылды. Ресейдің Мытищинск қаласында қолданылып жатқан тұрғын-үй коммуналдық басқару жүйесімен О. Мельникова таныстырды. Сонымен қатар, Астанадан, Атыраудан, Маңғыстаудан келген қонақтар қуат көздерін үнемдеуге қолданылатын өнімдері жайында айтып берді. Конференция барысында тұрғын үй және коммуналдық шаруашылық саласына қажетті заманауи құрал-жабдықтардың көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеге астаналық  «Пенетрон-Қазақстан» ЖШС өз өнімдерін ала келіпті.

— Біздер ғимараттар мен тұрғын үйлерде пайда болған қуыстарды, саңылауларды бітейтін жабдықтар тасимыз. Бұл негізінен құрылысқа өте тиімді. Кірпіштердің арасына салуға да  болады. Іштегі жылы ауаны сыртқа шығармайды, ал сырттан суықты кіргізбейді. Қазір көптеген үйлердің сырты ақ немесе қызыл кірпіштермен қапталады. Бізде сол кірпіштердің  бұзылмай, ұзақ сақталуын қамтамасыз ететін сұйық зат бар. Оны кірпішке жағып қойса, өңін бермейді әрі күннің, судың әсерлеріне сыр бермейді. Пәтерлердің төбесіне де жағып қоюға болады. Ол арзан әрі сапалы, — дейді «Пенетрон-Қазақстан» ЖШС ресми өкілдігінің бас директоры Алма Қойшыбаева.

Сәнім ЫСҚАҚҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button