Ауыл

Көрікті көштің сәулесі

Ел егемендігі жарияланысымен көп ұзамай-ақ атамекенге қарай ат басын бұрғандардың бірі Ысмағұл Жүнісқанұлының ендігі арманы – мемлекеттік деңгейде жүзеге аспақшы «Нұрлы көштің» нұрлы болашағын көзбен көру. Өйткені ол сыртта жүргеннің жайын жақсы біледі. «Көйлегің көк болсын, қарның тоқ болсын, бәрібір туған елдің туы астында басыңды құрағанға не жетсін?!» – дейді ол.

Көкірегін кернеген осы қуанышпен ол Елбасының Жолдауын бірнеше мәрте оқып шығыпты. «Мен ел ертеңіне сенемін, сенетінім – мың сан қиямет-қайым жолдан аман өткен қазақтың Нұрсұлтан Назарбаев секілді көреген көшбасшысы бар», –  деуі де алпыс жасқа енді іліккен ауыл ағасының ажарлы ойынан хабар бергендей. Ысмағұл ағамен әңгімелесіп отырғанымызда Жолдауға қатысты көңіл толқынынан мына бір өлең жолдарын оқып берді:

Бақыт, байлық, ер еңбек шежіресін,

Көзбен көріп, болмыспен сезінесің.

Тұрмыс жайы қазақтың артқан сайын,

Қарар болдым сеніммен өзіме шын.

Біз Херсон мектебінің Ысекең сабақ беретін қазақ әдебиеті пәндік класында әңгімелесіп отырмыз. Барлығы қырық төрт оқушы білім алатын шағын оқу ордасының бөлмелеріндегі парта саны да ықшам. Сондықтан болу керек, біз отырған кластың бір бөлігі ұлттық жиһаздармен жабдықталыпты. Арт жағымыздағы айқара ашылған киіз үй, оның жасау-өрнектері оқушылар үшін ұлттық тәрбиенің бастауы секілді көрінді бізге.

Ысмағұл Жүнісқанұлы Монғолияда Ұлан-Батор мемлекеттік педагогикалық институтын, екі жылдық журналистика курсын бітіріпті.

Өзінің айтуынша, 3-сыныпта оқып жүргеннен-ақ өлең жаза бастаған. Мектепті моңғолша бітірген. Институтта оқып жүргенде басылымдарға моңғолша да, қазақша да жазғандарын жариялатып тұрған.

Баян-Өлкедегі «Жаңа өмір» газетінің баспаханасынан «Алғашқы сапар» (1982 ж.), «Бәйге» (1984 ж.) атты жыр кітаптары шыққан. «Сол кезде Қазақстаннан он екі түрлі газет-журналды жаздырып алып тұрдым», – дейді ол. Сондай бір тұста «Мәдениет және тұрмыс» журналында «Бауыржан Момышұлына» деген өлеңі шығыпты. Қазақтың хас батыры шалғайдағы бауырдың лебізіне тебіреніп, арнайы хат жолдаған екен.

Баян-Өлкенің қазақтары қыр астындағы Қазақстанға қашан да елеңдеп отырғанға ұқсайды. Кеңестік заман дәуірлеп тұрған тұстың өзінде олар Дінмұхаммед Қонаевтың атына «Қазақтар космосқа неге ұшпайды?» деп сауал салып, хат жазыпты.

Қазақтың талантты қаламгерлері Оралхан Бөкей, Жарасқан Әбдірашпен хат алысып тұрған күндерін Ысекең ыстық ықыласпен еске алады. Сондай-ақ, Дағжан Белдеубайұлы, Дәулеткерей Кәпұлы секілді қазақстандықтарға есімдері жақсы таныс талантты жігіттер де оның тәрбиесінен шығыпты. Осы ауданға келгелі тәлім берген бір түлегі Динара Бисенбина қазір «Литерде» қызмет істейді. Өзі де уақытында ана жақта аймақтық радиода еңбек етіп, журналистермен қоян-қолтық араласқаны бар, әйтеуір, шығармашылық ортаға қарай бүйрегі бұрады да тұрады.

Бір қызығы, сырттан қарағанда қазақылығы аздау көрінетін Қарғалы ауданына өзі тез сіңісіп кетіпті. «Бұл ара – табиғаттың нұры түскен жер ғой, – дейді ол, – топырағы қандай тамаша, мына арада қыр астында Жайық өзені ағып жатыр».

Шынында, жергілікті тұрғындардың айтуынша, Херсон ауылы маңы өзенді, орман-тоғайлы, жазда айнала көкпеңбек болып құлпырып кетеді екен. Сондай-ақ, мұнда бұғы, елік, түлкі, қоян, қасқыр сияқты аң-құстар өріп жүреді. Осының бәрі Ысмағұл ағаның ақын жанын жадыратып, қиялын көкке өрлетеді. Бір сәт табиғатты тамашалап келген соң ой орманына еніп, қолына қалам ұстайтыны бар.

Ақ Жайықтың жағасынан

Ақ сазанын ауладым.

Алқабы – құт, даласы – дән,

Араладым тауларын, –

деген жыр жолдары осындай көңіл-күйден туған.

Атажұртқа алғаш көшіп келгенде қуана қарсы алып, құшағын тосып, көмегін жасаған «Степнойдың» басшысы Аманқос Төлеуов сынды құрдасы оң қабағын бұрса, бір жинағын кітап етіп те бастырмақшы. «Оны уақыт көрсетер енді», – деп күліп қояды Ысмағұл аға.

Еңбек, бірлік өренін сүйікті етер,

Бабын тапса Жер-Ана иіп кетер.

Қарғалының ұл-қызы, көбейе бер,

Ел мерейін әрдайым биіктетер, –

деп қағазға қалың ойын қаумалап түсіретін Ысмағұл Жүнісқанұлы Херсон ауылында қазақы қалыптың қаймағын қоюлатып жүргендігімен де көңілімізге жылы шуақ орнатты.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

«Бадамша-сервистің» жылуы

Қарғалыға әдетте көктем кешігіп келеді. Біз жолға шыққан күні де мұны айқын аңғардық. Ақтөбедегі ашық күнді бұл өңірдегі сіркіреп жауған жаңбыр, ызғырық жел алмастырды. Табиғаттың мұндай құбылысына қарғалылықтар үйренген.

Дегенмен әнебір жылы аудан орталығы Бадамшада қыстың қақ ортасында тұрғындар аяқ астынан жылусыз қалып, дүрліккені жадымызда қалыпты. Содан ба екен, осында келгенімізде биылғы қыстың қалай өткеніне көбірек назар аудардық.

Мұнда тұрғын үйлер мен мекемелерге жылу беру шаруасымен «Бадамша-Сервис» кәсіпорны айналысады. Бір уақыттары шаруасы шалқайып, қараусыз қалғандай күй кешкен, соның нәтижесінде селода қыс кезінде қауіпті жағдай туғызған мекемеге білікті басшы, осы салада тәжірибесі мол, бұрын бірнеше облыста еңбек еткен маман Нұрасыл Ақнажиев келгелі іс оңға баса бастапты. Соның бір дәлелі болар, бадамшалықтар биылғы қыста көп қымтана қойған жоқ.

Аталған кәсіпорын тұрғындарға ауыз су да жеткізіп береді. Елдің жағдайын жасап, жұмысы жолға түскен кәсіпорынның өз проблемалары да жеткілікті екен. Қазіргі уақытта бұл мекеме тұтынған энергиясы үшін 4 миллион, ал газ жеткізушілерге 3 миллион теңге мөлшерінде қарызға батып отыр. Жылы үйде жамбастап жатып, суды сырттан тасуды ұмытқан көптеген тұрғындар мұндай қызметтерді «тегін» беріледі деп ұғынатын сияқты. Селода берешектен алға шығып тұрғандардың алдының көрсеткіші 135 мың теңге екен. Дегенмен кәсіпорын қазір қатаң шаралар алуға көшіпті. Биылғы жыл басынан бері он жеті тұтынушының үстінен сотқа шағым түсірілді.

– Біздегі су құбырлары 1972 жылы жүргізілген, олар әбден тозды, – дейді Нұрасыл Ақнажиев, – қазір республикалық «Ауыз су» бағдарламасына сәйкес көшедегі құбырлар ауыстырылуда. Сондай-ақ, биылғы жылдан бастап ыстық суды жыл бойы беруді жүзеге асырмақпыз. Тұрғындарға есептегіш құралдарын тездетіп орнатуды ұсынудамыз.

Кәсіпорында қаржылық қиыншылықтардың туындауының тағы бір себебі бар екен. Ол – 2004 жылдан бері мұнда тарифтің өсірілмегендігі. Халық қамын ойлаудан туындаған бұл шараға да мекеменің жетіскеннен барып отырмағанын түсінуге болады.

Алдымыз жаз болғанымен, оның артынан қыс келері хақ. «Бадамша-Сервистің»  басшысы бұл ретте құны он сегіз миллион теңге тұратын ресейлік бу қазандығын алуға ниеттеніп отырғандарын айтады. Әрине, бұл мәселе де қаржы болуына қатысты шешілмек.

Жолдау жігер береді

Ақсақалы бар ауылдың айбыны артық болып тұрады. Бұл ауданда қандай да бір өзекті мәселелер күн тәртібіне алынбасын, ардагерлердің пікір-ұсыныстары ескеріліп отырады. Ардагерлер кеңесінің төрағасы Ауған Бейсенбаев – бұрын ұзақ жылдар мұғалім болған, одан беріректе «Қазақ тілі» қоғамын басқарған, сөзіне елді ұйыта алатын қадірменді жан. Онымен кездескенімізде ардагерлер ұйымының жетекшісі сөз басын Елбасының биылғы Жолдауына қатысты өрбітті.

– Ең алдымен Жолдау жолдары біздің көңілімізге сенім ұялатты, яғни ертеңімізге алаңдауға ешқандай негіз жоқтығына мойын бұрдық, – деді ол, – біз ардагерлер болып бұл маңызды құжатпен жете таныстық. Енді басқа да ұжымдарда болғанымызда, жас буынмен кездескенімізде өз ойларымызды, толғам-пікірлерімізді білдірудеміз.

Ауданда қазір бір мыңның үстінде ардагер бар. Олардың арасында отыз бір соғыс ардагері биылғы Жеңіс мерекесін қарсы алуға дайындалуда. Оннан астам ұлт өкілі тұратын өңірде ақсақалдар үшін бір мақсат алға қойылған. Ол – бәрі бірігіп, жастар тәрбиесіне ықпал ету.

«Біздер өзімізше бірқатар жұмыстар атқарып жатырмыз ғой, – дейді Ауған ақсақал, – ендігі бір алаңымыз – теледидар тазарса екен. Ашып қалсақ, көретініміз – біздің ұлттық сана-дәстүрімізге теріс ықпал ететін көріністер алдымыздан шыға келеді».

Ауған ақсақалдың тыным тауып отырмайтыны көрініп тұр. «Жақында Қосестек, Жосалы ауылдарында болып қайттым, – дейді ол, – қариялардың басын қосып, мұң-мұқтаждары туралы сұрадым, олардың көбісі кезінде талай қиындықты бастан кешкен жандар ғой, бәрі де бүгінгі күні дені сау адамның тек жұмыс істеу қажеттігін айтады».

Бадамшадан бұрын күтуге төрт жүзге тарта мал шығады екен. Қазір олардың саны екі есе азайыпты. Ақсақал осыған реніш білдіреді. Келіндердің сиыр сауып, бала-шағасына өз үйлерінен ыстық сүт бергенін қалайды. Өз бағымындағы сиыры күніне 10 литр сүт береді екен. Бір отбасы осыдан май-қаймағын, құрт-ірімшігін айырып отырғанын айтты.

Аудан әкімі аппаратының жетекшісі Асқар Көкеев те күнделікті жұмыс барысында ардагер ақсақалдардың көмегі көп екендігін айтады. Олардың ақыл-кеңестерін тыңдаумен қатар қадірлі қарттар қауымына қамқорлық жасау да күн тәртібіне берік қойылған.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button