Білім

ҰБТ жақсы деңгейде өтті!

Маусымның 4-і мен 6-сы күндері біздің облыстың түлектері ұлттық бірыңғай тест тапсырды.  Еліміз бойынша бұл сынақ ертең аяқталады.

Облыс бойынша жалпы 6311 түлек тест тапсырды. Олардың 2-еуі 124 ұпай жинады. Облыстың орташа көрсеткіші — 84,2 балл.

Министрлік өкілдері, облыстық білім басқармасы мамандарының айтуынша, тәртіпбұзушылықтар болған жоқ. Тест жақсы деңгейде өтті.

Біз тестілеудің қалай ұйымдастырылғандығы және сынақ нәтижесі жөнінде мамандармен тілдескен едік.

Майра ӨТЕПБЕРГЕНОВА, облыстық білім басқармасының бас маманы:

— Ұлттық бірыңғай тестілеу жақсы өтті. Облыстың орташа көрсеткіші біз күткендегіден де жақсы болды. Расын айту керек, көрсеткішіміз төмендеу болып қала ма деп қауіптенген едік. Себебі, биыл мектеп бітірушілер былтырмен салыстырғанда көп. Дегенмен, түлектер емтиханға жақсы дайындалғандықтарын көрсетті. Облыстың орташа балы — 84,2. Ұлттық бірыңғай тестілеудің қорытындысы бойынша, Темір ауданындағы Шұбарқұдық гимназиясы облыста  көш бастап тұр. Аталған білім шаңырағының орташа ұпайы — 109,4. Одан кейінгі кезек М.Құсайынов атындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернаттың үлесінде (орташа балы — 107,7). Үшінші орынды облыстық физика-математика мектеп-интернаты иеленді. Аталған білім ордасының орташа балы — 106,4. Төртінші орын қазақ-түрік лицейінің еншісінде (106,5 балл).

Ақтөбе қаласындағы мектептердің арасында №51 гимназия алдыңғы қатарда (99,2 балл). Екінші орынды №32 мектеп-гимназия иеленді (97,1 балл).

Ал аудандар бойынша, Мұғалжар ауданы алда: 87,5 балл. Екінші орын Ақтөбе қаласының еншісінде (87,2 балл). Қарғалы (83,8 балл) Ырғыз (83,7 балл), Шалқар (83,5) аудандары жақсы көрсеткішке қол жеткізді.

Айта кету керек, облыс бойынша жалпы 6311 түлек тестілеуге қатысты. Бұл — мектеп бітірушілердің 74 пайызы. Ақтөбе қаласындағы мектептерден түлектердің 87,6 пайызы қатысты. Шалқар (82,8 пайыз), Қобда (81,3) аудандарында тестілеуге қатысушылар көп.

Облыс бойынша Әйтеке би ауданының білім көрсеткіші төмен. Аталған ауданның орташа балы — 77,2.  Бірақ бұл ауданда да ілгері жылжу бар. Былтыр Әйтеке бидің орташа балы — 73,2 болған еді.

Шектеулі балды  (50 ұпай) жинай алмаған балалардың саны — 630. Төменгі көрсеткіш, әсіресе, Мәртөк (16,6 пайыз), Ойыл (15,9 пайыз), Хромтау (15,3 пайыз), Қобда (14,2 пайыз) аудандарында басым. «Екілік» алғандардың саны — 124. Олар әсіресе, Темір (13), Алға (12) аудандарында көп.

 

«Алтын белгі» мен үздік аттестат

 

Гүлжан ҚҰЛЫБЕКОВА, облыстық білім басқармасының бас маманы:

— 265 түлек «Алтын белгіден» үміткер болған еді. Олардың 263-і ҰБТ-ға қатысты. Негізі, «Алтын белгіден» үміткерлердің арасында 4 бала тестілеуге қатысудан босатылған еді. Бірақ 2 түлек  білімдерін сынап көрмек болып, өз еріктерімен емтихан тапсырды. Соның бірі — облыс бойынша ең жоғары ұпай (124 балл) жинаған Сергей Бланк.

ҰБТ қорытындысы бойынша 137 оқушы «Алтын белгіні» қорғады.

Айта кету керек, облыс бойынша «Алтын белгіні» қорғау жөнінен облыстық физика-математика мектеп-интернаты көш бастап тұр. Аталған білім шаңырағында 5 оқушы «Алтын белгіге» үміткер болған еді, 5-еуі де қорғады. Екінші орын қазақ-түрік лицейінің еншісінде. 4 үміткердің 3-еуі білімін дәлелдеді. Ал аудандардың арасында Темір ауданында «Алтын белгі» иегерлері басым. Бұл ауданда 27 үміткердің 17-сі «Алтын белгіге» лайықты екендіктерін дәлелдеді. Ойыл, Шалқар аудандарының түлектері де «Алтын белгіні» жақсы қорғады. Ал «Алтын белгі» иегерлерінің саны жөнінен Ақтөбе қаласы алдыңғы орында (49). Екінші орынды Темір ауданы иеленді (17). Мұғалжар ауданы бірінші үштікті түйіндеді (16). Мәртөк пен Әйтеке би аудандарында «Алтын белгі» иегерлері мүлде жоқ.

67 оқушы үздік аттестаттан үміткер ретінде құжаттарын тапсырған болатын. Олардың 40-ы білімдерін дәлелдеді. Бұдан басқа тағы да 46 түлек үздік аттестат алады. Себебі, биылдан бастап ҰБТ нәтижесінде, «бестікке» 1 балы жетпеген «Алтын белгіден» үміткерге жалпы білім беру туралы аттестат емес, үздік аттестат беріледі. Облыс бойынша 1 балл жетпеген оқушылардың саны — 46. Олардың басым бөлігі — Ақтөбе қаласы (12), Мұғалжар (8) және Темір (6) аударының мектеп бітірушілері.

 

Тәртіпбұзушылық болған жоқ

 

Дәмен НҰРҒАЛИЕВА, министрлік өкілі:

— М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінде маусымның 4-і мен 6-сы күндері жалпы 1219 түлек сынақ тапсырды. №715 тестілеу пунктінде ұлттық бірыңғай тестілеу жақсы деңгейде өтті. Мемлекеттік комиссия мүшелері де белсенді жұмыс істеді.

Биылғы тестілеудің басты ерекшелігі, тәртіп күшейтілгені белгілі.  Түлектер ұялы телефон немесе басқа да байланыс құралдарын пайдаланған жағдайда, ескертусіз аудиториядан шығарылатындығы және оның тест жауаптары жойылатындығы ережеде көрсетілген. Қуаныштысы, ережеге қайшы әрекеттер,  келеңсіздіктер болған жоқ. Түлектерді аудиторияға кіргізбес бұрын оларда байланыс құралдарының жоқтығы металіздегіштер арқылы тексерілді. Және аудиториядан 70 метр қашықтықта байланыс мүлде болмады. Оқушылар түгілі, министрлік өкілдері мен мемлекеттік комиссия мүшелерінің де ұялы телефон пайдалануына тыйым салынды.

Емтиханның І кезеңінде (маусымның 4-і күні) апелляциялық комиссияға өтініш жазғандардың ешбіреуінің жауабы қанағаттандырылған жоқ. Ал ІІ кезеңде (маусымның 6-сы) комиссияға өтініш білдірген 6 түлекке балл  қосылды. 3 оқушының тест жауаптары сканерден дұрыс өтпеген. Яғни  сканерден өткізгенде олардың жауап парақшаларынан біреуінің — 27, екіншісінің — 35, үшіншісінің — 37 ұпайы ғана өтті. Талапкерлер апелляциялық комиссияға өтініш айтып келгеннен кейін олардың жауаптары қайта тексерілгенде сканерден біраз жауаптардың «дұрыс оқылмай» қалғаны анықталды. Қорытындысында, 27 балл — 63, 35 балл  — 97, 37 балл  — 92 ұпайға өзгертілді.

Техникалық себептермен 2 түлектің (Айнұр Сатыбалдиева, Әлібек Себенов) жауаптарына 1 балдан қосылды. Балалар жауап парақшасына белгілеген дұрыс емес жауаппен қатар, дұрыс болуы мүмкін деген оймен екінші жауапқа әлсіз белгі қойған. Сондықтан, министрлік өкілдері кеңесе келе, осы 2 өтінішті қанағаттандырды. Сонымен қатар, сұрақ мазмұны дұрыс болмағандықтан,  Майра Жұмағазиеваға 1 балл қосылды.

 

«Алтын белгіні» толық қорғаған мектеп

Үміт ЕСЕНАМАНОВА, облыстық физика-математика мектеп-интернаты директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары:

— 45 оқушымыз мектеп бітірді. Олардың 9-ы халықаралық жарыстардың жүлдегерлері болғандықтан, ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысудан босатылды. Жалпы, 36 оқушы емтихан тапсырды. 5 бала «Алтын белгіден» үміткер болған еді. 5-еуі де білімдерін дәлелдеді. 2 бала үздік аттестат иегері атанды. Асхат Ахметов  пен Сағынай Құбаев мектеп бойынша ең жоғары балл (123 ұпай) жинады. Ал ең төменгі балл  — 81.   Мектептің орташа көрсеткіші — 106,4 ұпай.

 

124 ұпай жинаған түлектер

ҰБТ-ға қатысқан 6311 баланың 2-еуі 124 балл жинаған болатын. Олар: №2 Хромтау мектеп-гимназиясының түлегі Жанна Байтурина мен Ақтөбе қаласындағы №20 орта мектеп-лицейінің оқушысы Сергей Бланк.

 

Жанна БАЙТУРИНА, «Алтын белгі» иегері:

— Емтихан қорытындысында менің ұпайым 123 болған еді. Сосын апелляциялық комиссияға өтініш жаздым. Нәтижесінде, техникалық қате кеткендіктен, физика пәні бойынша тест жауабына 1 балл қосылды.

Біздің мектептің түлектері тестілеуге өзіміздің мектептің мұғалімдерінің көмегімен дайындалды. Ешкім репетиторлар жалдаған жоқ. Сонда да көрсеткішіміз өте жақсы. 5 «Алтын белгіден» үміткер болған еді, оның 4-еуі қорғады.

Жетістікке жеткенім үшін ұстаздарыма ризашылығымды білдіремін. Әсіресе, математика пәнінің мұғалімі Алтын Жаманова мен физика пәнінің мұғалімі Бақыт Бажақановаға айтар алғысым шексіз.

Астана қаласындағы Л. Гумилев атындағы Еуразиялық Ұлттық университетіне құжат тапсыруды жоспарлап отырмын. Қандай мамандықты таңдайтыным әлі белгісіз.

 

Сергей БЛАНК, «Алтын белгі» иегері:

— Ұлттық бірыңғай тестілеуде 124 балл жинадым. Бастапқыда апелляциялық комиссияға өтініш жазғым келген еді, бірақ 1 сұраққа дұрыс жауап бермегеніме көз жеткізгеннен кейін райымнан қайттым.

Емтихан тапсырмауыма да болатын еді. Өйткені халықаралық олимпиаданың жүлдегері болғандықтан, министрдің бұйрығымен тестілеуге қатысудан босатылған болатынмын. Еліміздегі жетекші жоғары оқу орындары — Әл Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университеті мен Қазақ Ұлттық Техникалық Университетіне шақырту алдым. Бірақ менің таңдауым басқа. Астана қаласындағы Л. Гумилев атындағы Еуразиялық Ұлттық университетінің «Радиотехника, электротехника» мамандығына құжат тапсырмақпын. Аталған білім ордасында «Алтын белгі» иегерлерінің стипендиясы көбірек болады екен және одан да басқа жеңілдіктер бар екендігін білдім. Сондықтан ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға ниет білдірдім.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ .

Басқа жаңалықтар

One Comment

  1. Мәртөк ауданында «Алтын белгі «иегері тестілеудің бірінші күні-ақ белгілі болған. Ол Хлебодаровка орта мектебінің түлегі Қамзанова Ботакөз.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button