Әлеумет

Пойызға мінуге жағдай жасалса….

Өтініш

«Қазақстан теміржолы» АҚ жолаушыларды тасымалдау қызметіне көңілім толмайды. Пойызға мінсең, тазалығы нашар, лас вагонға тап боласың. Өз ісіне жауапсыз қарайтын жолсеріктердің іс-әрекеті тағы бар.

Менің ғана емес, пойызға мінетін халықтың атынан айтайын, жанымызға бататыны –  келіп тұрған вагонға аяғымыз жетпей, міне алмай әуре болатынымыз.

Біздің Қайдауыл стансасынан жолаушылар көбіне №379 «Алматы-Орал», «Шалқар-Ақтөбе» және №23, №24 «Ақтөбе-Алматы-Ақтөбе» арасына қатынайтын пойыздарға мінеді. Бұл пойыздар көбіне түн қараңғысында келеді. Пойыздар вокзал алдындағы перрондағы платформаға тоқтамайды, оларды басқа жолдарға қабылдайды. Вагондардың да баспалдағы биік, адымың жетпей, міне алмай, әуре боласың. 1-2 минут тоқтайды, үлгеру қиын, оның үстіне жасы жеткен егде адамдар бар, науқас адамдар мен жас балаларға да жағдай жасалмаған.

Вокзал алды биік, вагонға мінуге ыңғайлы. Солай бола тұрса да пойыздарды басқа жолға қабылдап, жолаушыларға қиындық тудыруы бізге түсініксіз. Айтпағым, пойыздарды вокзал алдындағы бірінші жолға тоқтатса, көпшілікке ыңғайлы әрі тиімді болар еді.

Жоғарыда айтқан жайттарды теміржол басшылары ақсақалдың айтқан назы, өтініші деп ескеріп, бір шара алса екен…

Дархан ЖАЛҒАСОВ,

еңбек ардагері.

Қайдауыл станциясы,

Шалқар ауданы.

Бір тақырыпқа екі хат

№1. 8 балам бар, алқа кімдерге тиесілі?

Мен Шалқар ауданына қарасты Бершүгір стансасында тұрамын. Отбасым 10 адамнан тұрады: 8 балам, отағасым және өзім. Бір балам – студент, бес балам – мектеп оқушысы, бір балам төртте. Тағы бір балам он айлық. Тоғыз жан бір айлыққа қарап отырмыз.

Отырған үйім құлап тұр. Төрт баласы бар әйелді көп балалы ана деп жатады. Бірақ менің 18-ге толмаған сегіз балам болса да, жеңілдік алып көрмедім. Тек мектеп қана көмектесіп тұрады, бір балаға етік берсе, біреуіне 15-20 дәптер береді. Үлкен рахмет!

Ауылда балабақша салынды. Балабақшаға жеңілдік жасап баламды да алмады. Ал көп балалы аналарға жағдай жасалмаған, көмек те жоқ. Бір айлықты киімге де, тамаққа да жеткізіп, өмір сүріп жатырмыз. Нансыз да қалатын күніміз болады. Осындай жағдайды болдырмау үшін ел қатарлы жұмыс істегім келеді, жұмыс жоқ. Бала күтуге Бершүгір амбулаториясында от жағушы болып жүргенде шығып едім. Биыл қайта кірейін деп барсам, мені «автоматты» түрде жұмыстан шығарып жіберген, жұмыс істеген жерімнен босанғаннан кейін бала күту жөніндегі жәрдемақыны да ала алмадым.

Біздің ауыл әкімдері мені көзге де ілмей отыр. Алқа да жоқ. Әрине, мен алқа алам деп туған жоқпын. Өзім үшін, бала болашағым, өрісім, ұрпағым деп тудым,  Құдайдың бергені тірі болсын! Әрине, Үкіметтің беріп жатқанын пайдаланып, әжелер секілді көп балалы ана деген атақты алғым келеді.

Көп балалы аналарға берілетін Алқа кімдерге беріліп жатыр? Маған тиесілі емес пе?

Сандуғаш АМАНШИНА.

Бершүгір станциясы,

Шалқар ауданы.

2. «Күміс алқа» кімге беріледі?

Мен Темір қаласының тұрғынымын. 8 бала тәрбиелеп өсірген зейнеткер-анамын. Менің екі балам – қызым 41 жасында, ұлым 27 жасында дүниеден озды. Бұрынғы кеңес өкіметі тұсында мен көп балалы аналарға берілетін атақтарды алғанмын. Ал қазіргі уақытта 8 бала өсірген аналарға қандай төсбелгі беріледі?

Темір қалалық округі әкімдігі «Сіздің 8 балаңыз түгел емес, 2 балаңыз жоқ» деп менің құжаттарымды қабылдамады. Менің балаларым кәмелетке толғаннан соң қайтыс болды ғой, мен оларды бағып өсірдім емес пе? Заң жүзінде «Күміс алқа» төсбелгісі неше балаға және қандай жағдайда берілуі тиіс? Қалалық округ әкімдігінің жауабы дұрыс па?

Сақып ҮМБЕТОВА,

көп балалы ана.

«БҰҚАРА»: Президенттің www.akorda.kz ресми сайтындағы мәліметтерге сүйенсек, көп балалы аналарға арналған мемлекеттік наградалар – «Алтын алқа» мен «Күміс алқа» төсбелгілері.

«Алтын алқа» 1993 жылы белгіленді. Онымен 10 және одан да көп бала туып, тәрбиелеп өсірген аналар марапатталады. Ал 1993 жылы белгіленген «Күміс алқамен» сегіз және тоғыз бала туып, тәрбиелеп өсірген аналар марапатталады.

Биылғы Қазақстан әйелдерінің V форумында Елбасы Н.Назарбаев көп балалы аналарды қолдау мақсатында Үкіметке Құрметті ана атақтарын беру тәртібін қайта қарауды тапсырғанын айтты. Сондай-ақ,  Елбасы сөйлеген сөзінде: «2010 жылдан бастап «Алтын алқа» наградасын он бала емес, жеті бала тәрбиелеп отырған аналар, ал «Күміс алқа» атағымен алты бала тәрбиелеп отырған аналар марапатталады, бұл наградаларға ие болған көп балалы аналар 8 мың теңгеден астам мөлшерде ай сайынғы арнаулы мемлекеттік жәрдемақылар алатын болады. Осы мақсатқа бюджеттен 30 миллирад теңгеден астам қаражат бөлу жоспарланады», – деген болатын.

«Зейнетақы төлеу жөніндегі орталық» РМҚК облыстық филиалының мәліметі бойынша, қазір облыста мемлекеттің арнайы наградаларымен марапатталып отырған аналар саны – 6250 адам. Бұл көрсеткіш келесі жылы әлдеқайда өспек.

Ауылда бұл мәселеге көп балалы аналардың тапсырған құжаттарына қарай аудандық әкімдік пен аудандық мәслихат жауап береді.

Масқара

…Күзетші болғанына емес, малшы болуға арланады

Жылдың басы еліміздің атқарушы билігі үшін қапылыспен өтті. Үкімет дағдарысқа қарсы шаралар қабылдап жатса, барлық деңгейдегі әкімдер тұрғындар алдында есеп берді. Сырт көз «есептің не қиындығы бар, қағаздағыны оқи салмай ма?» деуі мүмкін. Бірақ есептің де өзі есебі бар…

Әкімнің есебіне әркім әр қилы пікірмен, әр түрлі түсінікпен барады. Оған село, аудан әкімдерінің есебі барысында көз жеткіздік. «Ауылға алты жасар бала келсе, алпыстағы шал келіп сәлем береді» деген қағидаға сүйенгендер мен ауылының абыройын ойлайтындардың сауалы да, сөзі де ауылдың ортақ шаруасы. Біреулер әкім не айтар екен деп барса, енді біреулер әкімнен бірнәрсе сұрауға барады. Әрине, қазір бұрынғыдай ұн сұрайтындар жоқ. Бірақ тоғайдың ортасында тұрып, әкімнен шөп сұрайтындар бар.

Енді бір тобы жұмыс сұрайды. Жөн-ақ. Бірақ қандай жұмыс? Бәріне де күзетшілік керек! Ал қазір кез келген ауылдағы шаруа қожалығы малшы таба алмай отыр. Оларға жаңағы жұмыс сұрап жүрген тепсе темір үзетін жігіттердің барғысы келмейді. Осы жерде баяғыдағы бір әжеміздің «Бәріңе бірдей қыз қайда..» деп басталатын әңгімесі еске түседі. Бірақ гәп басқа! «Өлмешінің күнінен асырмайтын» болмашы жәрдемақыға қарап отырса да, «біреуге құл болғысы келмейді». Сегіз жылдықты бітірген жігіттің түсінігін қараңыз!

Сөйтіп жүріп, Үкіметтің алты балаға берген жәрдемақысына немесе атаулы көмекке арақ алып ішеді. Қыста пештің түбінде, жазда көлеңкеде жатқан әкені көрген ұлдың да «алма ағаштан» ұзап түспесіне ешкім дау айтпаса керек… Он бала өсірген әке-шешенің әкімнен үй сұрауын кім қалай түсінеді?..

Серікбай ҚОЙБАҒАРОВ,

«Ойыл» газетінің редакторы.

Реніш

Бұл сыбайлас жемқорлыққа жатпай ма?

2008 жылы 30 қарашада Ақтөбе-Ырғыз маршрутындағы автобусқа міндім. Автовокзал қызметкері билетті тексеріп, мінгізіп жатты. Қол сөмке көтергендерге «Мінбейсің, түс!» деп күш көрсетті. Мінушілер «Жол ақысы жүрсе бітеді» дегендей, дауласса да сөмкесі үшін сұрағанын берді.

Бір жас жігіт Ұлғайсындағы жолда жұмыс істейді екен, автовокзал Ұлғайсынға билет сатпай, ол Ырғызға билет алып, сол жерден түсіп қалды. Сонда бұл мекемеге «әй дейтін әже, қой дейтін қожа» болмағаны ма?… Бұл мақала газетке жарияланса, бұған да бір пікір болатынына сеніміміз бар.

Осы әділетсіздікті көргеннен кейін халыққа жаным ашып, Тәртіптік кеңес төрағасы Б.Халыққа хабарламасқа болмайтын болды. Ал облыстық  жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бастығы Қ.Сәрсенғалиев Тәртіптік кеңес төрағасына және маған жауап хат жазып жіберді. Жауап хат мазмұны мынадай: «Көлік және коммуникация министрлігінің 2004 жылғы 10 наурыздағы №113-1 бұйрығымен бекітілген «Қол жүгі мен багажды алып жүру туралы» Ереженің 222-тармағына сәйкес, жолаушылардың және багаждың қалааралық елді мекендерге баратын автобустарда көлемі 60х40х20 сантиметрден және салмағы 35 кг аспайтын қол жүгін тегін алып жүруге рұқсат етіледі», – делінген.

Олай болса, «30 килограмнан аспайтын қол жүгіне неге 200 теңге алады?» деген заңды сұрақ туады. Бұл сыбайлас жемқорлықтың нағыз өзі емес пе?

Бұл хатымды бүкіл жүргіншілер оқып, өз пікірлерін білдіреді деп ойлаймын.

Раманқұл БОРАНҚҰЛҰЛЫ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Ауыл

Сағашилінің тынысы

Мұғалжар ауданының Сағашилі ауылына қоныс аударғаныма үш жылдың жүзі болды. Бұған дейін ұзақ жыл Байғанин ауданының орталығы Қарауылкелдіде тұрдым. Қазақылығы басым ауылдан өсіп-өніп, үбірлі-шүбірлі болдым. Денсаулығыма байланысты қалаға жақындаудың сәті түсіп, 2007 жылы отбасыммен Сағашилі ауылына көшіп келдік. Жат жердің топырағына тез үйрендік. Бүгінде Сағашилі ауылында 300-ге тарта түтін бар. Ауыл көгілдір отынмен қамтамасыз етілген. Ауылда мектеп, балабақша бар. Покровка дәрігерлік амбулаториясы да халыққа қызмет көрсетіп жатыр. Амбулаторияның бас дәрігері Зүлфия Жақсыбаева – жұрт аузында жүрген білікті маман. Менің бойымдағы дерттен айығуыма Зүлфия Шәмшәдинқызының ықпалы зор болды. Бүгінде ел Зүлфия Жақсыбаева басқаратын мекеменің қызметіне риза. Тазалыққа ерекше мән беретін басшылықтың қарамағында қызмет ететін ұжымның да еңбегіне ел риза.

Қазір тазалық маусымы. Ауыл әкімінің ықпалымен Сағашилінің көшелеріне жас көшеттер отырғызылып, әр үйдің аулалары, көше бойлары,  мекеме алаңдары тазартылуда. Бұл жұмысқа ауыл тұрғындары да жаппай ат салысып жатыр.

Ғалия СӘРСЕНОВА.

Сағашилі ауылы,

Мұғалжар ауданы.

Баға

Арзанның сорпасы тати ма?

Жаһанды жайлаған қаржы дағдарысының Қазақстанға тиген зияны маған беймәлім. Зауыттарда қысқартулар болып жатыр деп естиміз. Бюджеттен басқа кіріс көзі жоқ біздің ауданда әлі де дағдарыстың салқыны сезілмейтін сияқты. Есесіне әлемдік рыноктағы мұнай бағасының құлдырауы ауылдарға уақытша болса да тиімді болып тұр.

Мұнайдың үстінде отырып, ауылда бензиннің бағасы алтынның құнынан да асып кеткен кездер болды. Ойыл селосын жанар-жағармаймен қамтып отырған үш бекет бар. Бірақ қарапайым тұрғындарға «Заман» бекетінің өнімі тиімді болып тұр. Онда А-80 маркалы бензиннің бір литрі 42 теңге болса, АИ-93-тің бір литрі 62 теңгеден, дизель отыны 55 теңгеден сатылып жатыр. Сондықтан осындай дағдарыс кезінде ауылға арзан жанар-жағармай ұсынып отырған «Заманның» басшыларына алғыстан басқа айтарымыз жоқ.

Ал Үкімет биыл шаруа қожалықтарына литрі 50 теңгеден дизель отынын ұсынып отыр деп естиміз. Сондықтан Ойылдағы шаруалардың Ақтөбеден көлік жалдап дизель отынын тасығанша, ауылға келіп тұрған 55 теңгенің соляркасын «Заманнан» ала қойғаны әлдеқайда тиімді шығар. Үкіметтің берген арзан жанар-жағармайын әкелу шығыны оның бағасын 55 теңгеден де өсіріп жіберуі мүмкін.

Бірақ осы арада бір кілтипан бар сияқты. Бәрін де басынан өткерген қазекем «Арзанның сорпасы татымайды» деп айтып кеткен жоқ па…

Өйткені «Заманның» Ақтөбедегі бекеттерінде А-80-нің әр литрі – 50, АИ-93-тің әр литрі – 67 теңге. Демек, көңілге күдік ұялататыны да осы бағаның алшақтығы. Бұрын Ойылдағы қай бекетте де жанар-жағармайдың құны Ақтөбеден 10-15 теңге қымбат болатын. Демек, Ойылдағы «Заман» бекетіндегі баға бізді басқа ойға жетелейді. Яғни ол жанар-жағармайлар ұрлық жолмен келуі мүмкін болмаса сапасы маркасына сай болмауы мүмкін. Олай дейтініміз, Үкіметтің бақылауындағы «Қазмұнайгаздың» Ақтөбедегі бекеттерінің өзінде А-80 маркалы бензиннің құны – 52 теңге, АИ-93-тің бағасы – 70 теңге.

Ал әлемдік рыноктағы қара алтынның бағасы әлі де құбылып тұр.

Қ.ЫҚЫЛАСОВ,

Ойыл селосы.

Игілік

Сауапқа толы шаруа

Игі ниет қай кезде де қиялы көркем, өрісі кең, қызғаныштан ада адамдардан шығады. 2005 жылы Ырғыз ауданына Сансызбай Құттыбаев басшылық етіп отырған тұста Алматыдағы «Дала» баспасынан осы өңірдегі көп балалы аналар туралы деректер қамтылған «Айналайын аналар» атты кітап шығарылған еді.

Енді, міне, Шалқар қаласында тұратын ардагер ұстаз Құлыбек Сүйеубайдың «Ұстаздық еткен жалықпас» деген кітабы қолымызға тиді. Құлыбек ағайды көптен білеміз – педагогтік жоғары білім алғаннан кейін еңбек жолын қатардағы мұғалімдіктен бастап мектеп директоры, аудандық білім бөлімінің бастығы қызметтерін атқарды. Қазір аудан орталығында алғаш рет ашылған мектептен тыс қосымша білім беруге арналған Оқушылар сарайының директоры. Қай қызметті атқарса да жаңалыққа құмарлығын, ұйымдастырушылық қабілетін көрсетті, өз білгенін жастарға үйретуден жалыққан емес. Ауданның «Жыл адамы» атағына ие болды, Қазақ КСР халық ағарту ісінің озық қызметкері, Ыбырай Алтынсарин атындағы медальдың иегері.

Әрине, біз жоғарыда сөз еткен алғашқы кітапты шығарудың басы-қасында жүрген әкімге қарағанда Құлыбек Сүйеубайдың қолы қысқалау, оны ешкім міндеттеген де жоқ. Дегенмен мұрағат қорларын ерінбей ақтарып, аға буын өкілдерінен сұрастырып, Шалқар ауданының білім беру жүйесінде әр қилы кезеңдерде еңбек еткен «Қазақ ҚСР еңбек сіңірген мұғалімі», «Қазақстан Республикасы халық ағарту ісінің озық қызметкері», «Аға мұғалім» атақтарының иегерлері – барлығы 300 адам туралы деректерді фотосуреттерімен жинақтап, 284 беттік кітап шығарып, оқырмандарға ұсынды. Әр түрлі дәлелді себептермен толық дерегі анықталмағандықтан кітапқа енбей қалған, жоғарыдағыдай атақтарға ие он сегіз адамның аты-жөні арнайы бетке жазылыпты. Туындыны оқып отырып, өзіміз білетін және атақ-даңқын сырттай естіп қана жүрген әріптестеріміз туралы жан-жақты мағлұмат алдық. Фәниге жөнелгендерінің ұрпағы әулетінде осындай адам болғанын біліп, марқайып қалды деген ойдамыз.

Сауапқа толы шаруаны қолға алып, тиянақты тындырған ағамызға, кітап шығарудың басы-қасында жүрген барлық азаматтарға ризашылығымызды білдіреміз.

Бәдигүл КҮЗЕУОВА,

зейнеткер ұстаз.

Ақтөбе қаласы.

Тұлға

Біздің қозы

Біздің Қозы… Осы бір екі сөзге оның келбеті, адамшылығы, тұтас тұлғасы сыйып тұрған секілді.

1988 жылғы мамыр айы. Менің «Айшуақ» кеңшарына «Шалқар» кеңшарындағы (бұрынғы атауларымен жазып отырмын) орта мектептен ауысып, жаңа келген кезім. Кеңшар басшысы шақырып жатыр деген соң, баруға тура келді. Мені жұмыс бөлмесінде кең иықты, ұзын бойлы, сұсты жігіт қарсы алды. Таныстық. Көршілес ауданнан бір жыл бұрын, яғни 1987 жылы қараша айында осы «Айшуақ» кеңшарына директор болып келген екен. Аты-жөні – Қозыкөрпеш Сапаұлы Аманбаев.

1990 жылдың шілдесінде інім Бақытқали қайғылы қазаға ұшырады. Сондағы Қозыкөрпештің адамшылық, рухани көмегі есімнен кетпейді. Содан соң-ақ мен оны «Біздің Қозы» деп кеттім.

Біздің Қозы… Қай істе болмасын көп нәрсе іс басында отырған азаматтардың ниет, қылығына, белсенділігіне байланысты ғой. Маған көп азаматтармен қызмет бабында бірге жүруге тура келді. Бір жолы мен Қозыкөрпешке келіп: «Қазір мектептерге электронды есептегіш машиналар (ЭВМ) келе бастады, бізде сол машиналар жоқ, жақында Ленинград қаласындағы бір кооператив хабарландыру жасады. Тоғыз машинаның құны 50 мың сом деп отыр. Осыған сұраныс жасасам қайтеді?» – дедім де жарты қақына келісімін сұрадым. Қозы тұрып: «Оған не сөз бар, жаса, 20-30 мың сомнан жарлы болып қалмаспыз», – деді. Көп ұзамай кооператив машиналарды мектепке әкеліп, одан соң пайдалануға берілді.

Қозыкөрпеште өре биік болатын, білік, парасат-пайымы мол еді. Сол уақыттың өзінде мемлекет кеңшардың маңдайынан сипаған жоқ, бірақ бұл азамат болашақты түсінді, балаларға қамқорлық керегін білді, қамқорлық бар жерде табыс, саналы тәрбие жүретінін сезді. Осыдан соң-ақ мен оны «Біздің Қозы» демей, не дейін!..

1992 жылы наурыз айының бас жағында Қозыкөрпеш жұмысын ауыстырды да, көптеген іс-шараларын орындаудың мүмкіндігі болмады.

Қ.Аманбаев – түрлі өткелең-сындардан өткен басшы. Ол бұрынғы Ембі ауданында кәсіптік-техникалық училище директорының орынбасары, кеңшарларда зоотехник, бас зоотехник, кеңшар партия комитетінің хатшысы, аудандық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары, Шалқар ауданында «Айшуақ» кеңшарының директоры, аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы, одан кейін Ойыл ауданының әкімі болып қызметтер атқарды. Кейін өмірінің ақырына дейін Ақтөбе қаласында жауапты жұмыста болды.

Қозыкөрпеш туралы сөз қозғағанымда, оны қызмет орнына, лауазымына қарап айтып отырғаным жоқ. Айтайын дегенім – адамгершілігінің жоғарылығы. Кейбір басшылар биік қызметте істегенмен есте қалмайды, халық жүрегінде сақталмайды. Ал Қозы – халық жүрегінде сақталатын азамат.

Елу деген ер жасынан өте бергенде асыл азамат дүниеден озды. Еске түсетіні – дүниеден озғанын естіген айшуақтық қарттар: «Иә, Алла-ай, асыл азамат мына фәни дүниеден өтіп кеткені-ай, тағдырына біздің алғысымыздың жетпегені қалай?» – десіп жатты.

1988 жылға дейін ауыл орталығы Бегімбеттің көп үйлеріне газ тартылмаған еді. Қозы осы істі қолға алып, бір-екі жыл ішінде ауылды түгелдей газдандырды. Үйлерді көгілдір отынмен қамтамасыз ету жұмысын да Қозы өз иығына алды. Ақтөбе қаласынан әр түрлі диаметрлі трубалар тасылды, тіпті, олардың 1,5-2 есе қымбаттығына да қараған жоқ. Ауыл орталығында сол кезде үш жүзден астам үй болғанын ескерсек, бұл қаншама жұмыс! Үйіне газ кіргізілген ақсақалдардың бас қосқан жиындарда айтатыны: «Қозыкөрпеш қарағым, өркенің өссін!». Осы алғыс Қозы ұрпақтарына тисін деген тілек халық көкірегінен кетпейтіні анық.

Қозыкөрпеш Сапаұлының отбасының жөні де бөлек. Зайыбы Шолпан, балалары Асан, Светлана, Асқар, Асхат Қозыкөрпештің ісін жалғастыруда. Қозы ұрпақтарының адамгершіліктеріне тәнті боласың да тұрасың.

Өткен 2008 жылдың жаз айында Айшуақ ауылының орталығы Бегімбетте Қозыкөрпеш Аманбаевқа көше аты берілді  және алғашқы нөмірлі үйде асыл азаматтың мүсінді тақтасы жарқырады. Сол ауылда Қозының дүниеден озғанына он жыл толуына орай ас берілді. Ауыл әкімдігі, азаматтары бұл іске белсене араласты. Бұл істің басы-қасында жүрген Әбдіраш аға Қобылашевтың, Жұмабай-Гүлсайрандардың еткен қызметіне ауыл-жұрты, Қозыкөрпеш отбасы әбден риза болды.

Қозыкөрпеш Аманбаевтың өз қауымына керегі бар, ықпал иесі болғанын Ақтөбеде өткен ас-жиында Мәлік Жекеев, Кеңес Абдуллин, Бердіғали Әйтпенбетов, Сағынадин Салықбаев және басқалары шын көңілден айтты.

Осындайда ақын Қадағаңның бір тебіренісі ойға орала кетеді:

«Біреулердің өнегелі бір ісін

Көре тұра көрмегендер құрысын.

Нең кетеді жақсы десең жақсыны,

Нең кетеді дұрыс десең дұрысын».

Қозының тағы бір үлкен мақсаты Ойыл ауданының орталығына көгілдір отын жеткізу еді, бәлкім, кейінгі басшылар бұл істі аяқтар деген үміт те жоқ емес. Қозының арманшылдығы жаныңа әсер етпей тұрмайтын, сондықтан «Біздің Қозы» деуімнің бір себебі де осы шығар.

Ж.ОМАРОВ, зейнеткер.

Ясный ауылы.

Ақтөбе қаласы.

Ықылас

Шәкірттерге тигізер шарапатын…

Жақсылық пен жамандықтың ара жігін ажыратып берген, жер бетіндегі алғашқы ұстаздар саналатын Адам ата мен Хауа анадан кейін адамдарға тіршілік етуді пайғамбарлар үйреткен. Мәселен, Жүсіп пайғамбар түс жоруды, Нұх пайғамбар кеме жасауды, Сүлеймен пайғамбар жануарларға иелік етуді үйреткені аңыздардан белгілі. Бар білгендерін адамдар бойына дарытқан олардың үйретушілік қызметтері замана бойы заңды жалғасын табуда.

Саналы ғұмырында осындай ұлы мамандықты таңдап, шәкірт тәрбиелеп келе жатқан ұстаздардың бірі – Елек орта мектебінің мұғалімі Талшын Мырзаханқызы. Ол – тәжірибесі мол тәлімгер ғана емес, ұйымдастырушылығы мен іскерлігі ұштасқан 2-сыныптың жетекшісі. Біздің балаларымыз – оның оқушылары.

Өз ортасында парасат пайымдылығымен, биік адамгершілігімен сыйлы ол қашан да шәкірттерінің жан дүниесін  түсінуге ерекше ден қояды. Сабақтан тыс уақытта олармен үнемі байланыста болып, қоғамдық жұмыстарды да ата-аналармен, оқушылармен жүргізеді.

Адамзат баласы қандай да бір жетістікке жетсе, бұл – ұстаз еңбегінің жемісі.

Сондықтан ұрпақты білім әлеміне жетелеп жүрген Талшын апайдай жандарға қандай алғыс айтсаң да, артық болмайды.

Білім жолындағы еңбектеріңіз жанып, білімді де білгір шәкірттеріңіздің қатары молая берсін деп тілек білдіреміз.

2-сынып оқушыларының ата-аналары.

Қурайлы селосы.

Ой-толғау

Әке, сен мықтысың! Бәрі де жақсы болады!

Екі айдай уақыт қалыпты. Келместей көрінген күн де таяпты. Бұрын көп ойламауға, барынша көңілді жүруге тырысатынмын. Тек барлық әлем, ару қала қалың ұйқы құшағына енген түн баласында өз ойыммен өзім алысып, ұйқысыз жалғыз қаламын. Мәңгілік ақ көрпесін жамылып қарт Алатау бауырындағы Алматыдай аяулысына сүйсіне қарап, ұйқысын күзетуге кіріседі. Алатаудың аспанмен таласқан асқар шыңдарының біріне сүйеніп, киелі ай ару Алматыға, жатақхана терезесінен телміре қарап отырған маған нұрын, мейірімін  төгеді. Маған сүйсіне қарайды, сағына қарайды. Мен де оны сағынамын. Қайран, алтын ай, киелі ай, неге Алатаудың шыңдарына сүйенесің?! Неге одан да биік көтерілмейсің?! Әлде олар сенің өзінен биік тұрғаныңды қаламай ма?!

Ал менің ауылымда сен өте биік едің, еркін едің. Өйткені менің ауылымда Алатау жоқ. Менің ауылым… менің ауылымның даласы кең, жазық, жазира. Сонау даланың аспаны да кең, жазық. Екеуі көкжиекте ғана тоғысады. Осынау кең даланың, кең аспанның түнгі қожасы өзің едің-ау, киелі ай!

Сондай әсем, тұнық түннің бірінде далада, сәкіде анам салған жып-жылы, жұп-жұмсақ төсекте самсаған жұлдыздарға, түнгі аспанның еркесі әсем Айға қарап менің әкем жататын. Осы сәтті күткен біз де жүгіріп келіп әкеміздің қойнына тығылушы едік.

Асқар таудай әкемнің бауырына төртеуіміз де сыйып кететінбіз. Менің әкем тер мен шаң араласқан ащы маңдайымыздан иіскеп қойып, ұзақ әңгімеге кірісетін. Біз ұйып тыңдай қаламыз. «Ай мен Күн», «Қара құрт», «Есекқырған», «Жетіқарақшы», «Ақ боз ат пен көк боз ат» секілді тылсым аспан әлемі жайындағы халық аңыздарын айтатын. Сосын «Жетіқарақшы әне, ал анау екі жұлдыз ақ боз ат пен көк боз ат», – деп, түнгі аспан төріне төгілген маржандар арасынан аңызда айтылған  жұлдыздарды көрсететін. Маған, әсіресе, «Ай мен Күн» жайындағы аңыз қатты әсер ететін: «Ай мен Күн негізі сұлу қыздар екен. Ай Күннен гөрі сұлуырақ болса керек..». Аңызды тыңдап жатып, Айға ұзақ қарайтынмын. Ол шынымен-ақ сұлу қызға айналып кететіндей көрінетін. Сол таңғажайып құбылысты күтіп жатып, қалай ұйықтап кеткенімді білмей де қалатынмын.

Ол күндер де балалық шағымыздың еншісінде қалды-ау!

Арман қуып Алматыға мен де кете бардым. Қазір сол шағымды қатты сағынамын. Сағынған кезде осылай айға қараймын. Айға қараймын да Ақтөбемді, алтын бесігім Байғаниннің кең даласын сағынамын. Әкемнің құшағын аңсаймын, әңгімесін аңсаймын.

Барлық сәби үшін ер-азамат атаулының ішіндегі ең қадірлісі, құдіреттісі өз әкесі болып көрінетіні белгілі ғой. Тек өсе келе өзін осынша құрметтейтін сәбиінің көңілін қалдыратын әкелер қаншама?!

Менің әкем… менің әкем ешқашан менің көңілімді қалдырған емес. Ешқашан баласының алдында аузына келгенді айтып көрмеген, арақ, темекі секілді зиянды әдетке бой ұрмаған, әр істеген ісін балаларының болашағына, тәрбиесіне арнаған әкемнің қазіргі кезде бойындағы жалғыз «міні» – науқасы, менің жаныма батады. Алдағы маусымның он бірінде, Алла бұйырса, әкемнің жүрегіне операция жасалады. Оған да, міне, екі айдай уақыт қалыпты.

Бірақ қанша ауыртпалық басыңа түссе де мойымай, әр атқан таңыңды көңілді қарсы алып, бар ойыңды ішіңе бүгіп, сыртыңа сездірмей, жан-жағыңа күлімдеп, мейіріммен қарайсың-ау, нар әкем, менің әкем!!!

Мойыма, күресе біл! Сен мықтысың!!!

Элеонора ХАЙРМАНОВА,

Алматы қаласы.

Басқа жаңалықтар

One Comment

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button