«Дос-Мұқасан» келді

Ақтөбеде «Дос-Мұқасан» ансамблінің құрылғанына 55 жыл толуына арналған концерт өтті. Концертте заманауи бағытта өңделген ескі әндер шырқалды.
Қазақтың әншілік өнері тарихында тұңғыш рет рок жанрында топ құрып, қайталанбас дауыстарымен талайды тамсандырған «Дос-Мұқасанның» тарихы тереңде жатыр.
— Ансамбль құрылмаған кезде біз студент едік. Ауылдан келген төрт жігіт бір жатақханада тұрдық. Сол жылдары шетелдік «Битлз» ансамблінің дүркіреп тұрған кезі еді. Соларға қызығудан және өнерге құштарлығымыздан «Дос-Мұқасан» ансамблін құрдық. 29 жасымнан осы ансамбльді басқарып келемін. Жас кезімізде алты ай бойы Америкада 180 концерт бергеніміз әлі есімде, — дейді ансамбльдің жетекшісі Мұрат Құсайынов.
55 жылдың ішінде ансамбльдің құрамы да өзгеріп, жаңа адамдармен толығып отырған. Ұжымда барлығы 30 музыкант өнер көрсеткен. Ұлттық өнерімізді дәріптеп жүрген ансамбльдің репертуарында 300-ден астам ән бар.
— Ансамбльдің мерейтойы аясында Қазақстанның түкпір-түкпірін аралап концерт береміз. Содан соң Алматыда Республика сарайында көлемді концерт беруді жоспарлап отырмыз. Қазіргі сәтте концертке дайындық үстіндеміз. Репертуарымызды жаңа әндермен толықтырып жатырмыз, — дейді ансамбльдің арт жетекшісі Данияр Құсайынов.
Іс-шара соңында облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Алтынай Юнисова «Дос-Мұсқасан» ансамбліне шығармашылық табыс тілей отырып, облыс әкімі Ералы Тоғжановтың атынан Алғыс хат табыстады.
Ақмарал МҰҚАШЕВА.