Білім

ҰБТ аяқталды.

Қорытындылар жақын күндерде белгілі болмақ

Биыл облысымыз бойынша мектеп бітіруші түлектердің 74 пайызы ҰБТ сынағын тапсырып отыр.

Елімізде мектеп бітіруші түлектер Ұлттық бірыңғай тест тапсыруға 4 маусым күні кірісті.

Ал біздің облысымызда 4 маусым күні — 1561 түлек, 6 маусым күні 4751 түлек сынақ тапсырды. Бұлар биыл мектеп бітірушілердің 74 пайызын құрайды. Облыстық білім басқармасы мамандарының айтуынша, бұл өзге түлектер білімін әрі қарай жалғастырмайды дегенді білдірмейді: жоғары емес, орта арнаулы оқу орындарына (колледж, т.б.) барғысы келетін түлектерден ҰБТ сертификаты талап етілмейді.

Облысымыз бойынша ҰБТ сынақтары 12 жерде өтті. Оның тоғызы аудандарда болса, үшеуі Ақтөбе қаласында — Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінде; Ақтөбе мемелекеттік педагогикалық институтында және Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінде — орналасқан. Қарғалы, Мәртөк, Алға аудандарының балалары сынақты облыс орталығында тапсырды.

Тест тапсырмаларының мазмұны және техникалық себептер бойынша апелляциялық өтініштер тестілеу нәтижесі жарияланғаннан кейін келесі күнгі сағат 13.00-ге дейін қабылданады. Апелляциялық комиссия түскен өтініштерді тәулік бойы қарастырады.

…Сонымен, ҰБТ сынағының қорытынды нәтижелері жақын күндерде белгілі болмақ. Біз қорытынды нәтижелермен оқырмандарымызды таныстыратын боламыз.

И. Жаймағамбетова.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button