Білім

Балдырған

Хайуанаттар әлемі

Бұлан

Бұлан – бұғы тұқымдасына жататын ірі аңның бірі. Еті мен терісі өте пайдалы. Бірақ біздің елімізде сирек кездесетін бұланды  атуға тыйым салынған, оларды арнайы қорықтарда өсіреді.

Бұланның биіктігі 2 метрден асса, салмағы 300-600 килограмға жуықтайды. Ал терісінің түсі мезгіл сайын құбылады. Мәселен, қыста қара қоңыр болса, жазда ашық қоңыр түске енеді, басы мен аяғы ақ түсті болады.  Бұланның мүйізі тек еркегінде болады және ол жалпақ, үлкен келеді. Қыс мезгілінде ағаштарды қорек етсе, жазда шөптерді жейді.

Бұйым

Шідер

Әр төрт түлік малдың өзіне арналған құрал-жабдығы болады. Және бұл құралдарды пайдаланудың да өзіндік ережесі бар. Мәселен, жылқының аяғын байлайтын әбзел құралды – шідер деп атайды. Аталған құралды көбіне асау, қашаған, жүргіш жылқыға қолданады. Шідермен жылқының алдыңғы екі аяғын және артқы мінер жақ аяғын тұсайды.

Шідерді көбіне қайыстан, шынжырдан жасайды. Оның үш тұсауы, тиегі және олардың басын біріктіретін арнайы өресі болады. Ал өресі қайыстан өріліп, шынжырмен жалғанады.

Біліп жүр

  • Алғашқы қазақ хандарының сүйегі Түркістан шаһарының жанында жерленген.
  • «Дивани лұғат ат-Түрік» түркі сөздігі 1074 жылы жарық көріпті. Ал бұл сөздікті  Махмут Қашқари құрастырды.
  • Қазақ елінің алғашқы астанасын білесің бе? Бірінші астанамыз ХVІІ ғасырдың аяғы мен ХVIII ғасыр басында Түркістан қаласы атанды.
  • Шыңғыс ханның әскеріне ұзақ мерзім қарсылық көрсеткен Отырар қаласының халқы болды.

Балдырған-ақпарат

«Ұлттық рух – отаншылдық, намыс»

Әлия ауылындағы орта мектепте кітапхана жанында ұйымдастырылған кеш осылай аталды.

Шараны мектеп мұғалімі Жанна Жұмалина ұйымдастырды. Кеш барысында 9-11 сынып оқушылары өздерінің Отанға деген сүйіспеншілігін, сезімін  көрсете білді. Сонымен қатар мектебіміздің белсенді оқушылары өздері шығарған өлеңдерін оқыды. Әсіресе, Ақмоншақ Ешмұхан, Алтынай Қазиеваның шығарған өлеңдері көрермендерге ерекше ұнады.

Әсем ІЛИЯСОВА,

Назерке ҮМБЕТОВА,

10-сынып оқушылары.

Қобда ауданы.

Өнерлі бала

Данатта бес  медаль бар

Данат Аязбаев – қаламыздағы №47 жеке пәндерді тереңдетіп оқытатын мектептің 2-сынып оқушысы. Ол өте ақ көңіл, қарапайым, ұқыпты оқушы әрі білімділігімен, өнерлілігімен үнемі биіктен көрініп жүр.

Данат – біздің сыныбымыздың мақтанышы. Әр оқу жылында ол тоқсан сайын сыныпқа үлкен қуанышпен оралады. 2007 жылы қараша айында облыстық дене тәрбиесі және спорт басқармасының ұйымдастыруымен өткен классикалық шахмат ойынынан 1-орынға қол жеткізді. 2008 жылы Вьетнам қаласында өткен сайыста да жүлделі атанды. Ал жақында Павлодар қаласында озат шахматшылар арасынан 3-орынға лайық деп танылды.

Қазір Данатта 5 медаль бар. Ол бесеуінің үлкен қиындықпен келгендігін айтады. Алғашқы медалін сыныпқа әкелгенде, құрбылары қуана қарсы алды…

Иә, Данаттай өнерлі, дарынды шәкірті бар ұстаздың мақтанбауы мүмкін емес.  Ол қай жарыста болмасын әлі де топ жаратынына кәміл сенеміз. Алдымен Данаттай баланы тәрбиелеген әкесі Асқар Аязбаевқа алғысымызды айтамыз.

Балзира МАЛАЕВА,

мектеп мұғалімі.

Оқушы ойы

…Үлкен азамат боламын

Елбасының биылғы «Дағдарыстан – дамуға» атты Жолдауын сынып жетекшіміз Ғалия апай бізге жан-жақты талдап, түсіндірді.

Мен не бары 9 жастамын. Әлі кішкентай болсам да, дағдарыстың қаншалықты қиын екенін түсінемін. Менің ойымша, дағдарыстан өту үшін ең алдымен терең білім, үлкен бірлік қажет. Ал бұл аталғандар мектептен басталады емес пе? Үнемі аузымыздың бір болуы өз қолымызда.

…Құрметті Елбасы! Менің есімім – Азамат. Өскенде атыма затым сай болып, елімнің көркеюіне өз үлесімді қосып, азаматтығымды дәлелдеймін. Сіз секілді ел қамын ойлайтын басшы боламын. Мен сізге уәде беремін!..

Азамат ЖАЛМҰРАТОВ,

№4 орта мектептің

3 «а» сынып оқушысы.

Шалқар қаласы.

Қызықты оқиға

…Жалаң аяқ қайттым

Күз мезгілі. Әкем маған «жолақың мен мектепте ішер тамағың» деп 100 теңге берді. Бірақ мен ақшаны үнемдемей, қолыма тиген соң, оңды-солды шаштым.  Үйге қайтар уақыт жақындады. Қалтада көк тиын жоқ. Ақшасыз көлікке міну мүмкін емес, ал жаяу жүруге аяқ ауырады. Не істеу керек? Үндемей автобусқа мініп алдым да, кондукторға барлық мән-жайды айтып ем, ол менің сөзімді тыңдамай, «М.Мәметова» аялдамасынан түсіріп кетті.

Қырсыққанда, жолда ешқандай автобус тоқтамады. Ал жаяу қайту үшін Автовокзал аялдамасына дейін жүруім керек. Күн салқын, жер балшық. Өзім қатты тоңдым. «Осылай жүре берсем, әйтеуір, бір жетермін», – деп өзімді жұбатып келе жатқанда миуа балшыққа аяғым кіріп кетті. Қанша тартсам да аяғымды шығара алмадым. Енді амал жоқ, етігімді балшыққа тастап жалаң аяқ жүруге тура келді. Аяғыма тас кірді, ауыртты. Бірақ қанша  азаптансам да, ерлікпен үйіме жеттім…

Жолда көрген қиындығымды алдымен әкеме айтсам, ол ішек-сілесі қатқанша күлді. Үйдегілер де оның күлкісіне қосыла жөнелді. Көрген қиындығымның күлкілі болғанына ашуланған мен ызадан жарылып кете жаздадым. Сонан соң тағы да жыладым.

Жұлдыз ЖАМАШЕВА,

№32 Ақтөбе мектеп-гимназиясының

6-сынып оқушысы.

Оқушы өлеңі

Жайдарлы жаз

Жаз әдемі болады,

Аспан құсқа толады.

Қызыл-жасыл гүлдерге

Көбелектер қонады.

Өзен ағып барады,

Сағым кезді даланы.

Қуантады жайсаң жаз

Барлық-барлық баланы.

Ақерке ӘДІЛГЕРЕЕВА,

5-сынып оқушысы.

Тасөткел ауылы,

Хромтау ауданы.

Бетті әзірлеген Айгүл ЖҰБАНЫШ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button