Білім

Ауыл балаларын қолдаудың ақтөбелік моделі: 3 айда білім сапасы 3,5 пайызға артты

Облыс әкімі Ералы Тоғжановтың бастамасымен қолға алынған «БІЛІМ ALL» бірегей жобасы аз ғана уақыттың ішінде жемісін берді. Біздің өңірде бұған дейін ауыл (48 пайыз) мен қала мектептері (63) арасындағы білім сапасындағы алшақтық 15 пайыз болған-ды. Аталған жоба қолға алынған небары 3 айда ауыл мектептеріндегі білім сапасы 3,5 пайызға артты.
Шағын жинақты мектептердегі білім сапасын көтеру, қала мен ауыл мектептерінің арасындағы теңсіздікті жоюды мақсат еткен жоба басталған күннен-ақ Оқу-ағарту министрлігінің қызығушылығын тудырған болатын. Өйткені мұндай жоба елімізде алғаш рет Ақтөбеде қолға алынып отыр. Сол себепті мұны ауыл балаларын, ауыл мектептерін қолдаудың ақтөбелік моделі деп айтуға толық негіз бар.
Бүгінде Ақтөбенің жобасы өзге өңірлерге үлгі болып отыр. Былтыр жыл аяғында біздің облысқа жұмыс сапарымен келген Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шолпан Каринова «БІЛІМ ALL» жобасымен танысып, оған жоғары баға берген болатын. Вице-министр бірегей жобаға министрлік тарапынан қолдау білдіретінін, ақтөбелік педагогтердің іс-тәжірибесі, игі ісі республикаға таратылатынын айтқан-ды. Қазір Шолпан Таңатқызының тапсырмасымен министрлік жанындағы Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы мен облыстық білім басқармасы бірлесіп, Ақтөбеден бастау алған тың жобаны өзге өңірлерге тарату үшін республикалық семинарға қызу дайындалып жатыр.
Күні кеше ғана Ақтөбеге өңір әкімі Ералы Лұқпанұлының шақыртуымен келген ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин де іс сапарының басты мақсаты — бірегей жобадан шет қалған 84 ауыл мектебінің мәселесін шешу екенін айтып, интернет жылдамдығы төмен ауыл мектептеріне байланыс операторлары тартылатынын жеткізген болатын.
Жақында Қобда ауданы Талдысай мектебінде ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусинге, сондай-ақ үкіметтік делегация мүшелеріне өңірдің шағын жинақты мектептерінде қолға алынған «БІЛІМ ALL» жобасы аясындағы оқу процесі көрсетілді. Қонақтар ағылшын тілінен өтіп жатқан сабаққа қатысты.
Сонымен, ауыл мектептерін қолдаудың ақтөбелік моделі қалай жүзеге асырылып жатыр?  

Тың жоба және мол мүмкіндік

«БІЛІМ ALL» өңірлік жобасына облыстағы 120 мектептің 10 575 оқушысы қатысып жатыр.
Облыста оқу тіліне қарамастан, сапалы білім алу үшін балаларға тең мүмкіндіктер жасау, оның ішінде қала мен ауыл арасындағы білім сапасының алшақтығын жою бойынша жол картасы әзірленіп, бекітілді.
Өңірдегі 404 мектептің 282-сі — ауыл мектебі. Соның 204-і — шағын жинақты білім шаңырағы. Шағын жинақты мектептерде бала саны аз болғандықтан сынып-комплектілер бір-бірімен қосып оқытылады. Бала саны аз, сағат саны да аз болғаннан кейін мұндай мектептерде маман да тапшы. Өңірдегі шағын жинақты мектептерде мамандығына сай емес 99 маман жұмыс жасайды. «БІЛІМ ALL» жобасы осындай диплом бойынша мамандығы сәйкес келмейтін мамандары бар мектептің оқушылары мен мұғалімдері үшін үлкен көмек, — дейді облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұргүл Бертілеуова.
Оның айтуынша, шағын жинақты мектептер әсіресе Қобда (21), Әйтеке би (21), Ойыл (18), Ырғыз (17) аудандарында көп. «БІЛІМ ALL» жобасы Қобдадағы 19 шағын жинақты мектеп оқушыларын қамтиды. Екі мектеп интернет жылдамдығының төмен болуының салдарынан жобаға қатыса алмай отыр екен.
— «БІЛІМ ALL» жобасының мақсаты — Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау, тұрғылықты жеріне қарамастан балалардың сапалы білім алуына жағдай жасау.
Біздің облыста бұған дейін ауыл мектептерінің сапа көрсеткіші — 48 пайыз, қала мектептерінің білім сапасы — 63 пайыз болған-ды. Осы жоба қолға алынған аз ғана уақыттың ішінде ауыл мектептеріндегі білім сапасы 3,5 пайызға артып отыр. Бұл — үлкен жетістік, — дейді Нұргүл Лескенқызы.
Жоба былтыр қараша айында пилотты түрде іске қосылғаны белгілі. Ол кезде өңірдегі 6 жетекші мектеп іріктеліп алынған-ды. Олар — дарынды жасөспірімдерге арналған облыстық мамандандырылған «Білім-инновация» лицей-интернаты, М.Құсайынов атындағы облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған лицей-интернаты, облыстық мамандандырылған физика-математикалық лицей-интернаты, Ақтөбе қаласындағы Әл-Фараби атындағы  №21 мамандандырылған гимназиясы, Хромтау №3 орта мектебі, Хромтау №6 гимназиясы. Кейін жобаға қатысушы бала саны артуына байланысты тағы 4 жетекші мектеп қосылыпты. Қазір «БІЛІМ ALL» жобасы аясында 10 жетекші мектептің 35 педагогі 120 шағын жинақты мектептің оқушыларына сабақ беруде. Кері байланыс жақсы орнатылған. Балалардың қызығушылығы, белсенділігі жоғары.
84 мектепті жобаға қоса алмадық. Өйткені бұл мектептерде интернет жылдамдығы тым төмен. Бұл білім шаңырағында интернет жылдамдығы әлсіз болғандықтан онлайн сабаққа жүйелі қатыса алмайды. Ал бұл сапаның артуына кері әсер етеді.
Айта кету керек, 84 білім ордасының 22-сі — бастауыш мектеп. Жобаға 6-11 сыныптардың оқушылары қамтылып жатыр. Сол себепті алдымен 62 ауылдың интернет мәселесін шешу жоспарланып отыр.
Жоба әзірге ZOOM арқылы өткізілуде. Қазір «БІЛІМ ALL» атты арнайы платформа әзірленіп жатыр. Платформаның артықшылығы оқу процесі, үй тапсырмасы, қосымша ресурстар сақталып тұрады.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің №1193 бұйрығы бар. Онда экспериментке қатысқан мұғалімдерге үстемеақы төлену керектігі көрсетілген. Сол себепті бұл жалақы қорында тұрған қаржы. Пилоттық жобаға қатысқандықтан педагогтерімізге үстемеақы төленеді, — дейді Нұргүл Бертілеуова.

 

Ауыл мектептерін жаңарту жобасы

Мемлекет тарапынан білім сапасын көтеруге ерекше қолдау көрсетіліп жатыр. Мысалы, 2025 жылға дейін облыстағы шағын қалалар мен ауылдарда орналасқан 282 мектеп жаңартылады. Биыл 56 мектепті жаңарту жоспарланып отыр. Облыс бойынша білім беру ұйымдарының жай-күйін зерделеу негізінде мектептің нақты қажеттіліктерін негізге ала отырып, ғимараттарды жаңғырту бірнеше бағыт бойынша жүзеге асырылады. Олар: күрделі және ағымдағы жөндеу жүргізу, пәндік кабинеттермен жабдықтау, мектеп жиһаздары мен ұйымдастыру техникасын жаңарту, кітапханаларды және асханаларды жаңғырту.
Биылдан бастап 300-ден астам оқушы білім алатын 4 ауыл мектебі «Қазақстан халқына қолдау» қоры арқылы толықтай жаңартылады. Бұл мақсатта әр мектепке 250 миллион теңгеден қаржы қарастырылып отыр.  Қазірдің өзінде бір мектепті жаңарту жұмыстары басталып кетті. Ол — Алға ауданындағы Бестамақ мектебі. Жоба аясында бұл мектептерге Назарбаев Зияткерлік мектебінің іс-тәжірибесі енгізіледі.
Биылдан бастап «Білім» инновация мен «Кемел білім» лицейінің әрқайсысына бес ауыл мектебін шефтік қамқорлыққа бердік. Бұл жетекші мектептер ауыл мектептерінде Ашық есік күндерін өткізеді, ашық сабақтар ұйымдастырады, өз тәжірибелерін ауыл мектептерінің мұғалімдеріне үйретеді, — дейді облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұргүл Бертілеуова.

 

«Интернет мәселесі шешілетініне уәде беремін»

Қазіргі уақытта облыстағы 315 ауылдың 213-інде интернет қолжетімді. 19 мың адам тұратын қалған 102 ауылға интернет аса қажет. Биыл өңірдегі 25 елді мекенді интернетке қосу жоспарланып отыр.
— Ақтөбеде облыс әкімі Ералы Лұқпанұлының бастамасымен «БІЛІМ ALL» бірегей жобасы қолға алынған. Кейбір ауылдарда интернет болмауының, интернет жылдамдығының әлсіздігінің салдарынан 84 мектептің оқушылары осы жобаның игілігін көре алмай отыр. Сол себепті интернет мәселесін шешу мақсатында Ақтөбе облысына өңір әкімі Ералы Тоғжановтың шақыртуымен келдік.  Барлық мобильдік операторлар және «Қазақтелеком» акционерлік қоғамының өкілдері де осы мәселені шешу үшін Ақтөбеге келді. Ауылды дамыту, ауылды көркейту — Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы.
84 мектептің 20-сын биыл қыркүйек айында интернетке қосамыз. Қалған білім шаңырақтарының мәселесі келесі жылы қыркүйекке дейін шешілетін болады. Бұған уәде беремін.
Бұрын «интернет керек» деген жалпылама ғана сөз айтылатын, ал қазір нақты қажеттілікті, айқын мақсатты көріп-біліп отырмыз. Ақтөбеде ауыл балаларының дамуы үшін нақты, жүйелі жұмыстар жасалып жатқанына куә болып жатырмыз. Сол себепті бұл жобаға республикалық бюджеттен қаржы бөле аламыз. Қазір «Қолжетімді интернет» атты ұлттық жоба әзірленіп жатыр. Жобаның мақсаты — халық пен бизнесті 100 Мбит/секундтан кем болмайтын жылдамдығы жоғары интернетпен қамтамасыз ету. Жоба аясында мектеп, аурухана, әкімдіктер секілді ғимараттар ғана емес, сондай-ақ тұрғын үйлер де жоғары жылдамдықты интернетке қосылатын болады. Ұлттық жоба наурыз айында бекітіледі. Ақтөбе облысындағы интернет мәселесін шешуді осы жобаға енгіземіз.
Жалпы елімізде 6500 елді мекен бар. Соның 500-інде интернет жоқ деуге болады. Бұл елді мекендердің таулы аймақтарда орналасқандарына интернетті спутник арқылы қосу жоспарланып отыр. Қалғандарына интернет оптика талшығы арқылы тартылады, — дейді ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин.
2010 жылы бой көтерген Талдысай мектебі 320 балаға арналған. Онда қазір 137 оқушы білім алуда. «БІЛІМ ALL» жобасына 6-11 сыныпта оқитын 58 оқушы қатысып жатыр.
Бұл жобаның оқушыға да, педагогке де берері мол. Өйткені балаларымыз білікті, үздік мұғалімдерден сапалы білім алады, ал мұғалімдеріміз тәжірибе жинайды. Оқушылардың оқуға қызығушылығы, белсенділігі арта түсті. Бұл жоба — шағын жинақты мектептің педагогтері мен оқушылары үшін үлкен мүмкіндік.
11-сыныпта 8 оқушы білім алады. Оның біреуі — «Алтын белгі» аттестатынан, біреуі — «Үздік аттестаттан» үміткер. Сынақ тестілеуде үміткерлеріміз 123, 113 балл алды. Басқа оқушыларымыз да жақсы балл жинады.
9 оқушымыз аудандық олимпиадаға қатысып, жүлдегер атанды. Оның 3-еуі облыстық олимпиадаға жолдама алды. Бұл біз үшін үлкен жетістік.
2016 жылы мектептің жылыжайы ашылды. Бастапқыда оның көлемі 32 шаршы метр болған-ды, кейін жер көлемін 64 шаршы метрге кеңейттік.  Бау-бақшамыз да бар. Педагогтер, оқушылар бірлесіп, бау-бақшада жұмыс жасайды. Бизнес жоспар құрдық. Кішігірім қажеттіліктер үшін аудандық білім бөлімінен ақша сұрамаймыз. Жазда бау-бақша, қыста жылыжай өнімінен түскен қаржыны пайдаланамыз. Қазір жылыжайдың қиярын 1000 теңгеден сатып жатырмыз.  Қаржының қалай жұмсалып жатқанын қамқоршылық кеңесі бақылайды.
Мектебіміз модернизациялаудан өтетін меткептер қатарына қосылды. Мұның арқасында физика, химия кабинеттері жаңартылады. Сондай-ақ кітапхана мен асхана жиһаздармен қамтылады, — дейді Талдысай мектебінің директоры Қансұлу Жұбанова.

Облыстық білім басқармасының соңғы мәліметінше, «БІЛІМ ALL» жобасына қатысып жатқан мектептердің саны 3 білім шаңырағымен толықты. Бұған тың жобаны жан-жақты қолдаудың арқасында қол жеткізіліп отыр. Алда интернет мәселесі толық шешіліп, жобадан шет қалған шағын жинақты мектептердің барлық баласы бірегей жобаның игілігін көретініне үміттіміз.    

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button