Білім

Бірегей жобалар жүзеге асырылды

    • Президент тапсырмасынан соң
«Орта білімнің сапасы — табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс. Сол үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды.
Біз 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз. Осылайша апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын тектеп мәселесін толық шешеміз. Бұл ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайтады».
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауынан.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын орындау мақсатында 2023-2025 жылдар аралығында еліміз бойынша 401 мектеп салу жоспарланып отыр.  Бұл мақсатта республикалық бюджеттен 2,6 триллион теңге бөлінеді. Құрылысқа жемқорлардан өндірілген қаражат та жұмсалмақ. Жобаны жүзеге асыру барысында 60 мыңға жуық уақытша жұмыс (құрылыс кезінде) және 40 мыңға жуық тұрақты жұмыс (ғимараттар салынып болған соң) ашылады.

Ұлттық жоба аясындағы жұмыстар біздің облыста да жүзеге асырылады. Өңірде 2024-2025 жылдары жалпы 20 мектеп (17500 орын) салынады. Оның 15-і Ақтөбе қаласында бой көтермек. Аудандардың арасында Мұғалжар, Мәртөк, Темір және Шалқарда жалпы саны 5 мектептің құрылысы жүргізіледі.

2024 жылы сыйымдылығы 11400 орынға арналған 14 білім шаңырағы, 2025 жылы 6100 орынға арналған 6 мектеп еңсе тіктейді. Бұлардың арасында жобалық қуаттылығы 2000 орындық зәулім мектептер де болады. Мысалы, Есет батыр және Батыс-2 шағын аудандарында әрқайсысының қуаттылығы 2 мың орындық жалпы 5 мектеп бой көтермек. Сөйтіп, орын тапшылығы мәселесі түбегейлі шешіледі.

Елімізде соңғы 10 жылда оқушы саны 1 миллионға артып, 3,5 миллионға жеткен. Қазіргі дерек бойынша 800 мыңнан астам оқушы үшін орын тапшы.

Ұлттық жобаның басты мақсаты — мектептердегі орын тапшылығын болдырмау, апатты жағдайдағы және үш ауысымды мектептер мәселесін түбегейлі шешу. Бұл жобаны іске асыруға 5 фактор ықпал етіп отыр. Олар: урбанизация, халықтың көші-қоны, бала санының көбеюуі, мектеп ғимараттарының тозуы, мегаполистерде халықтың тығыз орналасуы.

Жайлы мектептердің басты ерекшелігі, олар бірыңғай стандарттар бойынша жобаланады. Ерекше қажеттіліктері бар балалар үшін де қолайлы жағдай қарастырылады. Мектептер заманауи интерьер бойынша жобаланып, безендіру талғамға сай болады. Сонымен қатар бастауыш және жоғарғы сыныптарға арналған бөлек блоктар қарастырылады. Әр блоктың өз асханасы мен спортзалы болады.

Жалпы, мемлекет тарапынан білім саласына үлкен қолдау, көмек көрсетіліп жатыр. Орта білім беру жүйесінде оң өзгерістер көп. Жаңартылған білім беру мазмұнына көшу аяқталды, мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттары, оқу бағдарламалары, оқу жоспарлары жаңартылды. Оқыту мен бағалау жүйесі өзгерді. Білім беруді жаңғыртудың келесі қадамы — мектептердің инфрақұрылымы мен материалдық-техникалық базасын заман талабына сай жаңарту. Облыс бойынша білім беру ұйымдарының жай-күйін зерделеу негізінде мектептің нақты қажеттіліктерін негізге ала отырып, ғимараттарды жаңғырту бірнеше бағыт бойынша жүзеге асырылады. Олар: күрделі және ағымдағы жөндеу жүргізу, пәндік кабинеттермен жабдықтау, мектеп жиһаздары мен ұйымдастыру техникасын жаңарту, кітапханаларды және асханаларды жаңғырту.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қала мен ауыл мектептері арасындағы білім сапасының алшақтығын жою жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында еліміз бойынша төрт жылдық жоспар жасалған болатын. Соған сәйкес 2025 жылға дейін республика бойынша 5000, біздің өңірде 282 білім шаңырағын жаңарту жоспарланды. Бұл жобаға шағын қалалар мен ауылдардағы  бала саны 30-дан кем емес, бастауыш, негізгі және орта мектептер кіреді. Соның арқасында барлық білім шаңырағы жаңарады.

282 мектептің әрқайсысының жұмыс жоспары құрылып, 2021-2025 жылдар аралығында бұл білім шаңырақтары үшін жалпы 12 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлу қарастырылыпты. Биыл бұл мақсатта 2 миллиард 62 миллион теңге бөлінген.

2021 жылы облыстағы 58, былтыр 56 мектеп жаңартылған. Биыл және алдағы екі жылда 56 мектепте жөндеу жүргізіліп, кабинеттерге жабдықтар алынады.

Зерттеу қорытындысы бойынша ауыл мектептерінің 65 пайыздан астамына күрделі жөндеу қажет.

Қазір ауыл мектептерінің инфрақұрылымдық дамуы мен жарақтандырылуы төмен. Мысалы, ауыл мектептеріне жүргізілген талдау қорытындысы бойынша олардың 65 пайыздан астамына күрделі жөндеу қажет. Облыста 404 мектеп бар. Соның 62,4 пайызы (253 білім шаңырағы) 1990 жылға дейін салынған. Ауылдағы білім шаңырақтарының 70,8 пайызы жаңа модификация кабинетімен қамтылған.

Білім беру процесінің тиімділігіне көптеген фактор ықпал етеді. Соның бірі — мектептің жайлылығына, оқу кабинеттеріне, жалпы ғимараттарға жөндеу жұмыстарының жүргізілуіне тікелей байланысты. Бұл Нью-Йорктегі 95 мектепке жүргізілген зерттеу барысында анықталды. Ұзақ уақыт бойы жөнделмеген мектептерде оқушылар сабақтан жиі қалады екен. Соның салдарынан аталған мектептерде білім сапасы төмендеп кеткен. Сол себепті мектеп инфрақұрылымын дамыту, материалдық-техникалық базасын нығайту —  білім беру саласындағы басым бағыттардың бірі.

Біздің облыста қолға алынған «БІЛІМ ALL» өңірлік жобасы ел бойынша да жалғасады. Ақтөбенің ұстаздары елге үлгі болып жатыр. Балалар жылы аясында облыс әкімі Ералы Тоғжановтың  бастамасымен Қазақстанда алғаш рет біздің облыста  «БІЛІМ ALL» өңірлік жобасы қолға алынды. Қарашаның 10-ы күні бастау алған жоба оқу жылының аяғына дейін жалғасады. Жобаның басты мақсаты — ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауыл мен қала мектептерінің арасындағы білім сапасындағы алшақтықты жою туралы тапсырмасын орындап, шағын жинақты білім шаңырақтарының білім сапасын көтеру. Бұл бірегей жобаға облыстағы 120 мектептің 10 575 оқушысы қатысып жатыр. Оларға 6 жетекші мектептің 26 үздік педагогі тартылып отыр.

Бұдан екі жыл бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен балаларға қосымша білім беру үшін мемлекеттік тапсырыс институты енгізілген болатын. Соған байланысты жекеменшік білім беру ұйымдарына шығармашылық, спорт және білім салалары бойынша тапсырыс орналастырылды.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдай­дағы Қазақстан: іс-қимыл кезе­ңі» атты Жолдауында бүгін­гідей аумалы-төкпелі заман­да балалардың күш-жігері мен қызығушы­лығын дұрыс арнаға бағыттау аса ма­ңызды екенін айтып, тиісті органдарға нақты міндеттер жүктеген болатын. Расында, еліміз бойынша балаларды қосымша білім берумен қамту мәселесі өзекті. Балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру — маңызды іс. Оқушылар сабақтан тыс уақытта үйірмелерге барса, дүниетанымы кеңейеді, шығармашылық қабілеті дами түседі, ортаға үйренеді. Қосымша білім беру арқылы оқушыларға кәсіби бағдар да беріледі. Бұл мамандық таңдауда қателеспеуге сеп.

Облыста 49 қосымша білім беру ұйымы бар. Аталған мекемелерде 821 үйірме жұмыс жасайды. Онда баратын балалардың үлесі — 37 329 бала (26,2 пайыз). Біздің өңірде жалпы 142 646 оқушы (85,9 пайыз) қосымша білім берумен қамтылған. Мұның арасында мектепішілік үйірмелерге баратын оқушылар да бар.

Жекеменшік мекемелерге мемлекеттік тапсырыс орналастыру арқылы білім саласындағы біраз мәселе шешілді. Ел тәуелсіздігін алған жылдары көптеген балабақша жабылып, ғимараттар жекешеленіп кеткені белгілі. Еліміз бойынша балаларды балабақшамен қамту мәселесі өзекті болды. Осы мәселені шешу үшін мемлекет тарапынан жекеменшік балабақшаларды қолдау мақсатында мемлекеттік тапсырыс беріле бастады. Соның арқасында мәселе толық шешіліп, қазір 3-6 жастағы балалардың барлығы балабақшаға барып жүр.

Ақтөбе қаласында жекенің иелігіндегі 14 мектеп ашылды. Олардың бәріне мемлекеттік тапсырыс берілуде. Мысалы, «Білім» мектеп-гимназиясы Батыс-2 шағын ауданындағы мектептердегі орын тапшылығы мәселесін шешіп отыр.

Білім саласында балабақшадан бастау алған мемлекеттік тапсырыс орналастыру әдісі енді, міне, қосымша білім беру саласында да қолға алынып жатыр. 2021 жылдан бастап бұл салаға мемлекеттік тапсырыс орналастыру институты енгізілді. Мақсат — балаларды қосымша білім беру ұйымдарына көбірек тарту. Соған  байланысты жекеменшік білім беру ұйымдарына үш бағыт — шығармашылық, спорт және білім салалары бойынша тапсырыс орналастыру үшін облыстық бюджеттен қаржы бөлінді. Бүгінге дейін біздің облыста бұл процесс екі платформа арқылы жүзеге асырылған-ды. Оның бірі — шығармашылық және спорт бағыттары бойынша «Артспорт» платформасы, екіншісі — білім саласы бойынша Оdoaktobe.kz платформасы.

Облыс әкімі Ералы Лұқпанұлы қосымша білімге беріліп жатқан мемлекеттік тапсырысты бір жүйеге келтіру, жолға қою, ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында міндет жүктеген болатын. Соған байланысты үш бағыттағы мемлекеттік тапсырыс бойынша ортақ портал әзірленді. Оның атауы —Darabala.kz. «Артспорт» порталындағы жинақталған ақпарат толығымен Darabala.kz платформасына енгізілді. Қазір платформа жұмысын бастады.

Ақпан айынан бастап Darabala.kz порталы арқылы білім бағыты бойынша 6000 бала қабылданды. Оның 2840-ы — ақтөбелік оқушылар, қалғаны — ауыл балалалары. Ал шығармашылық бағытқа — 8700, спорттық бағытқа 8500 мемлекеттік тапсырыс бөлініп отыр.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button